Мемлекеттік әкімшілік қызметші антының мәтінін және Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ант беру тәртібін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 1999 жылғы 29 желтоқсан N 319

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында қаулы етемін:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) мемлекеттік әкімшілік қызметші антының мәтіні ;
      2) мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ант беру тәртібі
бекітілсін.
      2. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің     
1999 жылғы 29 желтоқсандағы
N 319 Жарлығымен    
бекітілген       

Қазақстан Республикасы мемлекеттік
әкімшілік қызметшісінің
АНТЫ

      "Мен, Қазақстан Республикасының азаматы
_______________________________ (Т.А.Ә), мемлекеттік қызмет
         атқаруды
қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзімнің биік жауапкершілігімді сезіне отырып:
      - Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, өзімнің барлық іс-қимылымда заңдылық, әділеттілік, әділдік пен адалдық, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерін басшылыққа алуға;
      - Қазақстан халқына адал және біліктілікпен қызмет етуге, мемлекет мүдделерін қорғауға және Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүргізуге;
      - Республика азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының шектелуіне жол бермеуге салтанатты түрде ант етемін.
      Менің осы антымды бұзудың мемлекеттік қызметші абыройлы атағымен сыйыспайтынын ұғынамын".

      _________________        ____________________     Т.А.Ә.
           (күні)                    (қолы)

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
1999 жылғы 29 желтоқсандағы 
N 319 Жарлығымен    
бекітілген       

Қазақстан Республикасы мемлекеттік
әкімшілік қызметшілерінің
ант беру тәртібі

      1. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік әкімшілік қызметке тұңғыш рет кірісе отырып ант береді.
      2. Мемлекеттік қызметті тоқтатқан адамдар мемлекеттік әкімшілік қызметке қайтадан кіре отырып антты қайтадан қабылдайды.
      3. Ант мемлекеттік әкімшілік қызметшілерден (бұдан әрі - қызметшілер) лауазымға тағайындалған немесе сынау мерзімін табысты өткен күнінен бастап бір ай ішінде қабылданады.
      4. Ант салтанатты жағдайда мемлекеттік орган басшысының немесе оның тапсыруымен өзге лауазымды тұлғаның, сондай-ақ тиісті мемлекеттік орган (құрылымдық бөлімше) қызметкерлерінің қатысуымен қабылданады. Ант беру салтанатына басқа да лауазымды тұлғалар шақырылуы мүмкін.
      5. Белгіленген уақытта мемлекеттік орган басшысы немесе оның тапсыруымен өзге лауазымды тұлға, тиісті мемлекеттік органның (құрылымдық бөлімшенің) қызметкерлері, шақырылған лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Мемлекеттік Ту және  Мемлекеттік Елтаңба орнатылған орын-жайға жиналады.
      6. Ант беру салтанаты, мемлекеттік орган басшысының немесе оның тапсыруымен өзге лауазымды тұлғаның кіріспе сөзімен басталады. Кадр қызметінің өкілі қызметшілерді шақырады, оларға ант мәтіні бар бланкілерді тапсырады. Содан кейін әрбір ант беруші қызметші жиналғандардың алдында ант мәтінін мемлекеттік немесе орыс тілінде оқиды, сонан соң ант берілген мерзім көрсетілген ант мәтіні бар бланкіге қол қояды.
      Мемлекеттік қызметші қол қойған ант мәтіні бар бланкі оның дербес ісінің материалдарында сақталады.
      Ант берілгеннен кейін мемлекеттік орган басшысы немесе оның тапсыруымен өзге лауазымды тұлға, сондай-ақ шақырылған лауазымды тұлғалар (соңғылар - қалауы бойынша) құттықтау сөз сөйлейді. Ант беру салтанаты қатысушылар түрегеп тұрып тыңдайтын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимінің орындалуымен аяқталады.
      7. Қызметшінің қызметтік тізіміне ант бергені туралы тиісті жазба енгізіледі.