Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы № 779 Жарлығы.

Қолданыстағы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін, қоса беріліп отырған өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің 2022 жылғы
19 қаңтардағы № 779
Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Мемлекеттiк билiк органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) олардың келісуімен тағайындалатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың тізбесінде:

      мына:

      "

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, түрлері әскерлері тектерінің қолбасшылары

Президент

Қорғаныс министрі

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, Әкімшілік Басшысы

      "

      деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы, түрлері әскерлері тектерінің қолбасшылары

Президент

Қорғаныс министрі

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, Әкімшілік Басшысы

      ";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау мен қызметтен босату тәртібі туралы ережеде:

      17-тармақтың 2) тармақшасының үшінші абзацында "Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары," деген сөздерден кейін "Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. Қызмет бабында пайдалану үшін.

      3. "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің үйлестіру кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 9 маусымдағы № 98 өкімінде:

      жоғарыда аталған өкіммен бекітілген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің үйлестіру кеңесінің лауазымдық құрамында:

      "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы;" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы;".

      4. Құпия.

      5. Қызмет бабында пайдалану үшін.