Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi туралы Ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы. 1995 жылғы 20 желтоқсан N 2698

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгiнiң құрылуына байланысты Қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi туралы Ереже қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн.
      2. "Қазақ ССР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгiн құру туралы" Қазақ ССР Президентiнiң 1991 жылғы 31 тамыздағы N 413 Жарлығының (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 33-35, 436-құжат) күшi жойылған деп танылсын.
      3. Осы Жарлық жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
1995 жылғы 20 желтоқсандағы
N 2698 Жарлығымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық
ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi (бұдан әрi-Агенттiк) Қазақстан Республикасының Президентi алдында есептi және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн, Қазақстанның бiртұтас ақпарат кеңестiгiн қалыптастыруды қамтамасыз ететiн, баспасөз бен бұқаралық ақпарат саласында мемлекет саясатын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган болып табылады.
      Агенттiк республикалық бюджеттен қаржыланатын барлық газеттер мен журналдардың құрылтайшысы болып табылады.
      Агенттiк қызметiнiң мақсаты-азаматтардың сөз бостандығына деген конституциялық құқығын, республиканың ақпараттық, сондай-ақ газеттердiң, журналдардың, теледидар мен радио хабарларының, кiтап шығарудың, кiтап таратудың дербестiгiн, республиканың саяси, экономикалық және мәдени өмiрi туралы хабарлармен халықтық сұранысын анағұрлым толық қанағаттандыруды қамтамасыз ету.
      2. Агенттiк өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары және нормативтiк құқықтық актiлерi негiзiнде жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтары мен өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

II. Агенттiктiң мiндеттерi

      3. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) баспасөз, бұқаралық ақпарат, баспа iсi, полиграфия, кiтап тарату, телерадио хабарларын тарату саласында мемлекет саясатының принциптерiн қалыптастыру;
      2) Агенттiк қарауындағы мәселелер бойынша инвестициялық және ғылыми-техникалық саясатты әзiрлеу және iске асыру;
      3) баспа бағдарламаларын дайындап, iске асыру, әлеуметтiк мәндi әдебиет шығаруда бiрыңғай тапсырыс берушi және тапсырыстарды орындаушы қызметiн жүзеге асыру;
      4) ақпараттық құрылымды дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу және жүзеге асыру;
      5) баспасөз бен бұқаралық ақпарат саласындағы заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      6) баспасөзде және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк құпияны сақтауға қатысу;
      7) бұқаралық ақпарат құралдары, баспалар, полиграфия және кiтап саудасы ұйымдары қызметкерлерiнiң бiлiмiн көтерудi ұйымдастыру, сондай-ақ журналистiк және инженерлiк-техникалық кадрларды даярлауға көмектесу;
      8) Агенттiк жүйесiне кiретiн ұйымдардың құқығы мен заңды мүддесiн қорғауды қамтамасыз ететiн шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру;
      9) табиғи апат пен төтенше оқиғалар жағдайында мемлекеттiң баспасөз және бұқаралық ақпарат жүйесiндегi жұмылдыру дайындығының жоспарларын жасау және жүзеге асыру;
      10) бұқаралық ақпарат тасқынын, олардың қоғамдық пiкiрге тиiмдiлiгiн және әсер ету сипатын зерттеп, кiтап шығаруды, полиграфияны, кiтап таратуды, сондай-ақ бұқаралық ақпараттың алуан түрiн дамытудағы түрлi қоғамдық топтардың мұқтаждарын айқындау;
      11) баспасөз және бұқаралық ақпарат мәселелерi бойынша анықтамалық-хабарлау жүйесiн құру;
      12) алыс және жақын шетелдердегi қазақ диаспорысына баспасөз және бұқаралық ақпарат мәселелерi бойынша көмек көрсету;
      13) баспасөз және бұқаралық ақпарат саласында қолданылып жүрген заңдарға сәйкес басқа елдерден келетiн кiтап, газет-журнал, дыбыстық-бейнелiк және басқа да ақпараттық өнiмдерге талдау жасау;
      14) баспа iсi, полиграфия, кiтап тарату және бұқаралық ақпарат саласында шет елдермен тиiстi халықаралық шарттар негiзiнде келiсiмдi саясат жүргiзу;
      15) белгiленген тәртiппен үкiметаралық мамандандырылған ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкiлi болу және тәуелсiз Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат саласында мүдделерiнiң халықаралық-құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету.

