"Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы № 515 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 14 шiлдедегi № 946 Жарлығы

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2 т. қараңыз.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы № 515 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеде:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша өзге де шараларды қабылдайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның жүргізуіне жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      Агенттік өз құзыреті шегінде шешімдерді қабылдауда дербес болады.

      2. Агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада аумақтық органдары және мамандандырылған мемлекеттік мекемесі, сондай-ақ қарамағындағы ұйымдары бар;";

      15-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Заңға сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды және пайдалануды жүзеге асыру;";

      31) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "31) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген жеке тұлғаның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуі үшін оған қаражат төлеу тәртібін айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 35-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "35-3) өз құзыреті шегінде "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді іске асыру;";

      19-тармақта:

      1) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Агенттіктің жұмысына басшылық жасауды және қызметін үйлестіруді ұйымдастырады және жүзеге асырады, Агенттіктің аумақтық органдары мен мамандандырылған мемлекеттік мекемесінің, сондай-ақ Агенттіктің қарамағындағы ұйымдардың қызметін бақылауды жүзеге асырады;";

      "13) қызметке кандидаттың кәсіптік құзыреттерін, түйінді көрсеткіштерін айқындау және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) есептеу тәртібі мен әдістерін бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 13-1) және 13-2) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "13-1) жоспардан тыс аттестаттаудан өткізу тәртібін, кезеңдерін және мерзімдерін айқындайды;

      "13-2) психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеу жүргізудің тәртібі мен әдістерін құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп бекітеді;";

      24) және 26) тармақшалар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 36-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "36-1) Агенттіктің қарамағындағы ұйымдарға ақпараттық жүйелерден ақпарат, мәліметтер және өзге де құжаттарды беру қағидаларын бекітеді;".

      2. Осы Жарлық 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін осы Жарлықтың 1-тармағының он екінші және он үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев