Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәселелері

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 1999 жылғы 10 желтоқсан N 282

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды жетілдіру мақсатында қаулы етемін:

      1. Мыналар бекітілсін:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ереже (1-қосымша);
      2) алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі ай мерзімде Мемлекеттік шекараны қалыптастыру мен жайластырудың, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін құру мен дамытудың 2000-2003 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  1-қосымша        
Қазақстан Республикасы 
Президентінің 1999 жылғы 
10 желтоқсандағы N 282  
Жарлығымен       
бекітілді       

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Шекара қызметі туралы
Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі - Шекара қызметі) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы болып табылады.

      2. Шекара қызметі өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының Конституциясына Қазақстан Республикасының заңдарына , Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік және құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады (бұдан әрі - Ереже).

      3. Шекара қызметінің құрылымы - Орталық аппараттан, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Шекара қызметіне жүктелген міндеттерді шешу үшін құратын арнайы бірлестіктерден, құрамалар мен бөлімдерден тұрады. Шекара қызметі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары Шекара қызметінің жедел-қызметтік іс-әрекетінің тиісті бағыттары бойынша жұмыстың ұйымдастырылуы үшін дербес жауап береді.
      Шекара қызметінің Орталық аппараты, Шекара қызметінің аймақтық бірлестіктерінің басқармалары, құрамалары және бөлімдері заңды тұлғалар болып табылады.
      Шекара қызметінің Орталық аппараты туралы Ережені Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді, Шекара қызметінің қалған құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді Шекара қызметінің Директоры бекітеді.

      4. Шекара қызметі өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарымен, қоғамдық және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу арқылы жүзеге асырады.

