Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға (II кезең) арналған Ұлттық бағдарламасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 наурыздағы N 1135 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

Күшін жойған

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      Ескерту. Қаулыға өзгерiстер енгiзiлдi - ҚРПр-нiң 1995.05.12. N 2268 жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабы негiзiнде және дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар Бағдарламасын жүзеге асыру мен әлеуметтiк-экономикалық реформаларды тереңдету мақсатында қаулы етемiн:

      1. Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға (II кезең) арналған Ұлттық бағдарламасы бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң Ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жөнiндегi шаралардың кең көлемдi жоспарын, қажеттi нормативтiк құжаттардың тiзбесiн қоса бiр ай мерзiм iшiнде әзiрлеп, бекiтсiн.

      3. Министрлiктер мен ведомстволар, мемлекеттiк концерндер, корпорациялар мен бiрлестiктер, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi шағын және жаппай жекешелендiру шеңберiнде, сондай-ақ жеке жобалар бойынша 1993 жылы мемлекет иелiгiнен алынуға және жекешелендiрiлуге тиiстi объектiлердiң өзара келiсiлген тiзбелерiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң бекiтуiне бiр ай мерзiм iшiнде енгiзсiн.
      1994 және 1995 жылдарға арналған осындай тiзбелер Меммүлiккомына келер жылдың алдындағы қазан айынан кешiктiрмей берiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу
мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға (II кезең)
арналған Ұлттық бағдарламасы
 

Кiрiспе

      Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң Ұлттық бағдарламасы, бұдан әрi - Бағдарлама, Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiктi 1993-1995 жылдары жеке меншiктiң түрлi нысандарына айналдырудың мақсаттары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тәртiбi мен ретiн белгiлейдi.
      Жекешелендiрудiң негiзгi мақсаты - мемлекетке қарасты өндiрiстiк объектiлердi, басқа да материалдық және материалдық емес активтердi мемлекеттiң өтеусiз және өтеммен беру арқылы республика халқына ұлттық мүлiктi қайтару барысында меншiк хұқығын дербестендiру негiзiнде орталықтандырылған-жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үшiн қажеттi жағдайлар жасау.
      Осы мақсатты жүзеге асыру мынадай басты мiндеттердi шешудi қажет етедi:
      - мемлекеттiк кәсiпорындардың көпшiлiгiн акционерлеудi жүзеге асыру, мемлекеттiк меншiк объектiлерiне шағын жекешелендiру мен жаппай жекешелендiру жүргiзу жолымен нарыққа бағдарланған шаруашылық құрылымдарын жеделдете қалыптастыру;
      - жекешелендiруге халықтың барлық топтарының қатысуы үшiн жағдайлар жасау;
      - шаруашылықты тиiмдi жүргiзушi субъектiлер ретiнде жеке меншiк иелерiнiң тобын қалыптастыру;
      - бәсекелiк орта жасау және өндiрiстiң монополиясыздандырылуын қамтамасыз ету;
      - шағын және орташа бизнестi дамыту;
      - халық шаруашылығының iрi және бiрегей объектiлерiн қайта құрудың жеке жобаларын жүзеге асыру;
      - жеке бизнес басым болатын және шетелдiк инвесторлар қатыстырылатын ұйымдық, шаруашылық құрылымдар құру;
      - бағалы қағаздар нарығының субъектiлерi ретiнде инвестициялық құрылымдар жүйесiн дамыту мен нығайту.
      Бағдарлама мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға арналған принциптi жолдарын белгiлейдi. Жекешелендiрудiң әдiстерi мен бағыттары Қазақстан Республикасы Конституциясына, Жоғарғы Кеңес мақұлдаған "Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар және әлеуметтiк-экономикалық реформаларды тереңдету (экономиканы тұрақтандыру мен нарыққа көшу кезеңiндегi) бағдарламасына", Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының келешегiне, түрлi салалардың ерекшелiктерiне, кәсiпорындар мен ұйымдардың қоғамдық өндiрiстегi орны мен рөлiне сәйкес белгiлендi.
      Республикада мемлекеттiк меншiктi мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру барысындағы екiншi кезеңде Бағдарламада қаралған тиiстi шаралар жиынтығын жүзеге асыру көзделген.
      Бағдарламаға сәйкес мемлекет иелiгiнен алынып, жекешелендiрiлуге тиiстi объектiлердiң әрбiр бағыт бойынша нақтыланған тiзiмiн жыл сайын Үкiмет бекiтедi. Ол бағыттар туралы хабар халыққа жүйелi түрде жеткiзiлiп тұрады.
      Мемлекеттiк меншiктiң барлық объектiлерi жiктестiрiлген екi топқа бөлiнедi:
      - мемлекет иелiгiнен алынатын және жекешелендiрiлетiн объектiлер;
      - жекешелендiрiлуiне тыйым салынған объектiлер.
      Мемлекет меншiк объектiсiн осы екi топтың бiрiне жатқызу үшiн мыналар негiз болады: мемлекеттiк меншiктi сақтаудың ұтымдылығы; объектiнiң қай салаға жататындығы; шығарылатын өнiмнiң, атқарылатын жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтiң әлеуметтiк-экономикалық маңыздылығы.
      Қазақстан Республикасының ерекше меншiгi болып табылатын объектiлер - жер, оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, тарих пен мәдениет ескерткiштерi, Қазақстан Республикасы халқының мәдени және тарихи қазыналары, мемлекеттiк бюджет қаржысы, республикалық сақтық резерв қоры мен өзге де қорлар, сондай-ақ республиканың егемендiгiн, әлеуметтiк және мәдени дамуын қамтамасыз ететiн кәсiпорындар мен мүлiктiк кешендер, сондай-ақ толығынан мемлекеттiк бюджет есебiнен қаржыландырылатын мекемелер жекешелендiрiлуге жатпайды.

I. Жекешелендiрудiң негiзгi бағыттары

      Жекешелендiрудiң негiзгi бағыттары дегенiмiз - жекешелендiрiлетiн объектiлердiң әрбiр тобының ерекшелiктерiне сәйкес жүзеге асырылатын жекешелендiру әдiстерi мен нысандарының жиынтығы.
      Кәсiпорындарды жекешелендiрудiң белгiлi бiр бағытына жатқызудың өлшемдерi - объектiнiң халық шаруашылық маңызы, қай салаға жататындығы, жұмыс iстеушiлердiң саны, негiзгi қорлардың құны.
      Жұмыс iстеушiлердiң санына сәйкес кәсiпорындар мен ұйымдар шартты түрде:
      - жұмыс iстеушiлердiң саны 200 адамнан кем шағын кәсiпорындарға;
      - жұмыс iстеушiлердiң саны 200 адамнан 5000 адамға дейiнгi орташа кәсiпорындарға;
      - жұмыс iстеушiлердiң саны 5000 адамнан астам iрi кәсiпорындарға бөлiнедi. Жекешелендiру объектiлерiнiң жыл сайынғы тiзбелерiн жасау кезiнде объектiнiң салалық, аймақтық және басқа ерекшелiктерiне байланысты оның шағын, орташа және iрi кәсiпорындар тобына жатқызылуын нақтылай түсуге болады.
      Жекешелендiру объектiсiнiң шағын, орташа және кәсiпорындар тобына жатқызылуына сәйкес бағдарламада мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру процестерiнiң мына бағыттар бойынша өрiстетiлуi көзделген:
      - iрi және бiрегей мүлiктiк кешендердi жеке жобалар бойынша жекешелендiру;
      - орташа кәсiпорындарды жаппай жекешелендiру;
      - сауда, коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық және сервистiк қызмет көрсету салалары шағын кәсiпорындарының аукциондары мен конкурстары арқылы жүзеге асырылатын шағын жекешелендiру.
      Жекешелендiрудiң жеке жобалары халық шаруашылығының негiзгi салаларының базалық кәсiпорындарының ұтымды ұйымдық құрылымын жасауға, жеке меншiк пен мемлекеттiң оларды басқаруға қатысуының ара салмағын белгiлеуге, жобаны әзiрлеу кезеңiнен бастап отандық және шетелдiк инвесторларды қатыстыруға мүмкiндiк бередi.
      Жаппай жекешелендiру республика халқының қалың топтары үшiн меншiк хұқығын жүзеге асыру мүмкiндiгiн туғызады, бағалы қағаздармен жұмыс iстеудiң практикалық тәжiрибесiн жинақтауға мүмкiндiк бередi.
      Шағын жекешелендiру тауарлар мен қызметтiң тұтыну нарығын тiкелей қамтамасыз ететiн меншiк иелерiнiң қалың тобының пайда болуы үшiн нақты негiз қалайды.
      Шағын жекешелендiру мен жаппай жекешелендiруге халықтың барлық топтарының қатысуы үшiн Қазақстан Республикасында республиканың әрбiр тұрғынына мемлекеттiк меншiктiң белгiлi бiр үлесiн алу хұқығына кепiлдiк беретiн жекешелендiру купондары пайдаланылады.
      Қазақстан Республикасындағы жекешелендiрудiң екiншi кезеңiнде жекешелендiру купондарының екi түрi пайдаланылады:
      - тұрғын үйдi сатып алуға арналған жекешелендiру купоны (тұрғын үй купондары);
      - жекешелендiрудiң инвестициялық купоны.
      Жекешелендiрудiң бiрiншi кезеңiнде тек тұрғын үй сатып алуға пайдаланылатын тұрғын үй купондарын жекешелендiрудiң екiншi кезеңiнде тұрғын үйдi сатып алумен қатар (сатып алғаннан кейiн) шағын жекешелендiру аукциондары мен конкурстарында - сауда, тұрмыстық және сервистiк қызмет кәсiпорындарын сату кезiнде төлем қаражаты ретiнде пайдалануға болады. Жекешелендiрудiң инвестициялық купондары жаппай жекешелендiру барысында арнаулы инвестициялық жекешелендiру қорына салу арқылы пайдаланылады, ол сол купондарға акционерлiк қоғамдар болып қайта құрылған кәсiпорындардың акцияларын сатып алады.

