1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік
әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесі бекітілсін. 2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолданудың тәртібі туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 желтоқсандағы N 3279 U963279_ Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 51, 489-құжат) күші жойылған деп танылсын. 3. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 31 желтоқсандағы N 321 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану Ережесі 1. Жалпы ережелер
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің (бұдан әрі - қызметшілер) тәртіптік жауапкершілігі заңдық жауапкершіліктің бір түрі, ол қызметшілерге өздерінің қызметтік міндеттерін атқару үстінде тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жүктеледі.
Қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - теріс қылық) қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы атқармау кінәсі немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттігінің шегінен шығуы, мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзуы, қызметтік этика нормаларын бұзуы, тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы, сол сияқты Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" Z990453_ Заңында белгіленген мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы болып табылады. <*>
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Тәртіптік комиссиясы (бұдан әрі - уәкілетті органның комиссиясы) - мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда (бұдан әрі - уәкілетті орган) тәртіптік ретпен жазаланатын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған С-1, С-2, С-3 санаттарындағы қызметшілердің тәртіптік істерін қарау үшін құрылатын тұрақты алқалы орган. <*>
Тәртіптік жаза (бұдан әрі - жаза) қызметшілердің теріс қылық жасағаны үшін лауазымдық өкілеттігіне сәйкес тиісті құқығы бар тұлға (әдетте, мемлекеттік органның басшысы. Бұдан әрі - мемлекеттік органның басшысы) қолдануы мүмкін тәртіптік жауапкершілік шарасы.
Қызметтік тексеру - қызметшінің теріс қылығы туралы материалдар мен мәліметтерді, оның жасалу мән-жайын толық, жан-жақты әрі әділ анықтау мақсатында жинау және тексеру жөнінде атқарылатын қызмет.
Мемлекеттік органның тәртіптік комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) -
теріс қылықтың жасалу мән-жайын жан-жақты, толық әрі әділ бағалау және жаза шарасы жөнінде мемлекеттік органның басшысына ұсыным енгізу мақсатында теріс қылыққа қатысты фактілерді қызметтік тексеру және зерттеу материалдарын қарау үшін мемлекеттік органда құрылатын тұрақты алқалы орган. Ескерту. 1-тарау өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459 Жарлығымен. U000459_ 2. Жазаның түрлері мен теріс қылық түрлері 1. "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес қызметшілерге теріс қылық жасағаны үшін жазаның мынадай түрлері қолданылуы мүмкін: 1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс; 4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту; 5) атқаратын қызметінен босату. 2. Теріс қылықтар мынадай түрлерге бөлінеді: елеулсіз, елеулі және ауыр.
3. Қызметші алғаш рет немесе бұрын қолданылған жазаны алып тастағаннан кейін жасаған теріс қылық елеусіз теріс қылық болып табылады, ол қызметшіге ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдануға әкеп соғады, бұған жасалғаны үшін жұмыстан босату көзделген теріс қылық қосылмайды.
4. Қызметшінің ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі бұрын қолданылған жаза алынып тасталмай тұрып, алты ай ішінде қайталап жасаған теріс қылығы елеулі теріс қылық болып табылады, мұндай теріс қылық жасағаны үшін қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолданылады. <*>
Ескерту. 4-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
5. Жасағаны үшін қолданылып жүрген еңбек заңдарына, мемлекеттік қызмет туралы заңдарға, Қазақстан Республикасының антикоррупциялық заңдарына сәйкес өзге де негіздер бойынша жұмыстан шығару көзделген теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады.
6. Жаза қолданылғанға дейін мемлекеттік орган басшысының не қызметшінің тікелей бастығының қызметшіге еңбек тәртібін, қызметтік міндеттерін сақтау қажеттігі туралы жазбаша түрде ескерту құқығы болады. Мұндай ескерту кадр қызметіне беріледі және қызметшінің жеке ісінде сақталады. Жазбаша ескерту жаза болып табылмайды.
7. Жазбаша ескерту жасалған қызметшінің жазбаша түсініктеме беру құқығы болады. Мұндай жазбаша түсініктеме кадр қызметіне беріледі және қызметшінің жеке ісінде сақталады. Жазбаша ескерту және түсініктеме кейін қызметтік тексеру жасау және жаза қолдану процесінде қосымша материалдар
ретінде пайдаланылуы мүмкін. 8. Жазбаша ескерту мен түсініктеме берілген сәтінен бастап алты ай бойы кадр қызметінде сақталады. Алты ай өткеннен кейін кадр қызметі оларды қызметшінің жеке ісінен алып жояды. 3. Жаза қолдану негіздері мен жағдайлары 9. Қызметшінің теріс қылық жасауы жаза қолдану үшін негіз болып табылады. 10. Жаза жасалған теріс қылықтың ауырлығына, түріне және оны жасаған адамның кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуге тиіс. 11. Жазаның түрін айқындаған кезде: 1) теріс қылықтың мазмұны мен сипаты; 2) теріс қылықтың жасалу мән-жайы; 3) жасалған теріс қылық әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін келеңсіз зардаптар; 4) теріс қылық жасаған адамның бұрынғы мінез-құлқы; 5) мемлекеттік қызмет өтілі (стажы); 6) қызметшінің жеке басын сипаттайтын өзге де мән-жайлар жинақтала ескеріледі.
