Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанында Тiл комитетiн құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1993 жылғы 5 сәуiрдегi N 1166

Қолданыстағы
      Тiл саласында бiртұтас мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру, ұлт тiлдерiнiң дамуы үшiн қолайлы жағдай туғызу, халықтың ұлттық-мәдени талаптарын қанағаттандыру қажеттiгiн негiзге алып, қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанында Тiл комитетi құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанындағы Тiл комитетiне:
      - Қазақ ССР-iнiң Тiл туралы Заңын жүзеге асыру және оның орындалуына бақылау жасау;
      - республиканың Тiл туралы Заңының сақталуын қамтамасыз ету, Қазақ тiлiн және басқа да ұлт тiлдерiн дамытудың 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру жөнiнде министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың, кәсiпорындар мен мекемелердiң қызметiн, қоғамдық ұйымдармен бiрлескен iс-қимылдарын үйлестiрiп отыру;
      мемлекеттiк ұтымды тiл саясатын, мемлекеттiк тiлдiң қоғамдағы қызметiнiң аясын кеңейту мен оны дамыту жөнiнде кешендiк бағдарламалар әзiрлеп, жүзеге асыру;
      республикадағы ономастикалық және терминологиялық жұмысты үйлестiру, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Ономастика және Терминология комиссияларының, Қазақ тiлiн және басқа да ұлт тiлдерiн дамытудың 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру жөнiнде құрылған Республикалық үйлестiру кеңесiнiң қызметiн қамтамасыз ету;
      - тiл заңдарын жетiлдiруге байланысты ұсыныстар әзiрлеу жүктелсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi:
      - мемлекеттiк тiл саясаты мен тиiстi бағдарламаларды жүзеге асыру жөнiнде шараларды қаржыландыру үшiн қажеттi қаражат қарастырсын;
      - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанындағы Тiл комитетiн қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерiн шешсiн;
      - бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанындағы Тiл комитетi туралы Ереженi бекiтсiн.
     Қазақстан Республикасының
            Президентi