Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығы.

Қолданыстағы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын басшылыққа алсын және оны іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 15 ақпандағы
№ 636 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары 1-тарау. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (бұдан әрі – 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар) орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады және ол Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Мемлекет басшысы 2017 жылдың басында жариялаған Елдің үшінші жаңғыру процестерін іске қосады және жеделдетілген сапалы экономикалық өсу мен елдегі өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр.

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын (бұдан әрі – 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар) алмастырады, ол жаһандық қаржы дағдарысының салдарын бәсеңдетті және экономиканың әртараптандырылған тұрақты өсуіне көшуді жеделдетті. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізгі міндеттері мен нысаналы индикаторлары орындалды, қалғандары мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар арқылы іске асырылуда.

      Жаңа уақыт бізге жаңа сын-қатерлер тудырады: экономиканың шикізаттық моделі артықшылықтарының төмендеуі, жаһандық экономикадағы протекционизмнің өсуі, цифрлық қоғамның қарқынды дамуы, технологиялық парадигманың ауысуы – бұның бәрі Қазақстаннан әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге ден қоюды талап етеді.

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізінде экономиканың өнімділігін және күрделілігін арттыру, адами капиталды дамыту және бәсекелестіктің өсуі жағдайында жекеменшік қаражатын тарту, жеке сектордың көшбастаушы рөлі мен ел өңірлерінің даму әлеуетін іске асыру есебінен экспортқа бағдарланған өндірісті ынталандыруға негізделген жаңа экономикалық өсу моделі қамтылған. Экономикалық өсудің жаңа моделі әлемнің дамыған отыз елінің лигасына кіру жолында "орташа кіріс тұзағын" еңсеруге мүмкіндік береді.

      2025 жылға дейінгі негізгі мақсат – адамдардың әл-ауқатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне көтеруге алып келетін экономиканың сапалы әрі тұрақты көтерілуіне қол жеткізу.

      Экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге, сондай-ақ адамның табиғатқа теріс ықпалын барынша азайтуға негізделуге тиіс. Бұл ретте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары маңызды бағдар болады.

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар жеті маңызды жүйелі реформаның және жеті басым саясаттың төңірегінде құрылған, олар 2025 жылға дейінгі кезеңде елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірінде жүзеге асырылатын болады. Елдің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы прогресін өлшеу үшін түйінді ұлттық индикаторлар мен халықаралық индекстер айқындалды.

2-тарау. Ағымдағы ахуалды және жаһандық үрдістерді талдау

2.1. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарды іске асыру қорытындылары

      2010 жылы қабылданған 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін ел экономикасында қалыптасқан ахуалды тұрақтандыра отырып, өз міндетін орындады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ) көлемі 2009 жылға қатысты 36,5%-ға өсті, бұл экономиканың өсуі бойынша стратегиялық мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізуді қамтамасыз етті.

      Макроэкономикалық тұрақтылық сақталды. 2016 жылы инфляция 8,5%-ға дейін төмендеді. Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің көлемі 90,7 млрд АҚШ долларын құрады және ЖІӨ-ден 66,1%-ға дейін ұлғайды.

      2010 жылдан бастап 2016 жылды қоса алғандағы кезеңде шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) субъектілерінің жалпы қосылған құнының (бұдан әрі – ЖҚҚ) үлесі 20,6%-дан 26,8%-ға дейін ұлғайды. Белсенді ШОБ субъектілерінің саны екі есе өсті, 256,7 мың жұмыс орны сақталып, 81,1 мың жұмыс орны құрылды.

      Қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыруда айтарлықтай жақсартуларға қол жеткізілді, бұл 2014-2017 жылдары Қазақстанның Doing Business-2018 рейтингінде 36-орынға дейін – 17 позицияға жоғарылауымен расталып отыр.

      Экономиканың шикізат емес секторларына отандық және шетелдік инвестициялар инвестициялардың жалпы көлемінен 27,7%-ға дейін ұлғайды. ЖІӨ-дегі тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі 15,3%-ға өсті.

      Сенімді құқықтық орта қалыптастыру мақсатында тегін заң көмегін ұсыну жүйесін құруға бағытталған заңдар қолданысқа енгізілді, судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктерін қатаңдату мәселелері регламенттелді, сондай-ақ жаңа Судьялардың әдеп кодексі, Кәсіпкерлік, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер бекітілді. Осы жылдары "соттардың дербестігі" көрсеткіші бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің (бұдан әрі – ЖБҚИ) рейтингінде 30 позицияға көтеріліп, 79-орынға ие болды.

      Экономиканың әртараптандырылуын жеделдеткен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аяқталды және екінші бесжылдықты іске асыру жалғастырылуда. Экономиканың энергияны қажетсінуі алты жылда шамамен 13,5%-ға төмендеді.

      Агроөнеркәсіптік кешенде (бұдан әрі – АӨК) "Агробизнес" бағдарламасы шеңберінде АӨК субъектілерін субсидиялау екі есеге ұлғайды. Қабылданған шаралар өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 17,6%-ға, агроөнеркәсіптік кешенде екі есеге өсуіне мүмкіндік берді.

      "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық ауқымды дамыту бағдарламасы шеңберінде 1,6 мың км-ге жуық автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланды, Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі мен логистикалық инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистральдық көлік дәлізі іске қосылды.

      2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізгі бағыттарының бірі білім беруге, ғылымға және денсаулық сақтау саласына инвестициялар болып табылады.

      Мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту арқылы 3-6 жастағы балаларды қамту 85,8%-ға дейін өсті. Орта білім беруде жоғары қамту деңгейі байқалуда (98,1%). Бастауыш мектептердегі білім беру сапасы бойынша Қазақстан TIMSS рейтингінде үздік 15 елдің қатарына кіреді. QS WUR әлемдік рейтингілерінде қазақстандық сегіз ЖОО атап өтілді, оның екі ЖОО топ-300 және топ-400 құрамына кірді.

      Жеті жылда қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы үш жылға артып, 2016 жылы 72,4 жасты құрады. Аналар өлім-жітімінің деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда үш есеге, нәрестелер өлім-жітімі екі еседен астамға азайды.

      Азаматтарды әлеуметтік қолдау жөніндегі кешенді шаралардың арқасында 2009 жылдан бастап 2016 жылды қоса алғандағы кезеңде табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 8,2%-дан 2,6%-ға дейін төмендеді. Өткен жылдары жұмыссыздық деңгейі тұрақты – 5%-ға жуық болды.

      Ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Ар-ұят еркіндігіне құқықты одан әрі іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Этносаралық және конфессияаралық қақтығыстардың профилактикасы мен ерте алдын алудың тиімді жүйесі құрылды.

      Қазақстан халықаралық қатынастардың белсенді субъектісі болып табылады және әлемдік саясат үшін маңызы бар шешімдер қабылдауға қатысады.

      Ел Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) және Дүниежүзiлiк сауда ұйымы (бұдан әрi – ДСҰ) сияқты өңірлік және жаһандық экономикалық жүйелерге белсенді түрде интеграциялануда.

      Сонымен бірге, 2014 жылдан бастап жаһандық қайта өндірілген "жаңа болмыс" ретінде және осының салдары ретінде әлемдік мұнай бағаларының айтарлықтай төмендеуімен сипатталатын кезең басталды. Бұл еліміздің орнықты дамуы үшін жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерді туындатты.

      2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың іске асырылуынан бастап Мемлекет басшысы орта мерзімді перспективада стратегиялық міндеттерді іске асыру тәсілдерін қайта қарауды талап ететін "Қазақстан-2050" Стратегиясы, Ұлт жоспары – "Бес институционалдық реформаны жүргізу жөніндегі 100 нақты қадам", Қазақстанның үшінші жаңғыруы және Қоғамдық сананы жаңғырту сияқты маңызды саяси құжаттарға бастамашылық жасады.

2.2. Қазақстанды дамыту үшін бәсекелі артықшылықтар мен салалар

      Бүгінгі күні Қазақстан – бұл экономикалық, әлеуметтік және институционалдық дамуда серпіліс жасаған ел. Қазақстан табыс деңгейі орташа ел ретінде танылады: сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 25 331 халықаралық долларды құрайды.

      Экономикалық өсу

      2010 жылдан бастап 2014 жылды қоса алғандағы кезеңде ЖІӨ-нің өсуі жылына 4,2-7,4%-ды құрады. 2014 жылдан бастап әлемдік экономикада ахуалдың күрт өзгергені байқалды, осының нәтижесінде 2015-2016 жылдары Қазақстанның экономикалық өсуі жылына 1,1-1,2%-ға дейін баяулады. 2017 жылдың басынан бері ел экономикасы шамамен 4% жоғары өсу траекториясына қайта оралды, бұл экономиканың жаңа даму шарттарына бейімделгенін айғақтап отыр.

      Өсудің тұрақтылығы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдау үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып контрциклдік макроэкономикалық реттеу саясаты есебінен қамтамасыз етілді. Орташа жылдық инфляция қарқыны 2010 жылдан бастап 7,9%-ды құрады.

      2010 жылмен салыстырғанда, экономиканың құрылымында сапалы өзгерістер болды. ЖІӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер саласының үлесі 2010 жылғы 51,7%-бен салыстырғанда, 57,8%-ға дейін ұлғайды, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,3%-дан 11,8%-ға дейін өсті. Бұл ретте Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында өңдеу секторының өсу қарқыны тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқынынан асып түсті. Мәселен, 2010-2016 жылдары өңдеу өнеркәсібі орташа есеппен 4,4%-ға өсті, сонымен қатар тау-кен өндіру өнеркәсібі 1,1% деңгейінде дамыды. Өңделген тауарлардың экспорттағы үлесі 2010 жылғы 27,9%-дан 2016 жылы 35,1%-ға дейін, тауар позицияларының үлесі 777-ден 877-ге дейін ұлғайды.

      "Нұрлы жол" бағдарламасының шеңберінде елдің экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған тиімді көлік-логистика инфрақұрылымы қалыптасты.

      Агроөнеркәсіп секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперциясына кеңінен тартуға, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының өсуіне, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

      Сонымен бір мезгілде, экономиканы әртараптандыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстан экономикасының күрделілігі индексі -0,52 құрайды (салыстыру үшін Ресейде – 0,21, Малайзияда – 1,08).

      Экономика салаларындағы еңбек өнімділігінің деңгейі бойынша ілесе алмауы байқалады. Мысалы, Австралия мен Канада сияқты елдермен салыстырғанда, ауыл шаруашылығында ілесе алмау 12-15 есеге, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 5-10 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 2-4 есеге жетеді. Өнімділіктің өсуін қазіргі заманғы технологиялардың жеткіліксіз енуі мен дамуы, негізгі құралдар тозуының жоғары деңгейі мен жоғары емес технологиялық деңгейі тежеп отыр, ол негізгі капиталдың жалпы жинақталу көлемінің 2007 жылғы ЖІӨ-нің 30%-дан 2016 жылы 23,3%-ға дейін төмендеуінің салдарынан болды.

      Өзіндік технологиялардың дамуы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) төмен даму деңгейімен шектелді. Бұл ретте Қазақстанда ҒЗТКЖ-ға жұмсау шығындары ЖІӨ-нің 0,15%-ын, Ресейде – 1,2%-ды, Малайзияда – 1,3%-ды, Австралияда – 2,2%-ды құрайды.

      Қаржы саласында экономиканың нақты секторын қаржыландыруды тежейтін өзекті проблемалар сақталуда. Қарыз алушылардың жоғары тәуекелдері мен банк активтерінің төмен сапасынан банктік кредит беру көлемі шектелуде. Банктердің балансында шетел валютасының айтарлықтай жоғары үлесі сақталуда, бұл олардың теңгемен қаржыландыруды ұсыну мүмкіндіктерін төмендетеді. Баламалы қаржыландыру көздері (бағалы қағаздар нарығы, венчурлік қаржыландыру, факторинг, лизинг сияқты және өзгелері) жеткілікті дамымаған.

      2014-2016 жылдары фискалдық ынталандыру шаралары нәтижесінде 2017 жылға қарай мұнайлық емес тапшылық 9%-ға дейін, мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 24,3%-ына дейін ұлғайды. Сонымен бірге жалпы бюджет тапшылығын 3%-дан аспайтын деңгейде және Ұлттық қордың активтерін ЖІӨ-нің 30%-ынан астам деңгейде ұстап тұрудың арқасында елде тұрақты фискалдық жағдай сақталып отыр.

      Бизнесті және кәсіпкерлікті дамыту

      Кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнес-климатты жақсарту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес құру және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру рәсімдерін оңайлату бойынша түбегейлі шаралар қабылданды.

      2017 жылғы Doing Business рейтингінде Қазақстан ең көп реформалар санын – 48 реформаның ықтимал он бағытының жетеуінде кәсіпкерлікті ынталандыруға және экономикалық қызметтің белсенділігін арттыру бойынша жүзеге асырған мемлекет ретінде атап өтілді.

      Нәтижесінде Қазақстан рейтингте ЭЫДҰ-ның Бельгия, Италия, Израиль, Грекия және Түркия сияқты елдерінен басып озды.

      Соңғы үш жылда Қазақстан мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде 2014-2017 жылдар аралығында 433 объект өткізілді. Yellow Pages Rule қағидаларын орындау мемлекет қатысатын субъектілер қызметінің түрлерін 652-ден 346-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

      Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру басталды. Бұл үшін 2015 жылы "Өзін-өзі реттеу туралы" Заң қабылданды, нарықтың дайындығына талдау жүргізілді, институционалдық тетіктер құрылды.

      Соған қарамастан, мемлекет қаржы қаражаты мен білікті кадрларды өзіне тарта отырып, нарықтарда бұрынғысынша маңызды рөл атқарады (ЖІӨ-дегі ЖҚҚ үлесі – 2016 жылы 18,3%).

      ШОБ субъектілерінің экономикаға қосқан үлесі салыстырмалы түрде төмен – 26,8% деңгейінде қалып отыр, орташа кәсіпорындар саны қысқаруда. Қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік, бизнес жүргізу жағдайында өңірлер арасындағы елеулі алшақтық, заңнамадағы бизнесті ірілетудің орнына оның бөлшектенуіне әкеп соқтыратын олқылықтар бизнестің дамуын тежейтін факторлар болып қалып отыр.

      ШОБ секторының экспорттық әлеуетін дамыту үшін экспортты ілгерілету жөніндегі шаралардың белгілі бір топтамасы ұсынылады. Алайда, ірі нарықтардан қашықтығы жоғары логистикалық шығасыларға әкеп соғады және қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

      Әлеуметтік саясат

      Экономика мен әлеуметтік дамудағы жетістіктер нәтижесінде халық саны бес жыл ішінде шамамен 1,2 миллион адамға ұлғайып, 2017 жылғы қарашаға 18,1 млн адамды құрап отыр.

      Елде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптасты. Жүйелі түрде жүргізілетін скрининг азаматтардың денсаулығын қорғаудың неғұрлым пәрменді шараларының біріне айналды. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау нәтижесінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 2013 жылы 99,49-дан 2016 жылы 88,79-ға дейін азайды.

      Сонымен бірге денсаулық сақтауды қаржыландырудың жеткілікті болмауы және өңірлер бойынша қаржы ресурстарының біркелкі бөлінбеуі орын алып отыр. Шалғай өңірлерде медицина персоналының тапшылығы әлі де байқалады, қалалар мен ауылдардың кадрлармен қамтамасыз етілуі арасындағы айырмашылық төрт есе. Бұл салыстырмалы түрде медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жоғары білікті медициналық көмектің әлсіз серпініне алып келеді.

      Қазақстанның білім беру жүйесі халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануға бағытталған, жоғары білімнің Болон жүйесіне көшуі жүзеге асырылып, зияткерлік мектептер желісі мен халықаралық деңгейдегі университет "Назарбаев Университеті" құрылды, "Болашақ" халықаралық бағдарламасы іске асырылуда.

      Қазақстанның PISA рейтингі бойынша орташа балы ЭЫДҰ елдерінің осыған ұқсас көрсеткішінен 10%-ға төмен екендігін ескерсек, орта білім беру сапасының көрсеткіштері жақсартуды талап етеді. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының айырмашылықтары сақталуда, бұл ауыл мектептерінің ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы бойынша шамамен 10 пайызға артта қалушылығынан көрініс табады.

      Техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі – ТжКБ) жүйесінде дуалды білім беру жүйесі және халықаралық стандарттар енгізілді. Сонымен қатар ТжКБ жүйесі әлі күнге дейін жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне бағдарланбаған, материалдық-техникалық база ескірген, ал білім беру бағдарламаларының көпшілігі халықаралық білім стандарттарына сәйкес келмейді.

      Қазақстан орта білім беру сапасы бойынша ЖБҚИ-дегі 138 елдің ішінде 68-орынды, жоғары білім беру сапасы бойынша 63-орынды, менеджмент мектептерінің сапасы бойынша 100-орынды және персоналды дайындау және дамыту деңгейі бойынша 70-орынды иеленеді. Бұл білім беру жүйесінің, оның жаңа экономиканың қажеттіліктерімен байланысының, сондай-ақ еңбек нарығын реттейтін əлеуметтік-еңбек инфрақұрылымының алдында күрделі міндеттер қояды.

      Білім берудің өзге де проблемалары арасында педагог мәртебесінің беделді еместігін және осы саладағы салыстырмалы түрде жоғары емес еңбекақыны, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда білім беру жүйесін қаржыландырудың жеткіліксіздігін бөліп көрсетуге болады.

      Әлеуметтік салада жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санынан 25%-ды құрайтын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жоғары үлесі, сондай-ақ ауылдық жерлерде өзін-өзі өнімді емес жұмыспен қамту ерекше алаңдаушылық туындатады.

      Зейнетақымен қамсыздандыру саласында ынтымақты зейнетақылардың төленуін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері инфляция қарқынынан басып оза отырып, жыл сайын индекстеледі. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және халықтың жұмыспен бейресми қамтылған топтарының жинақтаушы зейнетақы қорымен толық қамтылмау проблемасы сақталып отыр.

      Өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші тұрғын үймен қамтамасыз етілу болып табылады. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асырудың арқасында жыл сайын шамамен 10 млн ш.м тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні тұрғын үймен қамтамасыз етілу жан басына шаққанда 21 ш.м-ге дейін өсті, бірақ Шығыс Еуропа елдерінің деңгейінен (25 ш.м) кейін қалып отыр.

      Мемлекеттік басқару және заң үстемдігі

      Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту Ұлт жоспары – "Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам" шеңберінде жүргізілуде.

      2017 жылы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа жүзеге асырылды. Парламенттің рөлі мен оның Үкіметті бақылауы күшейтілді. Азаматтар алдында жауапты "ықшам Үкімет" қалыптастырылуда. Функциялар мен көрсетілетін қызметтердің бір бөлігі төмен тұрған деңгейлерге және бәсекелі ортаға берілді.

      Мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаттары, мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілуде. Соңғы бес жылда мемлекеттік құрылымдардың тиімділігі 25%-ға (Дүниежүзілік Банктің WGI индексі бойынша, 2015), ал халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 2014-2015 жылдардағы бағалау қорытындысы бойынша тек соңғы екі жылдың ішінде 20%-ға артты.

      Соған қарамастан, 2015 жылы Дүниежүзілік Банктің бағалауына сәйкес мемлекеттік құрылымдардың тиімділік индексі 100 балдан 41 балды құрады, ал аса дамыған 30 ел тобының көрсеткіші 75 балды құраған болатын. Ағымдағы саясат инновацияларды қолдамайды, соның нәтижесінде мемлекеттік органдар жұмысындағы табысты өзгерістер нақтылық сипатқа ғана ие болып, кеңінен таралмайды. Қазіргі кезде бақылау тетіктері басым түсіп отыр, олар көп жағдайда нәтижеге емес, процеске бағдарлануды ынталандырады.

      Мемлекеттік институттардың есеп беруін, ашықтығын және айқындығын күшейту мақсатында сараптамалық талқылау мен қоғамдық ауқымды консультациялар жүргізу көзделген. Аудит пен қызмет тиімділігін бағалаудың, сондай-ақ азаматтарды тарту институттарының жаңа жүйесі енгізілуде. "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясын құрылуымен халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі толық жаңғыртылды. Сонымен бірге, халық пен бизнес мемлекет жұмысына әлі де болса әлсіз тартылған – азаматтық белсенділік индексі ықтимал 100 балдан 39 балды құрайды.

      Заң үстемдігін және сот төрелігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесі реформаланды. Істерді қарау мерзімдері жартылай қысқарды, оңайлатылған сот ісін жүргізу мен реттеудің баламалы шараларын пайдалана отырып, шешілген істер саны өсуде. Судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері қатаңдатылды.

      2000 жылдардан бастап бірқатар қылмыстық істер құрамын қылмыстық сипаттан арылтудан, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуден, депеналдаудан, жазалау, баламалы бас бостандығынан айыру шараларын кеңінен қолданудан тұратын қылмыстық саясатты ізгілендіру кезең-кезеңмен жүргізілуде. 2017 жылғы шілдеде бизнеске қылмыстық-құқықтық қысымды төмендету, адал кәсіпкерлерді қылмыстық процесс шеңберіне тартуды азайту бойынша қосымша шараларды көздейтін заң қабылданды.

      Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа жүйесінің негізін қалады, оның басымдықтары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу жөніндегі шаралар болып табылады. Алдын алу құралдары енгізілген "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заң қабылданды. БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ратификацияланды. Қазақстан ЭҰДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына қатысушы болды және 19 ұсыныстың 14-інде прогресс байқалып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдірген қазақстандықтардың саны 2015 жылы 60%-дан 2016 жылы 73%-ға дейін өсті.

      Оң серпінге қарамастан, заңдарды сақтау деңгейі әлі де жеткіліксіз. Мысалы, 2016 жылы Дүниежүзілік Банктің заң үстемдігі индексінде Қазақстан көрсеткіші ықтимал 100 балдың 41 балын құрады, бұл ретте алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткіштері 75 балдан жоғары. Transparency International индексінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі алдыңғы қатарлы елдердің 55 балымен салыстырғанда, 100-ден 29 балды құрайды.

      Өңірлік саясат

      Өңірлік саясат өңірлердің теңгерімделген дамуына, экономикалық өсу орталықтарында еңбек және қаржы ресурстарын аумақтық шоғырландыруды ынталандыруға, тұратын жеріне қарамастан, жұмыспен қамтуды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

      Ұлттық деңгейде экономикалық өсу орталықтары Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі агломерацияларда орналасқан макроөңірлер қалыптастырылуда.

      Өңірлік деңгейде облыс орталықтары мен Семей және Түркістан қалалары, перспективалы моно- (27) және шағын (41) қалалар, тірек ауылдар (6660-тың 314-і) мен шекара маңындағы аумақтар өсу нүктелері ретінде айқындалды. Басқарылатын урбандалуды жүргізу үшін инвестициялар тарту, инновацияларды, жайлы қалалық ортаны дамыту, ішкі көші-қонды басқару бөлігінде агломерацияларды дамытуға аса көңіл бөлінеді. Моно- және шағын қалаларды дамытуда экономиканы әртараптандыру және ШОБ-қа қолдау көрсету жөніндегі шараларға көңіл аударылған.

      Қазақстан халықтың орналасу тығыздығы төмен болуымен (орташа есеппен шаршы км-ге 6,6 адам) және урбандалудың орташа деңгейімен (Ресейдегі 74%-бен, Малайзиядағы 77%-бен салыстырғанда, 55,5%) сипатталады, бұл әлеуметтік қызметтерді көрсету мен инфрақұрылымды салу құнын ұлғайтады.

      Өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы сәйкессіздік негізгі проблема болып қалып отыр.

      Жалпы өңірлік өнім (бұдан әрі – ЖӨӨ) бойынша ең көп үлес Алматы қаласына (20%-дан астам), ең аз үлес Солтүстік Қазақстан облысына (2%) тиесілі. Өңірлердегі халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ ең жоғары (Атырау облысы) мәндері ең төменгісінен (Оңтүстік Қазақстан облысы) жеті есе ерекшеленеді.

      Жүргізілген мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіліктерді орталықтан алу нәтижесінде тиісті штат саны бар функциялардың басым бөлігі кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге берілді, ауылдық округтер әкімдіктерінің аппараттары құрылды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін арттырды. Аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдық (селолық) округтерде оларды аудандардың (қалалардың) мәслихаттарында сайлау арқылы әкімдердің сайлауы өткізілді. Мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі енгізілуде, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің көздері кеңейтілді.

      Функциялардың көп бөлігін жергілікті деңгейге беруге байланысты өңірлерді институционалдық, кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді нығайту талап етіледі. Бюджетаралық қатынастар, субвенцияларды бөлу және алып қою жүйесі өңірлерді өзін-өзі ұйымдастыруға және ішкі ресурстарды дамытуға, экспорттық әлеуетті және салық салынатын базаны өсіруге, инвестициялар тартуға жеткіліксіз дәрежеде ынталандырады.

      Сыртқы экономикалық интеграция

      Сауда қатынастарының әлемдік жүйесіне интеграциялану мақсатында Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты табысты жүргізуде.

      Қазақстанның 2015 жылғы қарашада болған ДСҰ-ға кіруі сауда ашықтығы саясатының басты жетістігі болды. ДСҰ-ға мүше болуының арқасында еліміз сыртқы нарықта неғұрлым қолайлы жағдайларға ие болып, сондай-ақ сауда дауларын реттеу және кемсітушілік шараларының алдын алу құралына қол жеткізді.

      Өңірлік экономикалық интеграция шеңберінде Қазақстан Кеден одағынан ЕАЭО дейінгі жолдан өтті. Еуразиялық интеграция процесіне қатысу – бұл экономиканы әртараптандырудың, шикізаттық емес секторларға инвестициялар тартудың және өткізу нарығын кеңейтудің тиімді құралдарының бірі.

      Ұлттық бірегейлік

      Қоғамдық сананы жаңғыртудың базалық қағидаттары "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан.

      Қазақстанның бәсекелес артықшылықтарының арасында елдің бірлігі мен мәдени алуантүрлілігі, айқын ұлттық бірегейлілігі, толеранттылығы және ең үздігін ғана меңгере отырып, өзгерістерге бейімделе білу қабілеті атап көрсетіледі.

      Қазақстандық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделі әлемдегі неғұрлым сәтті модельдердің бірі деп танылды. Республика азаматтардың жеке және ұлттық қауіпсіздігі деңгейі бойынша жоғары позицияларға ие. Этникалық және діни тиесілілігіне қарамастан, азаматтық теңқұқылықты іске асыру тетіктері, азаматтық қағидаты бойынша қазақстандық бірегейлікті және бірлікті нығайту, этностардың тілін, дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау мен қолдау көрсету қазақстандық этносаясаттың артықшылықтары болып табылады.

      Мемлекет жыныстық белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандарын еңсеру үшін гендерлік теңдікке қол жеткізу және еңбек, қоғамдық әрі жеке өмірдің барлық салаларында әйелдер мен ерлердің мүмкіндіктерін толыққанды іске асыру үшін жағдайлар жасайды. Қазақстан әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы БҰҰ-ның негіз құраушы құжаттарына қосылды.

      Азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін құқықтық және институционалдық жағдайлар жасалды. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізілетін әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қаржыландыру тетіктері жетілдірілуде. Жергілікті өзін-өзі басқару құралдары дамып келеді.

      Халықтың бастамашылдығы деңгейінің төмен болуы (халықтың сауалнамаларына сәйкес олардың тек 10%-ы өздеріне сенеді) проблема болып табылады. Әлеуметтанушылық сауалнамалардың деректері бойынша халықтың 30%-ы ел дамуына белсенді қатысуға дайын, бұл ретте жастар арасында осы көрсеткіш шамамен 60%-ды құрайды.

      "Жасыл" экономика және қоршаған орта

      Қазақстан энергияны көп қажет ететін экономикасы бар ел болып табылады, сондықтан бүгінгі күні тұрақты ұзақ мерзімді даму жолына өту үшін қадамдар жасау қажет.

      Қазақстан жаңғыртылатын энергетикаға көшу және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кешенді түрде шешетін "Жасыл" экономика тұжырымдамасын іске асыруда. 2050 жылға қарай баламалы және жаңартылатын энергияны пайдалану үлесінің 50 %-ына қол жеткізу мақсаты қойылды.

      Қазақстан Париж келісіміне қосылып, парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға дейін 15%-ға төмендету жөнінде мәлімделген үлестерге қол жеткізуге міндеттенеді.

      Жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК), энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін дамыту үшін заңнамалық және экономикалық тетіктер жасалды. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде жиынтық қуаты шамамен 300 МВт ЖЭК-ті пайдаланатын 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 2016 жылы өндірген электр энергиясының үлесі 1%-ды құрады.

      Халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуі қалаларда 82%-дан 88%-ға дейін, ал ауылдық елді мекендерде 42,5%-дан 52,3%-ға дейін өсті.

      Қоршаған ортаның жай-күйіне байланысты проблемалар әлі шешілмеуде, олар: жерлердің тозуы, су ресурстарының тапшылығы, қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейі, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату.

2.3. Болашақтың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері: мегатрендтер мен жаһандық даму сценарийлері

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарды әзірлеу кезінде 100-ден астам жаһандық мегатрендтер зерделенді және жаһандық даму сценарийлері тұжырымдалды. Жаһандық мегатрендтерге орта мерзімді перспективада Қазақстанға тікелей әсер ететін, қазірдің өзінде жаһандық деңгейдегі үрдістер кіреді. Жаһандық даму сценарийлері өз кезегінде болашақтың айқын болмауын ескереді және неғұрлым ықтимал, бірақ сонымен бір мезгілде біздің еліміз үшін маңызы бар 2025 жылға дейінгі әлемдік өзгерістердің полярлығы әртүрлі нұсқаларын қамтиды.

      Қазақстан үшін өзекті жаһандық мегатрендтер

      Мегатрендтердің бүкіл алуан түрінен бес негізгі топ таңдап алынды: әлеуметтік, технологиялық, экономикалық, экологиялық және саяси.

      Әлеуметтік мегатрендтер

      Көптеген дамыған және дамушы елдер, сондай-ақ ірі компаниялар адами капиталды дамытуға басты назар аударған. Бүкіл әлем бойынша білім беруге инвестициялар өсіп келеді. Бұл салаға мемлекеттік инвестициялар 2012 жылы 4,4 трлн АҚШ долларынан 2016 жылы 5,9 трлн АҚШ долларына дейін 34%-ға өсті. Білімді халықтың үлесі 2050 жылға қарай қазіргі 66%-дан 77%-ға дейін өсуге тиіс, бұл ретте жоғары білімі бар адамдар саны екі есеге дерлік өседі.

      Жаңа экономикалық тәртіп – "білім экономикасын" қалыптастыру жүріп жатыр. Белгісіздік жағдайында жұмыс істей алатын, шығармашылық тәсілді талап ететін күрделі талдамалық міндеттерді орындауға қабілетті адамдар көптеген кәсіби артықшылықтарға ие болуда. Озық елдердің жұмыспен қамту құрылымында мұндай форматтағы адамдар қазірдің өзінде кемінде 25%-ды құрап отыр, бұл ретте дамушы елдер үшін – 8-17%.

      Әлем өз тарихында алғаш рет мамандарды әзір нарықта жоқ мамандықтарға даярлауға мәжбүр болып отыр. Тиісінше, сыни тұрғыдан ойлай білу, деректердің ауқымды көлемімен жұмыс істеу, командада тиімді жұмыс істеу, өзгерістерге тез бейімделу сияқты әмбебап "ХХІ ғасыр дағдыларын" дамыту жағына баса назар аудару арқылы білім берудің жаңа құрамдасы туралы мәселе туындап отыр.

      Білім беру моделінің өзі де өзгеруде. Дәстүрлі білім беру жүйесінде енді білімге деген монополия жоқ, цифрлық технологиялардың арқасында өзін-өзі жетілдіру рөлі артуда. 2015 жылы АҚШ-та академиялық сағаттардың жалпы санының 22%-ы онлайн режимде оқыту үлесіне тиесілі болды, 2005 жылы бұл сан небары 7%-ды құраған болатын. Осыған байланысты соңғы 20 жылдың ішінде білім беру технологияларына жеке инвестициялардың көлемі ерекше қарқынмен өсті және 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі кезеңде бұрын-соңды болмаған 32%-ға жетті.

      Урбандалу және көші-қон жаһандық ауқымда күшейіп келеді. Жаңа технологияларды енгізу және ауқым әсері делінетіндер елішілік және трансшекаралық көші-қон көлемінің өсуіне алып келеді. Дәлірек айтқанда, бүгінгі күні бүкіл әлемде трансшекаралық мигранттар саны үш еседен астамға өсті: егер 1960 жылы олар 80 млн-нан аз болса, 2016 жылы ол шамамен миллиардтың төрттен біріне жуық болды.

      Елдер шегіндегі тұрғындар қалаларға көшуде. Айталық, 1960 жылы қала халқының үлесі тек 34%-ды құраса, 2015 жылы ол 54%-ға дейін өсті, ал 2050 жылға қарай болжам бойынша 70%-ға дейін ұлғаяды. Бұл ретте 2030 жылға дейін халықтың ең көп өсуі мегаполистерде және олардың агломерацияларында күтіледі. Мегаполистер саны 2012 жылы 20-дан 2025 жылы 37-ге дейін өседі деп болжанып отыр. Қалалар әлемдік ЖІӨ-нің 70%-дан астамын және жаңа жұмыс орындарын құруда осыған ұқсас үлесті қамтамасыз етуде.

      Бұның бәрі тұрғылықты жер, оқитын, жұмыс істейтін орын іздеу кезінде мүмкіндіктер ұсынудың маңыздылығы едәуір өскенін білдіреді. Неғұрлым талап етілетін кәсіп алу құқығына бәсекелестік деңгейі өңірлік деңгейден жаһандық деңгейге ауысты.

      Этникалық толеранттылық ерекше рөлге ие болуда: 2015 жылы халықаралық мигранттардың саны 244 млн адамға жетті, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 41%-ға артық.

      Технологиялық мегатрендтер

      Жаңа технологиялар әлемдік экономикаларды, тиісінше, еңбек нарықтарын да өзгертеді. Заттар интернеті, робот техникасы, нанотехнологиялар, автономды көлік құралдары, 3D басып шығару сияқты және басқа да технологиялар белсенді түрде енгізілуде.

      Әлемде пайдаланылатын роботтардың жалпы саны 2017 жылы 1,6 миллионнан асты және 2 жылдан соң олардың саны 2,5 миллионға дейін 56%-ға өседі деп болжануда. Роботтандырылған шешімдердің құны төмендейді: 2005 жылы дәнекерлеуші роботқа арналған шығындар 182 мың АҚШ долларын, 2014 жылы 133 мың АҚШ долларын құрады, алдын ала бағалау бойынша 2025 жылға қарай 103 мың АҚШ долларына дейін тағы 23%-ға төмендейді.

      Әлемдік еңбек нарығындағы технологиялық серпілістен кейін жаһандық "дағдылардағы алшақтық" байқалуда. Жұмыс процестерін автоматтандыру және цифрландыру кәсіпорындардың біліктілігі орташа және төмен кадрларға деген қажеттілігін жойса, жоғары білікті қызметкерлерге деген сұраныс күрт жоғарылауда. Нәтижесінде әлемдік жұмыс берушілердің орташа есеппен 35%-ы білікті персоналды іздестіруде қиындықтарға ұшырауда.

      Түрлі бағалаулар бойынша басталған бизнес-процестердің автоматтандырылуы мен цифрландырылуы таяу арада қазіргі кездегі барлық кәсіптердің 9%-дан 50%-ға дейін жоғалу қаупіне әкеп соқтырады.

      Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша 2020 жылға қарай 7,1 миллион жұмыс орны жойылып кетеді. Қазірдің өзінде қысқартуға ұшырағалы отырған кәсіптерге талдамашылар, бухгалтерлер, заңгерлер, трейдерлер, рекрутерлер, әкімшілік персонал және басқалары жатады. Сақталып қалған "дәстүрлі" кәсіптердің мәні айтарлықтай өзгереді.

