Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 1996 жылғы 7 мамыр N 2975

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 15)-тармақшасында көзделген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін іске асыру тәртібін анықтау мақсатында қаулы етемін:
      1. Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы ереже (қоса беріліп отыр) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы осы Жарлық күшіне енген күннен бастап екі апта мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамы туралы Мемлекет басшысының қарауына ұсыныстар енгізсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің мына қаулыларының күші жойылған деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасында кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы" 1992 жылғы 25 қаңтардағы N 586 қаулысы;
      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасында кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы" 1992
жылғы 25 қаңтардағы қаулысына толықтырулар енгізу туралы" 1993
жылғы 7 қаңтардағы N 1052 қаулысы.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентінің      
1996 жылғы 7 мамырдағы N 2975
Жарлығымен бекітілген  

Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға
кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 15)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға кешірім жасау тәртібін белгілейді.
      1. Сотталған адамдарға кешірім жасау:
      1) өлім жазасын бас бостандығынан айырумен немесе жазасын
ерекше режимді түзеу колониясында өтей отырып, жиырма бес жылға бас
бостандығынан айырумен алмастыру;
      Жазасын өтеген адамнан кешірім жасау актісімен соттылығы алынып тасталады;
      2) негізгі жазаны, сол сияқты қосымша жазаны өтеуден толық немесе ішінара босату;
      3) бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен алмастыру түрінде жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет) .
      2. Кешірім жасау туралы мәселені, әдетте, Республика соттары соттаған немесе Республика соты шығарған соңғы үкім бойынша жазасын өтеп жатқан адамдардың өтініштері негізінде Республиканың Президенті жүзеге асырады.
      3. Кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарауды Республика Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан былай - Комиссия) жүзеге асырады.
      Комиссия Республика Президентінің жанындағы консультативтік кеңесші орган болып табылады, оның құрамын Президент бекітеді.
      4. Комиссияны Мемлекет басшысы тағайындайтын төраға басқарады. Комиссияның құрамына лауазымы бойынша Бас Прокурор және Әділет министрі (олар болмаған жағдайда - аталған лауазымды тұлғалардың орынбасарлары) кіреді. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және өзге де адамдар кіруі мүмкін.
      ЕСКЕРТУ. 4-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет) .
      ЕСКЕРТУ. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557 жарлығымен.
      5. Комиссияның отырыстарын Комиссияның төрағасы немесе ол болмаған кезде төрағаның орынбасары өткізеді. Комиссияның отырысы оның мүшелерінің үштен екісі қатысқан ретте құқылы болып саналады. Комиссияның отырыстарына Республика Жоғарғы Сотының төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрі немесе олардың орынбасарлары қатысып, талқыланған мәселелер бойынша сөз сөйлей алады.
      ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      6. Комиссияның шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Сотталған адам үшін неғұрлым қолайлы мәселе дауысқа бірінші болып саналады. Дауыстар тең болған кезде өтініш қолдау тапты деп есептеледі. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды.
      7. Кешірім жасау туралы мәселе қаралған кезде:
      1) өлім жазасына кесілген адамдарға қатысты материалдар;
      2) Республика Жоғарғы Сотының төрағасы мен Бас Прокурорының өлім жазасына кесілген адамдарға кешірім жасауды қолдану туралы қорытындылары;
      3) жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен деңгейі, сотталған адамның жеке басы, оның мінез-құлқы, еңбекке көзқарасы, бас бостандығынан айыру орындарындағы ынталы ұйымдардың жұмысына қатысуы, өтелмеген жаза мерзімі және кешірім жасау туралы өтінішті қарау кезінде маңызы бар басқа да жағдаяттар;
      4) түзеу мекемесі әкімшілігінің, қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдарының пікірлері.
      ЕСКЕРТУ. 7-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен. (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      8. Кешірім жасау туралы өтініштер сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана қаралады.
      9. Өлім жазасына кесілген адамдар оларға үкімнің көшірмесі немесе кассациялық ұйғарым тапсырылған күннен бастап алты ай ішінде кешірім жасау туралы өтініш бере алады. Өлім жазасына кесілген адам аталған мерзімде кешірім жасау туралы өтініш бермеген жағдайда немесе мұндай өтініш беруге ықыласы жоқтығын мәлімдесе, бұл жайында белгіленген ережелер сақтала отырып, тиісті акт жасалады. Өлім жазасына кесілген адам жөніндегі үкімнің орындалуы кешірім жасау туралы өтініш немесе сотталған адамның кешірім жасау туралы өтініш беруден бас тартуы жөніндегі материалдар қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
      Өлім жазасы туралы үкім күшіне енген күнінен бір жыл өтпейінше орындалмайды.
      ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет)
      ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557 жарлығымен.