III. Агенттiң қызметi

      4. Агенттiк өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай қызметтердi жүзеге асырады:
      1) баспасөз және бұқаралық ақпарат саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастырады;
      2) Агенттiк құзырына кiретiн мәселелер бойынша министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының баспасөз және бұқаралық ақпарат саласындағы қызметiн үйлестiредi;
      3) қарауындағы ұйымдардың экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтiк дамуына басшылықты қамтамасыз етедi;
      4) әлеуметтiк мәндi әдебиет түрлерi жөнiнде мемлекеттiк бағдарламалар жасайды;
      5) мемлекеттiк телерадио хабарларын таратудың көлемi мен сағатын айқындайды;
      6) баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекет тарапынан қолдау үшiн бөлiнетiн бюджеттiк қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылайды;
      7) республика аумағында және шет елдерде ресми хабарлардың баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарында таратылуын қамтамасыз етедi және оны үйлестiрiп отырады;
      8) заңда белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралдарын, оның iшiнде шетел аудиториясына арналғандарын да есепке алуды жүзеге асырады;
      9) баспасөз және бұқаралық ақпарат туралы заңның орындалуын бақылауды қамтамасыз етедi;
      10) заң актiлерiнiң жобаларын әзiрлеуге қатысады;
      11) Қазақстан Республикасының Авторлық және сабақтас құқықтар жөнiндегi мемлекеттiк агенттiгiмен бiрлесiп, белгiленген тәртiппен, баспасөз және бұқаралық ақпаратта авторлық және сабақтас құқық объектiлерiн заңсыз пайдалану және болдырмау жөнiндегi шараларды қабылдайды әрi жүзеге асырады;
      12) басылымдарға, әдебиет пен өнер шығармаларын көпшiлiк алдында орындау және өзге түрде пайдалануға, көркем-графикалық, фотографиялық жұмыстарға, редакторлық, аудармашылық, шығармаларды рецензиялау, кеңес беру, көрсеткiштердi құрастыру және басқа да редакциялық баспа жұмыстарына төленетiн авторлық ақының мемлекеттiк ставкасын, сондай-ақ мерзiмдi басылымдарға арналған қаламақы ставкасын әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтуiне ұсынады;
      13) кiтап баспаларының, полиграфия кәсiпорындарының, кiтап саудасы ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, дамытуға және жетiлдiруге ықпал етедi;
      14) өз қаражаты шегiнде баспа-полиграфия ұйымдарын өзiнiң шикiзатымен және материалдарымен неғұрлым толық қамтамасыз ету үшiн импорт алмастырғыш өндiрiстiң бағдарламаларын әзiрлейдi және жүзеге асырады;
      15) қарауындағы ұйымдардың қаржы-экономикалық қызметiнiң нәтижелерiн талдайды, олардың өндiрiстiк бағдарламалары мен тақырыптық жоспарларын iске асыруына көмек көрсетедi;
      16) тиiстi мемлекеттiк органдардың келiсiмi бойынша, баспаларды, полиграфия кәсiпорындарын, кiтап саудасы ұйымдары мен бұқаралық ақпаратбаспасөз құралдарын, олардың ерекшелiктерiн ескере отырып, жекешелендiру жөнiнде кепiлдемелер әзiрлейдi;
      17) баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары саласында есепке алу мен есеп берудi жүзеге асырады;
      18) баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерiн мемлекеттiк наградаларға, сыйлықтарға, құрметтi атақтарға ұсынады;
      19) Агенттiктiң негiзгi қызметiнiң мәселелерi бойынша шетелдердiң тиiстi мекемелерiмен байланыстар орнатады және ынтымақтастықты өркендетедi;
      20) өз қаражаты шегiнде, белгiленген тәртiп бойынша кiтап шығару, полиграфия, бұқаралық ақпарат проблемалары бойынша халықаралық конференциялар, симпозиумдар, семинарлар, оқу курстарын өткiзудi ұйымдастырады.

IV. Агенттiктiң құқықтары

      5. Алдына қойылған мақсаттарды, талаптар мен мiндеттердi жүзеге асыру үшiн Агенттiкке төмендегiдей құқықтар берiледi:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне жүйенi одан әрi дамыту, баспасөз және бұқаралық ақпарат саласындағы экономикалық, қаржылық, ғылыми-техникалық және құқықтық реттеудi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      2) баспаларда, полиграфиялық кәсiпорындарда, кiтап саудасы ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдылықтың сақталуына тексерiс жүргiзу;
      3) министрлiктерден, мемлекеттiк комитеттерден және өзге де орталық атқарушы органдардан, ұйымдар мен азаматтардан баспасөз және бұқаралық ақпарат саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру үшiн Агенттiкке қажеттi ақпараттарды сұрастыру;
      4) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң келiсiмi бойынша баспасөз және бұқаралық ақпаратқа қатысты нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын жасауға қатысу, ведомстволық және басқа да актiлер шығару;
      5) мемлекеттiк меншiк нысанындағы баспаларды, полиграфия кәсiпорындарын, кiтап саудасы ұйымдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын және басқа да кәсiпорындар мен ұйымдарды белгiленген тәртiппен құру, қайта құру, тарату;
      6) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес баспасөз басылымдарының бақылау даналарын тегiн алу;
      7) Агенттiктiң баспасөз және ақпарат саласында заңға сәйкес халықаралық шарттар жасауға, өз құзыры ауқымында шетелдердiң тиiстi ведомстволарымен және шетелдiк фирмалардың өкiлдерiмен келiссөздер жүргiзуге және алдағы жоспарлары мен келiсiмдерi туралы хаттамаларға қол қоюға құқығы бар.