1. Мемлекеттiк сектор кәсiпорындарын акционерлеу

      Мемлекеттiк сектордағы кәсiпорындар мен ұйымдарды акционерлеу - оларды барлық акциялары тұтас мемлекет меншiгiнде болатын акционерлiк қоғамдар етiп қайта құру. бұл процесс жекешелендiруге жататын, шағын жекешелендiру шеңберiнде аукцион мен конкурс арқылы сатылмайтын барлық объектiлердi қайта құрудың қажеттi бастапқы кезеңi болып табылады.
      Акционерлiк қоғамдар етiп қайта құру:
      - кәсiпорындарды басқарудың ұйымдық құрылымын өзгертiп, акционерлердiң (мемлекеттiк холдингтер мен компанияларда - Үкiметтiң) байқаушы кеңестерi мүшелерiн тағайындау арқылы оның тиiмдiлiгiн арттыруға;
      - акционерлiк қоғамның байқаушы кеңесi мен басқармасы мүшелерiнiң қоғамның қаржы жағдайы және бүкiл қызметiнiң заңдылығы үшiн дербес жауапкершiлiгiн қамтамасыз етуге, акционерлер алдында оның жыл сайын есеп беруiн қамтамасыз етуге;
      - қайта құрылған кәсiпорындар қызметiнiң коммерцияландырылуын қамтамасыз етуге;
      - акциялардың бәрiне немесе бiр бөлiгiне меншiк хұқығын заңды ұйымдар мен жеке адамдарға мемлекеттiң өтеулi немесе өтеусiз негiзде беруi есебiнен жекешелендiру процесiн жеделдетуге;
      - шетелдiк нарықтарда кәсiпкерлiк қызмет ұйымдастыру үшiн қайта құрылған мемлекеттiк кәсiпорындарға жағдайлар жасауға мүмкiндiк бередi.
      Республика Үкiметi мемлекеттiк кәсiпорындарды акциялар мемлекет меншiгiнде болатын әрi холдинг компаниялар жүйесi арқылы басқарылатын акционерлiк қоғамдар етiп қайта құрудың бастамашысы болып отыр.
      Мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекеттiк акционерлiк қоғамдар етiп қайта құрудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасы Президентiнiң тиiстi Жарлығымен белгiленедi. Бұл шаралар акцияларды орналастырудың пәрмендi мемлекеттiк саясаты жүргiзiлуiн, акцияларды берудi тiркеудiң ретке келтiрiлген тәртiбi енгiзiлуiн, акционерлер мүдделерiнiң қорғалуын қамтамасыз етуге тиiс.
      Кәсiпорындар қызметкерлерiнiң акционерлеу процесiне қолдау көрсетуiн қамтамасыз ету үшiн кәсiпорынды акционерлеудiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң немесе оның аумақтық органының (бұдан әрi - Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет) комиссиясы қабылдап алған жоспарын өздерi әзiрлеген жағдайда, еңбек ұжымдарында артықшылықты акциялар түрiнде жарғылық капитал мөлшерiнiң 10 процентiн өтеусiз алу құқығы берiледi, бiрақ ол кәсiпорын бойынша бiр қызметкерге шаққандағы орташа айлық жалақының 12 мөлшерiнен аспауға тиiс.
      Мемлекеттiк кәсiпорындар акционерлiк қоғамдар болып қайта құрылғаннан кейiн Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет мемлекеттiк акцияларды сату туралы шешiм қабылдайды. Акционерлiк қоғамдардың акцияларын сатуды Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi (бұдан әрi - Жекешелендiру жөнiндегi комитет) жүзеге асырады.
      Өтпелi кезеңде мемлекеттiк бақылауды мiндеттi түрде сақтай отырып жекешелендiрiлетiн объектiлер тiзбесiне енгiзiлген кәсiпорындар мемлекеттiң қатысу деңгейi әр түрлi акционерлiк қоғамдар болып қайта құрылады.
      Мемлекет қатысатын акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитеттiң шешiмiмен холдингтерге немесе холдинг үлгiсiндегi акционерлiк компанияларға беруге болады. Ол компаниялар жабық үлгiдегi қоғамдар ретiнде құрылады, өз қызметiн коммерциялық негiзде жүзеге асырады және халық шаруашылығының базалық салаларын мемлекеттiң тиiмдi түрде реттеуiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.
      Холдинг компанияларын құру мына шаралардың дәйектi жүзеге асырылуын көздейдi:
      - мемлекеттiк кәсiпорындарды акционерлеу;
      - қызметтiң бiр орталықтан үйлестiрiлуiн қажет ететiн, мейлiнше тығыз шаруашылық байланыстары бар кәсiпорындардың тiзбесiн анықтау;
      - акциялардың мемлекеттiк бақылау пакетiн бөлу;
      - холдинг құрып, оған акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн иемдену, пайдалану және басқару хұқығын беру.
      Қайта құрудың мұндай тетiгiнiң жүзеге асырылуы мемлекеттiк реттеу мен шаруашылықты басқару функцияларының ара жiгiн айқын ажыратуға мүмкiндiк бередi.
      Мемлекеттiк басқару органдары холдингтердiң басшылығын Президенттерiн және Байқаушы кеңестердiң мүшелерiн) тағайындау арқылы, сондай-ақ ұлттық мүдделердiң жүзеге асырылуын - айналадағы ортаның қорғалуын, мемлекеттiк бағдарламалардың және т.б. орындалуын қамтамасыз етуге бақылау негiзiнде олардың қызметiнiң реттелуiн жүзеге асыруға тиiс.
      Холдингтiң Байқаушы кеңесi холдинг өкiлдерiнiң қоғамдардың басқару органдарына қатысу, қоғамның пайдалылық деңгейiн талдау iрi инвестицияларға бақылау жасау және т.б. негiзiнде холдингтiң акционерлiк қоғамдарының қызметiне қаржылық бақылау жасайды.
      Холдинг тағайындайтын және оған есеп беретiн акционерлiк қоғамдардың басқарушылары акционерлiк қоғамдардың қызметiн жедеғабыл басқаруды жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының жағдайында неғұрлым оңтайлысы бiрнеше мамандандырылған холдингтердi салалық принцип бойынша құрып, оларға жаңа өндiрiстердi дамыту немесе өздерiнiң қалауы бойынша акциялар пакеттерiн сатып алу есебiнен сан салалы даму мүмкiндiгiн беру болып табылады. Холдинг компаниясының ұйымдық құрылымы қаржы қаражатын шоғырландыру және оларды мақсатты пайдалану есебiнен, жаңа өндiрiстер құру немесе кәсiпорындарды сатып алу жолымен капиталдың сан салалы дамытылуын жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.
      Саладағы басқару құрылымын дереу өзгерту қажет болған жағдайда холдингтердi жұмыс iстеп тұрған мемлекеттiк кәсiпорындар негiзiнде құрып, кейiннен оларды акционерлiк қоғамдарға айналдыруға болады.
      Компаниялардың тұрақты пайда алуына және тиiмдi жұмыс iстеуiне қол жетiп, бұл қоғамдардың қызметiн мемлекеттiк реттеу қажеттiгi болмай қалған жағдайда акциялардың мемлекеттiк пакеттерi жеке адамдарға және мемлекеттiк емес заңды ұйымдарға, оның iшiнде шетел ұйымдарына өткiзiлуi мүмкiн.
      Мемлекеттiк басқару органдарының келiсуiмен қабылданған Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет шешiмiмен аталған акционерлiк қоғамдарда акциялардың мемлекеттiк пакетi "алтын акциямен" ауыстырылуы мүмкiн.
      "Алтын акция" дегенiмiз - мемлекет меншiгiнде болатын және мынадай мәселелердi шешуде: мемлекеттiк тапсырыстың басым орындалуын, акционерлiк қоғамның экологиялық зиянды өндiрiстерге қатысу мүмкiндiгiн және басқаларын шектейтiн жұмыстардың бағытын өзгерту кезiнде тыйым салу хұқығы болатын бағалы қағаз.
      Холдинг компанияларын тарату және олардың қызметiнiң монополиялануына жол бермеу бiр салада бiрнеше компаниялар құру немесе олардың қызметiн сан салалы ету арқылы қамтамасыз етiледi.
      Инвестициялық жекешелендiру қорларының мемлекеттiк акция пакеттерiн аукциондарда сатуды ұйымдастыруды Жекешелендiру жөнiндегi комитет жүзеге асырады.
      Акционерлiк қоғамдардың тiркеуi мен қызметi туралы орталықтандырылған есеп пен ақпарат жинауды Ақпараттық есептеу орталығы жүзеге асырады, ол даму дәрежесiне қарай Мемлекеттiк депозитарийге айналдырылуы мүмкiн.

2. Жеке жобалар бойынша жекешелендiру

      Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң жеке жобаларын әзiрлеу аса iрi және бiрегей объектiлер мен кәсiпорындар бойынша жүзеге асырылады.
      Бiрегей объектiлер дегенiмiз - ерекше әлеуметтiк маңызы бар өнiм шығаратын немесе жұмыстарды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттiң табиғи монополиясы болып табылатын кәсiпорындар.
      Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң жеке жобалары Комитеттiң басшылығымен әзiрленедi, ол қажет болған жағдайда консультациялық немесе басқару фирмаларын таңдап алады.
      Жеке жобаға кезең-кезеңiмен шаралар бағдарламасы:
      - объектiнiң қызметiне және бәсекелестiк қабiлетiне жан-жақты талдау жасау, сондай-ақ оның мүлiктiк кешенiнiң құнын бағалау;
      - объектiнiң ұсынылатын ұйымдық-құрылымдық, технологиялық және басқа өзгерiстерiнiң жүйесi, мұның iшiнде оның қызметiн монополиясыздандыру жөнiндегi шаралар;
      - жекешелендiру нысандары мен әдiстерiн таңдап алу кiредi.
      Жобаны әзiрлеу Қазақстан Республикасының заң актiлерiнiң талаптарына сәйкес жүргiзiледi және Монополияға қарсы саясат жөнiндегi Мемкоммен келiсiлiп алынуға тиiс.
      Меммүлiккомы өзiне табыс етiлген материалдардың негiзiнде объектiнiң жекешелендiруге әзiрлiк деңгейiн анықтайды, оңды қорытынды берiлген жағдайда жобаны бекiтедi және объектiнi қайта құруға рұқсат бередi. Жеке жобаларды жүзеге асыру:
      - белгiлi бiр инвесторға келiсiлген шарттар негiзiнде сату;
      - аукциондар немесе конкурстар арқылы өткiзу;
      - басқаруға контракт жасасу;
      - акцияларды ашық түрде сату әдiстерiмен жүзеге асырылады.
      Акцияларды белгiлi бiр инвесторға келiсiлген шарттар негiзiнде сату дегенiмiз - заңды ұйымдар мен жеке адамдар белгiлi бiр шарттарды (инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру, жұмыс орны санының сақталуын қамтамасыз ету, өндiрiстiң бағытын сақтау, өнiмнiң сапасы мен бәсекелестiк қабiлетiн арттыру және т.б.) орындаған жағдайда оларға акцияларды сату.
      Жекешелендiрудiң бұл тәсiлi кәсiпорынды "сауықтыру" мақсатымен қатыстырылатын әлеуеттi инвесторлардың тұрақты тобын құру үшiн пайдаланылады.
      Аукцион дегенiмiз - бәсекелестiк негiздегi ашық саудаласу, бұларда жеке адамдар немесе заңды ұйымдар мемлекет меншiгiндегi объектiлердi сатып алады. Мұндай жағдайда сатып алушылардан жекешелендiру объектiсi жөнiнде нендей бiр шарттарды орындау талап етiлмейдi және меншiк хұқығы саудаласу барысында ең жоғары баға ұсынған сатып алушыға берiледi.
      Конкурстық сату кезiнде сатып алушыдан жекешелендiру объектiсi жөнiнде белгiлi бiр талаптарды орындау (кәсiпорынның бағытын немесе объектiнiң мақсатын, жұмыс орындарының санын сақтау, әлеуметтiк саланың объектiлерiн қаржыландыру және т.б.) талап етiледi. Коммерциялық және инвестициялық конкурстар өткiзiледi.
      Коммерциялық конкурс ашық саудаласу арқылы өткiзiледi. Бұл конкурста сатып алу хұқығы конкурс шарттарын сақтай отырып ең жоғары баға ұсынған сатып алушыға тиесiлi болады.
      Инвестициялық конкурс бойынша мемлекеттiк кәсiпорындар (немесе акционерлiк қоғам болып қайта құрылған кәсiпорындардың акциялары) сатып алушылардан инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру талап етiлетiн жағдайда сатылады. Объект конкурс талаптарына сәйкес бағдарламаның неғұрлым таңдаулы нұсқасын ұсынған алушыға сатылады.
      Инвестициялық және коммерциялық конкурстар туралы ережелердi Комитет бекiтедi.
      Басқару контрактын жасасу пайдалану хұқығын заңды ұйымға немесе жеке адамға беру тәсiлi болып табылады. Бұл әдiс объектiнi жекешелендiру экономикалық жағынан тиiмсiз немесе әлi ертелеу болған жағдайда қолданылады.
      Контрактыда кейiннен объект жекешелендiрiлген кезде басқарушылар ретiнде шақырылған жеке адамдарға хұқық берiледi және олардың қатысу дәрежесi ескерiлетiн болады.
      Контракт жасасу үшiн жеке адамдарды немесе мемлекеттiк емес заңды ұйымдарды таңдап алу конкурстық негiзде жүргiзiлуi мүмкiн.
      Акцияларды ашық түрде сату олардың бағалы қағаздар нарығында заңды ұйымдар мен жеке адамдарға өткiзiлуiн бiлдiредi.
      Халыққа сатуға арналған акцияларды Комитеттiң шешiмiмен МЖҚ инвестициялық жекешелендiру купондарына айырбастау ретiнде ашық бәсекелi саудаласуларда инвестициялық жекешелендiру қорларына сатуы мүмкiн.
      Республиканың халық шаруашылық мүдделерiн басшылыққа алып, объектiнi "сауықтыру" жөнiндегi шаралар ұзаққа созылып әрi күрделi болған жағдайда Комитет алдын ала құрылымдық өзгерiстер жасамай, тұтас мүлiктiк кешендi қайта құру туралы шешiм қабылдауы мүмкiн, бұл өзгерiстер кейiннен қайта құрылған объектiнiң жұмыс процесiнде жасалуы мүмкiн.