      Технологиялық өсу қашықтықтан жұмыспен қамтудың және өзін-өзі жұмыспен қамтудың белсенді түрде дамуына бастау болды. Тұғырнамалық шешімдерді (Uber, Airbnb) дамыту өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамытуға ынталандыру болды. Тек Еуропада бұл сегменттегі жұмыспен қамтуды ең азы 17%-ға ұлғайтып, 2025 жылға қарай платформалар арқылы транзакциялар көлемі 20 есеге өседі.

      Цифрлық қызметтер цифрлық қоғамдастықтар шеңберінде ыңғайлы әрі аз шығынды шешімдерге негізделген бірлесіп пайдалану экономикасының өсуіне ықпал етеді. Мұндай экономиканың елеулі әлеуеті бар және 2025 жылға дейін ол жылына 27%-ға өседі деп күтілуде.

      Ауқымды деректер жиынтығын пайдалану секторының теңдесі жоқ өсуін көрсетуде. 2015 жылы бұл нарықтың көлемі 125 миллиард АҚШ долларына жетіп, жыл сайын шамамен 10%-ға – бағдарламалық қамтамасыз ету нарығына қарағанда, шамамен екі есе жылдамырақ өсіп келеді.

      2015 жылы барлық технологиялық стартаптардың 46%-ы бұлтты есептеулер мен деректер талдамасына қатысты болатын. Дегенмен, мүмкіншіліктермен қатар көп деректердің дамуы оларды қауіпсіз түрде жинау, сақтау және олардың қоғам өмірінде шамадан тыс көп болу салдары туралы мәселені қойып отыр.

      Жасанды интеллект жасау жолындағы алғашқы қадам болып табылатын машинамен оқыту (өзін-өзі оқыту жүйелері) мен нейрондық желілерді әзірлеу және енгізу деректермен жұмыс істеу саласындағы жаңа технологиялардың бірі болып табылады.

      Экономикалық мегатрендтер

      Әлемдік экономикада ДСҰ қағидаттарына (Трансатлантикалық әріптестік, өңірлік Тұтастай қамтитын экономикалық әріптестік) залал келтіретін сауда режимдерін өңірлендіру, "санкциялық соғыстар" және протекционизмнің күшеюі сияқты күрделі процестер байқалуда. Экономикалар мен билікті орталықсыздандыру жүріп жатыр: "Brexit" – (Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы), АҚШ саясатының ("americanism, not globalism") жаңа акценті. Ресей үшін қағидатты болып табылатын АҚШ-пен және Батыспен бәсекелестік тереңдей түсуде. Осыған қарамастан, нарықтар мен ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететін технологиялар мен ұтқырлықты дамыту, капитал ағындарының трансшекаралық қозғалысы және халықаралық қаржыландыру жаһандану процесін объективті құбылыс етеді.

      Жаппай өндіруден жаппай кастомизациялауға ауысу жүріп жатыр. Ірі компаниялар арасында өнімнің сапасы, қосымша көрсетілетін қызметтер және клиентке бағдарлану деңгейі шешуші рөл атқаратын "тұтынушы үшін үздіксіз шайқас" жүргізілуде.

      Қызмет көрсету саудасында қарқынды өсу байқалады. Көрсетілетін қызметтердің көпшілігі цифрлық бола түсуде, ал дәстүрлі тауар өндірушілер өз ұсыныстарына түрлі көрсетілетін қызметтерді енгізеді.

      Әлеуметтік қолдау енді тек қана мемлекеттік жауапкершілік аймағы болып табылмайды. Әлеуметтік қолдау көрсетуде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі ерекше рөл атқарады. Мысалы, АҚШ-та корпоративтік және жеке әлеуметтік шығындардың ЖІӨ-дегі жалпы көлемі 11%-ды құрайды, бұл қазірдің өзінде мемлекеттік шығындардың 19% көлемімен шамалас.

      Экологиялық мегатрендтер

      Таза өндіріс пен жаңартылатын энергия көздеріне көшу жалғасуда. Қалдықтарды кәдеге жарату, көмірқышқыл газы шығарындыларына арналған квоталарды сақтау мәселелеріне байланысты бизнес пен үкіметке көп қысым көрсетіліп отыр. Бұл бизнесті жасыл технологияларды іздестіруге, әзірлеуге және енгізуге ынталандырады. Болжамдар бойынша 2020 жылға қарай әлемдік энергетикада жаңартылатын энергияның үлесі 2013 жылғы 22%-ға қарағанда, 26%-дан асады. ЖЭК-ке халықаралық инвестициялар 2001 жылғы 61 млрд АҚШ долларынан 2015 жылы 301 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды, ал энергиямен жабдықтауға жалпы инвестициялардан ЖЭК-тің үлесі іс жүзінде, 10%-дан 19%-ға дейін екі есеге ұлғайды.

      Таза ауа мен таза ауыз суға қол жеткізу сияқты базалық өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету аса маңызды проблема болып қалып отыр. Мысалы, 2025 жылға қарай 1,8 млрд адам су ресурстары мүлдем тапшы елдерде немесе өңірлерде тұратын болады, ал әлем халқының үштен екісі су режимі шиеленіскен жағдайда болуы мүмкін.

      Органикалық, экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артуы байқалуда. Нәтижесінде 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде ғана органикалық өнімдерді өндіруге бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы 36 млн гектардан 44 млн гектарға дейін 22%-ға ұлғайды. 2020 жылы экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарығы 200-250 млрд АҚШ долларын құрайды.

      Аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салты танымал болып келе жатыр. Дамыған елдердің халықтары осы мақсаттарға көп уақыттары мен жеке ресурстары жұмсайды.

      Саяси мегатрендтер

      "Үлкен жетiліктің" (бұдан әрі – G7) тарихи тұрғыдан басым мемлекеттерi "көпполярлық" әлемнің туындауына және бірқатар дамушы елдер мен ықпалды коалициялардың өсiп келе жатқан қуаттылығына ұшырауда.

      2012 жылдан бастап дамушы елдердің ЖІӨ (сатып алу қабілетінің паритеті бойынша) G7 елдерінің ЖІӨ-нен асып түсті. Бүгінгі күні әлемдік ірі проблемаларды талқылауға тең дауыс беру құқығына ие елдердің үлкен тобы қатысады. "77 тобы" (бұдан әрі – G77) мысалы, өздерінің экономикалық мүдделерін қанағаттандыруға және БҰҰ ішіндегі келіссөздерде өз позицияларын нығайтуға ұмтылатын дамушы елдердің коалициясы ретінде пайда болды. 2015 жылға қарай G77-ге 134-тен астам мемлекет кірді.

      Экстремизмге және терроризмге қарсы күрес бойынша алдын ала қабылданып жатқан күш-жігерге қарамастан, террористік шабуылдар мен саяси зорлық-зомбылық қаупі әлемде, әсіресе Африкада, Таяу Шығыс пен Ауғанстанда жоғары күйінде қалып отыр. Соңғы уақытта террористік актілер дамыған елдерде де орын алуда.

      Діни экстремизм алдындағы үрей христиан, сол сияқты көптеген мұсылман елдерінде де күшейді.

      Кибертерроризм қаупі артып келеді. Дәстүрлі террористік шабуылдарға ұқсас болуына қарамастан, кибершабуылдар ерекше тәсілді талап етеді. Әлемдік қоғамдастыққа ақпараттық инфрақұрылымды одан әрі нығайтып, үкімет пен жеке сектор арасындағы неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қалыптастыру қажет. Халықаралық қауіпсіздік нарығы оған деген өсіп келе жатқан мүдделілікті көрсетіп отыр және 2021 жылы жоспарлы өсуі 182 млрд АҚШ долларына дейін, жыл сайын орташа есеппен 9,5%-ға өсе отырып, 2015 жылы 105 млрд АҚШ долларына бағаланды.

      Үкіметтердің көпшілігі цифрлық ақпарат арналарын халықты диалогқа тарту және азаматтарға дауыс беру құқығын ұсыну тұғырнамасы ретінде пайдалана отырып, халықпен қарым-қатынас арналарының санын ұлғайтуда. БАҚ рөлінің күшеюі, оның ішінде жаңалық ақпаратын Интернетке және әлеуметтік желілерге ауысуы есебінен күшеюі байқалады, бұл оның таралуын елеулі жеделдетеді.

      Жаһандық даму сценарийлері және олардың Қазақстанға ықпал етуі

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар алдағы әлемдік оқиғалардың үш сценарийін қамтиды және олардың әрқайсысында қазіргі заманғы табысты мемлекеттің мәртебесін сақтау және нығайту үшін Қазақстанға қажетті даму жолдарын әзірлейді.

      "Технологиялар серпілісі" сценарийі технологиялық прогресс әлемдегі негізгі бәсекелі артықшылықтың біріне айналады деп болжайды.

      Дер кезінде инновацияларға инвестиция салған және оларды енгізуді қамтамасыз ете алған елдер экономиканың барлық салаларында өнімділіктің жоғары өсу қарқынына қол жеткізді. Мұндай жағдайда дамыған елдер жыл сайын орташа есеппен 2,5%-ға, дамушы елдер 4,7%-ға өседі.

      Осы сценарий шеңберінде Қазақстанға өмірде қажетті жоғары технологиялық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің басым бөлігін импорттауға және ол үшін табиғи ресурстармен ақы төлеуге мәжбүр қалыс қалған елдер тобында мәңгі қалып қоймау үшін барлық салаларға дер кезінде технологиялық жаңғыртуды аяқтау өте маңызды.

      Негізгі құралдарды және өндірістік процестерді жаңарту, жұмыс күшінің когнитивті және технологиялық дағдылары мен құзыреттерін дамыту, жоғары білікті мамандарды тарту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бірінші орынға шығуы тиіс.

      Осы сценарий бойынша 2050 жылға қарай әлемнің отыз жетекші елдерінің лигасына кіруді қамтамасыз ету үшін Қазақстан 2025 жылға дейін нақты мәнінде 5,0% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізуі қажет.

      "Біртұтас ашық әлем" сценарийі ырықтандыру, еркін сауда және халықаралық интеграция аясында жаһандану процестерін күшейтуді көздейді. Азия елдерінің рөлін күшейте отырып, дамушы елдердің озық өсуі күтілуде. Мұндай қолайлы жағдайларда дамыған елдердің өсу қарқыны жылына орташа есеппен 3,1%-ға, ал дамушы елдер қарқыны 5,2%-ға артады.

      Бұл сценарий шеңберінде Қазақстан үшін халықаралық интеграция процестеріне, әсіресе Еуразия өңірінде "Жаңа Жібек жолы" жобасына неғұрлым терең интеграциялану арқылы белсенді түрде қатысуы маңызды. ҒЗТКЖ-ға және инновацияларға жедел ірі ауқымды инвестициялар тарту, сондай-ақ ішкі бәсекелестікті күшейту Қазақстанға неғұрлым бәсекеге қабілетті тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен әлемдік нарыққа шығуға және әлемдік сауда көлеміндегі өз үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

      Шетелдік инвестицияларды тарту және қолайлы имиджін қалыптастыру үшін ЭЫДҰ-ның заң үстемдігін қамтамасыз етуге, экономиканың ашықтығын арттыруға және тұрақты дамуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдарын іске асыруды жеделдету қажет.

      Бұл жағдайларда 2025 жылға дейін Қазақстанға 5,4% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізу қажет.

      "Бөлінген әлем" сценарийі протекционизм саясатының кең таралуын болжайды, нәтижесінде жалпы әлемдік өсу баяулайды, ал дамушы елдердің экономикалары өз импульсын жоғалтады. Әлемдік сауданың айтарлықтай құлдырауы күтілуде. Саяси тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық құбылыстарының, ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстары, көші-қонды шектеу аясында әлем одан сайын бөлшектене түседі.

      Бұл сценарий дамыған елдердің ЖІӨ орташа жылдық өсу қарқынының жылына орташа есеппен 1,2%-ға дейін, ал дамушы елдерде 2,7%-ға дейін төмендеуіне алып келеді.

      Бұл сценарий жағдайында Қазақстан үшін шикізат тауарларының экспортынан түсетін кірістердің азаюын өтеу мақсатында экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ассортиментін кеңейту және әлемдік нарықтарда олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Халықтың осал топтарын қорғау үшін әлеуметтік басымдықтарға баса назар аудару қажет. Шетелдік әріптестермен сындарлы қарым-қатынастарды сақтау үшін егемен, зайырлы мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджін ұстап тұру аса маңызды болады.

      Бұл жағдайларда 2025 жылға дейін Қазақстанға 4% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізу қажет.

      Ұсынылған үш даму сценарийінің неғұрлым ықтимал сценарийі "Технологиялар серпілісі" сценарийі болып отыр, ол 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда басым сценарий ретінде таңдап алынған.

3-тарау. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі пайымы, өсу моделі және даму мақсаттары

      Отыздық лигасына кіру жолында – Елдің үшінші жаңғыруын іске қосу

      2017 жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Елдің үшінші жаңғыруының басталғаны туралы жариялады. Оның мақсаты жеделдетілген экономикалық өсу және адамдардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады, бұл елімізге өзінің 2050 жылғы пайымын іске асыруға және әлемнің дамыған отыз елінің лигасына кіруге мүмкіндік береді.

      Үшінші жаңғырту жаңарудың үш маңызды процесін қамтиды:

      бірінші – бұл жеке сектордың рөлі басым болған жағдайда технологиялық жаңғыртуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін айтарлықтай арттыруға негізделген экономиканы жаңғырту;

      екінші – бұл билікті орталықсыздандыруға және өкілеттіктерді Президенттен Парламентке пен Үкіметке беруге, сондай-ақ мемлекеттік басқару институттарының тиімділігін арттыруға бағытталған саяси және институционалдық жаңғырту;

      үшінші – бұл халықтың ашықтығын, прагматизмі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қоғамдық сананы жаңғырту.

      Бірінші кезекте 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Үшінші жаңғыру мақсаттарын орындауға мүмкіндік беретін экономикалық өсудің жаңа моделін құруға бағытталған. Жоспардың мәні қағидатты түрде 2025 жылға дейін іске асыру маңызды жүйелі реформаларды және "Қазақстан-2050" стратегиясын іске асыру шеңберінде басталған, жалғастыруды қажет ететін басым саясаттарды білдіреді.

      Экономикалық өсудің жаңа моделі: экспортқа бағдарланған өнімділігі жоғары бәсекелі экономика

      Қазақстан экономикасының қағидатты трансформациясы мұнай бағасының жоғары болуы дәуіріне тән сандық өсу басымдығынан және мемлекеттік капитализм рөлінің үстемдігінен бас тартуға негізделген сапалы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді талап етеді.

      Бұл экономикалық өсудің үш негізгі факторы: экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыру, құзыреттерді дамыту, сондай-ақ жеке капиталды тарту бірінші орынға шығатынын білдіреді. Бәсекелестікті көтермелеу, жеке бизнестің жетекші рөлі және өсуді барынша ұлғайту факторы ретінде өңірлер әлеуетін ашып көрсету басты міндеттердің біріне айналып келеді. Жаңа модель қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған экономиканы құруға бағытталатын болады.

      Экономиканың өнімділігі мен күрделілігінің өсуі кәсіпорындар мен салалардың операциялық тиімділігін арттыру, ел тыныс-тіршілігінің барлық экономикалық, саяси және әлеуметтік аспектілерін технологиялық жаңарту және цифрландыру есебінен жүзеге асырылуы тиіс.

      Технологияларды әзірлеуге, трансфері мен бейімделуіне бағытталған қолданбалы зерттеулер мен инновацияларға инвестициялар салуды ынталандыру үздіксіз технологиялық жаңару процесін құруға мүмкіндік береді.

      Алайда бұл үнемі жетілдіріліп және күрделендіріліп отыратын технологиялар жағдайында шешімдер іздеу, енгізу және орындау үшін қажетті креативті дағдылар мен когнитивті құзыреттерге ие адамдар болмаса, мүмкін емес.

      Экономикалық өсудің жаңа моделінде бәсекелестікті және жеке бизнестің жетекші рөлін көтермелеуге ерекше орын беріледі. Бәсекелестік кәсіпорындар өнімділігінің өсуі, еңбек нарығындағы құзыреттерді дамыту, жаңа кәсіпорындардың пайда болуы есебінен жаңа жұмыс орындарын құруға ынталандырады. Жалпы бәсекелі ортаны дамыту кәсіпкерлік бастаманың және жеке кәсіпкерліктің өсуіне алып келеді.

      Жеке меншік капиталды тарту қажетті технологиялық жаңартуды жүргізу мен инновацияларды дамытудың міндетті шарты болып табылады.

      Экономикалық өсудің қосымша факторы өңірлердің әлеуетін ашып көрсету болып табылады. Жергілікті экономикалық резервтерді тарту және адами капиталды жақсарту, бір жағынан, өңірлік өндіріс көлемін барынша ұлғайтуға және тұтыну нарықтарын өсіруге, ал екінші жағынан, жалпы өңірлердегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

      Отандық тұтыну нарығы сыйымдылығының аз екенін ескере отырып, экспортқа бағдарлану тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өсіп келе жатқан көлемін өткізу нарығының шекарасын кеңейтуге және құн жасаудың жаһандық тізбегінен орын алуға мүмкіндік береді.

      Инфрақұрылымдық және логистикалық шектеулері жоқ көрсетілетін қызметтер экспорты Қазақстанның сыртқы нарықтардан алшақтығы проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

      Экспорттық нарықтардағы сауда-саттық шетелдік өндірушілермен бәсекелесу есебінен экспортталатын тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін, күрделілігін және әртараптандырылуын арттыру үшін ынталандыру болады.

      Экономиканың сапалы өсу драйверлері

      Сапалы өсуді қамтамасыз ету үшін экономика салаларында жаңа өсу драйверлерін енгізу талап етіледі. Базалық салаларда және көрсетілетін қызметтер салаларында олардың технологиялылығын және экспортқа бағдарлануын арттыру үшін қажетті өзгерістер болуға тиіс.

