Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 1999 жылғы 20 наурыз N 88

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы  Конституциясының  44-бабының 20)
тармақшасына сәйкес қаулы етемін: 

      1. Мыналар бекітілсін: 
      1) Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы ереже (N 1 қосымша);
      2) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы (N 2 қосымша).

      2. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 22 қарашадағы N 3237  Жарлығының  күші жойылған деп танылсын. 
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының 
      Президенті  

  Қазақстан Республикасы 
Президентінің      
1999 жылғы 20 наурыздағы 
N 88 Жарлығына    
N 1 қосымша     

  Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы
Ереже

  I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі (бұдан былай - Қауіпсіздік Кеңесі) Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты ұстап тұру, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі Мемлекет басшысының шешімдерін әзірлеу және өкілеттігін іске асыруына жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасының Президенті құратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады. 

      2. Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары, сондай-ақ осы Ереже құрайды. 

  II. Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері

      3. Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері мыналар: 
      1) мемлекеттік мүдделер аясын, оларды іске асыру мен қорғаудың негізгі бағыттарын айқындау, ұлттық қауіпсіздікке ішкі және сыртқы қатерлерді анықтау, олардың алдын алудың, жолын кесудің және тойтарудың әдістерін, нысандары мен құралдарын таңдау; 
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі тұжырымдамасын, елдің қауіпсіздігі стратегиясының негізгі бағыттарын әзірлеу және оны қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламаларын дайындауды ұйымдастыру; 
      3) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ішкі, сыртқы және әскери саясат мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін және осы шешімдерді іске асыру шаралары, сондай-ақ жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу; 
      4) ұлттық қауіпсіздік саласында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және олардың күшін жою жөнінде ұсынымдар дайындау болып табылады. 

  III. Қауіпсіздік Кеңесінің функциялары

      4. Негізгі міндеттеріне сәйкес Қауіпсіздік Кеңесіне мынадай функциялар жүктеледі: 
      1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне қатысты әлемдегі және аймақтардағы ахуалдың дамуына кешенді талдауды жүзеге асыру, республика қауіпсіздігіне ішкі және сыртқы қауіп-қатер көздерін айқындау және олардың туындауына болжам жасау, олардың алдын алу жөнінде шаралар қолдану; 
      2) ұлттық, экономикалық, қоғамдық, қорғаныс, экологиялық, ақпараттық және өзге де қауіпсіздік түрлерін қамтамасыз ету саласындағы мәселелерді қарау; 
      3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық проблемалары бойынша құқық қорғау, орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру және реформалау, Қазақстан Республикасының Президентіне осы қызметті жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу; 
      4) ұлттық қауіпсіздік саласындағы ішкі, сыртқы және әскери саясат мәселелері жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдарға арналған негізгі бағдарламалық құжат ретінде Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің жай-күйі туралы Қазақстан Республикасының Президентіне жыл сайынғы Баяндаманы әзірлеу; 
      5) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын, мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Мемлекет басшысы шешімдерінің жобаларын дайындау; 
      6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша елдің стратегиялық ресурстарының пайдаланылу мониторингін әзірлеу; 
      7) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мәселелері, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету стратегиясы мен қорғау шаралары жөніндегі заң жобаларын талдау, олар бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынымдар табыс ету; 
      8) ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асыру, анықталған кемшіліктерді, олардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізу жүктеледі. 

  IV. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы және оны
жасақтау тәртібі

      5. Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып табылады. 

      6. Қауіпсіздік Кеңесін Қазақстан Республикасының Президенті жасақтайды және ол Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының (бұдан былай - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы) ұсыныстары ескерiле отырып, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінен және мүшелерінен тұрады. 
       Ескерту. 6-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2002.09.24. N 951  жарлығымен.

      7. Лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылады. 

      8. Ішкі істер, қорғаныс, сыртқы істер, қаржы министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдар Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болуы мүмкін. 

  V. Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс тәртібі мен оның
қызметін қамтамасыз ету

      9. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсыруымен Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуімен кемінде үш айда бір рет өткізіледі және хаттамамен ресімделеді. Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін. 

      10. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары оның мүшелерінің үштен екісі қатысқан жағдайда құқылы. Отырыстарға Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері мен мүшелерінің қатысуы міндетті, олардың өз өкілеттігін өзге лауазымды адамдарға табыстауына жол берілмейді. 

      11. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері отырысқа қатысқан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері мен мүшелері жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады. 

      12. Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің актілерімен іске асырылуы мүмкін. 
      Аса маңызды мәселелер Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының басшылығымен өткізілетін Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің жұмыс бабындағы кеңестерінде алдын ала талқыланады. 

      13. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қызметiн Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы құрылымы мен штатын белгiлейтiн Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Хатшылығы қамтамасыз етедi. 
       Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы 
Президентінің 2002.09.24. N 951  жарлығымен.

      14. Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары мен жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Ведомоствоаралық комиссияларды құру, міндеттері мен дербес құрамы туралы мәселені Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті шешеді. Жұмыс топтарының міндеттері мен құрамын Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы айқындайды. 

      15. Ведомоствоаралық комиссияларды Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері басқарады, ал олардың қызметін Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы үйлестіреді. 