2. Шекара қызметінің негізгі функциялары және құқықтары

      5. Шекара қызметі Қазақстан Республикасының заңдарымен өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функциялар атқарады:
      1) саяси және халықаралық-құқықтық салаларда:
      мемлекеттік шекарада Қазақстан Республикасының шекара саясатын іске асыру;
      Шекара қызметін құру мен дамыту бағдарламаларының жобаларын әзірлеп, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының қарауына ұсыну;
      мемлекеттік шекарадағы ұлттық қауіпсіздік саласында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын іске асыру;
      мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау мәселелері бойынша заң актілерін әзірлеу жөнінде белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізу;
      мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындауға қатысу;
      мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Шекара қызметінің орындауын ұйымдастыру;
      өз құзыреті шегінде мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауға қатысты мәселелер бойынша халықаралық ұйымдардың іс-әрекетіне, мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруға, шекара мәселелері бойынша халықаралық келіссөздерге қатысу, шет мемлекеттердің шекаралық ведомстволарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
      2) Шекара қызметін басқару саласында:
      мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау, мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді өткізу жөніндегі Шекара қызметі іс-әрекетінің барлық түрін жүзеге асыру, жергілікті жерде мемлекеттік шекараны заңсыз өзгертудің алдын алу және жолын кесу, мемлекеттік шекара режимін ұстауды, сондай-ақ шекара режимі мен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі режимді сақтау жөніндегі шараларды әзірлеуді ұйымдастыруды іске асыру ;
      бірлестіктердің, құрамалардың және бөлімдердің жауынгерлік әзірліктің түрлі дәрежесіне көшіруге тұрақты даярлығын қамтамасыз ету;
      бірлестіктердің, құрамалардың және бөлімдердің іс-әрекетін перспективалық жоспарлау және үйлестіру, оларды жауынгерлік, техникалық, тылдық, қаржылық, кадрлық, ғылыми, ақпараттық және басқалай қамтамасыз ету;
       белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;
      3) мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды жедел қамтамасыз ету саласында:
      Шекара қызметі жедел бөлімшелерінің жедел-іздестіру іс-әрекетін ұйымдастыру;
      мемлекеттік шекара арқылы және ол арқылы өту пунктерінде жүзеге асырылатын шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де іс-әрекетіне қарсы күрес жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын анықтау және оны тікелей жүргізу;
      жедел-қызметтік іс-әрекеттің бағыттары, алдын алу іс-шараларын жүзеге асыру мен мемлекеттік шекараның тұтастығына қол сұғылатын қылмыс жасаған немесе оларды жасады деп күдік тудырған адамдарды есепке алу жөнінде ақпараттық-талдау жұмысының негізгі міндеттерін айқындау;
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалған құқық бұзушылықтар бойынша анықтау жүргізу;
      4) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс саласында:
      Шекара қызметі бірлестіктерінің, құрамалары мен бөлімдерінің жауынгерлік дайындығы оқу процесінің сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
      бірлестіктерде, құрамалар мен бөлімдерде тәрбие жұмысын ұйымдастыру, Шекара қызметінің жеке құрамының бойында қазақстандық патриотизм мен интернационализм сезімін баулу;
      жеке құраммен әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастыру, Шекара қызметінің әлеуметтік даму мәселелері бойынша тиісті қызметтердің іс-әрекетін үйлестіру;
      жеке құрам арасында әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау, көпұлтты әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды талдап жасау және іске асыру, құқық бұзушылықтың алдын алу;
      әскери басқару органдарын ақпараттық қамтамасыз етуді, жеке құрамның құқықтық және қоғамдық-гуманитарлық дайындығын ұйымдастыру;
      мемлекеттік және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау, Шекара қызметінің іс-әрекетіндегі жауынгерлік дәстүрлер мен жағымды үлгілерді насихаттау, әскери қызметшілердің, жұмысшылар мен қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің қажеттіктері мен мұқтажын зерделеу;
      жеке құрамға мәдени қызмет көрсету мен бос уақытын ұйымдастыру;
      5) ұйымдық және кадрлық қамтамасыз ету саласында:
      белгіленген мөлшер шегінде Шекара қызметі бірлестіктерінің, құрамаларының, бөлімдері мен бөлімшелерінің ұйымдық құрылымы мен штаты бойынша ұсыныстар әзірлеу, Шекара қызметін шақыру бойынша, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен, сондай-ақ азаматтық қызметшілермен жасақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, барлық санаттағы әскери қызметшілердің әскери қызмет өткеру және Шекара қызметі қызметшілерімен еңбек қатынастары мәселелері жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      Шекара қызметінің офицер кадрларын іріктеу, оқыту және орналастыру жөніндегі жұмысты жүзеге асыру;
      6) әлеуметтік-экономикалық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласында:
      Шекара қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және пәтерлендіруді жүзеге асыру;
      күрделі құрылыс, казармалық-тұрғын үй қоры мен коммуналдық құрылыстарды ағымдық және күрделі жөндеу үшін материалдық және қаржылық қажеттіктерді жоспарлау, Шекара қызметіндегі күрделі құрылысқа басшылық жасау, Шекара қызметін қаруландыру мен техникалық жарақтандыруды дамытудың негізгі бағыттары мен бағдарламаларын әзірлеу;
      бірлестіктерге, құрамаларға, бөлімдер мен құрылымдық бөлімшелерге арналған қаржы ресурстарын нысаналы пайдалану, осы мақсатқа бөлінген қаржы шегінде Шекара қызметіне материалдық-техникалық құралдар жеткізуге тікелей шарттар жасасу;
      Шекара қызметін медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      Шекара қызметінің бірлестіктері, құрамалары мен бөлімдері орналасқан аудандарда санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-эпизоотикалық қадағалау жүргізу, экологиялық жағдайды бақылап отыру;
      7) әскери-оқу орындарына басшылық жасау саласында:
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтына әдістемелік басшылық жасау;
      Шекара қызметінің құрамалары және басқа да оқу бөлімдеріне басшылық жасау;
      8) басқа салаларда:
      Шекара қызметінің іс-әрекетін жүзеге асырған кезде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және оның әскери полициясының жұмысын ұйымдастыру;
      әскери қалашықтар мен объектілерді өрттен қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және орындалуын ұйымдастыру;
      Шекара қызметі объектілерін пайдалану ережелерін, құрылысы мен қауіпсіздігінің сақтауларына мемлекеттік техникалық қадағалауды қамтамасыз ету, еңбек қорғау мен қауіпсіздігі техникасына бақылау жасау;
      өз құзыреті шегінде азаматтардың өтініштерін қарау;
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.