      Бірінші драйвер экономика салаларының операциялық тиімділігін арттыру және өнімді өндіруге, тасымалдауға және сатуға, технологиялық жаңару мен цифрландыруға арналған инвестицияларға шығындарды азайту есебінен, сондай-ақ "жасыл экономикаға" көшу үшін жағдайлар жасау есебінен экономиканың тиісті салалары өнімділігінің өсуі болуы тиіс. Бұл қазіргі салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс.

      Екінші драйвер экспортқа бағдарланған тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің алуан түрлілігі есебінен экспортқа бағдарланған қазіргі салалардың өндіріс көлемінің өсуі болып табылады. Оның үстіне қосылған құны жоғары тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге, жаһандық жеткізу тізбектерінен орын алуға, экспортты жылжыту мен табиғи және жер ресурстарын экономикалық айналымға ұтымды тартуға басымдық берілуі тиіс. Нәтижесінде жаһандық нарықтағы елдің позициялары барлық негізгі экспорттық бағыттар бойынша нығайтылуы тиіс.

      Үшінші драйвер жеткізу тізбегін құру, қазіргі салалар қиылысында көрсетілетін қызметтерді дамыту, технологиялық компанияларды оқшауландыру, технологиялар трансферті және инновацияларды коммерцияландыру есебінен туындауы тиіс экономиканың жаңа жоғары өнімді салаларын қалыптастыру болады. Осының арқасында экономикада әртараптандырылу жүргізілуі және өңірде жаңа бәсекелі артықшылықтар жасалуы тиіс.

      Жеке инвестицияларды тарту мен оларды ұстап тұрудың және технологиялық құзыреттерді арттырудың тиімді жүйесін құру экономика салаларында жаңа өсу драйверлерін табысты іске қосудың шешуші факторы болып табылады.

      Жаңа экономикалық өсу моделінің бес қағидаты – 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар негізделген шешуші өзгерістер.

      Жаңа экономикалық модельге көшу қазіргі мемлекеттік саясатта қағидатты өзгерістерді талап етеді. Бұл өзгерістер жоспардың идеологиясын құрайды және оның реформаларын, мақсаттары мен басымдықтарының негізін қалайды.

      Үкімет, орталық мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң мiндеттерiн орындау кезiнде 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қамтылған:

      жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мен жалақыны арттыру есебінен тұтынуды ынталандырудан - тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өнімділігінің өсуі, әртараптандырылуы және сапасы есебінен өндірісті ынталандыруға бағытталған өнімділік пен сапаға жаппай бағдарлану;

      білім беруде жаттап алу мен есте сақтау әдістемесінен және жекелеген салаларда технологияларды пайдаланудан - өмірдің барлық кезеңдерінде жасампаз, когнитивті дағдыларды дамытуға, технологияларды жаппай енгізуге және жалпыға ортақ цифрландыруға адамдардың, кәсіпорындар мен салалардың технологиялық бағыттылығы;

      мемлекеттік және жекеменшік моно- және олигополияларды дамытудан, импортты алмастыру мен шетелдік жұмыс күшін тартуға шектеулерден -салаларды монополиядан шығаруға, экспортты ілгерілетуге, технологиялық компанияларды оқшаулауға және таланттарды тартуға бағытталған өсуді ынталандырушы ретіндегі бәсекелестік;

      жобаларды жоспарлауға, іске асыруға, оған инвестициялар тартуға, кәсiпорындарға тiкелей қолдау көрсетуге жауапты мемлекеттің рөлін өзгертуден - тосқауылдарды жою, жеке инвестицияларды ынталандыру, инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн ортақ жауапкершiлiк арқылы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін жүйелік жағдайлар жасауға бағытталған жеке сектордың басым рөлі:

      өңірлердің белсенді ұстанымы және теңгерімді өңірлік даму: ресурстарды орталықтандырылған жоспарлау мен бөлуден - үлкен экономикалық дербестілікке, жауапкершілікке, бәсекелестікке және өңірлер арасындағы кооперацияға ауысу қағидаттарына, жергілікті бизнестің өсуіне және халықтың мемлекеттік басқару сапасына қанағаттанудың жоғары деңгейіне бағытталған өңірлердің белсенді ұстанымы мен теңгерімді өңірлік даму қағидаттарды ұстанатын болады.

      Қазақстанның 2025 жылға дейінгі пайымы мен мақсаты

      Халықтың, бизнес пен мемлекеттік сектор өкілдерінің күтулеріне сәйкес (жүргізілген пікіртерімдердің нәтижелері бойынша) Қазақстан алдыңғы қатарлы технологиялар мен дағдыларға негізделген халықтың өмір сүруінің өсіп келе жатқан деңгейі мен бәсекеге қабілетті экономикасы бар ашық, біріккен және әділ елге айналуы тиіс.

      Қазақстан Республикасының 2025 жылға қарай стратегиялық мақсаты – бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, технологиялық жаңғырту, институционалдық ортаны жетілдіру және табиғатқа теріс әсерді барынша азайту негізінде экономиканың ЭЫДҰ елдерімен салыстырылатын адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруға алып келетін сапалы әрі тұрақты өсуіне қол жеткізу.

      Қазақстан ЭЫДҰ-ға мүше елдерден кем емес әлеуметтік-экономикалық және институционалдық даму деңгейіне қол жеткізуге және кейіннен ЭЫДҰ құрамына кіруге мақсат қойып отыр.

      БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына, сондай-ақ мемлекет тыныс-тіршілігінің барлық салаларында озық практикалар мен ЭЫДҰ стандарттарын енгізу Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы прогресін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Бұл мақсатқа қол жеткізу жылына орташа есеппен ЖІӨ-нің кемінде 4,5-5,0%-ы деңгейінде экономикалық өсуге сәйкес келеді, бұл Қазақстанға 2025 жылға қарай ЖІӨ деңгейінің өсуін жан басына шаққанда 46 100 АҚШ долларына дейін (сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету белгіленген мақсаттарға қол жеткізудің қажетті алғышарты болып табылады. Сонымен бірге ЖІӨ елдегі өмір сүру сапасын, азаматтардың нақты әл-ауқатының деңгейін және қоршаған ортаға келтірілген зиянды толық көрсетпейді.

      Прогресті өлшеу және мақсатқа қол жеткізу үшін халықтың өмір сүру сапасын және экономикалық өсудің сапасын өлшейтін ұлттық нысаналы көрсеткіштер көзделген.

      Қолданылатын күштің және жалпы елдік прогрестің индикативті бағалау Қазақстанның ЖБҚИ ДЭФ рейтингтіндегі позициясының жақсаруы болады: 2021 жылы 46-орын, 2025 жылы 40-орын, 2050 жылы 30-орын.

      Жоспар 7x7 – "Қазақстан-2050" Стратегиясын іске асырудың жүйелі жеті реформасы мен жеті басым саясаты.

      2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жүйелі өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған дамудың басым бағыттарының екі түрін қамтиды.

      жүйелі реформалар – 2025 жылға дейін ел экономикасында және әлеуметтік өмірінде болуға тиіс жеті маңызды серпінді өзгерістер.

      басым саясаттар – "Қазақстан-2050" стратегиясының басым бағыттары бойынша жүзеге асырылатын бағыт.

      Сурет. 7 жүйелі реформа және 7 басым саясат жоспары



4-тарау. Аса маңызды серпінді өзгерістер: жүйелі реформалар

1-реформа. Жаңа адами капитал

      Реформаның мәні: XXI ғасырдың жоғары сапалы және қажетті дағдыларға ие адами капиталды дамыту Қазақстан экономикасының одан әрі өсуі тәуелді болатын басым міндет болып табылады. Жаңа уақыттың құзыреттері қажетті дағдыларды үздіксіз үйрену мен игеруге дайын болуды қамтиды. Технологиялық жаңару мен цифрландыру өз жұмыс уақытын тиімді пайдаланатын, технология мен білімді қолдануға, процестерді жетілдіруге және инновацияларды жүзеге асыруға қабілетті персоналсыз мүмкін емес.

      2025 жылға қарай Қазақстан үшін қағидатты өзгерістер:

      қысқа-, орта-, және ұзақ мерзімді перспективада дәстүрлі оқу бағдарламаларынан функционалдық сауаттылықты дамыту, еңбек нарығы қажет ететін қазіргі заманғы дағдылар мен құзыреттілікті қалыптастыру және дамыту;

      қазақстандық білім берудің жергілікті фокусынан сыртқы нарықтарда қазақстандық білім берудің қажеттілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      педагогтарды педагог кәсібіне ынталандырудың төмен уәждемесінен анағұрлым абыройлыларының бірі;

      қалыптастырылған білім беру жүйесінен дағдылар мен құзыреттілікті өмір бойы тұрақты жетілдіру;

      еңбек ресурстарының өнімділігіне қарамастан олардың салалар мен өңірлердегі шоғырлануынан еңбек ресурстарын салалар мен өңірлер арасында теңгерімді бөлу болмақ.

      Алдағы тұрған міндеттер

      Адами капиталды дамытудың негізгі шарттары болашақ қызметкерлерді жоғары сапалы және талап етілетін дағдылар мен құзыреттілікке оқыту болып табылады.

      Бұл үшін жаңа экономиканың кадрларға сұранысы мен кадрларды даярлау жүйесімен үндестіру, сондай-ақ қазірдің өзінде жұмыс істейтін жұмыскерлерді қайта оқыту мен біліктілігін арттыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет. Бұл процестің басталу нүктесі жаңа экономиканың кадрлық қажеттілігін айқындайтын ұлттық болжамдау жүйесі мен ұлттық біліктілік жүйесін дамыту болады.

      Білім беру жүйесінің жалпы деңгейін арттыру мұның қисынды жалғасына айналады: жаңа экономиканың сұраныстарына қарай халықаралық стандарттар ескеріле отырып, білім беру бағдарламалары өзектендірілетін болады, педагог кадрларды даярлау мен уәждеу сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Білім беру саласындағы өзгерістер жеке бизнеспен әріптестікте іске асырылып, еңбек нарығы қажеттілігін технологиялық әрі цифрлық құзыреттерге ие білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

      Қазірдің өзінде бар еңбек ресурстарының әлеуеті барынша тиімді пайдаланылуы тиіс. Экономиканың жаңғыруы мен кәсіпорындар, салалар мен елді мекендер арасындағы жұмыс күшінің ілеспе қозғалысы неғұрлым өнімді жұмыс орындарына біртіндеп және икемді орын ауыстыру үшін жағдайлар жасауды талап етеді, бұл еңбек ұтқырлығы мен еңбек нарығы инфрақұрылымын дамыту есебінен іске асырылатын болады. Қазақстандықтардың белсенді жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу бойынша белсенді шаралар мен шекараның арғы жағынан жоғары білікті мамандар тарту экономиканы қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге де ықпал ететін болады.

      "Білім беру экономикалық өсудің негізі ретінде" басымдығы

      Білім беру жүйесі барлық деңгейлерде қолжетімділік пен инклюзивтілікті қамтамасыз ету мен ағымдағы еңбек нарығының сұранысына да, сол сияқты болашақ экономиканың сұранысына да сай кадрлар даярлауға бағытталуы тиіс.

      "Түгел қамтитын және талап етілетін білімге қол жеткізу" міндеті

      Технологияның тез дамуы мен экономиканың өсуі білім беру мен оқытудың жаңа әдістеріне қажеттілікті талап етеді. Білім беру бағдарламалары мамандандырылған салалық дағдыларға, сондай-ақ күрделі кешенді міндеттерді шығармашылықпен және инновациялықпен шешу дағдыларына ие, үнемі өзін өзі жетілдіруге ниетті және командада жұмыс істей алатын кадрларды даярлауға бағытталуы тиіс.

      1.1 "Білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету" бастамасы. Мектепке дейінгі білім беру балаларды когнитивтік дамыту мен оқуға қызығушылығын ынталандыру үшін маңызды бастау нүктесі болып табылады. Балаларды 1 жастан 6 жасқа дейінгі жаста мектепке дейінгі білім берумен қамтуды арттыру мақсатында МЖӘ тетігін пайдалана отырып, жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғастырылады. Бұл үшін жұмыс күні толық емес шағын орталықтар жергілікті бюджет пен МЖӘ тетіктерінің қаражаты есебінен біртіндеп толық жұмыс істейтін режимге ауыстырылатын болады.

      Барлық тілек білдірушілерге жұмыс біліктілігі, оның ішінде курстық даярлық бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алу тетігі кеңейтіледі. Бұл жастар үшін тегін алғашқы жұмыс біліктілігіне қолжетімділікті қамтамасыз ететін әлеуметтік лифт жасауға мүмкіндік береді. Барлық тілек білдірушілер, оның ішінде біліктілігі жоқ жастар, аз қамтылған отбасылардың балалары, жұмыссыздар, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оқу орталықтары мен колледждер базасында өз бетінше жұмыспен қамтылған, сондай-ақ жұмыс берушілер курстық даярлықпен қамтылады.

      Инклюзивті білім беру психологиялық-педагогикалық cүйемелдеумен қамтамасыз етіледі, арнайы кабинеттер құрылады, талап етілетін жұмыс біліктіліктері бойынша арнайы орта, техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім берудің оқу бағдарламалары жасалады, сондай-ақ педагог қызметкерлердің біліктіліктері арттырылады.

      Ерекше білім беруді талап ететін адамдар үшін білім берудің барлық деңгейлеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі, жан басына қаржыландыру шеңберінде жоғарылатылған қаржыландыру нормативі көзделетін, білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылатын болады.

      Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне еркін түсу мақсатында талапкерлерге оқуға түсу емтихандарының нысанын таңдау құқығы берілетін болады.

      1.2 "Білім берудің барлық деңгейлеріндегі бағдарламалардың мазмұнын жаңарту" бастамасы. Балаларды бастауыш білім алуға дайындау үшін мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыруда сабақтастық жасалатын болады. Денсаулықты қамтамасыз етуге, ұтымды тамақтануға, қауіпсіздік пен ерте жастан когнитивтік, әлеуметтік дағдыларға және өз бетімен оқу дағдыларына оқытуға бағытталған балалардың ерте дамытудың кешенді жүйесі қалыптастырылатын болады.

      Ғылыми жетістіктерге және ерте жастан тәрбиелеу мен оқытудың озық практикасына негізделген жаңа тиімді білім беру бағдарламалары енгізіледі. Ата-аналарды балаларды ерте жастан тәрбиелеу мен оқыту бойынша ақпараттық оқыту мен үйрету бағдарламасы іске асырылатын болады.

      Орта білім беру жүйесіне оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты, сыни ойлауды, нақты өмірде білім мен дағдыларды қолдану қабілеттерін қалыптастыруға бағдарланған жаңартылған мазмұн енгізу жалғастырылады. Оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық модельдеуді, бағдарламалауды, робот техникасын және бастапқы технологиялық дайындауды дамытуға бағытталған STEM-элементтері қосылатын болады. Бұл үшін қосымша білім беру бағдарламалары, сыныптан тыс іс-шаралар, ғылыми үйірмелер мен сыныптан тыс сабақтар ұйымдастырылады, барлық қажетті инфрақұрылымы және оларды күтіп-ұстау тетіктері бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісі құрылады. Жоғары сыныптарда бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады.

      12 жылдық білім беру жүйесіне көшу байқау мен педагогикалық және ата-аналар қоғамдастықтармен кең талқылау қорытындылары бойынша жүзеге асырылатын болады.

      ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілердің қатысуымен және жаңа кәсіби стандарттар негізінде әзірленген WorldSkills халықаралық талаптарын, робот техникасын, цифрлық дағдыларды, көптілділікті ескеретін жаңартылған білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берумен сабақтастықты қамтамасыз ету үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде оқытудың кредиттік-модульдік технологиясына көшу жүзеге асырылатын болады.

      ТжКБ жүйесінде халықаралық және кәсіби стандарттарға сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын әзірлеу және тарату базалық колледждер мен кәсіпорындармен бірлесіп құрылған құзыреттілік орталықтары арқылы жүзеге асырылатын болады. Кадрларды даярлауды жүйелендіру мақсатында ТжКБ оқу орындарын бейіндеу бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Жұмыс берушілердің жәрдемімен ТжКБ мен жоғары білім беру бағдарламаларын өзектендіру үшін қазіргі бағдарламаларға бағалау жүргізілетін болады, оның қорытындысы бойынша неғұрлым талап етілетін мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының тізілімін жаңарту жоспарлануда.

      Нарықта неғұрлым талап етілетін бағдарламаларды іріктеу үшін білім беру бағдарламаларына тұрақты түрде мониторинг және олардың тиімділігіне салыстыру (мысалы, бітірушілердің жалақысының деңгейі, жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі бойынша) жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымы кадрларға болжанатын қажеттіліктер мен бизнестің қатысуымен айқындалатын салалар арасындағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды ағындары бойынша деректер ескеріле отырып, қайта қаралатын болады.

      Ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО арасындағы кооперацияны арттыру бойынша жұмыстар (пилоттық жобалар шеңберінде) жалғастырылады, бұл жұмыс барысында студенттер - зерттеу қызметіне, ал ғылыми-зерттеу институттарының профессор-оқытушылар құрамы ЖОО-ларда сабақ беруге тартылатын болады. Бұл студенттерге арналған оқытудың ғылыми және қолданбалы құрамдасын арттыруға, оларды инновациялар мен технологияларды әзірлеуге және енгізуге тартады.

      ЖОО студенттеріне негізгі білім беру бағдарламаларын игеру кезеңінде қосымша біліктілік алу мүмкіндігі берілетін болады.

      1.3 "Академиялық еркіндікті және жұртшылықтың қатысуын арттыру" бастамасы. Орта білім беру ұйымдарының басқарушылық және қаржылық қызметіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында қамқоршылық кеңестер өкілеттіктерінің спектрі кеңейтілетін болады. Қамқоршылық кеңестер мектептер мен балалар үйлерінің ішкі өмірін ұйымдастырудағы маңызды органдардың бірі болады, мектептердің өзін-өзі бағалау рәсімдері жетілдірілетін болады. Мектептерді мемлекеттік бақылау білім беру саласындағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

      Оқу орындарын орталықтан алу және олардың академиялық, басқарушылық дербестігін арттыру саясаты жалғасады.

