Қазақстан Акционерлiк Халықтық Жинақ Банкiнде 1996 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 60 жасқа жеткен азаматтардың салымдарына өтем жасау туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 20 мамырдағы N 2988 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

Күшін жойған

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      Қазақстан Халықтық Банкi мекемелерiндегi халықтың салымдары бойынша шығындарына өтем жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қазақстан Республикасының Үкiметiн 1996-1997 жылдарда 1996 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 60 жасқа жеткен азаматтардың Қазақстан Акционерлiк Халықтық Жинақ Банкiндегi салымдарына өтем жасау тапсырылсын.
      2. 1992 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1996 жылғы 15 сәуiрдегi iстегi шоттар бойынша салымдардың барлық түрлерi жөнiнен қалдықтарға өтем жасалуға тиiс. "Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларының Қазақстан Акционерлiк Халықтық Жинақ Банкiндегi салымдарына өтем жасау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 9 сәуiрдегi N 2941 Жарлығына сәйкес өтем жасау жүргiзiлген салымдарға өтем жасалмайды.
      3. Өтем жасау екi кезеңде 1996 жылғы 1 қарашадан бастап және 1997 жылғы 1 мамырдан бастап өтемақы сомасынан тең үлеспен жүзеге асырылсын.
      4. Өтемақы сомасын есептеу 1992 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1992 жылғы 3 қаңтардағы биржалық бағамы бойынша доллар эквивалентiне қайта есептеу жолымен жүргiзiлсiн. Өтемақы сомалары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң төлем жасау сәтiндегi АҚШ долларының ресми бағамы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен Қазақстан Халықтық Банкiндегi iстегi жеке шоттарға есептелсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi өтемақы сомасы анықталғаннан кейiн 1997 жылғы бюджеттiң кiрiстерi мен шығыстарында көрсете отырып, қажеттi соманы Қазақстан Акционерлiк Халықтық Банкiнде сақтайтын болсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi