1. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi құрылсын, ол тiкелей инвестицияларды ынталандыру жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру iсiндегi бiрден-бiр уәкiлдi мемлекеттiк орган болып табылады.
2. Былай деп белгiленсiн:
1) Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары болып табылады;
2) Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы Мемлекеттiк комитетiнiң қызметi туралы, сондай-ақ тiкелей инвестицияларды ынталандыру жобалары бойынша iстiң жайы туралы үнемi Қазақстан Республикасы Президентiнiң
алдында есеп бередi және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiне баяндап отырады. 3. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң негiзгi мiндетi ретiнде шетелдiк және отандық тiкелей инвестицияларды ынталандыру болып белгiленсiн, ол мына мақсаттарға: 1) жұмыс орындарын құруға; 2) Қазақстан кадрларын оқыту мен кәсiптiк даярлауға; 3) табиғат ресурстарын игеру мен қорғауға; 4) базалық және қосалқы салаларды дамытуға; 5) инфрақұрылымды дамытуға; 6) елдiң өнеркәсiптiк және техникалық әлеуетiн дамыту қарқынын нығайтуға, диверсификациялау мен ұлғайтуға; 7) отандық өнiм сапасын арттыруға; 8) экспорт көлемiн ұлғайтуға; 9) импортты алмастыруға; 10) басым аймақтардың экономикалық дамуын ынталандыруға; 11) экологиялық проблемаларды шешуге қол жеткiзуге арналады.
4. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi қызметiнiң мынадай негiзгi бағыттары белгiленсiн:
1) шетелдiк және отандық тiкелей инвестицияларды ынталандыру жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлеу мен жүзеге асыру;
2) шетелдiк инвесторлармен жұмыс жүйесiн құру және тiкелей инвестицияларды ынталандыру мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
3) Қазақстан Республикасының экономикасы мен тiкелей инвестицияларға деген қажеттiлiктерi туралы ақпараттық материалдар әзiрлеу және шетелдерде тарату;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика агенттiгiмен, басқа да мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, шетелдiк және отандық тiкелей инвестицияларды тарту мәселелерiнде есепке алу мен есеп берудi ұйымдастыру.
5. Алға қойылған мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне:
1) инвестициялық ынтымақтастық пен шетелдiк тiкелей инвестициялар жөнiнде келiссөздер жүргiзу және халықаралық шарттарға қол қою;
2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардан қажеттi ақпаратты сұрату және алу;
3) тiкелей инвестицияларды ынталандыру бөлiгiнде нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар актiлерiне сараптаманы жүзеге асыру және оларды әзiрлеуге қатысу;
4) кеңесшiлер, консультанттар және сарапшылар ретiнде жұмысқа шетел азаматтарын тарту құқығы берiлсiн.
6. Қазақстан Республикасының Үкiметi 1996 жылғы 1 желтоқсанға дейiнгi мерзiмде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне тiкелей инвестицияларды ынталандыру саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерiн айқындайтын заң жобасын енгiзетiн болсын.
7. "Қазақстан Республикасының Үкiметiнiң құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 19 қазандағы N 2542 Жарлығының 1-тармағы "Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi" сөздерiмен толықтырылсын.
8. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлық күшiне енген күннен бастап бiр ай мерзiмiнiң iшiнде Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң қызметiн қамтамасыз ету жөнiнде барлық қажеттi шараларды қолданатын болсын.
9. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының Президентi