      Жоғары оқу орындарына оқу бағдарламаларын әзірлеуде, кадрлық жұмысты ұйымдастыруда, бюджетті басқаруда дербестік ұсынылады. Студенттерді жалға алу процесіне дайындауға және практикадан өтуге, одан әрі жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін ЖОО-ның кәсіби бағдарлану офистері өзектендірілетін болады.

      ЖОО-лардың тиімділігін бағалау білім беру процесінің және оқу орнын басқарудың сапасына, еңбек нарығында түлектердің талап етілуіне, жүргізілетін зерттеу жұмысының өзектілігіне және коммерцияландырылуына байланысты болады. Сонымен қатар, жыл сайын түлектер мен жұмыс берушілерді жыл сайынғы бағалаудың негізінде білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарының рейтингі жүргізілетін болады. Бұл білім беру сапасын және білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

      Жоғары оқу орындарын басқару бойынша озық практиканың мысалы ретінде Назарбаев Университетінің тәжірибесін пайдалану жоспарлануда.

      1.4 "Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейту және білім беру саласына жеке инвестициялар тарту" бастамасы. Білім берудің барлық деңгейлерінде әріптестікті кеңейту және жеке инвестицияларды тарту білім беру қызметтерінің сапасын арттырудың, мемлекеттік білім беру объектілеріне жүктемені және білім беру ұйымдарындағы орындар тапшылығын төмендетудің, жеке білім беру қызметтерін дамытудың маңызды құралдарының бірі болып табылады.

      Барлық толық жинақталған қалалық мектептерде білім беру мекемелерінің шығындарын қаржыландырудан - "әрбір оқушыға бекітілетін ақша" қағидаты бойынша оқушылардың санына байланысты оларды оқытуға арналған шығындарды қаржыландыруды көздейтін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізілетін болады.

      Бұл білім беру ұйымдары арасындағы бәсекелестікті және білім беру қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, білім беру тапсырысы меншік нысанына қарамастан мектептерде орналастырылатын болады, бұл жеке секторды жеке мектептер желісін кеңейтуге уәждейтін болады. Мектептердің СанЕжН мен ҚНжЕ қайта қаралады, мектептерді сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталатын болады.

      Мектеп оқушыларын қызығушылықтары бойынша үйірмелермен барынша қамту мақсатында жеке сектор есебінен қосымша білім беру дамитын болады.

      ТжКБ жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативтері қайта қаралып, ТжКБ ұйымдарын сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталатын болады. Дуалды оқыту шеңберінде студенттерге практикалық сабақтарды бергені және ұйымдастырғаны үшін қосымша төлем түрінде өндірістен инженер-педагогикалық кадрларды тарту үшін ынталандыру шаралары көзделетін болады.

      Жеке қаржыландыруды тарту шеңберінде жоғары оқу орындары мен компаниялардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру жоспарлануда. Компания тарапынан әріптестік үлес қосу білім беру гранттарын бірлесіп қаржыландыруды, тағылымдамадан өту мүмкіндігін, тәлімгерлік жүйесін, тренингтер мен практикалық оқу іс-шараларын өткізу үшін алаңшалар беруді қамтитын болады.

      1.5 "Білім беруді цифрландыру" бастамасы. Барлық процеске қатысушылардың электрондық деректер банкін және білім алушының электрондық бейінін, сондай-ақ қажетті цифрлық сервистерді қамтитын білім беруді басқару жүйесі құрылады.

      Мысалы, балаларды бала бақшаларға қабылдау процесі автоматтандырылатын болады, орта білім беруде электрондық күнделіктер мен журналдар енгізілетін болады. Білім беруді басқару жүйесі мемлекеттік органдардың бірыңғай деректер базасына интеграцияланатын болады. Сонымен қатар Big Data технологиясын (ауқымды деректерді өңдеу технологиясы) пайдалана отырып, басқа цифрлық білім беру сервистері интеграцияланады.

      Барлық деңгейлерде цифрлық білім беру контенті құрылады, интерактивтік және қашықтықтан оқыту әдісі кеңінен қолданылатын болады, кең жолақты интернетке мектептердің қосылуын қамтамасыз ету және оларды бейнежабдықпен жарақтандыру жүзеге асырылады.

      Атап айтқанда, интерактивті және инновациялы технологияларды пайдалана отырып, электрондық білім беру материалдары мен электрондық кітапханалар құрылады. Білім беру процесінде пайдалану үшін үздік оқытушылардың электрондық және бейнематериалдарына онлайн-режимде қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Аз жиынтықталған мектеп оқушылары үшін арнайы материалдар әзірленетін болады.

      Интернет-платформада "ашық мектептер", "ашық ТжКБ", "ашық университеттер" құру, электрондық оқыту ресурстарының контентін әзірлеу, жоғары оқу орындары, ТжКБ ұйымдары мен мектептер арасындағы оқыту бағдарламаларын интеграциялау есебінен қашықтықтан оқытудың қолжетімдігі артады. Бұл "өмір бойы оқу" тұжырымдамасын ілгерілетуге және шалғайдағы, ауылдық өңірлердегі оқушыларға арналған оқу жағдайларын теңестіруге қажетті жағдайлар жасайды.

      "Педагогикалық кадрларды ынталандыру мен даярлау сапасын арттыру" міндеті

      Білім сапасын арттыру қазіргі заманғы білімі бар жоғары білікті педагогтарсыз, технологиялар мен оқыту әдістерінсіз мүмкін емес. Болашақ педагогтарды тарту және оқыту тәсілдерін қайта қарау, бүгінгі педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру, оқытушы кәсібінің беделін арттыру қажет.

      1.6 "Педагог кадрлардың беделін арттыру мен оларды ынталандыру" бастамасы. Жаңартылған мазмұнға көшуі мен мұғалімдердің біліктілік деңгейі ескеріле отырып, мұғалімдерге еңбекақы төлеу деңгейі кезең-кезеңімен артатын болады.

      Бұдан басқа, үлгілік оқу жоспарларын қайта қарау педагогикалық қызметкерлерге нормативтік оқу жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді, бұл оқыту сапасын, педагогтерді кәсіптік даярлау мен қайта даярлау деңгейін арттырады, сондай-ақ мұғалімдерге қосымша ақылы білім беру қызметтерін көрсету үшін жағдайлар жасайды.

      1.7 "Педагогикалық оқу орындарындағы бағдарламаларды жаңарту" бастамасы. Оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жаңа оқыту әдістерін енгізу және ағылшын тілінде оқыту мақсатында педагогикалық кадрларды даярлауға арналған оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары жаңартылатын болады. Жаңартылған жоспарлар мен бағдарламалар бойынша оқытушы құрамның біліктілігін арттыру бойынша қажетті тренигтер өткізілетін болады.

      1.8 "Педагогтердің біліктілігін арттыру және озық педагогикалық практиканы тарату" бастамасы. Санаттар арасындағы алшақтықтың ұлғаюына байланысты, біліктілік деңгейін ескеретін мұғалімдер үшін жаңа санаттар торы енгізілетін болады. Санаттар кәсіптік даярлық деңгейін, құзыреттіліктерін, жеке қасиеттерін бағалайтын ұлттық біліктілік тестінің қорытындысы бойынша берілетін және расталатын болады.

      Жоғары білікті педагогикалық кадрлардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін, тәлімгер-педагогтерді ынталандыру шараларын қоса алғанда, оқу орындарында тәлімгерлік жүйесі қайта іске қосылатын болады.

      Өңірлік оқу орындары мен алдыңғы қатарлы оқу орындарындағы (Назарбаев Университеті, ҚМЭБИ, ҚБТУ, Назарбаев Зияткерлік мектептері және басқалар сияқты) педагогикалық кадрлар арасында білім алмасу жалғастырылады. Оқытушылар құрамы үшін халықаралық алмасу бағдарламасы ұйымдастырылады, бұл ретте озық педагогикалық практикалар мен цифрлық және технологиялық дағдыларды дамытуға, ағылшын тілін зерделеуге ерекше назар аударылатын болады.

      Ағылшын тілінде мамандандырылған пәндерді оқытуға қабілетті педагогтерді даярлау мен қайта даярлаудың барабар деңгейі мен мерзімдері қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар цифрлық технологияларды ескере отырып, мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.

      Педагогтердің педагогикалық шеберлігін арттыру және озық оқу орындарының тәжірибесін тарату үшін білім берудің онлайн-платформасы құрылады. Бұл шара өңірлердегі педагогтердің үздік білім беру материалдарын алуына ықпал етеді.

      Мектепке дейінгі мекемелердің педагогикалық кадрларының сапалық құрамын жақсартуға ерекше назар аударылатын болады. "Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту" мамандығы бойынша жоғары оқу орындары мен колледждерде педагогикалық кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда.

      ТжКБ жүйесінің педагогикалық кадрлары мен басшыларын қайта даярлау үшін практикалық бағдарлануды және кәсіби-тұлғалық әлеуетті дамытуды көздейтін инженерлік-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың жаңа моделі енгізіледі. Өндірістен келген мамандарды педагогикалық шеберлікке оқытқанда WordSkills стандарттарын пайдалану жоспарлануда.

      1.9 "Қажет педагогикалық ресурстарды қамтамасыз ету" бастамасы. Елді білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету үшін университеттерде педагогика кафедралары мен факультеттері дамытылады. Білім берудің барлық деңгейлерінде математикалық және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасы жақсартылады.

      Еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерді педагогикалық кадрлармен толықтыру "Мәңгілік Ел жастары – индустрияға" атты әлеуметтік жобаны іске асыру шеңберінде жалғасады. Жыл сайын еңбек күші артық өңірлердің жастарынан педагог кадрларды даярлауға еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлердің жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы көзделетін болады. Бұдан әрі жобаны іске асыру шеңберінде магистранттар мен докторанттарды даярлауға басты назар бағытталатын болады.

      "Білім беруді жаһандық ортаға интеграциялау" міндеті

      Ағылшын тілін белсенді тарата отырып, білім беру бағдарламаларының сыртқы нарықтарға шығуы қазақстандық білімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігі мен талап етілуін арттыруға ықпал ететін болады.

      1.10 "Білім беру хабын құру және ағылшын тілінде білім беру қызметтерін дамыту" бастамасы. Қазақстан Орталық Азияның білім беру хабына айналуға ұмтылатын болады.

      Қазақстандық жоғары оқу орындарына шетел студенттерін тарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл үшін университеттер өзіне тән, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін қазіргі заманғы инфрақұрылымы бар халықаралық деңгейге қол жеткізу үшін барлық жағдайларды жасайтын болады.

      Шетелдік әріптестермен: бірлескен білім беру бағдарламаларын енгізуде, шетелдік оқытушыларды, топ-менеджерлер мен студенттерді тартуға, ғылыми жобаларды іске асыруда, әріптестердің университетті басқаруға қатысуы үшін әлемдік университеттердің кампустарын ашуда кеңінен ынтымақтастық болжанады. Шетелде (абитуриенттерді тарту әлеуеті неғұрлым үлкен елдерде) қазақстандық форумдар, көрмелер және білім күндерін өткізу практикасы кеңінен жүргізілетін болады.

      Ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының саны, ағылшын тілінде сөйлетін мамандарды даярлауға берілетін гранттар үлесі артады, ағылшын тілінде оқыту үшін профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігі арттырылады, ағылшын тілінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленетін болады.

      "Кадрларды даярлау жүйесін жаңа экономиканың талаптарына бағдарлау" басымдығы

      Жаңа экономиканы кәсіпорындар мен салалардың өнімділігін арттыруға оларды технологиялық жаңартуға және цифрландыруға қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету білім беру жүйесінен еңбек нарығына жаңа білікті жұмысшылардың ағыны, сол сияқты қазіргі жұмысшыларды оқыту арқылы қол жеткізілетін болады.

      Экономиканың еңбек ресурстарына болашақ қажеттілігін бағалау мен болжауға мүмкіндік беретін жүйелер құру жоспарлануда. Елдегі кәсіпорындардың қазіргі басшылары мен персоналын қайта оқыту болжанатын "Өмір бойы оқу" тұжырымдамасы дамитын болады.

      "Ұлттық болжау және біліктілік жүйелерін дамыту" міндеті

      Қысқа-, орта- және ұзақ мерзімді перспективада еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қамтамасыз ететін еңбек ресурстарын болжамдаудың ұлттық жүйесі мен ұлттық біліктілік жүйесі құрылатын болады.

      1.11 "Кәсіптердің өзекті жіктемесін қолдау" бастамасы. Еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің түрлі элементтері арасындағы өзара байланысты қалыптастыру негізі еңбек нарығын диагностикалаудың негізгі құралы ретінде Ұлттық кәсіптердің жіктемесін (кәсіптердің біртекті топтарының стандартталған тізбесі) үнемі жаңартып отыру арқылы жасалатын болады. Жіктеуіш сонымен жұмыс күшінің сапасына қойылатын талаптардың қалыптасуын да қамтамасыз етеді.

      1.12 "Болжау құралдарын дамыту" бастамасы. Кәсіптердің өзекті жіктемесі еңбек нарығының жағдайын уақтылы және толық есепке алуға және оны дамытудың егжей-тегжейлі болжамдарын жасауға мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай айқындау таяудағы және ұзақ мерзімді перспективаға кадрлық қажеттіліктерді айқындау бойынша еңбек ресурстарын дамытуды болжаудың ұлттық жүйесі жұмыс істейтін болады.

      1.13 "Кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру" бастамасы. Бизнестің тікелей қатысуымен жаңа кәсіби стандарттар әзірленеді және қолданыстағы кәсіби стандарттар өзектендірілетін болады. Олар бизнестің нақты кәсіп түрлеріне қоятын талаптарының эталонына, яғни бизнестің мамандар даярлауға арналған техникалық тапсырмасына айналады және барлық мамандықтар бойынша білім, дағдылар мен құзыреттіліктердің толық жиынтығын айқындайды.

      1.14 "Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және кәсіптік стандарттар негізінде оқыту нәтижелерін бағалау" бастамасы. Кәсіби стандарттар техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік базаны әзірлеу мен жаңарту үшін негіз болады, бұл білім беру мен білім беру процесі мазмұнының жаңа экономика талаптарына сәйкес болуының негізгі шартына айналды.

      ТжКБ, ЖОО түлектеріне, кәсіпорындардың жұмыскерлері мен еңбек нарығының басқа да әлеуетті қатысушыларына өз біліктіліктерінің салыстырмалы деңгейін бағалауға мүмкіндік беріледі, бұл жұмыс берушілерге олардың әлеуетін бағалауға бағдар береді.

      "Қызметкерлердің біліктілігін арттыруда кəсіпорындарды қолдау" міндеті

      Технологиялық жаңғырту дәстүрлі салалардағы еңбек ресурстарына сұраныстың қысқаруына және жаңа салалардағы сұраныстың артуына байланысты еңбек нарығында елеулі өзгерістерге әкеп соқтырады. Экономиканы талап етілетін кадрлармен уақтылы әрі сапалы ұсынумен және барлық азаматтарды қызмет түрін ауыстыру мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету үшін қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарламаларына, оның ішінде шетелде қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.

      1.15 "Қайта даярлау бағдарламаларын дамыту" бастамасы. Технологиялық өзгерістерді іске қосу үшін қажетті мамандарды қайта даярлау үшін қолда бар жоғары оқу орындары мен ТжКБ ұйымдары қызметкерлерді қайта оқыту мен біліктілігін арттыру курстарын ашады. Бұл курстар жұмыс пен оқуды біріктіруге ыңғайлы түрлі форматта – кешкі оқыту нысанында, өндірістен қол үзіп және қол үзбей оқыту нысанында ұсынылады.

      Жұмыс істеп тұрған кәсіптік білім беру ұйымдарынан басқа оқыту инфрақұрылымы кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарымен және жеке провайдерлермен толықтырылады. Операторлардың бәсекелі нарығын дамыту қайта даярлау бағдарламаларын тезірек ауқымды етуге және еңбек ресурстарына сұраныстың өзгеруіне ден қоюдың жедел тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оқытуды бюджеттік қаржыландырумен қатар компаниялар тарапынан бірлесіп қаржыландыру оқыту барысында алынған білімді белсенді қолдануға ынталандырады.

      1.16 "Шетелде кәсіпорындар жұмыскерлерінің біліктілігін арттыру" бастамасы. Компаниялардың басқарушы буыны мен инженерлік-техникалық персоналдары үшін қазіргі кадрларды шетелде дайындау бағдарламаларында операциялық тиімділігін арттыру, технологияларды басқару мен цифрландыру бойынша дағдыларын дамытуға бағытталған қысқа мерзімді тағылымдаман өту мүмкіндігі көзделетін болады. Компаниялар тарапынан оқытуды бірлесіп қаржыландыру талап етілетін білімді алуға және оларды Қазақстанда қолдануға ынталандырады. Компаниялар үшін бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері мен шарттары кеңінен жарияланатын болады.

      "Өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу" басымдығы

      Жұмыс күшінің еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету, өнімділігі төмен салаларда, экономиканың бейресми секторында жұмыс істейтін адамдарды, жұмыссыздарды қолдауға бағдар беруді сақтау, еңбек нарығының инфрақұрылымын жақсарту арқылы қазіргі еңбек ресурстары өнімділігінің жылдам өсуіне жәрдемдесу жалғасатын болады.

      "Еңбек ұтқырлығын арттыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа белсенді шаралары" міндеті.

      Қолда бар еңбек ресурстары құрылымын өнімді жұмыспен қамту пайдасына өзгертуге және еңбек ресурстарын анағұрлым өнімді жұмыс орындарына қайта бөлуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру жоспарлануда. Шаралар жұмыс күшінің кәсіби және аумақтық ұтқырлығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, көлеңкелі жұмыспен қамтуды ресімдеу және еңбек нарығында жаңа мүмкіндер ашуға арналған өзге де құралдар мәселелерін қамтитын болады.