12. Қызметші елеусіз теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметші осы теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда мемлекеттік орган басшысының қызметтік тексеру жүргізбей-ақ ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдану құқығы болады.
Егер қызметші өзінің жазбаша түсініктемесінде теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда мемлекеттік орган басшысының бұйрығы бойынша осы Ережемен айқындалған тәртіпке сәйкес қызметтік тексеру жүргізілуге тиіс.
13. Қызметіне сәйкес еместігі және атқаратын қызметінен босату түріндегі жазалар тек қана жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелері және осы Ережемен айқындалған тәртіпке сәйкес Комиссияның тиісті ұсынымы бойынша қолданылады.
14. Өзіне қатысты қызметтік тексеру жүргізілетін қызметшіні мемлекеттік орган басшысы, Комиссияның ұсынымы бойынша, жауапкершілігі жөніндегі мәселе шешілгенге дейін, бірақ он төрт күннен аспайтын мерзімге лауазымдық міндеттерін атқарудан уақытша шеттетуі мүмкін.
15. Бірнеше қызметші бірлесіп теріс қылық жасаған ретте жаза кінәлілердің әрқайсысына жеке қолданылады.
16. Жасалған теріс қылық үшін бір ғана жаза қолданылады.
17. Жаза қолдану теріс қылық жасаған қызметшіні атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін жаза қолданылған міндетін атқарудан босатпайды.
18. Қызметшіге жаза қолдану оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жауапкершілік түрлерінен босатпайды.
19. Қызмтешілер қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда заңдарда белгіленген өзге де жауапкершілікте болады.
4. Қызметтік тексеру жүргізу тәртібі
20. Қызметтік тексеру мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен тағайындалады және осы мемлекеттік органның кадр қызметі (бұдан әрі - кадр қызметі) теріс қылық жасалған күннен немесе ол байқалған күннен бастап он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүргізеді.
Мемлекеттік орган басшысының бұйрығы болмаса қызметтік тексерулер жүргізуге жол берілмейді.
Қызметтік тексерулер қызметшінің уақытша еңбекке жарамсыздығы, оның демалыста немесе іссапарда болу кезеңінде тоқтатыла тұрады. <*>
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2000.10.09.
N 459 Жарлығымен. U000459_
20-1. С-1, С-2, С-3 санаттарындағы қызметшілер жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қызметтік тексерулер уәкілетті орган басшысының бұйрығымен тағайындалады және осы Ереженің 20-тармағында белгіленген мерзімде және тәртіппен уәкілетті органның лауазымды тұлғалары жүргізеді.
Қажетті жағдайларда уәкілетті орган қызметтік тексеру жүргізуді өз мемлекеттік органының кадр қызметіне тапсыруы мүмкін. <*>
Ескерту. 21-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2000.10.09.
N 459 Жарлығымен. U000459_
21. Қызметшінің теріс қылық жасауы туралы мәліметтер теріс қылықтың жасалу фактісін дәлелдейтін кез-келген нысанда (азаматтар мен қызметшілердің шағымдары; мемлекеттік органның құрылымдық бөлімше басшылары мен басқа қызметшілердің баянжазбалары, жазбахаттары; прокурордың жауап қайыру актілері; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының облыстық тәртіптік кеңестері жіберген тәртіптік теріс қылықтар туралы материалдар; қызметтік және өзге де материалдар) болуы мүмкін. <*>
Ескерту. 21-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
22. Қызметтік тексеру барысында кадр қызметі немесе уәкілетті органның лауазымды тұлғалары теріс қылықтың жасалу мән-жайларына қатысты барлық материалдар мен мәліметтерді және тексерудің өзге де негіздерін жан-жақты әрі толық жинауға және материалдарды Комиссияның қарауына ұсынуға міндетті. <*>
Ескерту. 22-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
23. Комиссияда теріс қылық жөніндегі материалдар қаралғанға дейін кадр қызметі немесе уәкілетті органның лауазымды тұлғалары қызметшіден жазбаша түсініктеме талап етуге тиіс. <*>
Ескерту. 23-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
24. Қызметтік тексеру жүргізіліп жатқан қызметшінің жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы қызметтік тексеру материалдарын Комиссияның қарауына жіберуге және жаза қолдану туралы шешім қабылдауға кедергі бола алмайды. Мұндай жағдайда кадр қызметінің қызметкері немесе уәкілетті органның лауазымды тұлғалары тиісті акт жасайды. <*>
Ескерту. 24-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
5. Тәртіптік комиссия құру және жұмысының тәртібі
25. Комиссия мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен тағайындалады және мемлекеттік органның әр түрлі бөлімшелерінің өкілі болып табылатын үш мүшеден тұрады. Комиссия құрамына мүмкіндігінше заңгерлік білімі және осы мамандық бойынша еңбек тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілерді тартқан жөн. Мемлекеттік органның басшысы Комиссия мүшелерінің арасынан Төраға тағайындайды.
