Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк кеңесi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы. 1994 жылғы 18 сәуiр N 1673

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабының негiзiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының
Қауiпсiздiк кеңесi туралы" 1993 жылғы 17 маусымдағы N 1246 Жарлығына
сәйкес қаулы етемiн:
      1. <*>
      2. <*>
      Ескерту. 1,2 тармақтардың күшi жойылған - ҚР Президентiнiң  1995.12.26. N 2728 жарлығымен.
      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк кеңесi туралы 1993 жылғы 17 маусымдағы N 1246 Жарлығының 2,4, және 5-баптарының күшi жойылған деп танылсын.
      4. Жарлық қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң   
1994 жылғы 18 сәуiрдегi
N 1673 Жарлығымен
бекiтiлген 

Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк кеңесi туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1.1. Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк кеңесiн (Қауiпсiздiк кеңесiн) Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн , аумақтық тұтастығын, мемлекеттiк егемендiгiн, конституциялық құрылысын қамтамасыз ету саласында сыртқы, iшкi және қорғаныс саясатының негiзгi бағыттары бойынша шешiмдердi талдап жасау үшiн құрады.
      1.2. Қауiпсiздiк кеңесi қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы және Қазақстан Республикасының Заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтары мен басқа да нормативтiк актiлерi, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

2. Қауiпсiздiк кеңесiнiң негiзгi мiндеттерi
мен қызметiнiң бағыттары

      2.1. Қауiпсiздiк кеңесiнiң негiзгi мiндеттерi:
      - ұлттық қауiпсiздiк саласында Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саяси қызметiнiң стратегиясы мен тактикасын әзiрлеу;
      - ұлттық қауiпсiздiк саласына қатысы бар мәселелер жөнiндегi мемлекеттiк өкiмет органдарының, министрлiктер мен ведомстволардың жұмысы үйлестiрiлуiн қамтамасыз ету.
      2.2. Қауiпсiздiк кеңесi қызметiнiң негiзгi бағыттары:
      - Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзiрлеу;
      - әлемдегi және аймақтардағы ахуалдың дамуына Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне қарайластырып кешендi талдау жасау;
      - ұлттық қауiпсiздiк саласында Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмдерiн дайындау жөнiндегi атқарушы өкiмет органдарының iс-әрекетiн үйлестiру;
      - ұлттық қауiпсiздiк саласында Президенттiң шешiмдерiн орындау жөнiнде министрлiктер мен ведомстволардың тиiмдi түрде өзара iс-әрекет жасауының жолдары мен тетiктерiн анықтау;
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұлттық қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiнiң жүзеге асырылуына бақылау жасау.

3. Қауiпсiздiк кеңесiнiң құрамы

      3.1. Қазақстан Республикасының Президентi Қауiпсiздiк кеңесiнiң төрағасы болып табылады.
      3.2. Қауiпсiздiк кеңесi төрағасының орынбасары оның жұмысын тұрақты негiзде ұйымдастыру үшiн Президенттiң Жарлығымен тағайындалады және мәртебесi жөнiнен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшiсiне теңестiрiледi.
      3.3. Қауiпсiздiк кеңесiне лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Вице-Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-министрi, Қауiпсiздiк кеңесi төрағасының орынбасары, Қорғаныс министрi, Сыртқы iстер министрi, ҰҚК төрағасы, Iшкi iстер министрi кiредi.
      Қазақстан Республикасының Президентi Қауiпсiздiк кеңесiнiң құрамына өзге де лауазымды адамдарды енгiзуi мүмкiн.
      Қауiпсiздiк кеңесiнiң мүшелерi оның мәжiлiстерiне ауысу құқығынсыз қатысады.