      1.17 "Кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру нәтижесінде босатылған қызметкерлерді қолдау" бастамасы. Жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындармен бірлесіп, кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру нәтижесінде босатылған қызметкерлерді қолдау бойынша келісілген саясатты әзірлейді. Босатылған қызметкерлерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жаңа жұмыс орындарын құру (оның ішінде ірі бизнестің ұзақ мерзімді тапсырыстар беруі және өңірдің ШОБ кәсіпорындарында талап етілетін өнімдерді игеруге өзге де жәрдемдесу арқылы), қайта оқыту мен жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің басқа да шаралары көзделетін, бірлескен Жол карталары іске асырылатын болады.

      1.18 "Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту" бастамасы. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбек нарығында талап етілетін кәсіптік дағдылар мен құзыреттер алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша халықтың аса мұқтаж топтарына: жастарға ("Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім" жобасы шеңберінде); мүмкіндігі шектеулі адамдар мен егде жастағы адамдар (арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу есебінен) қысқа мерзімді курстар өзектендіріліп, іске асырылады.

      1.19 "Бейресми жұмыспен қамтылған жұмыскерлердің қызметін ресмилендіру" бастамасы. Бейресми жұмысты қамтуды азайту үшін шаралар кешені, оның ішінде жеңілдетілген тіркеу, есепке алу және салық салу жүйесін енгізу, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамту, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылғандарға ерекше назар аудара отырып, еңбек шарттарын "заңдастыру"; "көлеңкелі" жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, профилактикалық шараларды кеңейту, "жосықсыз жұмыс берушілердің" тізілімін енгізу; мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жеке тұлғалар мәртебелерін өзектендіру; ақпараттық-түсіндірме жұмыстары іске асырылатын болады.

      1.20 "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бастамасы. Өнімді жұмыспен қамтуды арттырудың негізгі бағыттарының бірі жаппай кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Ол үшін кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытуды, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды қоса алғанда, ауылдық жерлердегі қызмет көрсетулер мен кооперацияны кеңейтуді ескере отырып, оның ішінде қаладағы және ауылдық жерлердегі микрокредиттеуді дамыту арқылы қолдау шараларының толық спектрі көрсетілетін болады.

      1.21 "Ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу" бастамасы. Жұмыс күші артық облыстардан кадрлар жетіспеушілігі байқалатын облыстарға ерікті қоныс аударуы кезінде еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру жалғастырылады.

      Бұл тәсіл еңбек ресурстарына сұранысқа сәйкес кейін ішкі мигранттар ағынын саралай отырып, өңірлік квоталар белгіленетін "экономикалық өсу нүктелерінде" (агломерацияларға, ірі және орта қалаларға, ірі жобаларды көшіру, перспективалы шекара маңы аумақтары) негізделетін болады.

      Көшіп-қонушыларға тұрғын үй жалдау мен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша жылдық шығыстарды өтеуге субсидия нысанында қаржылық қолдау көрсетілетін болады. Бұл ретте аталған қаражатты қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі берілетін болады. Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй қарыздарын беру мүмкіндігі қаралатын болады.

      Көшіп-қонушыларды жұмысқа орналастыру үшін қосымша ынталандыру шаралары жергілікті атқарушы органдардың субсидиялау құқығымен, сондай-ақ көшіп-қонушылар кәсіпкерлік негіздеріне алдын ала оқытып, оларға жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар мен бау-бақша, ауыл шаруашылығын жүргізуге немесе коммерциялық мақсаттарға жер учаскелерін беруді қамтамасыз ете отырып, жұмыс берушілерді тарту болып табылады.

      "Еңбекті үйлестірудің тиімді моделін құру" міндеті

      Салалар, елді мекендер мен санаттар арасындағы еңбек ресурстары ағынын тиімді басқару қатарлас жұмыс істейтін арналарды үйлестіретін еңбек нарығының дамыған инфрақұрылымы есебінен қамтамасыз етіледі, ол арқылы мемлекет пен бизнес барлық өтініш білдірген азаматтарға қолдау шараларын көрсететін болады.

      1.22 "Электрондық еңбек биржасын енгізу" бастамасы. Онлайн-портал базасында мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарындағы, жеке агенттіктердегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, интернет-алаңшаларындағы барлық бос орындар мен жұмыс іздеушілер туралы деректерді шоғырландыру үшін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңша енгізілетін болады. Электрондық биржа қаржылық шығындарсыз және қамту географиясы ауқымды түйіндеме мен бос орындарды электрондық форматта іздестіру үшін кең мүмкіндік береді. Азаматтарға арналған ақпараттық пакет бос орындар сипаттамасын және мемлекеттік қолдаудың сүйемелдеуші қолжетімді шараларын, оның ішінде уақытша тұрғын үй алу шарттары мен мүмкіндіктері, көшіп-қонуға дайындық тәртібі, біліктілік алу мүмкіндіктері мен ұсыным жасалатын оқу орындары туралы ақпаратты қамтитын болады.

      Онлайн-портал сервистері онлайн-режимде кәсіптік бағдарлау, азаматтарды талап етілетін кәсіптер мен оқыту курстары, сапа болжамдары және еңбек нарығы бойынша талдама туралы хабардар ету сияқты көрсетілетін қызметтердің кең спектрін қамтитын болады.

      Сонымен қатар еңбек кітапшаларының электрондық форматы енгізіледі. Бұл азаматтардың ресми түрде жұмыспен қамтылуы туралы ақпарат алуға, қызметкердің бейінін онлайн-режимде жүргізу мен оның құзыреттілігін растауға мүмкіндік береді.

      1.23 "Халықты жұмыспен қамту орталықтарын жаңғырту" бастамасы. Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысына трансформация жүргізіледі. Жүгінген жұмыссыздар мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарға, әрбір іздеуші үшін оның дағдыларын диагностикалауға және оны тұрақты және өнімді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша атаулы шаралар кешенін тұжырымдауға негізделген кәсіби дамудың дербес стратегиясын әзірлей отырып, кәсіптік бағдарлау, талап етілетін кәсіптер бойынша оқыту, жұмысқа орналастыру бойынша қызметтер көрсетілетін болады.

      Жұмыс берушілерге қатысты мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтары өзара іс-қимылдың белсенді және электрондық форматын енгізеді. Бос жұмыс орындарын, оның ішінде цифрлық арналар есебінен, тіркеу рәсімдерін оңайлату жұмыс берушілердің базасын едәуір кеңейтеді, олар үшін халықты жұмыспен қамту орталықтары қазіргі заманғы HR-қызметтер ретінде жұмыс істейтін болады.

      Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысында барлық рәсімдер барынша автоматтандырылады, ал жұмыс іздеушілермен де, сол сияқты жұмыс берушілермен де байланыстар "бір терезе", атаулылық пен нәтижелерге бағдарлану қағидаттарында жолға қойылатын болады. Бұл ретте еңбекті үйлестірудің көп арналы жүйесінің тиімділігін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қызметтеріне қол жеткізу нүктелерінің көптігі: халыққа қызмет көрсету орталықтары, egov "электрондық үкімет" порталы, ауылдық елді мекендер әкімдері мен бірыңғай электрондық еңбек биржасы есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.

      1.24 "Азаматтарды еңбекке орналастыруға жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту" бастамасы. Азаматтардың еңбекке орналасу мүмкіндіктерін кеңейту үшін кәсіптік бағдар беру, еңбекке орналастыру, кадрлар даярлау және қайта даярлау бойынша көрсетілетін қызметтер сияқты жекелеген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер аутсорсингі арқылы жеке жұмыспен қамту агенттіктері тартылатын болады. Жеке ұйымдардың көрсететін қызметтеріне ақы төлеу олардың жүгінген азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі мен тұрақты жұмыспен қамтуы көрсеткіштеріне байланысты болады.

      Бұл еңбек нарығында мамандандырылған делдалдардың нарығын құрады, еңбекке орналастыру арналарын, азаматтардың еңбек ұтқырлығының мүмкіндіктерін кеңейтеді және бәсекелестік есебінен қызмет көрсетулер сапасын жоғарлатады.

      "Шетелден жоғары білікті кадрлар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау" міндеті

      Кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін қайта құрылымдаудың өтпелі кезеңінде жергілікті жұмыс күші құзыреттілігінің тапшылығы Қазақстанға жоғары білікті мамандарды – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтар мен шетелдік жұмыскерлерді тарту бөлігінде еңбек нарығын айтарлықтай ырықтандыру арқасында ішінара қанағаттандырылатын болады.

      1.25 "Жоғары білікті шетел жұмысшыларын тарту үшін ынталандыру шараларын енгізу" бастамасы. Жоғары білікті мамандарды тарту үшін преференциалдық режим құрылады, біліктілік деңгейі бойынша шетелдік қызметкерлер үшін визаларды санаттандыру жүзеге асырылатын болады. Жоғары білікті кадрлар үшін квоталар, экономикалық орындылығына тест жүргізу қажеттілігі жойылады, виза алу мерзімі қысқарады, елде болу ұзақтығы ұлғайтылады, құжаттарды тапсыру процесі оңайлатылады.

      Ел үшін басым жобаларды іске асыруға қатысу үшін білікті шетелдік жұмыскерлерге іске асыратын жобаларының сипатына байланысты рұқсаттар бірден 3 жыл мерзімге беріледі. Қазақстанда, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібі салаларында дербес және ұзақ мерзімді кәсіби қызметті жоспарлайтын жұмыскерлер үшін біліктілінің сәйкестігі туралы анықтама да үш жыл бойы жарамды болады.

      "Астана" халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) жанынан визалық-көші-қон және салықтық көрсетілетін қызметтерге, ақпаратты өңдеу орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі – ХҚКО) және мамандандырылған ХҚКО көрсететін қызметтерге ғана емес, сол сияқты тұрғын үйді, білім беру және медицина мекемелерін іздестіруге жәрдемдесуге де "бір терезе" қағидаты бойынша орталықтандырылған қолжетімділік мүмкіндік беретін АХҚО Экспат Орталығы құрылады.

      АХҚО Экспат Орталығы көрсететін қызметтер Астанада тұрып жатқан барлық шетел азаматтарына да, оның ішінде ағылшын тілінде де қолжетімді болады.

      Күтілетін нәтижелер

      Білім беру жүйесі өзекті мазмұны мен нәтижелі білім беру процесінің арқасында отандық жұмыс берушілердің сеніміне және қоғамның мойындауына ие болған біліктіліктің барлық деңгейлерінде тиімді еңбек ресурстарын жеткізушіге айналады. Білім беру сапасының көрсеткіштері жақсарады; 2025 жылға қарай PISA тестінің деректері бойынша орта мектеп білімінің сапасын бағалау математика бойынша 460-тан 480-ге дейін, оқу бойынша 427-ден 450-ге дейін, ғылым бойынша 456-дан 490-ға дейін өседі.

      Тиімді жұмыс істеп тұрған еңбек нарығы институттары ниет білдірушілер үшін сапалы жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді. Еңбек өнімділігі төмен өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі 2025 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санынан 13,6%-дан 10%-ға дейін төмендейді.

      Шетелдік жоғары білікті мамандарды тарту қысқа мерзімді кезеңде еңбек нарығының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2-реформа. Технологиялық жаңарту мен цифрландыру

      Реформаның мәні: реформа қазіргі бар салаларда және жалпы экономикадағы еңбек өнімділігін ұлғайтуға, сондай-ақ оның күрделілігін арттыруға бағытталған. Цифрлық экономиканың дамуын қамтамасыз ету қажет.

      Шығындардың төмендеуі, тауарлар өндіру мен қызмет көрсетулер көлемінің артуы, салалардың әртараптандырылуы және жоғары өнімді жұмыс орындары санының өсуі негізгі нәтижеге айналады.

      2025 жылға қарай Қазақстан үшін қағидатты өзгерістер:

      көп ресурстарды тарту есебінен экономикалық өсуді ынталандырудан - неғұрлым жоғары өнімділік пен ғылымды қажетсіну есебінен, цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы өсу;

      Үкіметтің қорғауы мен бақылауындағы алдыңғы қатарлы технологияларды дамытудан - шетелдік технологияларды трансферттеу мен бейімдеу және өз технологияларын дамыту үшін орта құру болмақ.

      Алдағы міндеттер

      Реформалардың алдында, 4.0 индустрия элементтерін үйлесімді түрде қоса отырып, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуды қамтамасыз ету арқылы еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік және сервистік секторларды – жоспарлауды, маркетингті, логистиканы интеграциялайтын ақпараттық платформаларды іске қосу қызмет көрсету міндеті тұр.

      "Салаларды технологиялық жаңарту және цифрландыру" басымдығы

      Технологиялық жаңғырту қазіргі бар кәсіпорындардың өнімділігін арттырады, оларды сыртқы нарықтарда неғұрлым қазіргі заманғы және бәсекеге қабілетті етеді. Жаңа, әсіресе цифрлық технологиялар экономиканың барлық салаларында жергілікті стартаптардың да, сол сияқты Қазақстан аумағында орныққан шетелдік компаниялардың да жаңа жоғары өнімді кәсіпорындарының пайда болуы үшін іргетасқа айналады.

      "Болашақтың технологияларын дамыту" міндеті

      Өнеркәсіпті одан әрі жаңғыртудың маңызды бағыты – Төртінші өнеркәсіп революциясы немесе 4.0 индустриясы элементтерін қолданылатын базалық салаларды технологиялық қайта жабдықтау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру. Цифрлық шешімдерді енгізу барлық физикалық активтерді және оларды цифрлық экожүйеге интеграциялау толассыз цифрландыру үшін негіз құруға мүмкіндік береді, бұл жаппай өндіруден жаппай дараландыруға көшу негізін құруға, өндіріс икемділігін арттыруға, жаңа өнімдерді игеру уақытын қысқартуға, логистикалық процестерді жеделдетуге ықпал етеді. Саланың технологиялық даму деңгейін арттыру үшін:

      жаңа отандық технологияларды әзірлеуге және шетелдік технологияларды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс/сатып алу арқылы оқшаулауға сұраныс жасауға;

      жаңа технологияларды коммерцияландыру мен трансферттеуді қаржылық қолдауға;

      технологияларды сараптауды, консультациялық қызметтер мен салаларда/секторларда алдын ала мақұлданған технологиялық шешімдерді қалыптастыруды қамтитын сараптамалық сүйемелдеуге бағытталған тиісті технологиялық саясатты айқындап, іске асыру қажет.

      Цифрландыруды дамыту үшін нарықтағы ойыншылар тарапынан цифрлық технологияларға сұранысты сыни ынталандыру маңызды. Оларды қолдануды барынша пайдалы ету үшін жағдайлар жасау қажет, бұл олардың тартымдылығын арттырады.

      2.1 "Технологиялық процестерді стандарттау" бастамасы. Ұлттық стандарттарды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес кезең-кезеңімен жаңарту қамтамасыз етілетін, стандарттау саласындағы салалық мемлекеттік органдардың жұмысы жандандырылатын, қазіргі заманғы стандарттар алу және технологиялық құзыреттерді арттыру үшін кәсіпорындарды ынталандыру құралдары кеңейтілетін, аккредиттелген зертханалар желісі дамытылатын болады.

      Осы жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдар салалардағы техникалық регламенттер мен стандарттарды халықаралық талаптарға және жаңа технологиялық трендтерге сәйкестігі тұрғысынан талдау мен өзектендіруді жалғастырады.

      2.2 "4.0 индустриясының құзыреттер орталығын құру" бастамасы.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жергілікті және шетелдік өнеркәсіптік компаниялар инновациялық шешімдерді ауқымды ету, бүкіл ел бойынша өндірістер арасында өзін дәлелдеген 4.0 индустриясы технологияларын сипаттау мен тарату, оларды пайдаланудың практикалық тәжірибесін, қажетті ұйымдастырушылық өзгерістерді беру үшін құзыреттілік орталықтары құрылады.

      2.3 "Модельдік цифрлық фабрикалар құру" бастамасы. МЖӘ негізінде, 4.0 индустриясының технологияларын енгізу болжанып отырған және өндіріске цифрлық технологияларды енгізудің тиімділігін паш ететін, сондай-ақ нақты кейстерді өнеркәсіптің басқа кәсіпорындарына көбейтуге мүмкіндік беретін модельдік цифрлық фабрикалар құру жоспарланып отыр.

      2.4 "Компанияларды жабдықтарды жаңартуға ынталандыру" бастамасы. Компанияларды өндірісті жаңғыртуға қажетті жабдықты жаңартуға, өндірістік және басқару процестеріне жаңа шешімдерді сатып алуға әрі енгізуге ынталандыру шаралары әзірленіп, іске асырылатын болады. Бұл шаралар қаржылық, сол сияқты қаржылық емес жеңілдіктерді, ақпараттық қолдауды және басқаларды қамтиды.

      2.5 "Технологиялар трансферін ынталандыру" бастамасы.

      Кәсіпорындармен бірлесіп, салалардың технологиялық міндеттері мен проблемаларын айқындау, кəсіпорындардың өздерінің тиімділігін арттыруға көмектесетін әлемдегі қолжетімді технологиялар туралы хабардарлығын арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады. Кәсіпорындардың қалыптастырылған технологиялық сұрау салулары халықаралық технологиялар трансферті желілеріне және басқа мамандандырылған онлайн-сайттарға орналастырылады. Ұсынылған технологиялық шешімдерді, олардың талдауы мен іріктемелерін қоса алғанда, қазақстандық кәсіпорындар пысықтайтын болады.

      Шетелден жоғары технологиялық және озық технологияларды іздестіру, сатып алу кезінде, сондай-ақ халықаралық технологиялар трансферті желісіне ену арқылы қазақстандық компанияларға көмек көрсетілетін болады.

      2.6 "Технологиялық брокерлерді тарту" бастамасы. Елге қазіргі заманғы технологиялардың ағынын қамтамасыз ету мақсатында B2B (бизнеске арналған бизнес) форматында технологиялық брокерлік қызмет көрсетулер нарығын ынталандыру жөнінде шаралар тұжырымдалатын болады. Технологиялық брокерлердің міндеті – кәсіпорындар диагностикасын жүргізу, ынтымақтастық пен трансфер нысаны бойынша консультациялар беру және оқыту, жаңа технологияларды енгізуге қатысты ұсынымдар беру, мамандар мен әріптестерді тарту болып табылады.

      2.7 "Инвестициялық жобаларға міндетті технологиялық сараптама жүргізу" бастамасы. Мемлекеттік бюджеттен қолдау табатын өңдеу өнеркәсібінің инвестициялық жобаларына технологиялық сараптама жүргізудің бірыңғай тәсілдері/критерийлері енгізіледі. Бұл тәсілдер/ критерийлер ескірген технологиялар ағынын және өндіру рентабельділігі мен өнімділігі төмен тиімсіз жобалардың санын азайтуға бағдарлануы тиіс.

      2.8 "Жасыл технологияларды дамыту" бастамасы. Жаңа технологияларды таңдау мен енгізу кезінде шетелде энергиялық тиімді және ақылды деп танылған, климаттық жарамдылығы мен экономикалық тиімділігі оларды Қазақстанның жағдайында пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар басым технологияларға айналады.

      Электр энергетикасында жаңа генерациялау көздері, оның ішінде электр энергиясына өсіп келе жатқан сұраныс пен ескі электр станцияларын пайдаланудан шығаруды ескере отырып, ЖЭК-ті пайдалану бойынша объектілер енгізіледі.

      Қазіргі заманғы стандарттарды қолдану, энергия тиімділігін арттыру және энергияны генерациялайтын станциялардың пайдалану шығындарын төмендету "Жасыл технологияларды" енгізудің негізгі факторларына айналады.

      Бұл үшін ішкі және халықаралық қаржылардың жеткілікті көлемі жұмылдырылып, қажетті инвестицияларға қолдау көрсетуге бағытталған қаржылық қызметтер құрылатын болады.

      "Жасыл жобаларды" қаржыландыру жөніндегі жаңа құралдар (атап айтқанда "жасыл" облигациялар шығарылымы) АХҚО базасында құрылатын болады.

      Қазақстанның технологиялар трансферті жөніндегі бастамасын – "Жасыл көпір" әріптестік бағдарламасын іске асыру жалғастырылады және "жасыл" бизнеске көшуге, "жасыл" технологиялар мен үздік практикаларды трансферттеу мен бейімдеуге және "жасыл қаржыларды" дамытуға қолдау көрсететін "Жасыл" технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық (бұдан әрі – ЖTХО) құрылатын болады.

      "Инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру үшін кедергілерді жою" міндеті

      Экономиканы цифрландыруды дамыту үшін телекоммуникациялардың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету қажет. Интернетпен қамту, оның өткізу қабілеті ұлғайтылып, заңнамалық және әкімшілік кедергілер барынша азайтылатын болады.

      2.9 "Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту" бастамасы. Салаларды технологиялық жаңарту және цифрландыру бойынша жағдайлар жасау үшін сенімді, қолжетімді және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасатын болады. Ауылдардың цифрлық теңсіздігін төмендету мақсатында қосымша неғұрлым перспективалы 1 249 ауылдық елді мекен үшін жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Халықтың 95%-ы цифрлық эфирлік хабар таратылымымен қамтамасыз етілетін болады.

      2.10 "Ең жаңа технологияларды дамыту үшін заңнамалық жағдайларды қамтамасыз ету" бастамасы. Неғұрлым қолайлы технологияларды пайдалануды стандарттау және зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету сияқты болашақтың технологияларын дамытуды және экономиканы цифрландыруды ынталандыруға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданатын болады.

      2.11 "Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасау" бастамасы. Интернеттің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық және киберқауіпсіздікті бұзуға байланысты инциденттерге ден қою үшін үйлестіру күшейтіледі. Мемлекеттік органдарда және жеке компаниялармен әріптестік шеңберінде (мысалы, бейіндік қауымдастықтар арқылы) қажетті құрылымдар құрылатын немесе күшейтілетін болады. Қазақстан ақпарат беру және сақтау стандарттарын айқындау бойынша киберқауіпсіздік мәселелеріндегі халықаралық процестерге қатысушыға айналады.

      Зиянды кодты, ақпараттық қауіпсіздік құралдарын зерттеу зертханасы, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сынақ зертханасы жарақтандырылатын болады.

      Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша хабардар болуы арттырылады, сондай-ақ мектептерде АКТ-ні қауіпсіз пайдалану негіздеріне оқыту енгізілетін болады.

      "Өнімділігі жоғары технологиялық компанияларды тарту" міндеті

      Өнімділігі жоғары технологиялық компаниялар болашақ экономиканың негізіне айналуы тиіс. Бұл үшін өзіндік инновациялық кәсіпорындардың пайда болуына және дамуына, сондай-ақ жоғары технологиялық шетелдік компанияларды орнықтыру үшін жағдайлар жасау қажет.

      2.12 "Жоғары өнімді технологиялық компанияларды оқшаулау" бастамасы. Трансұлттық және жоғары технологиялық компаниялармен нақтыланған ынтымақтастық қамтамасыз етіліп, оларды Қазақстанға тарту үшін жағдайлар жасалатын болады. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, күш-жігерді шоғырландыру үшін Халықаралық стандартты сауда жіктемесіне сәйкес келетін Жоғары технологиялық өнімдер тізбесін әзірлеу жоспарлануда.

      Шетелдік инвесторлар үшін ұлттық және өңірлік деңгейлерде барлық қолданыстағы инвестициялық қолдау шаралары туралы шет тілдеріндегі ақпаратқа қол жеткізу жақсарады. Бұл ретте қолдау шараларының тиімділігін бағалау жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша неғұрлым тиімсіз шараларды оңтайландыру, мемлекеттік органдар мен салалық даму институттары рөлінің аражігін ажырату мен нақтылау күтіліп отыр.

      Қазақстан аумағында шетелдік компанияларды орнықтыру кезінде жергілікті қызметкерлерді оқытуға ерекше назар аударылатын болады.

      2.13 "Орныққан компаниялардың өзара байланысын қамтамасыз ету" бастамасы. Басқару тиімділігін арттыра отырып, арнайы экономикалық аймақтар (бұдан әрі - АЭА) және индустриялық аймақтар) бұдан әрі – ИА) инфрақұрылымын салу аяқталады. МЖӘ қағидаты бойынша ИА мен индустриялық парктер салу тетігі дамытылатын болады.

      АЭА мен ИА-ны регламенттейтін заңнама жетілдірілетін болады. АЭА мен ИА аумақтарында қатысушыларға технологиялық шешімдерді тестілеу және енгізу, технологиялық платформаларды орналастыру, құзыреттер орталықтарын, моделдік өндірістер, инкубаторлар құру, консалтингтік қызметтер көрсету үшін жағдайлар жасалатын болады.

      "Жаңа экономика үшін негіз құру" басымдығы

      Жаңа экономиканы дамыту экономиканы қажетті жаңа технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үздіксіз инновация процесін талап етеді. Ол үшін инновацияларға сұранысты қалыптастыруға жағдай жасау қажет.

      Бұл ретте қолданбалы зерттеулер бизнестің күнделікті қажеттіліктеріне сай болуы, ал іргелі зерттеулердің нәтижелері жаңа технологияларды әзірлеу үшін негіз болуға тиіс. Ғаламдық зерттеу ортасына кіргізу арқылы отандық ғылыми қоғамдастықты интернационалдандыру жүргізілуі тиіс.

      "Цифрлық құзыреті бар адамдарды дамыту" міндеті

      Цифрландыруды тарату үшін экономиканы кадрлармен, мамандармен де, сол сияқты басқарушылармен де қамтамасыз ету қажет. Қажетті дағдылар мен құзыреттерді жедел дамыту үшін бастапқы мамандардың елеулі бөлігін даярлау шетелдегі, сол сияқты Қазақстан аумағындағы халықаралық орталықтар мен ұйымдарда жүргізілетін болады.

      Азаматтарға цифрлық технологияның артықшылықтарын түсіндіріп, оларды күнделікті өмірде қолдануға үйрете отырып, халық тарапынан оларға деген сұранысты қамтамасыз ету маңызды, бұл цифрлық өнімдер мен шешімдерге сұранысты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

      2.14 "Экономика салаларын АКТ саласындағы мамандандырылған кадрлармен қамтамасыз ету" бастамасы. Бүгінгі таңдағы аса маңызды міндеттердің бірі "үлкен деректер", жасанды интеллект саласында білімі бар, экономиканың нақты салалары үшін АКТ саласында мамандар даярлау болып табылады.

      Колледждер мен жоғары оқу орындары ірі кәсіпорындармен әріптестікте шетелдік жоғары оқу орындары мен трансұлттық компанияларды тарта отырып, ІТ-мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады. Сонымен қатар осы мамандықтар бойынша талапкерлерге гранттар санын ұлғайту көзделіп отыр.

      2.15 "Азаматтардың цифрлық технологияларды қолдануын ынталандыру" бастамасы. Халықтың барлық топтарын бастауыштан бастап кәсіби білім беруге дейінгі білім берудің барлық кезеңдерінде базалық және практикалық цифрлық дағдыларға, мемлекеттік көрсетілетін және өзге де қызметтерді электрондық форматта алуға оқыту процесі ұйымдастырылатын болады. Цифрлық сауаттылығы мен өнімділігін арттыру мақсатында ШОБ өкілдеріне ерекше назар аударылатын болады; олар үшін жеңілдік шарттарымен АКТ көрсетілетін қызметтердің базалық топтамасының құрамы айқындалатын болады. Бұл бастама күнделікті және кәсіби өмірде цифрлық технологиялардың барлық мүмкіндіктерін қолданатын цифрлық және жасампаз қоғам құру үшін бағдар болады.

      "Инновацияларды ынталандыру" міндеті

      Технологияларды ұзақ мерзімді дамыту үшін қазақстандық компаниялар шетелден жаңа шешімдер мен мамандарды импорттап қана қоймай, сонымен қатар өздерінің технологиялық әзірлемелерін, оның ішінде әлемге танымал шешімдерді ел нарығының ерекшеліктеріне бейімдеуге бағытталған технологиялық әзірлемелерін жасаулары қажет. Бұл үшін жаңа және цифрлық технологияларды оңайлату әрі оларға салынатын инвестицияларды неғұрлым тартымды ету мақсатында инновацияларды коммерцияландырудың толыққанды инновациялық экожүйесі мен кәсіпорындардың инновациялық қызметке қатысуын ынталандыру қажет. Бұл міндетті іске асырудағы маңызды нәтижелердің бірі ел аумағында технологиялық стартаптардың танымалдығын әрі санын арттыру болады.

      2.16 "Инновациялық экожүйені дамыту және инновациялық бизнесті санаға сіңіру" бастамасы. Жаңа отандық инновациялық кәсіпорындардың (стартаптардың) пайда болуын ынталандыру үшін инновациялық экожүйені дамыту жалғастырылады. Бизнес-модельді жүргізу идеясынан бастап оны ауқымды етуге дейін бірыңғай саясат пен толық циклды қалыптастыру мақсатында инновациялар жүйесінің негізгі қатысушылары арасында байланыс, ақпарат желісін алмасу және ынтымақтастық кеңейтіледі.

      Өнімді инновацияларды ынталандыру, инноваторлардың шекті массасына қол жеткізу, технологияларды және трансферттің мүмкіндіктерін коммерцияландыру мақсатында трансферт кеңселер желісі мен елдің ірі университеттерінде олардың әлеуеті мен институционалдық мүмкіншіліктерін арттыруға бағытталған технологияларды коммерцияландыру дамытылады.

      Жобаларды ілгерілету үшін бастапқы кезеңдерде міндеті технологиямен байланысты бизнесті жеке инвестициялар үшін тартымды деңгейге дейін жеткізу болып табылатын бизнес-инкубациялау жүйесі және бизнес-инкубаторлар дамытылады. Бизнес-инкубаторлар, оның ішінде жоғары оқу орындарымен ынтымақтаса отырып, стартаптарға консультациялық және тәлімгерлік көрсетілетін қызметтердің кең ауқымы ұсынылатын болады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер білім алудан бастап бизнес-жоспарлар мен жобаларды іске асыруға дейін толық даму жолынан өте алады.

      Индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруда тікелей бизнес-инкубаторларды, сол сияқты олардың резиденттерін қолдауды көздейтін жеке бизнес-инкубациялауды дамыту процесі іске қосылады.

      Жоғары технологиялық стартаптарға өндірістік алаңшалар түрінде, оның ішінде жұмыс істеп тұрған өндірістер базасында, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу, тәжірибелік үлгілерді, прототиптер немесе пайдалы модельдер құру, өз өнімдерінің аз сериялы топтамасын шығару үшін сервистік қолдау көрсетіледі. Жоғары технологиялық бизнестің шекті массасын ұлғайту мақсатында Қазақстанға инновация және технология саласындағы неғұрлым талантты қызметкерлерді тартуды қолдау жалғастырылады. Әріптестік желісі АҚШ, Еуропа, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі – ТМД) елдері мен Азияның жетекші инкубаторлары мен қорларын қамтиды.

      2.17 "Инновациялық жобалар мен кәсіпорындарды қаржыландыру жүйесін дамыту" бастамасы. Инновациялық жобалар мен стартаптарды қаржыландыру жоғары тәуекелмен байланысты бизнестің жекелеген саласын білдіреді және ерекше заңнамалық және саяси қолдау шараларын қабылдауды талап етеді. Осы себепті инновациялық гранттар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуді және тәуекелді жеке қаржыландыруды тарту үшін жағдайлар жасауды қамтитын инновациялық жобалар мен стартаптарды қаржыландырудың кешенді жүйесін енгізу қамтамасыз етіледі.

      Инновациялық гранттарды мемлекеттік қаржыландыру жүйесі жетілдіріледі. Инновациялық жобаларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау тәсілдері өзгертілетін болады, халықаралық үздік практикаға негізделген және венчурлік инвестициялау нарығына қатысушылардың белсенділігін ынталандыруға, осы салаға жеке капитал тартуға, инвестор мен кәсіпкердің өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталған венчурлік қорларды ұйымдастырудың тиімді жүйесі енгізіледі.

      Жеке тәуекелдік қаржыландыруды тарту және жас компаниялар мен инноваторлар үшін бастапқы жағдайлар жасау үшін ЭКСПО-2017 инфрақұрылымы базасында Astana International Smart Technologies Hub халықаралық технологиялық хабы құрылады. Бұл, бір жағынан, стартаптарға инвестиция салуға мүдделі венчурлік инвесторларды, адал бизнесті, жеке инвестициялар қорлары мен басқа инвесторларды және екінші жағынан, өз идеяларын коммерцияландыру үшін қаражат іздейтін бүкіл әлемнің стартаптарын және инноваторларын тартуға арналған бірегей алаңша болмақ.

      Хабтың тиімді жұмыс істеуі және оның барлық қатысушылары арасында өзара іс-қимыл жасасу үшін қолдау құралдары айқындалады, технологиялық инфрақұрылым, жаңа іске салынған инвестициялар қоры және инвесторлармен идея алмасу және кездесулер өткізу үшін әлеуметтік инфрақұрылым жасалады. Сонымен қатар идеяларды пысықтауда және тестілеуде стартаптар мен инноваторларға әріптес болатын Назарбаев Университеті жанындағы Ғылыми паркпен өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі.

      2.18 "Кәсіпорындардың инновациялық қызметін ынталандыру" бастамасы. Компаниялардың инновациялық өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді әзірлеуге және жаңа технологияларды енгізуге мүдделілігін арттыру ынталандырылатын болады. Кәсіпорындар заңнамалық деңгейде ҒЗТКЖ мен инновацияларды ұзақ мерзімді инвестициялаудың перспективалары мен артықшылықтарын көздейтін жағдайлар жасалады. Салық заңнамасына ҒЗТКЖ-ны айқындауды қайта қарау; ҒЗТКЖ-ға шығыстарды салық салынатын табыстардан шегеру тетіктерін жеңілдету, сәтсіз инновациялар жағдайында шегерімге қатысты қағидаларды, қолайлы шығындардың тізбесін (негізгі қызметі ҒЗТКЖ болып табылмайтын компаниялар үшін ҒЗТКЖ-ға арналған шығындар) қайта қарау бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.

      Квазимемлекеттік секторда басшыларды инновациялық қызметті жүргізуге уәждеу жүйесі күшейтіледі.

      "Ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту" міндеті

      Қазіргі бар ғылыми зерттеулер жүйесі технологиялық жаңғыртуды белсенді қолдауға қайта бағдарланатын болады.

      Мемлекет ғылыми-зерттеу жобаларына, ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық қызметтің (бұдан әрі – ҒҒТҚН) нәтижелерін коммерцияландыруға гранттар беру кезінде бірлесіп қаржыландыру тетігі арқылы ғылымды өндіріспен байланысқа бағдарлайды.

      2.19 "Адами капиталға басты назар аудару және жас ғалымдарды қолдау" бастамасы. Жас ғалымдарды қолдау гранттық қаржыландыру үшін өткізілетін конкурстар шеңберінде, сондай-ақ тікелей ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдар ішінде жүзеге асырылады. Барлық кезеңдерде жас ғалымдарды белсенді қолдау PhD-ге және тағылымдамаларға гранттар санын ұлғайту, жас ғалымдар топтары үшін ғылыми гранттар бөлу, қазақстандық жобаларды іске асыру үшін шетелдік ғалымдарды тарту арқылы жүзеге асырылады.

      Жастарды ғылымға белсенді тарту мақсатында жас ғалымдар қауымдастығы құрылады, ал ғылымды жалпыға танымал ету және жас ғалымдар санын арттыру үшін өңірлік ғылыми форумдар өткізіледі, ғылыми-танымал журналдар шығарылады және ғалым мамандығы имиджін барынша насихаттау жүзеге асырылады.

      2.20 "Қазақстандық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялау. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді кезең-кезеңімен ағылшын тіліне көшіру" бастамасы. Қазақстандық ғалымдардың Қазақстан үшін маңызы бар халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу пайызы артады. Міндетті түрде қазақ және ағылшын тілдеріндегі нұсқалары бар 3-4 ғылыми-танымал бұқаралық журналды немесе интернет-басылымдарды дамыту арқылы отандық ғылымды әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялау бойынша жұмыс жалғасады. Кемінде 1-2 қазақстандық ғылыми журнал, оның ішінде ағылшын тілінде басылып шығатын болады және оны ең ірі ғылыми базалар индекстейтін болады.