      16. Ведомоствоаралық комиссиялар, жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарына материалдар дайындауды жүзеге асырады, Қауіпсіздік Кеңесінің немесе оның Хатшысының тапсыруы бойынша талдау және зерттеу жұмысын атқарады, сыртқы, қорғаныс, экономикалық және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатын негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді және өз қызметінің нәтижелері туралы Қауіпсіздік Кеңесін хабардар етеді. 

      17. Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары мен жұмыс топтарының қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді осы комиссиялардың жұмысына өз өкілдері қатысатын мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы жүзеге асырады. 
       Ескерту. 17-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2002.09.24. N 951  жарлығымен.

      18. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын дайындауға олардың басшыларымен келісу бойынша Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің және Парламент Палаталары аппараттарының басқа да құрылымдық бөлімшілерінің, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері тартылуы мүмкін. 

      19. Өзара іс-қимыл мен жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының ұсынуы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығындағы лауазымдардың бірқатары мемлекеттік органдардың қызметкерлерін іссапарға жіберу жолымен атқарылуы мүмкін. 

  VI. Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының өкілеттігі

      20. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын лауазымды адам болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. 

      21. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы: 
      1) Қазақстан Республикасының Президентін мемлекеттің қорғаныс қабілеті, сыртқы және ішкі қауіпсіздік мәселелері жөнінде хабардар етеді, Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің жай-күйі туралы ақпараттық және талдау материалдарын табыс етеді; 
      2) Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады; 
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қауіпсіздік Кеңесінің жыл сайынғы жұмыс жоспарларының, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері мен оларды іске асыру жөніндегі актілердің жобаларын табыс етеді; 
      4) Қауіпсіздік Кеңесінің тапсыруы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің іске асырылуына, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің орындалуын бақылауды, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын тексеруді жүзеге асырады. Тексерудің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныстар енгізеді; 
      5) Қауіпсіздік Кеңесіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері мен құралдарын үйлестіру жөнінде ұсыныстар енгізеді; 
      6) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы саясатты қалыптастыруға тұжырымдамалық көзқарастар әзірлеуді және Қазақстан Республикасының Президентіне ел қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жыл сайынғы Баяндаманы дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады; 
      7) Мемлекет басшысының ұлттық қауiпсiздiк мәселелерi бойынша қызметiн ақпараттық және талдау материалдарымен қамтамасыз етуге қатысады; 
      8) жұмыс топтарын құрады және Мемлекет басшысына ведомоствоаралық комиссиялар құру, олардың міндеттері мен құрамы жөнінде ұсыныстар енгізеді; 
      9) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралған кезде Үкіметтің және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі құрған басқа да органдардың, министрліктер алқаларының және өзге де орталық атқарушы органдарының отырыстарына қатысуға хақылы;
      10) Қауіпсіздік Кеңесінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің халықаралық ұйымдармен, шетелдік үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдармен, қоғамдық және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
      11) Қазақстан Республикасының Президенті мен Қауіпсіздік Кеңесінің өзге де тапсырмаларын орындайды.
       Ескерту. 21-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2002.09.24. N 951  жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
1999 жылғы 20 наурыздағы 
N 88 Жарлығына   
N 2 қосымша    

  Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің
құрамы

       Тұрақты мүшелері:

      Ахметов                       - Қазақстан Республикасының
      Даниал Кенжетайұлы              Премьер-Министрі

      Өтемұратов                    - Қазақстан Республикасы
      Болат Жәмитұлы                  Қауіпсіздік Кеңесінің
                                      Хатшысы     

      Тасмағамбетов                 - Қазақстан Республикасы
      Иманғали Нұрғалиұлы             Президенті Әкімшілігінің
                                      Басшысы

      Өксікбаев                     - Қазақстан Республикасы
      Омархан Нүртайұлы               Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы

      Дүтбаев                       - Қазақстан Республикасының
      Нартай Нұртайұлы                Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
                                      төрағасы

       Мүшелері:

      Әбіқаев Нұртай                - Қазақстан Республикасы
                                      Парламенті Сенатының Төрағасы
                                      (келісім бойынша)

      Мұхамеджанов                  - Қазақстан Республикасы
      Орал Байғонысұлы                Парламенті Мәжілісінің
                                      Төрағасы
                                      (келісім бойынша)

      Тоқаев                        - Қазақстан Республикасының
      Қасымжомарт Кемелұлы            Сыртқы істер министрі

      Түсіпбеков                    - Қазақстан Республикасының Бас
      Рашид Төлеутайұлы               прокуроры

      Алтынбаев                     - Қазақстан Республикасының
      Мұхтар Қапашұлы                 Қорғаныс министрі

      Тұрысбеков                    - Қазақстан Республикасының Ішкі
      Зауытбек Қауысбекұлы            істер министрі

      Әбдікәрімов                   - Қазақстан Республикасының
      Оралбай                         Мемлекеттік хатшысы

       Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 1999.11.11. N 263   жарлығымен.
       Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 2000.02.10. N 333  жарлығымен.
       Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 2000.05.15. N 393   жарлығымен.
       Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 2001.05.12. N 607    жарлығымен.
       Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2002.02.07. N 802  жарлығымен.
       Ескерту. Құрам өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2002.09.24. N 951  жарлығымен.
      Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 2003.08.06. N 1160   жарлығымен .
       Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 2003.10.15. N 1205   жарлығымен .
       Ескерту. Құрам өзгерді - ҚР Президентінің 2004.03.25. N  1319 ,
2004.11.29. N  1475   жарлықтарымен .