4. Қауiпсiздiк кеңесiнiң жұмыс тәртiбi

      4.1. Қауiпсiздiк кеңесiнiң мәжiлiстерi республика Президентiнiң төрағалық етуiмен қажет болуына қарай, бiрақ үш айда кемiнде бiр рет өткiзiледi.
      4.2. Өзiне жүктелген функцияларды жүзеге асыра отырып, Қауiпсiздiк кеңесi:
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Кеңестiң басқа да мүшелерiнiң ұсынысы бойынша қорғаныс, сыртқы және iшкi саясаттың стратегиялық мәселелерiн қарастырады;
      - ұлттық қауiпсiздiкке қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының қорғаныс, сыртқы және iшкi саясат саласындағы стратегиясы әзiрленуiн және оның жүзеге асырылуын үйлестiредi;
      - ұлттық қауiпсiздiк саласындағы тұжырымдаманың әзiрленуiн ұйымдастырады;
      - қауiпсiздiк кеңесiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты, құжаттар мен материалдарды кез-келген мемлекеттiк және басқа органдардан, мекемелер мен ұйымдардан, лауазымды адамдардан сұрастырады және оларды алады;
      - зерттеу және сараптама жұмыстарын орындау үшiн мемлекеттiк және басқа ұйымдарды, мекемелердi, олардың жекелеген қызметкерлерiн тарта отырып ғылыми-зерттеулер жүргiзiлуiн және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң бағдарламалық құжаттары әзiрленуiн ұйымдастырады;
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұлттық қауiпсiздiк саласындағы шешiмдерiн орындау жөнiнде мемлекеттiк органдардың ұйымдар мен мекемелердiң iс-әрекетiн үйлестiредi;
      - Қауiпсiздiк кеңесi шешiмдерiнiң орындалуын бақылайды;
      - өз құзырындағы мәселелер бойынша халықаралық ұйымдармен және шет елдегi үкiметтiк органдармен және үкiметтiк емес ұйымдармен байланыс орнатады.
      4.3. Қауiпсiздiк кеңесi шешiмдерiнiң ұсыныстық сипаты болады. Қауiпсiздiк кеңесiнiң шешiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Министрлер Кабинетiнiң нормативтiк актiлерi қабылдануы мүмкiн.
      4.4. Мәселелердi пысықтау, мәжiлiстердi дайындау, сараптама және зерттеу жұмыстарын жүргiзу мен ұйымдастыру үшiн Қауiпсiздiк кеңесi жұмыс аппаратын, ведомствоаралық кеңестер (комиссиялар) және жұмыс топтарын құрады.

5. Қауiпсiздiк кеңесiнiң қызметiн қамтамасыз ету

      5.1. Қауiпсiздiк кеңесiнiң қызметiн Қауiпсiздiк кеңесi Төрағасы орынбасарының басшылығымен Қауiпсiздiк кеңесiнiң жұмыс аппараты қамтамасыз етедi.
      Қауiпсiздiк кеңесi аппаратының құрылымы мен қызметкерлерiнiң санын Қазақстан Республикасының Президентi Аппарат Басшысының және Қауiпсiздiк кеңесi төрағасы орынбасарының ұсынуы бойынша белгiлейдi.
      Жұмыс аппараты қызметкерлерiн тағайындау Президент пен Министрлер Кабинетi Аппаратының қызметкерлерiне арналып белгiленген тәртiп бойынша жүргiзiледi.
      5.2. Қауiпсiздiк кеңесi төрағасының орынбасары:
      - жұмыс аппараты қызметкерлерiнiң функциялық мiндеттерiн анықтайды;
      - Президент пен Министрлер Кабинетi Аппараты Басшысының келiсуi бойынша Президент пен Министрлер Кабинетi Аппаратының бөлiмдерiн Қауiпсiздiк кеңесiнiң құзырына жататын мәселелердi пысықтау үшiн қатыстырады;
      - Қорғаныс министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Республика ұланының, Президенттiң Күзет қызметiнiң және Қазақстан Республикасының басқа да министрлiктерi мен ведомстволарының ұлттық қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi қызметi үйлестiрiлуiн ұйымдастырады.
      - Қауiпсiздiк кеңесi төрағасының келiсуi бойынша мемлекеттiк және басқа ұйымдардың, мекемелердiң қызметкерлерiнен Қауiпсiздiк кеңесiнiң ведомствоаралық кеңестерiн (комиссияларын), жұмыс топтарын құрады.
      5.3. Қауiпсiздiк кеңесiн ақпараттық-талдаулық қамтамасыз ету Қауiпсiздiк кеңесiнiң жұмыс аппаратына, ведомствоаралық кеңестерiне (комиссияларына), жұмыс топтарына, республика Президентiнiң жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтына, Ақпараттық талдау орталығына, ТЖМК-ге, Мемтехкомиссияға және Президент пен Министрлер Кабинетi Аппаратының басқа да ақпараттық талдау қызметтерiне, сондай-ақ министрлiктер мен ведомстволарға жүктеледi.
      5.4. Өзара iс-қимылды және жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Қауiпсiздiк кеңесiнiң жұмыс аппаратында жекелеген қызметтi iссапарға шақыру жолымен министрлiктер мен ведомстволардың тиiстi мамандары атқаруы мүмкiн.
      5.5. Қауiпсiздiк кеңесi аппаратының қызметiн қамтамасыз ету Президент пен Министрлер Кабинетi Аппаратына жүктеледi.
      5.6. Қауiпсiздiк кеңесi жұмыс аппаратын ұстауға арналған шығын республика бюджетiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының сметасында көзделедi.