Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау жөнiндегi агенттiгi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы. 1997 жылғы 24 наурыздағы N 3423

Қолданыстағы

      Қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау жөнiндегi
агенттiгi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң   
1997 жылғы 24 наурыздағы
N 3423 Жарлығымен  
Бекiтiлген    

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау
жөнiндегi агенттiгi туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау жөнiндегi агенттiгi (бұдан былай - Агенттiк) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн әрi елдiң дамуының ұзақ мерзiмдi стратегиясын, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн өзге де орталық атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасы ведомстволарының, сондай-ақ экономиканың стратегиялық секторларында қызметтi жүзеге асыратын акционерлiк қоғамдар жұмысының жылдық стратегиялық жоспарларын әзiрлеу үшiн жауапты мемлекеттiк орган болып табылады.
      2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентi актiлерiнiң, сондай-ақ осы Ереженiң негiзiнде жүзеге асырады.

II. Агенттiктiң мiндеттерi

      3. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi:
      1) әлемдiк тәжiрибенi зерделеу, жалпы әлемдiк тенденцияларды талдау мен болжам жасау;
      2) Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын айқындау;
      3) стратегиялық жоспарлаудың принциптерi мен әдiснамасын айқындау;
      4) Қазақстан Республикасы дамуының стратегиясын әзiрлеу;
      5) Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен мемлекеттiк комитеттерiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы ведомстволарының, сондай-ақ экономиканың стратегиялық секторларында қызметтi жүзеге асыратын акционерлiк қоғамдар жұмысының жылдық стратегиялық жоспарларын әзiрлеу;
      6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмалары бойынша аса маңызды мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу болып табылады.

III. Агенттiктiң функциялары

      4. Өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес Агенттiк мынадай функцияларды iске асырады:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен өзге де республикалық, халықаралық және шетелдiк ұйымдардан ақпаратты жүйелi түрде жинап, тексередi және жiктеп отырады;
      2) Қазақстан Республикасының экономикалық жай-күйiн талдау мен болжам жасауды және iшкi әлеуетiне баға берудi жүзеге асырады, сондай-ақ әлемдiк экономиканың дамуының жай-күйi мен болжамдарын талдайды;
      3) Қазақстан Республикасының министрлiктерiмен және мемлекеттiк комитеттерiмен, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдармен, Қазақстан Республикасының ведомстволарымен ведомстволық стратегияны және жылдық стратегиялық жоспарларды әзiрлеу процесiнде өзара iс-қимыл жасайды;
      4) өзiне Қазақстан Республикасының Президентi жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

IV. Агенттiктiң құқықтары

      5. Қойылған мiндеттер мен функцияларды iске асыру үшiн Агенттiкке:
      1) Қазақстан Республикасының Президентiне елдiң дамуының мақсаттары, басымдықтары мен стратегиясы жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      2) белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен мемлекеттiк комитеттерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн өзге де орталық атқарушы органдардан, Қазақстан Республикасының ведомстволарынан, жергiлiктi атқарушы органдардан, ұйымдардан Агенттiкке стратегиялық жоспарлау саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеу үшiн қажеттi ақпаратты сұрату және алу;
      3) өз құзыретi шегiнде атқарылуға мiндеттi нұсқаулар беру және нормативтiк құқықтық актiлер шығару;
      4) экономиканы стратегиялық жоспарлау саласында заңдардың қолданылу практикасын талдау және қорыту, оларды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын даярлауға қатысу, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзу;
      5) Қазақстан Республикасының Президентiне стратегиялық жоспарлауды нақтылау және қайта қарау жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      6) заңдарға сәйкес Агенттiктiң халықаралық шарттар жасасуға, келiссөздер жүргiзуге және өз құзыретiнiң шегiнде шет елдердiң тиiстi ведомстволарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдiк заңды тұлғалармен келiсiмдерге қол қоюға құқығы бар;
      7) басқа министрлiктер мен ведомстволардың мамандарын жұмысқа тарту;
      8) шетелдiк сарапшылар мен консультанттарды жұмысқа тарту құқығы берiледi.

V. Агенттiктiң жұмысын ұйымдастыру

      6. Агенттiкке Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басшылық етедi.
      Төраға орнында болмаған жағдайда оның мiндеттерiн департаменттердiң директорларының бiрi атқарады.
      7. Агенттiктiң құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
      8. Стратегиялық жоспарлау жөнiндегi Агенттiк төрағасы:
      1) дара басшылық негiзiнде Агенттiктiң қызметiн басқарады, Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы үшiн дербес жауап бередi, стратегиялық жоспарлау саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды ұйымдастырады, Қазақстан Республикасы Президентiнiң аса маңызды мәселелер бойынша тапсырмаларын орындайды;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына стратегиялық жоспарлау проблемалары жөнiнде ұсыныстар, сондай-ақ Агенттiктiң құзыретiне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын енгiзедi;
      3) департаменттер басшыларының мiндеттерiн бөледi;
      4) өз құзыретiнiң шегiнде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар бередi, олардың атқарылуын тексередi;
      5) азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қарайды;
      6) белгiленген құрылым, адам саны және еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде Агенттiктiң штат кестесiн бекiтедi;
      7) Агенттiк қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      8) қазақстандық және шетелдiк заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда Агенттiк атынан ресми өкiлдiк етедi;
      9) Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасы бойынша қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      9. Агенттiк қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      10. Агенттiк заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген әрi қазақ және орыс тiлдерiнде өз атауы жазылған мөрi болады.