3. Жаппай жекешелендiру

      Жаппай жекешелендiру барысында Қазақстан Республикасының халқына жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын кәсiпорындардың акцияларын сатып алатын инвестициялық жекешелендiру қорларының акцияларына айырбастау жолымен меншiк хұқығын иелену мүмкiндiгi берiледi.
      Жаппай жекешелендiру оған қатысушыларға еркiн таңдап алу, бәсекелестiк, жариялылық мүмкiндiгiн бередi, бұл процестi басқаруда шапшаңдық пен қарапайымдылықты қамтамасыз етедi; халықтың барлық жiктерiнiң кеңiнен қатысуымен меншiктi тиiмдi бөлуге жағдай жасайды.
      Жаппай жекешелендiру кезең-кезеңiмен 3-4 жыл iшiнде жүзеге асыруға есептелген. Комитет жыл сайын акцияларын инвестициялық жекешелендiру қоры жүйесiне орналастыра отырып, акцияландыруға жататын кәсiпорындардың тiзбелерiн анықтайды. Қазақстан Республикасының халқы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай жекешелендiрудi жүргiзу шарттары мен мерзiмi жайында хабардар етiледi.
      Шағын жекешелендiруге және жеке жобалар бойынша жекешелендiруге қосылмаған кәсiпорындар мен ұйымдардан құрылған акционерлiк қоғамдарда акциялардың кемiнде 51 процентi инвестициялық жекешелендiру қорына сатуға жатады. Жекешелендiрген кезде мемлекет пакетiн сақтауды талап етпейтiн кәсiпорындардың акциялары еңбек ұжымының үлесi шығарылып тастап, түгелдей жаппай жекешелендiру аукциондарына жiберiледi.
      Еңбек ұжымы акцияларының үлесi бөлiнгеннен кейiн (жарғылық қаржының 10 процентiнен аспайтын) және аукционда жекешелендiрудiң инвестициялық купондарына айырбастап, сатудан қалған инвестициялық жекешелендiру қорының акциялары мемлекет меншiгiнде қалдырылады. Бұл резервтiк мемлекеттiк пакет кәсiпорындардың қызметiн өтпелi кезеңде мемлекеттiң реттеп отыруы үшiн пайдаланылады. Қажетiне қарай акциялардың мемлекеттiк пакеттерi еркiн сатуға ұсынылуы мүмкiн.
      Жаппай жекешелендiру жүзеге асыру мынадай шараларды iске асыруды көздейдi:
      - Қазақстан Республикасы халқына жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын беру;
      - жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының иелерi мен кәсiпорындар арасындағы делдал ретiнде коммерциялық негiзде жұмыс iстейтiн инвестициялық жекешелендiру қорының жүйесiн құру.
      Жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын есептеу, айналысы және пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен арнайы Ережемен реттеледi.
      Жекешелендiрудiң инвестициялық купондары Қазақстан Республикасының барлық тұрғындары үшiн бiрдей мөлшерде есептеледi және оның саны арнайы құжатта көрсетiледi. Жекешелендiрудiң инвестициялық купоны ақша орнына жүрмейтiн шартты бiрлiкпен өлшенедi.
      Жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын Жинақ банкiсiнiң бөлiмшелерi алушының тұрған жерi бойынша үй басқармасы беретiн отбасы құрамы туралы анықтама мен паспортының негiзiнде есептеп, сол купонның сомасы көрсетiлiп, дербес есепшот түрiнде қаттайды. Қазақстан Республикасының әрбiр тұрғынына жекешелендiрудiң инвестициялық купондары жеке есепшотқа есептеледi.
      Республиканың ауылдық жерлерде тұратын тұрғындары үшiн белгiленген тәртiппен есептелген жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының сомасына 1,2 арттыру коэффициентi енгiзiледi.
      16 жасқа дейiнгi балаларға бұл купондар дербес есепшотқа есептеледi, оны жұмсау хұқы ата-анасының бiрiне олардың жасаған өтiнiшi негiзiнде және баланың тууы туралы куәлiгiн көрсеткенде берiлуi мүмкiн.
      Есепшотқа есептелген жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының сомасы инвестициялық жекешелендiру қорларына Үкiмет белгiлеген мерзiмде салынуға тиiс. Бiрiншi кезеңде пайдаланылатын купондардың бөлiгiн Үкiмет жаппай жекешелендiру объектiлерiнiң бекiтiлетiн тiзбесiне сәйкес анықтайды. Жаппай жекешелендiрудiң бiрiншi кезеңiнде пайдаланылған жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының санын шектеу инвестициялық жекешелендiру қорларының бәсекелестiк қабiлетi әлi көрiне қоймаған кезде купон иелерiнiң тәуекелге баруын кемiту үшiн енгiзiледi. Жаппай жекешелендiрудiң келесi кезеңдерiнде пайдаланылған жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының санын олардың иелерi дербес анықтайтын болады.
      Жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын салу мерзiмi халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.
      Жекешелендiрудiң әрбiр кезеңiнде купон иесi өзiнiң купондарын бiрнеше инвестициялық жекешелендiру қорларына сала алады. Инвестициялық жекешелендiру қорын таңдауды және өздерi таңдап алған инвестициялық жекешелендiру қорына салынатын жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының санын купон иелерi дербес анықтайды.
      Жекелеген қорлар қызметiнiң кездейсоқ тиiмсiз болып шығуынан зиян шегу ықтималдығын азайту мақсатымен купондарды бiрнеше инвестициялық жекешелендiру қорына салған дұрыс.
      Жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын жекешелендiрiлетiн кәсiпорындардың акцияларына тiкелей айырбастаудың болмауы кейбiр кәсiпорындардың акцияларына орынсыз сұранысты көтермелеуге жол бермеуге және республика тұрғындарының купондарын негiзсiз құнсызданудан қорғауға ұмтылудан туындап отыр.
      Жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын енгiзу оларды иелерiнiң есепшотынан арнайы құрылған инвестициялық жекешелендiру қорларының тиiстi есепшотына аудару жолымен жүзеге асырылады.
      Әрбiр инвестициялық жекешелендiру қоры осы қорға иелерi салған жекешелендiрудiң инвестициялық купондарына айырбасталып, азаматтарға берiлетiн акциялар шығарады. Жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының иесi өзi салған купонның саны көрсетiлген инвестициялық жекешелендiру қорының акцияларын алады. Инвестициялық жекешелендiру қоры акцияларының шамаланған құны соммен емес, қор қаржысының процентiмен анықталады.
      Инвестициялық жекешелендiру қорын құру және оның қызметi Комитет бекiтетiн Инвестициялық жекешелендiру қоры туралы арнайы Ережемен реттеледi.
      Мемлекеттiк емес заңды ұйымдар мен жеке адамдар инвестициялық жекешелендiру қорларының құрылтайшылары бола алады. Инвестициялық жекешелендiру қорлары ашық акционерлiк қоғам ретiнде құрылады, жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын қор акцияларының орнына салған Қазақстан Республикасының тұрғындары оның Акционерлерi бола алады. Жеке инвестициялық жекешелендiру қорларын құру шамаланған жекешелендiру емес, нақтылы жекешелендiру жүргiзу үшiн оларды басқаруға салиқалы меншiк иелерiн - қор Акционерлерiн тарту қажеттiгiнен туындап отыр.
      Жаппай жекешелендiру процестерiне ұйымдық қызмет көрсету үшiн Комитеттiң жанынан Ақпараттық-есептеу орталығы құрылады, ол акционерлiк қоғамдардың құрылуы және қызметi, есептелген және пайдаланылған купондардың саны, кәсiпорындар акцияларының қозғалысы туралы хабарды жинақтап, өңдеп отырады. Ақпараттық-есептеу орталығының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi аумақтық комитеттер жанында өз бөлiмшелерi болады.
      Қордың қызметi Комитет арнайы құрған Ведомствоаралық комиссия (одан әрi - Комиссия) берген лицензия негiзiнде жүзеге асырылады. Қабылданған шешiмдердiң әдiлдiгiн қамтамасыз ету және инвестициялық жекешелендiру қорларының қызметiне тәуелсiз бақылауды жүзеге асыру мақсатында Комиссияға Комитеттiң, Экономика министрлiгiнiң, Қаржы министрлiгiнiң, Монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң, Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң, Ұлттық мемлекеттiк банктiң өкiлдерi кiредi. Лицензия алу үшiн инвестициялық жекешелендiру қорының құрылтайшылары Комиссияға қорды құрушылар, қор қаржысының мөлшерi қордың жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын алуды жүзеге асыратын шарттары, қордың қызметi шығын келтiрген жағдайда купон иелерiнiң алдындағы қордың жауапкершiлiгi туралы толық және анық хабар берiп отыруға мiндеттi. Комиссия қаржының ең аз мөлшерi мен акциялар орналастырудың тәртiбi, қордың қызметi туралы ақпараттың ашықтығы мен анықтығы мәселелерiнде қордың қызметiн реттеп отырады. Инвестициялық жекешелендiру қоры Акционерлер алдында мүлiк жөнiнен толық жауапты болады. Инвестициялық жекешелендiру қоры дұрыс ақпарат бермесе немесе лицензия алынған шарттарды бұзса, ол комиссия үшiн қорды лицензиядан айыруға және оны жоюға негiз болады.
      Инвестициялық жекешелендiру қорлары халықтың жекешелендiрудiң инвестициялық купондарын қорлардың акцияларына айырбастауға жинақтап отырады. МЖҚ (Мемлекеттiк жекешелендiру қоры) Комитет жаппай жекешелендiру шеңберiнде сату үшiн жiберген мемлекеттiк акцияларды жинақтайды, аукциондар өткiзу мерзiмi туралы хабарлайды, инвестициялық жекешелендiру қорларының аукциондарға қатысу туралы өтiнiмдерiн жинастырады, азаматтар салған жекешелендiрудiң инвестициялық купондарына жекешелендiрiлетiн мемлекеттiк кәсiпорындардың акцияларын инвестициялық жекешелендiру қорлары айырбастап алатын ашық аукциондар ұйымдастырады. Аукциондарды екi деңгейде: республикалық маңызы бар кәсiпорындардың акцияларын сату жөнiнде және аймақтық маңызы бар кәсiпорындардың акцияларын сату жөнiнде ұйымдастыру көзделедi. Акциялары жекешелендiрудiң инвестициялық купондарына айырбастау үшiн аукционда өткiзуге шығарылатын кәсiпорындардың тiзiмi аукцион өткiзудiң мерзiмi жария етiлгенге дейiн кем дегенде 45 күн бұрын әрбiр объектiнiң аукционда сатылатын акцияларының саны көрсетiлiп, кәсiпорынның қаржы ахуалы туралы ақпаратпен, кәсiпорынның әрбiр акциясы үшiн купонның ең аз мөлшерiмен (бастапқы бағалануы) бiрге жарияланады. Инвестициялық жекешелендiру қорлары аукцион өткiзудiң хабарланған мерзiмiне дейiн 15 күннен кешiктiрмей аукционға қатысуға МЖҚ-ға өтiнiм бередi. Өтiнiмде инвестициялық жекешелендiру қорының қандай акционерлiк қоғамның акциясының қанша мөлшерiн алуға тырысатыны, сондай-ақ қор бiр акция үшiн ұсына алатын жекешелендiрудiң инвестициялық купондары санының жоғары шегi көрсетiледi.
      Кәсiпорын акцияларының бiр бөлiгiн акцияның нарықтық бағамын айқындау мақсатымен МЖҚ ашық саудаға жiбередi.
      Акцияның қосымша (қайталама) эмиссиясы мен орналастырылуын Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес акционерлiк қоғамдар жүзеге асырады.
      Жекешелендiрiлетiн кәсiпорындардың акцияларын аукциондарда алуға байланысты қорлардың арасындағы бәсеке олардың саудаға түскен акциялар үшiн купондардың неғұрлым көп мөлшерiн ұсынуына негiзделген. Бұл орайда бiр аукционда жекелеген инвестициялық жекешелендiру қорлары белгiлi бiр кәсiпорынның акциясының 10 процентiнен аспайтын мөлшерiн ғана сатып ала алады. Жекелеген инвестициялық жекешелендiру қорының бiр акционерлiк қоғамның акциясын 20 проценттен артық шоғырландыруға қақысы жоқ. Инвестициялық жекешелендiру қорларының купондарды акцияларға айырбастап аукционда өткiзу аяқталғаннан кейiн акционерлiк қоғамдардың акцияларын басқа инвестициялық қорлардан, заңды ұйымдар мен жеке адамдардан сатып алуына және сатуына болады.
      Жаппай жекешелендiру ойдағыдай жүргiзу үшiн бұқаралық ақпарат құралдарымен, сонымен бiрге бiлiктi мамандардың қатысуымен арнайы курстар, әңгiме өткiзу және оқыту жүйелерiмен де оны ақпараттық үгiтшiлiк қамтамасыз етудi ұйымдастыру қажет.
      Жаппай жекешелендiру аяқталғаннан кейiн акционерлiк қоғамдардың өтпей қалған акциялары ашық саудаға жiберiледi. Акцияны сатып алушы шықпаған жағдайда Комитет оны уағдаластық шартымен холдингтiк немесе солар тәрiздес компанияларға беруi мүмкiн.

4. Шағын жекешелендiру

      Шағын жекешелендiру мiндеттi түрде жекешелендiруге жататын, көлемi ықшам, жұмыс iстейтiн адамдардың саны 200 адамнан аспайтын кәсiпорындар мен ұйымдарды қамтиды.
      Бұл бағыт шеңберiнде бөлшек және көтерме сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы объектiлердiң ұзын ырғасы жекешелендiрiледi. Шағын жекешелендiру жүргiзiлер алдында сауда және автокөлiк кәсiпорындары сегменттерге бөлiнедi (бөлшектеледi), бұл бiрнеше дербес заңды ұйымдар құруды көздейдi.
      Халықтың аз қамтамасыз етiлген бөлiгiне қызмет көрсететiн сауда және қоғамдық тамақтандыру кәсiпорындары мемлекет меншiгiнде қалады.
      Агроөнеркәсiп кешенiнiң кәсiпорындарының қолындағы фирмалық дүкендердi жекешелендiру осы кәсiпорындармен бiрге жүзеге асырылады.
      Объектiнi жекешелендiру оны аукционға немесе конкурсқа даярлаудан басталады, бұл жөнiнде кәсiпорынның қызметкерлерiне уақытылы хабарланады. Мемлекет жекешелеген жағдайларда оның қызметкерлерi алдындағы қарызы мен мiндеттемелерiн қоса кәсiпорынның бүкiл пассивiн өз мойнына алады. Кәсiпорынның өткiзiлетiн активтерiнiң құрамына оның мүлiктiк кешендерi ғана: негiзгi қорлары (ғимаратты сату тиiмсiз болған жағдайда оны ұзақ мерзiмдi жалға беру хұқы сатылады), шикiзаты, материалдары, қорлары, аспаптары және т.б. кiредi.
      Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет пен Жекешелендiру жөнiндегi комитет мемлекеттiк басқару органдарымен бiрлесiп тоқсан сайын шағын жекешелендiруге жатқызылған кәсiпорындардың тiзбесiн түзедi. Тiзiмдi жариялау онда аталған кәсiпорындарды жекешелендiрудiң басталғанын ресми хабарлау болып табылады. Несиегерлерге кәсiпорынды таратудың белгiленген тәртiбiне сәйкес кәсiпорынға өз талабын бiлдiру үшiн белгiлi бiр уақыт берiледi.
      Шағын жекешелендiру жеке адам мен мемлекеттiк емес заңды ұйымдардың қатысуымен өткiзiлетiн аукцион немесе конкурс нысанында жүзеге асырылады. Шағын жекешелендiру шеңберiнде аукциондар мен конкурстар өткiзу тәртiбi Жекешелендiру жөнiндегi комитет пен Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет бiрлесiп бекiтетiн тиiстi ережелермен белгiленедi. Объектi конкурс арқылы сатылған кезде Қазақстан Республикасының азаматтарына және шаруашылық серiктестiктерiн құрған жағдайда өткiзiлетiн объектiнiң қызметкерлерiне басымдық берiледi. Аукционда немесе конкурста өткiзiлетiн объектiнiң қызметкерлерiнiң 50 проценттен астамын бiрiктiретiн шаруашылық серiктестiгi қатысқан жағдайда, оларға сату бағасының 10 процентiне дейiн арзанға алуға мүмкiндiк берiледi.
      Бәсекесiз аукциондар мен конкурстар өткiзуге жол берiледi. Аукционда немесе конкурста мүлiктi сатып алғаны үшiн алушы төлеген соманың 50 процентi ақшадай қаржыдан және 50 процентi жекешелендiрiлген тұрғын үй купондарынан тұрады.
      Шағын жекешелендiру процесiне тұрғын үйдi жекешелендiру купондарын қатыстыру тетiгiн жүзеге асыру үшiн тұрғын үй купондарын еркiн сатып алу-сату енгiзiледi. Тұрғын үй купондарын сатып алу және сату процесi жекешелендiрудiң чектiк кiтапшаларының көмегiмен Жинақ банкiлерiнiң бөлiмшелерi арқылы жүзеге асырылады.
      Төлем құралы ретiнде тұрғын үй купондарын қолдану арқылы жүргiзiлетiн аукциондарға және конкурстарға қатысу үшiн азаматтар делдалдардың қызметiн пайдалануға (уағдаластық негiзде) хұқылы.
      Шағын жекешелендiрудiң барысында тұрғын үй купондарын пайдалану арнайы Ережемен реттеледi.
      Тұрғын үй купондарын тұрғын үйдi сатып алуға пайдаланудың тетiгi бұрынғы қалпында қалады.

II. Агроөнеркәсiп кешенiндегi мемлекеттiк меншiктi
мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiру

      Агроөнеркәсiп кешенiнде мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiру меншiк иесiнiң ынта бiлдiруiне қарай Бағдарламаға сәйкес оның түрлi салаларының, кәсiпорындары мен ұйымдарының ерекшелiктерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
      Жер және басқа табиғат ресурстары Қазақстан Республикасының ерекше меншiгi болып табылады, жекешелендiруге жатпайды, алайда ұзақ мерзiмдi жалға (99 жылға дейiнгi мерзiмге) берiлуi мүмкiн.
      Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының мемлекеттiк меншiгiн жекешелендiру мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      - совхоздарды және басқа мемлекеттiк ауыл шаруашылық кәсiпорындарын фермерлiк және шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы кооперативтерiне, шағын кәсiпорындар мен олардың ассоциацияларына және шаруашылық жүргiзудiң басқадай мемлекеттiк емес нысандарына айналдыру;
      - ашық немесе жабық үлгiдегi акционерлiк қоғамдар құру;
      - мемлекеттiк мүлiктi конкурс бойынша немесе аукционда сату.
      Құс фабрикаларын, iрi мал шаруашылық кешендерiн, жылы-жай комбинаттарын жекешелендiру оларды акционерлiк қоғамдарға, басқа да шаруашылық қоғамдарына немесе серiктестiктерге айналдыру арқылы акциялар (үлестер, пайлар) алуға олармен технологиялық байланыстағы товар өндiрушiлерге, бұлар өндiрiс процесiнiң үздiксiздiгiн және қолданылып жүрген көлбеу байланысты сақтаған жағдайда басымдық хұқын бере отырып, жүзеге асырылады.
      Агроөнеркәсiп кешенiнiң дайындаушы, ұқсатушы және қызмет көрсетушi кәсiпорындарын мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiру солардың базасында ашық үлгiдегi акционерлiк қоғамдар құру жолымен жүзеге асырылады. Бөлiнбей және өткiзiлмей қалған акциялар мемлекет меншiгiнде қалдырылады. Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет акцияларының мемлекеттiк пакетiн ұстаушыны анықтайды.
      Үнемi шығынмен жұмыс iстейтiн мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын жекешелендiру аталған шаруашылықтардың еңбек ұжымдары құрған шаруашылық серiктестiктерiне немесе акционерлiк қоғамдарға олардың мүлкiн өтеусiз беру жолымен жүргiзiледi, не болмаса, еңбек ұжымы ол мүлiктi алудан бас тартқан жағдайда, аукцион немесе конкурс арқылы сатылуы мүмкiн.
      Тұрғын үй жекешелендiру купондарын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының мүлкiн сатып алған кезде жекелеген қызметкерлер немесе олар құрған шаруашылық серiктестiктерi пайдалана алады. Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының мүлкiн сату бағасының 75 процентке дейiнгiсiн тұрғын үй жекешелендiру купондарымен төлеуге болады. Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының мүлкiн сату шаруашылықтың ауыл шаруашылық бағдарын сақтау шартымен жүзеге асырылады. Бұл ретте жаңа меншiк иесi алынған мүлiктi, егер мұның өзi сатып алу-сату шартының талаптарын бұзбайтын болса, өзiнiң қалауынша пайдалануға хақылы.
      Мемлекеттiк ауыл шаруашылық кәсiпорындарын жекешелендiруге жекешелендiрiлетiн кәсiпорынның барлық қызметкерлерi және осы шаруашылық аумағында тұратын басқа да азаматтар қатысады.
      Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң бәрiне де қалалардағы конкурстық және аукциондық негiздегi шағын жекешелендiруге қатысуға мүмкiндiк берiледi.
      Мемлекеттiк меншiктi жекешелендiруден түскен қаражаттың бiр бөлiгi ауыл шаруашылығындағы нарықтық құрылымдарды дамыту мен қолдау үшiн жұмсалады.
      Ұжымдық кәсiпорындарға шаруашылық серiктестiктер немесе акционерлiк қоғамдар болып қайта құрылып, қайта тiркеуден өтуге ұсыныс жасалады.

