Шағын бизнеске мемлекеттiк қолдауды одан әрi күшейту, кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгi кепiлдiктерiн нығайту мақсатында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасының Шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгi орталық атқарушы орган ретiнде құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
1) шағын кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар туғызу тұрғысында, соның iшiнде оған қаржылық, техникалық көмек пен оның өзге де түрлерiн көрсету мәселелерi жөнiнде ұсыныстарды талдап жасау және шаралар қолдану;
2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың шағын кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегi iс-қимылдарын үйлестiру;
3) Қазақстан Республикасы мен аймақтарда шағын кәсiпкерлiктiң даму үрдiстерiн талдау, шағын кәсiпкерлiктiң дамуына кедергi келтiретiн факторларды анықтау;
4) шағын кәсiпкерлiктi қорғауға бағытталған заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
5) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты несие, инвестиция және сауда саясатын, сондай-ақ жекешелендiру саясатын қалыптастыруға қатысу болып белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi екi апта мерзiмде:
1) Қазақстан Республикасының Шағын бизнестi қолдау жөнiндегi
агенттiгi туралы ереженi бекiтетiн болсын;
2) Қазақстан Республикасының Шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiнiң штат санын айқындасын;
3) 1998 жылға арналған республикалық бюджет қаражаты негiзiнде Қазақстан Республикасының Шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiнiң қызметiн қаржыландыруды қамтамасыз етсiн;
4) өз актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн;
5) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қолдансын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi