Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 25 ақпандағы № 848 Жарлығы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сəйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жəне тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі, оған Қазақстан Республикасының Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігінен ақпарат саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, оны Қазақстан Республикасының Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігіне қайта құру жолымен;

      2) Қазақстан Республикасының Қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі, оған Қазақстан Республикасының Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігінен байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігіне қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігі таратылсын.

      3. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар, берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сəйкес, таратылатын жəне қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті Əкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын жəне таратылатын мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;

      2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақта:

      мына:

      "Қазақстан Республикасының Қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі;

      Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі;"

      деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі;

      Қазақстан Республикасының Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі;";

      "Қазақстан Республикасының Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігі" деген жол алып тасталсын.

      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне жүктелсін.

      7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