И.С.Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесiн Қазақстан Республикасы қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы етiп қайта құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1997 жылғы 11 ақпандағы N 3353

Қолданыстағы
      Бiлiктi офицер кадрларын даярлау жүйесiн жетiлдiру мен әскери ғылымның дамуы үшiн жағдай жасау мақсатында қаулы етемiн:
      1. И.С.Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесi Қазақстан Республикасы қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы болып қайта құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Әскери академиясының негiзгi мiндеттерi:
      1) жоғары әскери, жоғары әскери-арнаулы және орта әскери-арнаулы бiлiмi бар офицер кадрларын даярлау;
      2) офицер құрамын қайта даярлау мен жетiлдiру;
      3) әскери ғылыми-педагог кадрларын даярлау болып белгiленсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi екi ай мерзiм iшiнде:
      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң әскери академиясының Жарғысы мен ол туралы Ереженi әзiрлеп, бекiтетiн болсын;
      2) 1997 жылға арналған Республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi бойынша көзделген қаражат шегiнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Әскери академиясының қызметiн қаржыландыру мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолданатын болсын;
      3) Үкiметтiң қаулыларын осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
     Қазақстан Республикасының
          Президентi