Көшi-қон саясатының 2000 жылға дейiнгi негiзгi бағыттары туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы. 1997 жылғы 19 наурыздағы N 3419

Қолданыстағы

      Көшiп-қонушылардың әлеуметтiк қорғалуын күшейту, көшi-қон процестерiн тұрақтандыру және мемлекеттiк реттеу мақсатында қаулы етемiн:
      1. Көшi-қон саясатының 2000 жылға дейiнгi негiзгi бағыттары бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      құқықтық, ұйымдастыру кепiлдiктерiн және қаржымен қамтамасыз етудi көздеп, осы Жарлықтың орындалуы жөнiнде практикалық шаралар қолдансын;
      өзiнiң тарихи отанына қайтып оралатын байырғы ұлттың қоныс аударушыларын, сондай-ақ босқындарды қоныстандыру, қайтып оралушылардың ұлттық қол өнерiн жаңғыртуын қамтамасыз ететiн жұмыс орындарын құру, оларға кәсiпкерлiк қызметте жәрдемдесу жөнiндегi құқықтық актiлердi әзiрлеп, бекiтетiн болсын.
      3. Облыстар әкiмдерi мен Алматы қаласының әкiмi 1997 жылы аймақтың айрықша (әлеуметтiк-экономикалық, демографиялық, экологиялық) ерекшелiктерiн ескере отырып, оларды тиiстi жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен қаржыландыруды жүзеге асыру арқылы аймақтық көшi-қон бағдарламаларын әзiрлесiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң     
1997 жылғы 19 наурыздағы
N 3419 Жарлығымен   
бекiтiлген    