25-1. Уәкілетті органның комиссиясы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен тағайындалады, ол комиссияның құрамын айқындайды және осы комиссия мүшелерінің ішінен Төрағаны тағайындайды. <*>
Ескерту. 25-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2000.10.09.
N 459 Жарлығымен. U000459_
26. Комиссияның хатшысы әрбір жеке жағдайда кадр қызметінің басшысы айқындайтын кадр қызметінің өкілі болып табылады. Комиссия жұмысының барлық материалдары кадр қызметінде сақталады.
27. Өзінің жақын туысы немесе жекжаты болып табылатын қызметшіге байланысты немесе Комиссия мүшесінің нақ осы тексеруге тікелей немесе жанама мүдделілігі болса, Комиссия мүшесінің теріс қылық жөніндегі қызметтік тексеру материалдарын қарауға және фактілерді зерттеуге қатысты құқығы жоқ.
28. Комиссия өз мәжілісінде қызметтік тексеру материалдарын қарайды және теріс қылыққа қатысы бар фактілерді зерттейді. Комиссия қызметтік тексеру жүргізіліп отырған қызметшінің және тексеру жүргізген кадр қызметі немесе уәкілетті орган өкілдерінің түсініктемелерін тыңдауға тиіс. Комиссияның сонымен қатар куәларды тыңдауға және теріс қылыққа қатысы бар кез-келген фактілерді зерттеуге құқығы бар. Мәжіліс өткізілетін күнді Төраға айқындайды және кадр қызметі арқылы басқа мүшелер мен қызметшінің қаперіне жеткізіледі. <*>
Ескерту. 28-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
29. Ұсынымдарды Комиссия ашық дауыс беру жолымен қабылдайды және мемлекеттік органның басшысына жібереді. Комиссия мүшелері өз пікірлерін ашық айтуға және дауыс беру кезінде қалыс қалмауға міндетті.
30. Теріс қылық жасалғанын дәлелдейтін фактілер болған ретте Комиссия жаза қолданудың орындылығы мен оның түрі жөнінде басшыға ұсыным енгізеді.
31. Комиссияның ұсынымымен келіспеген жағдайда мемлекеттік орган басшысының, уәкілетті органның комиссиясы шығарған ұсынымдардың жағдайларын қоспағанда,қосымша қызметтік тексеру жүргізуді кадр қызметіне жүктеу құқығы болады. <*>
Қосымша қызметтік тексеру материалдарын өзге құрамдағы Комиссия қарайды.
Ескерту. 31-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
31-1. Комиссия сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған қызметшілердің қылмыстық ісін қарау жөніндегі өз жұмысында уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасауға және қарау нәтижелері бойынша он күн мерзімде уәкілетті органға тиісті шешімнің көшірмесін және тоқсан сайынғы есептерді беруге міндетті. <*>
Ескерту. 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2000.10.09.
N 459 Жарлығымен. U000459_
6. Шешім шығару және жаза қолдану тәртібі
32. Мемлекеттік органның басшысы дербес немесе Комиссияның ұсынымы негізінде мынадай шешімдер қабылдайды: тиісті жаза қолданады; материалдарды қосымша қызметтік тексеруге жібереді немесе жаза қолданбайды.
33. Жазаға тартылған адамды қабылданған шешім жөнінде үш күн мерзімде (қол қойып) мемлекеттік органның кадр қызметі таныстырады.
34. Қызметшіге жаза тиісті мемлекеттік органның мәжілісінде, оның алқасында немесе осы жазаны қолданған мемлекеттік органның басшысы тізімін анықтайтын қызметшілердің қатысуымен жариялануы мүмкін.