III. Жекешелендiру процесiне шетелдiк заңды
ұйымдар мен жеке адамдардың қатысуы

      Шетелдiк заңды ұйымдар мен жеке адамдар жекешелендiру процестерiнiң барлық түрлерiне қатысады. олардың қызметi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен, Үкiметаралық шарттармен және келiсiмдермен реттелiп отырады.
      Шетелдiк заңды ұйымдар мен жеке адамдар мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiру процесiне қаржылық мүмкiндiктерi қаралып, Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi Ұлттық агенттiк оларға тиiстi лицензиялар бергеннен кейiн қатысады.
      Шетелдiк заңды ұйымдар мен жеке адамдардың жеке жобалар бойынша жүзеге асырылатын мемлекеттiк меншiктi жекешелендiруге қатысуының тәртiбi мен шарттарын, егер Үкiметаралық шарттар мен келiсiмдерде өзгеше тұжырымдаулар болмаса, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет Жекешелендiру жөнiндегi комитетпен бiрлесiп және Экономика министрлiгi айқындайды.
      Экономика министрлiгi мүдделi заңды ұйымдар мен жеке адамдарға қатыстырылатын инвесторлардың экономикалық және қаржылық мүмкiндiктерi туралы мүмкiндiгiнше ақпарат бередi.
      Шетелдiк заңды ұйымдар мен жеке адамдар жекешелендiру процесiне қатысқан кезде объектiнi бағалау ұлттық валютамен де, сондай-ақ мүлiктiң осындай түрлерi мен қызмет түрлерiне әлемдiк баға деңгейiне сәйкес шетелдiк валютамен де жүргiзiледi.

IV. Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру
процесiн басқаруды ұйымдастыру жүйесi

      Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк меншiктi мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру туралы шешiмдi Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет пен оның аумақтық органдары министрлiктердiң, ведомстволар мен жергiлiктi әкiмшiлiктердiң қатысуымен қабылдайды. Мемлекеттiк меншiктi сату жөнiндегi тiкелей жұмысты Жекешелендiру жөнiндегi комитет жүзеге асырады.
      Мүлiктi бағалау жөнiндегi дайындық жұмысы мен жекешелендiруге қажеттi құжаттарды әзiрлеудi Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет пен Жекешелендiру жөнiндегi комитеттiң органдарымен қатар оларға қатысты жекешелендiру туралы шешiм шығарылған мемлекеттiк кәсiпорындар, жекешелендiру жөнiндегi бюро, аталған жұмыстарды жүргiзуге Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитеттен лицензия алған мемлекеттiк емес коммерциялық құрылымдар жүргiзедi.
      Бағдарламаны iске асыруға бақылауды Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады. Жекешелендiру Бағдарламасының орындалу барысы республикалық және жергiлiктi баспасөзде үнемi әйгiленiп отырады.

V. Мемлекеттiк меншiктi жекешелендiруден алынған
қаражаттың түсуi мен бөлiну тәртiбi

      Мемлекеттiк меншiк объектiлерiн сатудан келген бүкiл ақшалай және өзге де түсiмдердi жекешелендiруден алынған қаражат деп ұғамыз.
      Меммүлiктi басқару жөнiндегi комитет мен оның аумақтық комитеттерi акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн алатын кiрiстiң үлесi мен жалгерлiк ақы жекешелендiруден түскен қаражаттың құрамына енгiзiлмейдi және бюджеттегi арнаулы есепшоттарға аударылады.
      "Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру туралы" Заңға сәйкес жекешелендiруден алынған қаражат мемлекет меншiгi болып табылады және арнайы шоттарға аударылады.
      Шағын жекешелендiру шеңберiнде аукциондық сатудан алынған ақшалай қаражат жекешелендiрiлген объектiлердiң берешегiн өтегеннен кейiн арнайы шоттарға аударылады.
      Республикалық арнайы шотқа түскен қаражат, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынысы бойынша iшкi мемлекеттiк берешектi өтеуге және басқа мақсаттарға жұмсалады.
      Жергiлiктi әкiмшiлiктердiң шоттарына түскен қаражат, сондай-ақ республикалық арнайы шоттағы қаржының бiр бөлiгi халықтың аз қамтамасыз етiлген және әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарын қолдау мен қорғауға, жұмыссыздыққа байланысты төлемдер жасауға, кадрлар даярлау мен қайта даярлауға және басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкiн.
      Аталған қаражатты жұмсау тәртiбi жергiлiктi әкiмдер белгiлейдi.
      Үкiмет жекешелендiру Бағдарламасын iске асыруға жұмсалатын қаражаттың бiр бөлiгiн бекiтедi.

VI. Әлеуметтiк қорғау шаралары

      Бағдарламаны iске асыру республика халқын әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асырумен, соның iшiнде:
      - мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру барысында босаған қызметкерлердiң кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөнiндегi мемлекеттiк және жеке мекемелер жүйесi арқылы қызметi мен кәсiбiн ауыстыруына мүмкiндiк туғызу; Үкiмет бекiткен ереженiң негiзiнде қоғамдық жұмыстар жүйесiн ұйымдастыру; қоғамдық жұмыстарды республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, сондай-ақ мүдделi кәсiпорындардың қаражаты есебiнен қаржыландыру; жекешелендiру барысында босаған еңбек ресурстарын, сондай-ақ зейнеткерлер мен мүгедектердiң еңбегiн пайдаланатын шағын бизнестi дамыту үшiн салық жеңiлдiктерiнiң жүйесiн құру негiзiнде жұмыспен қамтамасыз етумен;
      - мемлекет мүлкiн жекешелендiру барысында алынған қаржының 10-15 процентi мөлшерiнде халықтың аз қамтамасыз етiлген және әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарын қолдау мен әлеуметтiк жағынан қорғау үшiн; кәсiпорындардың аударымдары, мемлекеттiк және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, заңды және жеке адамдардың ерiктi қайырмалдығы есебiнен жұмыссыздық жөнiнде төлемдер жасау үшiн; мемлекет мүлкiн жекешелендiруден алынған қаражаттың 10 процентiн аудару және кәсiпкерлердiң ерiктi қайырмалдықтары есебiнен экологиялық зiлзала өңiрлерiн әлеуметтiк-экономикалық жағынан дамыту үшiн арнайы мемлекеттiк жеке және аралас қорлар құрумен қатар жүргiзiлуге тиiс.