      6. Шекара қызметінің заңдармен белгіленген тәртіппен мынадай құқықтары болады:
      1) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалар мен азаматтардан Шекара қызметінің іс-әрекеті саласына қатысты ақпаратты сұрату және алу;
      2) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді шығару;
      3) шекара мәселелері бойынша келіссөздерді жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қол қою;
      4) Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жасасқан халықаралық шарттары бойынша ұсыныстар енгізу;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған өзге де құқықтар.

3. Шекара қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру

      7. Шекара қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің Директоры басқарады. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының номенклатурасындағы лауазымды тұлғаларды Шекара қызметі Директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      8. Шекара қызметінің Директоры Шекара қызметінің іс-әрекетін ұйымдастырып, басшылық жасайды және оған жүктелген тапсырмалардың орындалуы үшін дербес жауап береді.

      9. Шекара қызметі Директорының:
      Шекара қызметі басшы қызметкерлерінің, бірлестіктер қолбасшыларының, құрамалар мен бөлімдер командирлерінің функционалдық міндеттерін айқындауға;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, халықаралық өзге де ұйымдарда шет мемлекеттердің шекара құрылымдары мен құқық қорғау органдарымен қатынастарда Шекара қызметінің атынан өкілдік етуге;
       белгіленген тәртіппен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді отбасылық және өзге де жағдайларға байланысты әскери қызметтен мерзімінен бұрын босатуға;
      Шекара қызметі органдарының қызметтік-жауынгерлік және қаржы-шаруашылық іс-әрекетіне тексерулер ұйымдастыруға;
      шарттар жасасып, шет мемлекеттердің арнайы оқу орындарына әскери қызметшілер жіберуге;
      Шекара қызметін ұстау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты бөлуге;
      қару-жарақты, әскери техниканы, басқа да материалдық құралдарды өндіруге, жөндеуге және беріп тұруға, Шекара қызметінің мұқтажы үшін жұмыстар мен қызметтерге тапсырыс беруге, белгіленген тәртіппен шаруашылық және өзге де шарттар жасасуға;
      Шекара қызметінің бірлестіктері, құрамалары мен бөлімдері үшін қару-жарақтар мен әскери техниканы пайдалануға қабылдау (пайдаланудан алу) тәртібін белгілеуге;
      Шекара қызметінің құрылымдық бөлімшелерін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекіткен штат саны мен ақшалай қамту қоры шегінде құруға (таратуға);
      Шекара қызметі объектілеріне арналған жоба-сметалық құжаттаманы, ағымдық және күрделі жөндеудің (құрылыстың) титулы мен сметасын бекітуге;
      белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына Шекара қызметінің іс-әрекетін материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      Шекара қызметінде әскери-ғылыми жұмысты ұйымдастыруға;
      Шекара қызметінің лауазымды тұлғаларына құқықтарының бір бөлігін беруге;
      Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқықтары бар.

      10. Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау, кадрлармен жұмыс істеу практикасы, Шекара қызметінде келісілген шешімдерді қабылдаудың неғұрлым маңызды мәселелерін қарау үшін Әскери кеңес құрылады. Әскери кеңес туралы ережені, саны мен құрамын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді.

      11. Шекара қызметінің іс-әрекетін қадағалау мен бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

2-қосымша         
Қазақстан Республикасы 
Президентінің 1999 жылғы
10 желтоқсандағы N 282 
Жарлығымен       
бекітілді       

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      Ескерту. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 169 Жарлығымен.