V. Агенттiктiң жұмысын ұйымдастыру

      6. Агенттiктi Төраға басқарады, оны Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi Төрағасының лауазымы материалдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету, көлiк қызметi жағдайлары бойынша республика министрiнiң лауазымына, ал Төраға орынбасарларының лауазымдары-министрдiң орынбасарлары лауазымына теңестiрiледi.
      Төрағаның орынбасарлары болады, оларды тағайындау және босату үшiн Агенттiк Төрағасы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс жасайды.
      Төраға орнында болмаған жағдайда оның мiндеттерiн Төраға орынбасарларының бiрi атқарады.
      Агенттiк жанынан алқа құрылады, ол кеңесшi орган болып табылады, оның шешiмдерi ұсыныс сипатында болады.
      7. Агенттiк құрылымын, адам саны мен еңбекақы қорын, сондай-ақ Төраға орынбасарларының және алқа мүшелерiнiң санын Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
      8. Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiктiң Төрағасы:
      1) Агенттiк қызметiн дара басшылық негiзiнде басқарады, Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуына жеке өзi жауап бередi, баспасөз және бұқаралық ақпарат саласындағы мемлекеттiк саясаты жүзеге асыруды ұйымдастырады, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң баспасөз және бұқаралық ақпарат жүйесiнiң қызметi мәселелерiне қатысты тапсырмаларын орындайды;
      2) Агенттiк алқасының құрамын жеке өзi бекiтедi;
      3) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң талқылауына баспасөз және бұқаралық ақпарат мәселелерi бойынша мемлекеттiк бюджет қалыптастыру туралы ұсыныстар жасайды, сондай-ақ Агенттiктiң құзырына қатысты нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобаларын енгiзедi;
      4) Агенттiк Төрағасы орынбасарларының арасындағы мiндеттердi бөлiп бередi;
      5) өз құзыретi шегiнде бұйрықтар, өкiмдер шығарады, тапсырмалар бередi, олардың орындалуын тексередi;
      6) азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қарайды;
      7) Белгiленген құрылымның, адам саны мен еңбекақы қорының шегiнде Агенттiк орталық аппаратының штаттық кестесiн, сондай-ақ мемлекеттiк басқару органдарын қаржыландырудың республикалық бюджетте көрсетiлген қаражатты шегiнде оларды ұстаудың сметалық шығындарын бекiтедi;
      8) Агенттiктiң орталық аппаратының қызметкерлерiн, ведомстволық ұйымдардың жетекшiлерiн қызметке тағайындайды және оларды қызметтен босатады;
      9) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын газеттердiң, журналдардың және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларын қызметке тағайындайды және оларды қызметтен босатады;
      10) қазақстандық және шетелдiк заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда Агенттiктiң ресми өкiлi болады;
      11) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
      9. Агенттiк алқасы мына құрамда құрылады:
      - алқа төрағасы-Агенттiк Төрағасы;
      - алқа мүшелерi: - алқа Төрағасының орынбасарлары, Агенттiк аппаратының құрылымындағы бөлiмшелердiң, баспасөз және бұқаралық ақпарат жүйесiндегi ұйымдардың жетекшiлерi.
      Алқа агенттiктiң мақсаттарынан, мiндеттерi мен атқаратын қызметiнен туындайтын мәселелердi талқылайды. Шешiм қабылдау үшiн алқа мәжiлiсiне алқа мүшелерiнiң кем дегенде үштен екiсi қатысуы қажет. Шешiмдер қарапайым көпшiлiк дауыспен қабылданады.
      10. Агенттiкте редакциялық-баспалық, көркемдiк, ғылыми-әдiстемелiк, сондай-ақ өзге де техникалық және басқа да кеңестер, салалық сарапшылық топтар, шығармашылық ұжымдар және құрамдық құрылымдар құрылуы мүмкiн. Оларды шығармашылық және ұйымдастыру-техникалық жағынан қамтамасыз етудi Агенттiктен аппараты жүзеге асырады. Кеңестер, сарапшылық топтар туралы ережелердi Агенттiктiң Төрағасы бекiтедi.
      11. Агенттiк аппаратының қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
      12. Агенттiк жанынан баспасөзде және бұқаралық ақпарат құралдарында заңдылықты сақтауды қадағалау жөнiндегi облыстық инспекциялар жұмыс iстейдi, инспекциялар туралы Ереженi Агенттiк бекiтедi. Облыстық инспекциялар Агенттiк құрылымының бiртұтас жүйесiне кiредi.
      13. Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық Агенттiгi заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының банктерiнде есеп айырысу және өзге де шоттары болады.