35. Жаза қолдану орынсыз болған жағдайда мемлекеттік органның басшысы қызметшіге қатаң тәртіп сақтау қажеттігі жөнінде ескертумен шектелуі мүмкін.
36. Егер қызметтік тексеру нәтижесінде қызметшінің қылмыс белгілері бар іс-әрекетке жол бергені анықталмаса, мемлекеттік органның немесе уәкілетті органның басшысы алынған материалдарды құқық қорғау органдарына кідіріссіз беруге міндетті. <*>
Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, бірақ, қызметшінің іс-қимылында теріс қылықтың белгісі болса, жаза қылмысты істі қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірмей қолданылуы мүмкін. <*> Ескерту. 36-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459 Жарлығымен. U000459_ 7. Жаза қолдану мерзімі 37. Жаза теріс қылық жасалған күннен немесе ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады. 38. Жаза мынадай жағдайларда қолданылмауы мүмкін: 1) еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңінде; 2) қызметшінің демалыста немесе іссапарда болған кезеңінде; 3) егер теріс қылық жасаған күннен алты айдан аса уақыт өткен жағдайда. 39. Уақытша еңбекке қабылетсіздік, демалыста, іссапарда болу кезеңі, егер әкімшілікке жасалған теріс қылық жөнінде осы кезеңде немесе оның алдында мәлім болса, жаза қолданудың бір айлық мерзімінің күшін тоқтата тұрады. 8. Жаза қолдану туралы актілер 40. Жаза басшылардың бұйрықтарын, өкімдерін шығару жолымен қолданылады.
41. Жаза қолдану туралы актіде жаза қолданылған адам, жаза қолданылып отырған теріс қылық және жазаның түрі көрсетіледі.
42. Қолданылған жазалар мен ескертулер туралы мәліметтер мен актілер мемлекеттік органның кадр қызметінде қызметшінің қызметтік тізіміне енгізу жолымен есепке алынуға тиіс.
Тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған қызметшілерге мемлекеттік органның басшысы қолданған жазалар туралы мәліметтерді құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі уәкілетті органға кадр қызметінің міндетті түрде тапсыруына жатады. <*>
Ескерту. 42-тармақ толықтырылды - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459
Жарлығымен. U000459_
9. Жазаның алынуы
43. Жаза қолданылған күннен бастап алты айдың ішінде қызметшіге жаңа жаза қолданылмаса, онда оған жаза қолданылмаған болып саналады.
44. Егер қызметші жаңа теріс қылық жасамаса және бұл орайда өзін адал қызметкер ретінде көрсетсе, жаза алты ай өткенге дейін алынып тасталуы мүмкін.
45. Қызметші қызметтік міндеттерін тоқтатқан күнге дейін алынбаған
жаза осы міндеттер доғарылған күннен бастап алынған болып саналады. 46. Жазаны мерзімінен бұрын оны қолданған мемлекеттік органның басшысы алып тастайды. Бұл ретте жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін жазаның мерзімінен бұрын алынуы уәкілетті органның келісімі бойынша ғана жүргізіледі. <*> Ескерту. 46-тармақ толықтырылды - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459 Жарлығымен. U000459_ 47. Жазаны мерзімінен бұрын алу үшін жаза қолданылған қызметшінің тікелей басшысы инстанция бойынша тиісті өтініш жасайды. Бұл өтінішті жаза қолданған мемлекеттік органның басшысы оны алған күннен бастап он бес күнтізбелік күннен асырмай қарауға міндетті. 48. Қызметшіден бір мезетте тек бір ғана жаза алынуы мүмкін. 10. Қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту кезіндегі құқықтық кепілдіктер 49. Теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған қызметшінің өз өкілі болу құқығы бар. 50. Қызметші міндетті түрде өзін тәртіптік жауапкершілікке тартуға қатысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс.
51. Жауапкершілікке тартылған қызметші мемлекеттік орган басшысының
іс-әрекетімен немесе шешімімен келіспеген жағдайда, ол уәкілетті органға немесе сотқа осы іс-әрекеттер мен шешімдер жөнінде жазбаша түрде шағымдануға хақылы. <*> Ескерту. 51-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459 Жарлығымен. U000459_ 52. Жаза қолдану туралы шешімге уәкілетті органға шағымдану, қызметші өзіне жаза қолдану туралы актімен танысқан күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. <*> Ескерту. 52-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.10.09. N 459 Жарлығымен. U000459_ 53. Шағымды үстінен шағым берілген мемлекеттік органдардың басшыларына қарауға беруге тыйым салынады. 54. Жаза қолдану туралы шешімге шағымдану оның орындалуын кідіртпейді. Оқығандар: Қобдалиева Н.М. Орынбекова Д.К.