Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелердi қарау тәртiбi туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы. 1996 жылғы 27 қыркүйектегi N 3120

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелердi қарау тәртiбiн айқындау мақсатында қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелердi қараудың тәртiбi туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органдары екi ай мерзiм iшiнде өздерi шығарған нормативтiк құқықтық актiлердi осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
      3. "Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелердi қарау тәртiбi туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1992 жылғы 28 ақпандағы N 669 қаулысының;
      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1992 жылғы 28 ақпандағы N 669 Қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Азаматтығына байланысты мәселелердi қарау тәртiбi туралы ережеге толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 24 тамыздағы N 1326 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
      4. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
1996 жылғы 26 қыркүйектегi
N 3120 Жарлығымен 
Бекiтiлген   

Қазақстан Республикасының азаматтығына
байланысты мәселелердi қарау тәртiбi туралы
Ереже

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және азаматтығын қалпына келтiру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi - Заң) және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу және одан айырылу туралы өтiнiмдердi (арыздарды) қабылдау, ресiмдеу және қарау тәртiбiн айқындайды.

I. Жалпы ережелер

      1. Азаматтық мәселелерi жөнiндегi құжаттарды қабылдау өтiнiш берушiнiң тұрғылықты жерi бойынша: Қазақстан Республикасының аумағында тұратын адамдар үшiн - облыстардың, қалалардың, аудандардың және қалалық аудандардың iшкi iстер басқармалары, бөлiмдерi (бұдан әрi - Iшкi iстер органдары); Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын адамдар үшiн - Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi, консулдық мекемелерi және өкiлеттi өкiлдiктерi (бұдан әрi - консулдық мекемелер) жүзеге асырады.
      Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      а) басқа азаматтық - басқа мемлекеттiң азаматтығы;
      б) шетел азаматы - шетел мемлекетiнiң азаматтығын иеленушi адам;
      в) азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасының азаматтығына жатпайтын және басқа мемлекеттiң азаматтығына жататындығына дәлелi жоқ адам;
      г) Қазақстан Республикасының азаматтығымен байланысты мәселелер бойынша өтiнiш берiлген сәтке дейiн он сегiз жасқа толмағандар кәмелетке толмаған адам болып саналады. Он сегiз жасқа толмай некеге отырған адам Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 17-бабының 2-тармағына сәйкес некеге отырған кезiнен бастап кәмелетке толған деп есептелiнедi;
      д) iс-әрекетке қабiлетсiз адам деп оның солай екенi сот тәртiбiмен танылған адамды айтады;
      е) заңмен өздерiнiң iс-әрекетке қабiлетсiз адамдармен ата-аналық (бала асырап алу) қатынастары немесе қамқорлық жасау қатынастары фактiсi негiзiнде кәмелетке толмағандардың немесе iс-әрекетке қабiлетсiз адамдардың мүддесiн бiлдiруге заңда өкiлдiк берiлген адам заңды өкiл болып табылады. Заңды өкiлдердiң өкiлеттiгi заңмен белгiленедi;
      ж) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк наградалары туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заң күшi бар жарлығының 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы алдындағы жемiстi мемлекеттiк, қоғамдық, шығармашылық қызметi, еңбектегi және қаhармандық ерлiгi үшiн оның еңбегiнiң танылуының белгiсi ретiнде Қазақстан Республикасының немесе бұрынғы КСР Одағының мемлекеттiк наградаларымен, құрмет грамоталарымен наградталған немесе құрметтi атақтарына ие болған шетел азаматы, сондай-ақ азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сiңiрген адам деп танылады;
      з) <*>
      ЕСКЕРТУ. 1-тармақтың з)-тармақшасы алынып тасталды - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.

II. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау

      2. Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасының аумағында кемiнде бес жыл тұрақты тұрып келген немесе Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеде тұрған адамдар қабылдана алады. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiм берiлген сәтте адамның Қазақстан Республикасында тұратын бес жылдық мерзiмi үзiлiссiз болуға тиiс.
      Заңның 16-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1-тармағының екiншi абзацында және 2-тармағында көзделген адамдар тұру мерзiмiне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдана алады.
      Қазақстан Республикасының аумағында тұру мерзiмi Заңның 38-бабына сәйкес есептеледi.
      3. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдар Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына өзiн Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiш берiп, оны тұрақты тұратын жерiндегi iшкi iстер органдарына табыс етедi.
      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
      - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi бекiткен нысандағы екi дана сауалнама-өтiнiш;
      - екi дана өмiрбаян;
      - төрт фотосурет;
      - Заңның 1-бабында көрсетiлген шарттарды сақтайтындығы жөнiндегi мiндеттеме;
      - жұмыс орнынан немесе оқу орнынан екi дана анықтама;
      - сотталғаны немесе сотталмағаны жөнiндегi анықтама;
      - мемлекеттiк бажды төлегенi немесе оны төлеуден босатылғаны жөнiндегi құжат;
      - басқа мемлекеттің азаматтығының болмауы немесе тоқтатылғаны туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген анықтама.
      Егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiм бiлдiрген адам өтiнiш берген кезiнде Қазақстан Республикасының азаматымен (азаматшасымен) некеде тұрса, неке туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесiн тапсырады.
      Бұған қоса заңның 16-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көрсетiлген адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен туыстық дәрежесiн растайтын құжаттарды (тууы туралы куәлiк, некеге тұру туралы куәлiк және т.б.) және өзiнiң туысының тұрақты тұратын жерiнен анықтама тапсырады.
      ЕСКЕРТУ. 3-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.
      4. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын адамдар Қазақстан азаматтығын алу жөнiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына жазылған өтiнiшiн консулдық мекемелер арқылы бередi.
      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
      - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi бекiткен нысандағы екi дана сауалнама-өтiнiш;
      - екi дана өмiрбаян;
      - төрт фотосурет;
      - Заңның 1-бабында көрсетiлген шарттарды сақтайтындығы жөнiндегi мiндеттеме;
      - денсаулық жағдайы туралы, оның iшiнде иммундықтапшылық вирусына байланысты тексеруден өткендiгi көрсетiлген анықтама;
      - мiндеттi түрде қазақ немесе орыс тiлдерiнде аударылған сотталғаны немесе сотталмағаны жөнiндегi анықтама;
      - консулдық алым төлегенi туралы құжат.
      ЕСКЕРТУ. 4-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.
      5. Заңның 17-бабының 7-тармағына сәйкес егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш беруші адам басқа мемлекеттің азаматы болса өтініш қабылданбайды. Бұл норма адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңдарында ол ерікті түрде шетелдің азаматтығын алған жағдайда тиісті мемлекеттің азаматтығынан өзінен-өзі айрылуын көздейтін жағдайларда қолданылмайды.
      ЕСКЕРТУ. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.
      6. 18 жасқа толмаған, сондай-ақ белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау жөнiндегi өтiнiмдi нотариат куәландырған, ал басқа мемлекеттерде - консулдық мекемелер куәландырған олардың заңды өкiлдерi баланың тууы туралы куәлiгiнiң көшiрмесiн (асырап алушылар, қорғаншылар және қамқоршылар жергiлiктi атқару органы шешiмiнiң көшiрмесiн тапсырады) немесе iс-әрекетке қабiлетсiз адамның жеке басын куәландыратын құжатты қоса табыс етедi.
      14 жастан 18 жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi берген өтiнiшке нотариат куәландырған, ал басқа мемлекеттерде - консулдық мекемелер куәландырған жазбаша келiсiмi қоса берiлуi қажет.
      7. Өтiнiштердiң, сауалнамалардың және өмiрбаяндардың барлық даналарына өтiнiш берушi жазылған уақытын көрсетiп қол қоюға тиiс. Егер өтiнiш берушi сауатсыздығы немесе дене кемiстiгiне орай өтiнiшке қол қоя алмайтын болса, Заңның 33-бабына сәйкес оның сұрауы бойынша өтiнiшке басқа адам қол қояды, бұл жөнiнде мемлекеттiк нотариус немесе консулдық мекеме өтiнiшке тиiстi жазба жасайды.
      Өтiнiш берушi осы Ережемен көзделген барлық құжаттарды тапсырғаннан кейiн өтiнiм қабылданған болып саналады.
      8. Өтiнiш берушiнiң тұрғылықты жерiндегi iшкi iстер органдары ресiмделген материалдарды облыстардың және Қазақстан Республикасы астанасының iшкi iстер басқармаларына жiбередi, олар бұл жөнiнде тиiстi ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiседi.
      Облыстардың және Қазақстан Республикасы астанасының iшкi iстер басқармалары материалдар мен олар жөнiндегi өз қорытындыларын Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне жолдайды, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiскеннен кейiн өз қорытындысын жасап, басқа материалдармен бiрге Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік-құқық бөлiмiне жiбередi.
      ЕСКЕРТУ. 8-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11.      N 335 жарлығымен.
      9. Консулдық мекемелер ресiмделген материалдарды өз қорытындыларымен бiрге Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне жолдайды, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiскеннен кейiн материалдарды өз қорытындысымен бiрге Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік-құқық бөліміне жiбередi.
      ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.
      10. Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау жөнiнде өтiнiм жасаған адам шет елде тұрақты тұрған және республика аумағында қоныстануға ниеттенген жағдайларда Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жергiлiктi атқару органымен келiсiлген материалдарды өз қорытындысымен бiрге Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік-құқық бөлiмiне жолдайды. Жергiлiктi атқару органы өз қорытындысында оның тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте еңбекпен, тұрғын үймен қамтылуы және өзгедей жайластырылу мүмкiндiгi жөнiнде ұсыныс енгiзедi.
      ЕСКЕРТУ. 10-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11.     N 335 жарлығымен.
      11. Өтiнiш берушiнi Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауға қарсы болған жағдайда Ұлттық қауiпсiздiк комитетi өз тұжырымын Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссияға баяндайды.

III. Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу

      12. Республика аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына өтiнiш жазып, оны тұрақты тұратын жерiндегi iшкi iстер органдарына тапсырады.
      Өтiнiшке:
      - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi бекiткен нысандағы екi дана сауалнама-өтiнiш;
      - екi дана өмiрбаян;
      - үш фотосурет;
      - балалардың тууы туралы және неке туралы куәлiктердiң екi дана көшiрмесi;
      - жұмыс орнынан немесе оқу орнынан берiлген анықтама, ал жұмыс iстемейтiндерге - Әділет министрлігінің Сот қаулыларын орындау жөніндегі комитетінің аумақтық органдарынан өтiнiш жасаушы адамның мемлекет алдында атқарылмаған мiндеттерiнiң немесе азаматтардың, мемлекеттiк органдардың және меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың мүдделерiне байланысты мүлiктiк мiндеттемелерiнiң бар-жоғы көрсетiлген екi дана анықтама;
      - әскерге шақыру жасындағы адамды мiндеттi әскери қызметiн өткеруден босату туралы әскери комиссариаттан берiлген анықтама;
      - мемлекеттiк бажды төлегенi немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат қоса тiркеледi.
      ЕСКЕРТУ. 12-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11.
N 335 жарлығымен.
      13. Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтiнiш берген адам туралы iшкi iстер органдары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығы мен оның аумақтық бөлімшелерінен ол адамның айыпкер ретiнде қылмыстық жауапқа тартылғаны немесе заңды күшiне енген сот үкiмi бойынша жазасын өтеп жүргенi жөнiнде мәлiмет сұрайды.
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.
      14. Республикадан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан азаматтығынан шығу туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына консулдық мекеме арқылы өтiнiш бередi.
      Өтiнiшке:
      - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi бекiткен нысандағы екi дана сауалнама-өтiнiш;
      - екi дана өмiрбаян;
      - үш фотосурет;
      - тууы туралы және неке туралы куәлiктердiң көшiрмесi;
      - консулдық алым төлегенi туралы құжат қоса берiледi.
      15. Өтiнiштердiң, сауалнамалардың және өмiрбаяндардың барлық даналарын өтiнiш берушi осы Ереженiң 7-тармағында аталған талаптарды сақтай отырып толтыруға тиiс.
      16. Егер өтiнiш берушiнiң Қазақстан Республикасында жұбайы (зайыбы) немесе оның асырауындағы адамдары бар болса, онда өтiнiш берушi бұлардың тарапынан өзiне материалдық немесе өзге де талаптардың жоқтығы жөнiнде сол адамдардың нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшiн қоса ұсынады.
      17. Кәмелетке толмағандардың және iс-әрекетке қабiлетсiз адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтiнiшi осы Ереженiң 6-тармағында көзделген тәртiппен берiледi.
      Қажет болған жағдайда некенiң бұзылуы, ата-анасының бiреуiнiң қайтыс болғаны, асырап алу, қорғаншылық пен қамқоршылық (тиiстi жергiлiктi атқару органының шешiмi), ата-аналық құқығынан айырылуы, алимент төлеуi туралы құжаттардың нотариат немесе консулдық мекемелер куәландырған көшiрмесi тапсырылуға тиiс.
      Егер ата-анасының екеуi де Қазақстан Республикасының азаматтары болса және олардың бiреуi Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығатындығы әрi кәмелетке толмаған баласының да азаматтықтан шығуы жөнiнде бiр мезгiлде өтiнiш берсе, ондай жағдайда ата-ананың екiншiсiнiң баласының Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына деген көзқарасын бiлдiретiн өтiнiшi тапсырылады. Мұндай өтiнiштi нотариат, ал басқа мемлекеттерде консулдық мекемелер куәландырады.