Көшi-қон саясатының 2000 жылға дейiнгi негiзгi
бағыттары

      Көшi-қон саясатының орта мерзiмдiк кезеңге арналған негiзгi бағыттары республикада халықтың көшiп-қонуы белсендiлiгiнiң артуына, оның елден тысқары кетуi мен елге келуiнiң, халықтың республика iшiндегi бөлiнiсiнiң тепе-теңсiздiгiне, негiзгi реттеушi құқықтық базаның болмауына және қаржылық қамтамасыз етiлмеуiне орай жаңа тенденциялардың көрiнiс табуына байланысты болып отыр.
      Көшi-қон саясатында:
      республикадағы көшi-қон ағынын тиiмдi реттеу;
      қазақтардың отанына қайтып оралуына, олардың орналасуына және жерсiнуiне жәрдемдесу;
      көшi-қон мәселелерi жөнiнде тиiстi ұлттық заңдар әзiрлеу мен қабылдау;
      көшi-қон проблемаларымен айналысатын мемлекеттiк органдарды жетiлдiру және нығайту басым бағыттар болып табылады.
      Көшi-қон саясатының мақсаты, мiндеттерi және принциптерi.
      Iшкi және сыртқы көшi-қонды реттеу және ретке келтiру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық татулықты сақтау, сондай-ақ көшiп-қонушылардың құқықтарын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының аумағында баспана iздеген адамдарға мейiрбандылық көрсетiлуi үшiн жағдай жасау көшi-қон саясатының бiрiншi кезектегi мақсаты болып табылады.
      Көшi-қон саясатының негiзгi мақсаттары мыналар:
      көшiп-қонушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау;
      әрбiр азаматқа елден еркiн кету құқығын берудiң, көшi-қон шығынының себептерiн анықтаудың және оларды кемiтуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асырудың негiзiнде эмиграция процестерiн реттеу;
      орналастыру аймақтарының экономикалық-әлеуметтiк дамуы мен ауа райының ерекшелiктерiн, көшiп-қонушылардың ұлттық жарастылығын, психологиясының өзгешелiгiн ескере отырып, негiзделген квоталар белгiлеу және иммиграциялық бақылауды ұйымдастыру, келген отандастарды қабылдау және жайластыру жолымен көшi-қонды реттеу кезiнде мемлекеттiк мүдделердi сақтау;
      халықтың теңестiрiлген аумақтық бөлiнуiн қолдау және ынталандыру жолымен елдiң iшiндегi көшi-қон ағынын реттеу, көшiп-қонушылардың жерсiну процесiне белсене қатысуына жәрдемдесетiндей етiп оларды қабылдауға және орналастыруға жағдай жасау;
      көшi-қон ықтималдығын болжап бағалаудың негiзiнде көшi-қон саясатын жүзеге асыруда орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi стратегия жасау.
      Алға қойылған мiндеттерге орай көшi-қон саясаты мынадай iргелi принциптерге:
      адамның тұратын жерi мен кәсiп түрiн еркiн таңдап алу құқығын, кетуге ерiктiлiк құқығын қамтамасыз етуге;
      көшiп-қонушыларды нәсiлi, дiни нанымы, жынысы, жасы, белгiлi бiр әлеуметтiк топқа жататыны немесе саяси сенiмi бойынша кемсiтуге жол бермеуге;
      республиканың қазiргi әлеуметтiк-экономикалық жағдайын, оның өткен тарихы мен салт-дәстүрлерiн, дамыту келешегiн ескере отырып, көшi-қон заңдарының халықаралық нормаларға және Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйымның ұсынымдарына сәйкес келуiн қамтамасыз етуге;
      көшiп-қонушыларды бастамашылығы мен ынталы iс-әрекетiне мемлекеттiк қолдау жағдайында олардың өздерiнiң, бiрiншi кезекте экологиялық және табиғи апаттар аймақтарынан қоныс аударушылардың жаңа жерде жайғасуға тiкелей қатысуына;
      республиканың заңдарында және халықаралық келiсiмдерде көзделген жағдайлардан басқа ретте, босқындарды көшiрiп жiберуге немесе келген елiне күштеп қайтаруға тыйым салуға;
      басқа елдермен, әсiресе көшiп-қонушыларды қабылдаушы елдермен жасырын көшiп-қонуды азайту, бiлiм алу, кәсiби даярлықтан өту, жұмысқа келу түрiндегi уақытша көшi-қонға жәрдемдесу саласында ынтымақтасуға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
      Көшi-қон саясатының мақсаттарын, мiндеттерiн және принциптерiн iске асыруды мынадай негiзгi бағыттар бойынша:
      көшiп-қонушылардың құқықтарын қорғауды, көшiп-қонушылардың әлеуметтiк-экономикалық, тiлдiк және мәдени жерсiнуiне жәрдемдесудi көздейтiн халықтың көшi-қон саласындағы заңдарды жетiлдiру;
      әлеуметтiк қорғау мен кепiлдiктердi қамтамасыз ететiн мемлекетаралық келiсiмдердi ескере отырып, көшiп-қонушылардың, сондай-ақ отанына қайтып оралушылардың ерiктi негiзде қайтып оралуына, олардың республика өмiрiне қайта кiрiгуiне жәрдемдесу;
      көшi-қонды бақылауды ұйымдастыру;
      еңбек әлеуетiнiң сапасын арттыру, iшкi еңбек рыногын тұрақтандыру және республиканың валюталық теңгерiмiн жақсарту құралы ретiнде нарық экономикасы дамыған елдерге уақытша еңбек көшi-қонын дамыту;
      Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясатын жүзеге асыру жөнiнде көшi-қон процесiне ықпал ететiн ұсыныстар әзiрлеу;
      халықтың көшi-қон проблемаларын кешендi түрде шешу мақсатында көшi-қон қызметiн нығайту мен кеңейту, оны техникалық және қаржылық қамтамасыз ету;
      жалпы саяси және экономикалық ахуалды ескере отырып, көшi-қон процестерiн болжау және мемлекеттiк көшi-қон саясатын қалыптастыру;
      республикалық және аймақтық бағдарламаларды әзiрлеу мен олардың орындалуын ұйымдастыру, атқарушы өкiметтiң республикалық және жергiлiктi органдарының, құқық қорғау органдарының арасындағы өзара iс-қимыл тетiгiн әзiрлеу;
      көшi-қон проблемаларын шешу үшiн практикалық көмек көрсету және қаржы қаражатын тарту мақсатында республикалық, халықаралық және шетелдiк үкiмет органдарымен өзара iс-қимыл жасау;
      мемлекетаралық байланыстардың үзiлуi салдарынан халықтың көшiп-қонуын қысқарту мақсатында көлiк, почта, ақпарат қызметiнiң жұмысын реттеу негiзiнде республиканың Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы және алыс шет мемлекеттермен тұрақты кепiлдiктi байланыстарға қол жеткiзу арқылы жүзеге асыру қажет.