Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк реестрi және оларды мемлекеттiк тiркеудi ретке келтiру жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1997 жылғы 4 наурыздағы N 3379

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң бiрыңғай эталондық банкiн жасау мақсатында қаулы етемiн:
      1. 1997 жылғы 1 қыркүйектен бастап, Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк реестрi енгiзiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк реестрiн жүргiзу Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне және оның аумақтық органдарына жүктелсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Мемлекеттiк тергеу комитетi, Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi орталық атқарушы органдары, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының өкiлдi және атқарушы органдары 1997 жылдың 1 сәуiрден бастап өздерiнiң азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын немесе ведомствоаралық сипаты бар, соның iшiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы күшiне енгеннен кейiн шығарылған нормативтiк актiлерiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне, оның аумақтық органдарына мемлекеттiк тiркеуге ұсынуды қамтамасыз етсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк реестрi туралы ереженi бекiтсiн; 
      2) Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк реестрiн қалыптастыру мен жүргiзу үшiн қажеттi қаражаттың бөлiнуiн қамтамасыз етсiн;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бұрын шығарылған актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
      5. Қазақстан Республикасының прокуратура органдары Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен оның аумақтық органдарына ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлер мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiне құқықтық сараптама жүргiзуге жәрдемдесетiн болсын.
      6. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
             Президентi