      10. Сотталған адамдардың түзеу мекемелерінің әкімшілігі арқылы берген өтініштері Президент Әкімшілігіне барлық үкімдердің, сот ұйғарымдары мен қаулыларының көшірмелері, сотталғандардың жұмысы мен мінез-құлқы туралы егжей-тегжейлі мінездемелер, еңбек пен түзеу мекемесінің әкімшілігіне өтініштің, сондай-ақ кешірім қолдану туралы мәселені қарау үшін маңызы бар басқа да құжаттар мен деректердің мәні бойынша пікірлері көрсетіле отырып, табыс етіледі.
      ЕСКЕРТУ. 10-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      11. Өтініш немесе тиісті акт Республика Президентінің Әкімшілігіне өтініш қабылданған немесе акт жасалған күннен бастап үш күннен кешіктірілмей табыс етіледі. Өлім жазасына кесілген адамдарға Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі келіп түскен өтініштер немесе осы адамдардың Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі өтініштер беруден бас тартқаны туралы материалдарды Комиссияның қарауына енгізілгенге дейін Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі Республиканың Жоғарғы Соты мен Бас Прокуратурасына жібереді, олар бір ай мерзімнен кешіктірмей қабылданған сот шешімдерінің мазмұнын қылмыстың жасалу жағдаяттарын, сотталған адамдардың жеке басы туралы мәліметтерді және әрбір өтініштің немесе өтініш беруден бас тартқаны туралы материалдың мән-жайы жөнінде өз пікірлерін көрсете отырып, қорытындыларды табыс етеді.
      ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557 жарлығымен.
      12. Соттаудың негізсіздігі немесе заңдылықтың бұзылуы жөнінде тексеруді қажет ететін деректер келтірілген кешірім жасау туралы өтініштер тексеру үшін алдын ала тиісті органдарға жіберіледі.
      13. Бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым жеңіл жазаға сотталған адамдарға Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі өтініштерді, Комиссияның қарауына Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі, ал Мемлекет Басшысына Комиссия өзінің ұсынуы бойынша енгізеді.
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557 жарлығымен.
      14. Комиссияның ұсыныстарын қараудың нәтижелері бойынша Республика Президенті кешірім жасау туралы немесе кешірім жасау туралы өтініштерді қабылдамай тастау туралы жарлықтар шығарады.
      15. Сотталған адамға Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі материалдарды қарау үшін негіздер болмаған жағдайда Комиссия немесе Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі бұл жайында өтініш берушіге хабарлайды, ал Мемлекет басшысына Кешірім жасау бөлімі тиісті ақпарат табыс етеді.
      ЕСКЕРТУ. 15-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      ЕСКЕРТУ. 15-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557 жарлығымен.
      16. Кешірім жасау туралы өтініштер қабылданбай тасталған жағдайда ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдарға кешірім жасау туралы қайтадан берілген өтініштер, жаңа, назар аударуға тұрарлық жағдаяттар болмаған жағдайда, Комиссияның қарауына, әдетте, бір жыл өткеннен кейін, ал басқа қылмыстар үшін сотталған адамдарға кешірім жасау туралы - бұған дейінгі өтініштердің қабылданбай тасталған күнінен алты ай өткен кезде енгізілуі мүмкін. Аталған мерзім өткенге дейін келіп түскен қайталанған өтініштер қолда бар материалдарға қосылады.
      ЕСКЕРТУ. 16 тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      17. Кешірім жасау туралы немесе кешірім жасау туралы өтініштерді қабылдамай тастау туралы жарлықтар орындау үшін:
      1) өлім жазасына кесілген адамдарға қатысты - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына және Бас прокуратурасына;
      2) бас бостандығына айыруға және басқа жаза шараларына сотталған адамдарға қатысты - олардың орындалуын басқаратын органдарға жіберіледі.
      3) <*>
      ЕСКЕРТУ. 17-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      ЕСКЕРТУ. 17-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.02.13.     N 557 жарлығымен.
      18. Өлім жазасына кесілген адамдарға қатысты үкімдердің орындалуы жөніндегі ақпаратты Президент Әкімшілігіне Республиканың Бас Прокуроры, ал Мемлекет басшысының басқа жаза шараларына сотталған адамдарға кешірім жасау туралы жарлықтарының орындалуы туралы ақпаратты өздеріне осы жарлықтарды орындау жүктелген мемлекеттік органдар табыс етеді.
      19. Жаңадан белгілі болған жағдаяттар бойынша немесе оларға кешірім жасау қолданылған сотталған адамдарға қатысты қадағалау тәртібімен үкімдердің күші жойылған немесе олар өзгертілген жағдайларда тиісті соттар қабылданған шешімдер туралы Комиссияны оның жұмыс органы арқылы хабардар етеді.
      20. Комиссияның жұмыс органы Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі болып табылады, ол:
      1) Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі табыс етілген материалдарды қарауды, қажетті материалдарды Комиссия мен Республика Президентінің қарауына даярлауды;
      2) Мемлекет басшысының кешірім жасау туралы жарлықтарының уақтылы орындалуын бақылауды;
      3) Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі қолдану практикасын қорытуды;
      4) "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ереже" мен осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      ЕСКЕРТУ. 20-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841 жарлығымен.  (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).
      ЕСКЕРТУ. 20-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557 жарлығымен.