IY. Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына
келтiру

      18. Заңның 18-бабына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған адамның өтiнiшi бойынша оның азаматтығы қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
      Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына немесе азаматтығынан айырылғанға дейiн және азаматтығы тоқтатылғаннан кейiн оның аумағынан тысқары кетпесе не олардың республика аумағында болмауы Заңның 38-бабында көзделген мерзiмiнен аспаса Заңның 16-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1-тармағының 1 абзацында көзделген шарттардың болуы талап етiлмейдi.
      Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру туралы өтiнiш Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына берiледi.
      ЕСКЕРТУ. 18-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.
      19. Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру туралы құжаттарды ресiмдеу Заңның 33-бабының талаптары ескерiле отырып және осы Ереженiң 5-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Осы Ереженiң 5-тармағында көзделген құжаттардан басқа Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру туралы өтiнiмге өтiнiш берушiнiң бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болғанын және оның республика аумағында тұрақты тұрғандығын (тууы туралы куәлiк, тұрғылықты жерiнен анықтама және т.б.) куәландыратын құжаттары қоса берiледi.

Y. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы
Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссия

      20. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және оны қалпына келтiру туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы материалдарды алдын-ала қарау үшiн Азаматтық мәселелерi жөнiнде комиссия құрады.
      Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссияның құрамында Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, мүдделi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi кiредi.
      Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссияның жұмысына Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен лауазымды адам басшылық жасайды.
      Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссия өзi жүргiзiп отырған iс бойынша тиiстi мемлекеттiк органдардан құжаттар мен материалдарды талап етуге хақылы, олар Комиссия белгiлеген мерзiмде қажеттi ақпаратты табыс етедi.
      Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссияның мәжiлiсi егер оған оның мүшелерiнiң жартысынан көбi қатысса, құқылы болып табылады.
      Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссияның шешiмi мәжiлiске қатысушы Комиссияның барлық мүшелерiнiң қол қойылған хаттамамен ресiмделедi.

YI. Қазақстан Республикасының азаматығына байланысты
өтiнiмдердi қараудың тәртiбi мен мерзiмi

      21. Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң Азаматтық бөлiмi материалдарды Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу мүмкiндiгi туралы өз қорытындысымен бiрге Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттік-құқық мәселелерi жөнiндегi Комиссияға жолдайды.
      ЕСКЕРТУ. 21-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11.     N 335 жарлығымен.
      22. Азаматтық мәселелерi жөнiндегi өтiнiштер мен ұсыныстарды қарау кезiнде Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссия өтiнiш берушiнiң дәлелдерiн, мемлекеттiк органдардың ұсынысының қорытыныдыларының мазмұнын, өзге де құжаттар мен куәлардың тиiстi түрде ресiмделген жауаптарын жан-жақты саралайды.
      23. Азаматтық мәселелерi жөнiндегi комиссия ұсынылған материалдарды қарайды және әрбiр өтiнiм жөнiндегi өз ұсынысын шешiм қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзедi.
      24. Азаматтыққа қабылдау, азаматтығын өзгерту туралы өтiнiмдер жөнiнде және өтiнiмдер қабылданбай тасталған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң тиiстi жарлықтары шығарылады.
      25. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтiнiмдер жөнiндегi материалдарды қарау мерзiмi жергiлiктi iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарында, консулдық мекемелерде, Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнде, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк жөнiндегi комитетiнде және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттiк органдарында осы органдардың әрқайсысында бiр айдан, ал жиынтығы - алты айдан аспауға тиiс.

YII. Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi
жөнiндегi Қазақстан Республикасы Президентiнiң
жарлықтарын орындау

      26. Қазақстан Республикасының аумағында тұратын азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң азаматтық мәселелерi жөнiндегi жарлықтарын орындау Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне, ал республика шекарасынан тысқары жерлерде тұратын адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне жүктеледi.
      27. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi мен Сыртқы iстер министрлiгi әрбiр адамға қатысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң азаматтық мәселелерi жөнiндегi жарлықтарының орындалуы жөнiндегi ақпаратты Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік-құқық бөлiмiне ұсынады.
      ЕСКЕРТУ. 27-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11.    N 335 жарлығымен.

YIII. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу

      28. Заңның 21, 30 және 31-баптарының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылады және тiркеледi.
      29. Жеке басының куәлiгi немесе паспорты бойынша тұрып жатқан адам Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды деген мәлiмет немесе арыз түскен жағдайда iшкi iстер органдары қажеттi тексеру жүргiзедi. Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттiң әскери қызметiне кiру және жалған мәлiметтер мен жасанды құжаттар табыс ету нәтижесiнде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу фактiлерi анықталған жағдайда, олар осы адамның азаматтықтан айырылғанын тiркейдi.
      30. Консулдық мекемелер мынадай жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тiркейдi:
      егер Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматына қатысты оның басқа мемлекеттiң әскери қызметiне, қауiпсiздiк қызметiне, полициясына, әдiлет органдары мен өзге де мемлекеттiк органдарына қызметке тұрғанын растайтын құжаттар немесе басқа сенiмдi мәлiметтер болған жағдайда. Бұл ретте аталған органдармен жұмысшы кәсiптерi (жүргiзушi, слесарь, жинаушы, электрик және т.б.) бойынша мiндеттердi орындауға шарт жасасқан адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылмайды'
      егер адам шетелде тұрақты тұрған бес жыл iшiнде дәлелдi себептерсiз консулдық есепке тұрмаса. Бес жыл мерзiм туралы ереже 16-жасқа толмаған адамдарға қолданылмайды. Жағдаяттарға байланысты консулдық мекеменiң басшысы Қазақстан Республикасының азаматы консулдық есепке уақытылы тұрмауы себептерiнiң дәлелдi немесе дәлелсiз екендiгiне өз бетiнше баға бередi;
      егер Қазақстан Республикасы азаматтығының жалған мәлiметтер мен жасанды құжаттар табыс ету нәтижесiнде алынғаны белгiлi болса.
      31. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тiркеу өзiн Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы шешiм қабылдаудың себептерi мен негiздерi туралы осы адам хабардар етiлгеннен кейiн ғана жүзеге асырылады.
      32. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi мен Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік-құқық бөлiмiне әрбiр жартыжылдықта және әрбiр жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамдар туралы ақпарат табыс етiп отырады.
      ЕСКЕРТУ. 32-тармақ өзгерді - ҚР Президентiнiң 2000.02.11. N 335 жарлығымен.

IХ. Азаматтық мәселелерi бойынша шешiмдерге шағым жасау

      33. Азаматтық мәселелерi бойынша өтiнiштердi қабылдаудан негiзсiз бас тартуға, материалдарды қарау мерзiмдерiн бұзу, сондай-ақ лауазымды адамдардың азаматтық мәселелерi жөнiндегi шешiмдердi қарау немесе орындау тәртiбi бойынша басқа да заңсыз iс-әрекеттерiне заңдарда белгiленген тәртiппен бағыныстылық жағынан жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
      Азаматтыққа жатқызу немесе азаматтықтан айыру туралы мәселелер жөнiндегi шешiмдердiң үстiнен шағымдар Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына берiледi.
      Азаматтық мәселелерi бойынша шешiмдердi Қазақстан Республикасының Президентi қайта қарауы мүмкiн.
      Азаматтық мәселелерi бойынша қайталап жасалған өтiнiм осы мәселе бойынша қабылданған алдыңғы шешiмнен кейiн бiр жыл өткен соң қаралады.

Х. Азаматтық мәселелерi бойынша қосымша құжаттар
талап ету

      34. Азаматтық мәселелерi бойынша материалдарды ресiмдеудi жүзеге асыратын iшкi iстер органдары мен консулдық мекемелердiң қажет болған жағдайда өтiнiш берушiден қаралатын мәселеге қатысты қосымша құжаттарды талап етуге құқығы бар.