      Қазақстан ғылымын халықаралық интеграциялау:

      Helmholtz Association (Германия), Вашингтондағы Карнеги институты, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) ұйымдары сияқты халықаралық жобаларға қатысушы мәртебесін алу;

      ірі халықаралық компаниялармен ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру;

      Scopus, Elsevier, Euromonitor сияқты халықаралық деректер базаларына қол жеткізуді қамтамасыз ету;

      Ислам елдері ұйымының ғылыми қорын дамыту;

      жас ғалымдарды оқыту және Қытай ұлттық жаратылыстану ғылымдары қорының, Еуропалық одақтың ғылыми орталықтарының жобаларына қатыстыру есебінен жүзеге асырылады.

      Қазақстан халықаралық ғылыми ұйымдардың барынша көп штаб-пәтерлерін тартатын өңірлік ғылыми хабқа айналуы тиіс.

      2.21 "Ғылыми беделді қайта іске қосу" бастамасы. Бүгінгі таңда Қазақстанда бедел тетіктері жұмыс істемейді, олардың орнына әлі күнге дейін төрешілдік сипатқа ие, формальды, ғылымға тән емес бақылау құралдары қолданылады. Бұл жағдайды өзгерту үшін ғалымдар жұмысының тиімділігін бағалаудың ғылымиметрикалық параметрлері енгізіледі.

      2.22 "Ғылыми өсу үшін қолайлы орта. Ғылымды тұрақты дамыту" бастамасы. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекіткен ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту жоспары 2025 жылға қарай 1 %-ға дейін жандандырылатын болады. Бұл ретте, бюджеттен тыс көздерден (жеке сектор) бюджеттік қолдау көрсетілетін ғылыми және инновациялық жобалардың кемінде 50% -ын бірлесіп қаржыландыруға міндетті талап енгізіледі. Нәтижесінде жеке қаржыландыру үлесін қолданбалы зерттеулерді қаржыландырудың жалпы көлемінің 7%-нан 50%-на дейін арттыру жоспарлануда.

      Ғылыми әзірлемелерді нарыққа шығаруға және бизнестің ғылымға қатысуын ынталандыру мақсатында қазақстандық әзірлемелерді коммерцияландыруды жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін салық преференциялары мен жеңілдіктер көзделетін болады.

      Ғылыми әзірлемелер нәтижелерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін қолданыстағы тетіктер мен процестерді жетілдіру, оның ішінде ғылымды үш жылдық бюджеттеуге көшу (үшжылдық шарттар жасасу) бойынша жүйелі мәселелер шешіледі. Бұл ғылыми процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етеді, төрешілдік және әкімшілік кедергілерді төмендетеді, ҒҒТҚН-ды коммерцияландыру жөніндегі мемлекеттік бюджеттік бағдарламаның іске асырылу тиімділігін арттырады.

      Базалық қаржыландыру көлемі ғылыми ұйымдар мен ұжымдардың нәтижелілік көрсеткіштерімен байланыстырылады. Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ ең үздік ғылыми ұжымдар үшін бәсекеге түседі, сондай-ақ лайықты инфрақұрылымды қамтамасыз етуге уәжделетін болады.

      Базалық қаржыландырумен қатар ғылыми ұйымды инфрақұрылымдық дамыту гранттар тартудан түскен қаражат есебінен қолдау табады. Грант саны неғұрлым көбірек тартылған сайын, университеттің немесе ғылыми ұйымның инфрақұрылымына соғұрлым жоғары пайыз аударылады.

      Ранжирленген балдар негізінде ғылыми жобаларды қаржыландыру жөніндегі ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдер қабылдауының ашық және жария рәсімдері қамтамасыз етіледі.

      "Ғылым қоры" АҚ базасында бүкіл "іргелі зерттеулер – қолданбалы зерттеулер – ҒҒТҚН-ны коммерцияландыру" тізбесін сүйемелдейтін бірыңғай үйлестіру орталығымен білім мен технологияларды коммерцияландыру жүйесіне арналған бірыңғай басқару жүйесі құрылады.

      Ғылыми зерттеулердің қазіргі заманғы инфрақұрылымы – жетекші жоғары оқу орындары жанындағы инжиниринг орталықтары, сондай-ақ металлургияда, газ-мұнай химиясында, АӨК-те, био- және IT-технологияларда және тағы сол сияқты технологиялық дамудың негізгі бағыттары бойынша ұлттық зерттеу орталықтарының (зертханалардың) дамыған жүйесі қалыптастырылады.

      2.23 "Жоғары технологиялық өндірісте ғылыми әзірлемелердің талап етілуі" бастамасы. Жобаларды іске асыру кезінде ғылымның өңірлік өнеркәсіп алыптарымен және жүйе құраушы кәсіпорындармен өзара іс-қимылды жолға қою жөніндегі жұмыс жалғасады.

      Бірлесіп қаржыландыру қағидаттарында гранттарды іске асыру өндірістік консорциумдар санының артуы есебінен жүзеге асырылатын болады.

      2.24 "Ғылымның бизнес-процестерін цифрландыру" бастамасы. Мемлекеттік қолдау шараларын, жобалар мен бағдарламаларды, олардың орындаушылары мен нәтижелерін, ғылыми инфрақұрылым, материалдық-техникалық база туралы ақпаратты қоса алғанда, өзекті ғылыми-техникалық ақпаратты қамтуды көздейтін ғылым жөніндегі ұлттық ақпараттық жүйе енгізілетін болады. Жүйе ғылыми салалар, өңірлер, мекемелер бөлінісінде ғылымның дамуын онлайн-талдауды және ғылымның дамуын болжамдауды; авторлық құқықтарды сақтай отырып, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне және диссертацияларға онлайн-қолжетімділік ұсынуды; нақты уақыт режимінде ғылыми-техникалық дамудың есептерін, статистикасын, талдауын және басқа көрсеткіштерін онлайн-генерациялауды; гранттық және нысаналы бағдарламалық қаржыландыруға өтінімдер беруді толық автоматтандыруды; ғылыми-техникалық сараптаманы автоматтандыруды; нақты уақыт режимінде ұлттық R&D-жобаларды басқаруды; ғылыми-техникалық ақпарат жүйесінің мобильді көрсетілетін қызметтерін қамтамасыз етеді.

      Күтілетін нәтижелер

      Инновациялық және ғылымды қажет ететін даму бастамаларын іске асыру қосымша құн жасау мен экономикадағы шығасыларды қысқартудың елеулі әлеуетіне ие, бұл 2025 жылдан бастап елдің ЖІӨ-нің жылына 4,5-5% деңгейінде өсу қарқынына қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл ретте 1,7-2,2% өсуге цифрландыру есебінен қол жеткізілетін болады.

      ҒЗТКЖ шығындары бұл ретте ЖІӨ-нің 1%-на дейін артады.

      Бағдарламаны іске асырудың маңызды нәтижесі 2022 жылға қарай Қазақстанның халықаралық цифрландыру индексіндегі (БҰҰ АКТ даму индексі) отыз елдің қатарына және 2025 жылға қарай алғашқы 25 елдің қатарына кіруін жеделдетеді.

3-реформа. Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес

      Реформаның мәні: дамудың жаңа кезеңінде жеке меншік бизнес экономикалық өсудің және жаңа жұмыс орындарының пайда болуының негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс, ал бәсекелестік өнімділік пен өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін ынталандырулар қалыптастыратын болады.

      Реформа мемлекеттің және мемлекеттік монополиялардың рөлін қысқартуға, бизнесті жүргізуге кедергілерді төмендетуге, жеке кәсіпорындардың, әсіресе орта кәсіпорындардың өсуін ынталандыруға бағытталған.

      2025 жылға қарай Қазақстан үшін түбегейлі өзгерістер:

      мемлекет иелігінен алу жөніндегі бағдарламаны шектеулі қамтудан – бағдарламаны қамтуды, оның ішінде МЖӘ құралдары есебінен кеңейтуге;

      тізім бойынша мемлекеттік активтерді сатудың "сандық" міндетінен – компанияларды таңдаудың және жекешелендіру бағдарламасының табыстылығын бағалаудың құрылымданған жүйесіне;

      жеке бизнес үшін күшейтілген әкімшілік бақылаудан және кедергілердің болуынан – қызметті қысқартуға және оңайлатуға, әкімшілік бақылау деңгейін және кедергілер санын төмендетуге;

      төрелік ету мүмкіндігі бар салық жүйесінен – кәсіпорындар мен инвестициялардың өсуін ынталандыратын салық жүйесінің тұрақтылығына;

      экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шектелген номенклатурасынан – экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әртараптандырылған құрылымына.

      Алда тұрған міндеттер

      Мемлекеттің экономикадағы ағымдағы рөлін, оны ішінара төмендету және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету арқылы өзгерту өте маңызды. Бұл жекешелендірудің тиімді және ақылға салынған процесінің, оның ішінде оның мақсаттары мен объектілерін нақты айқындау арқылы, мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелі ортаға берудің және МЖӘ құралдарын пайдалануды кеңейтудің арқасында мүмкін болады.

      Бизнес ашуды, жүргізуді және жабуды жеңілдету, үздік практикалар мен салалық стандарттарды ілгерілету, барлық бизнес субъектілерін қаржылық емес сапалы қолдауды (бірінші кезекте консультациялық және ақпараттық) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады.

      Компаниялардың, атап айтқанда, басқа салаларға көрсетілетін қызметтерді немесе аралық өнімдерді ұсынатын компаниялардың, мысалы, барлық қалған салалардың бәсекеге қабілеттілігіне мультипликативтік әсер ететін табиғи монополиялардың көрсетілетін қызметтерінің ішкі бизнес-процестерін оңтайландыру бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қажетті көзіне айналады.

      Жеке бизнесті халықаралық нарықтарға, оның ішінде қаржылық емес қолдау шаралары мен экспортқа бағдарланған қызмет көрсетулерді ілгерілету есебінен экспанциялау оның өсуінің табиғи жалғасына айналады.

      "Мемлекеттің экономикадағы рөлін өзгерту" басымдығы

      Бес институционалдық реформа шеңберінде мемлекеттік меншік үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін (ЖІӨ-нің 15%-ына дейін) төмендету бойынша мақсат айқындалды. Бұл мақсат бизнес үшін, оның өзін-өзі дамытуы және елде адал бәсекелестік құру үшін кеңістік ашуға бағытталған.

      Одан әрі жекешелендіру, МЖӘ құралдарын дамыту, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметінің түрлерін қысқарту, қайта реттеу, әкімшілік кедергілер мен қысымды төмендету бәсекелі экономиканың қалыптасуына және жеке бизнестің дамуына жәрдемдеседі.

      "Жекешелендіру бағдарламасының тиімділігін арттыру" міндеті

      Мемлекет экономиканың бәсекелі орта қалыптастыруға болатын секторларынан шығады. Бұл ретте елдің стратегиялық даму мақсаттары, ұлттық қауіпсіздік, экономикаға мемлекеттің қатысуының негізделген мерзімдері, саладағы бәсекелестік дәрежесі, компанияның инвестициялық тартымдылығы, әлеуметтік маңыздылығы, кәсіпорындарды басқарудың тиімділігі және т.б. ескерілетін болады.

      Аталған міндет шеңберінде жекешелендіру бағдарламасына қатысты тәсіл қайта қаралады, рәсімдер оңайлатылып, активтерді бәсекелі ортаға берудің ықтимал әдістері кеңейтіледі.

      Жекешелендіру жекеменшік бизнес үшін ("Yellow Pages" қағидаты) "қызмет кеңістігін тазартуға", ағымдағы бюджет шығындарын азайтуға, жекешелендірілмеген мемлекет пен квазимемлекеттік кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға тиіс.

      3.1 "Жекешелендіру процесінің қағидаттары мен критерийлерін айқындау" бастамасы. Мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар мен ұйымдарды жекешелендіру, жою, біріктіру бағдарламасына енгізу үшін нақты критерийлер, сондай-ақ барлық тараптардың мүдделері ескеріле отырып, оларды өткізу қағидаттары айқындалатын болады.

      Бір-бірінің қызметін қайталайтын компаниялар мен мемлекеттік сектор ұйымдарын, табысты коммерциялық компанияларды немесе "артық" функцияларды орындайтын компанияларды анықтау мақсатында тиісті функционалдық талдау жүргізілетін болады.

      Компанияларды жекешелендіру (жеке қолға беру) жағдайында жаңа иеленуші қол жеткізе алатын тиімділік параметрлерін айқындау қажет.

      Мемлекеттік кәсіпорындар жүзеге асыратын функцияларды нарыққа беру орынды болмаса, оларды шоғырландыру, әкімшілік шығындарды қысқарту, басқарушылық және технологиялық процестерді цифрландыру есебінен тиімділігін барынша арттыру қажет.

      Жекешелендірудегі реттеуді өзгерту және кедергілерді жою жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады.

      3.2 "Ашық және айқын жекешелендіруді жүргізу" бастамасы. Жекешелендіру үздік әлемдік практикаларға және айқындық, ашықтық және барлық инвесторлар топтарына әділ көзқарас стандарттарына сәйкес, сондай-ақ қоғамдық бақылау арқылы жүргізілетін болады.

      Орталықтандырылған веб-сайтта жоспарлар, рәсімдер, мерзімдер, объектілер, мәмілелердің параметрлері мен құрылымы, сату алдындағы дайындық және мәмілелер жасасу барысы, мәмілелердің нәтижелері мен объектілердің жаңа иелері/операторлары туралы өзекті ақпарат қазақ, орыс және ағылшын (қажет болған жағдайда басқа) тілдерінде ұсынылатын болады.

      Әлеуетті инвесторлар мен қоғамды жекешелендіру барысы мен нәтижелері туралы үнемі хабарландыру жүргізілетін болады.

      Бұл шаралар қоғам тарапынан мемлекетке сенімді нығайтуға ықпал етеді және мемлекеттік меншіктің, сондай-ақ ұлттық компаниялар активтерінің тұлғалардың шектелген тобының пайдасына жосықсыз бөлінуіне жол бермейді.

      "Жеке сектордың МЖӘ құралдарын пайдалануы үшін қолайлы жағдайлар жасау" міндеті

      Міндет шеңберінде МЖӘ рәсімін жеңілдету жөніндегі жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ жеке инвестициялардың қолданылу құралдары кеңейтілетін болады.

      3.3 "МЖӘ рәсімдерін және тетіктерін оңайлату" бастамасы. Үздік әлемдік практикаларды қолдана отырып, МЖӘ рәсімдері мен тетіктерін оңайлату бойынша жұмыс жалғасады. Жобаларды бағалаудың және іріктеудің стандартталған тетігі енгізілетін болады, құжаттаманы келісу және шарттар жасасу кезеңдері мен мерзімдері оңтайландырылады. МЖӘ жобаларының валюталық тәуекелдерін қаржыландыру және кепілдендіру тетігі жетілдірілетін болады. Жалпы, реттеушi ортаның ашықтығын және болжамдығын арттыруға бағытталған заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ МЖӘ жобаларын іске асыру бөлігінде бюджет және салық заңнамасын жақсарту процесі жалғасады.

      3.4 "Қолданылатын құралдар мен МЖӘ-ға тәсілдерді кеңейту" бастамасы. Негізгі құралдар объектілерін құру және/немесе реконструкциялау туралы талап қоймастан, жеке секторды тартуға мүмкіндік беретін қызметтер көрсету шарттары есебінен МЖӘ құралдарын әлеуметтік салада пайдалану кеңейтіледі. Сонымен қатар, МЖӘ құралдарын қолдану үшін объектілерді таңдауға қатысты бағдарламалық тәсіл қамтамасыз етіледі.

      "Функцияларды беру және реттеуді оңтайландыру" міндеті

      Мемлекеттің функцияларын бәсекелі ортаға беру салалардағы жұмысты неғұрлым тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады, сондай-ақ жеке сектордың дамуына ықпал етеді.

      Реттеу, атап айтқанда, бақылау-қадағалау функциялары ыңғайлы болуы және жеке сектордың жұмысын жеңілдету үшін барынша оңайлатылған, ашық және болжамды болады.

      3.5 "Функцияларды мемлекеттен бәсекелі ортаға беру" бастамасы. Мемлекеттің жекелеген функцияларын бәсекелі ортаға, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жүзеге асырылатын болады. Бәсекелі ортаға беруге жататын мемлекеттік органдардың функцияларын іріктеу Мемлекеттік функциялар тізілімі және оның жыл сайынғы кадастрын жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.

      Стратегиялық функцияларды, ұлттық қауiпсiздiк мәселелерiн қозғайтын функцияларды және беруге жатпайтын басқа да функцияларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың реттеу және іске асыру функцияларын бәсекелі ортаға беру қаралуда. Беру туралы шешім нарықтардың дайындығын объективті және тәуелсіз талдау нәтижелері бойынша ғана қабылданады. Тиісінше орындалмаған жағдайда функцияларды мемлекетке қайтару тетігі белгіленетін болады.

      Алғашқы толқын шеңберінде, өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарды бақылау функцияларын мемлекеттiк органға бекіте отырып, экологиялық аудит пен бағалау қызметі саласындағы бірқатар функциялар өзін-өзі реттейтін ұйымдарға берілетін болады. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік саладағы міндеттерді шешуге бағытталған әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар бойынша функцияларды іске асыру көзделуде.

      Бұл бастама сонымен қатар жекешелендіру, аутсорсинг және өзге де тетіктер негізінде квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының бірқатар көрсетілетін қызметтерін жеке секторға беру бойынша шаралар қабылдауды көздейді. Бұл ретте стандарттау және регламенттеу мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын, халыққа және бизнеске қатысты жекелеген сақталған функциялар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жатқызылатын болады.

      3.6 "Квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтерге қатысты рұқсат беру жүйесін жетілдіру" бастамасы. Квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополиялар субъектілерінің тарапынан олар көрсететін қызметтерге қатысты рұқсат беруші реттеуді кезең-кезеңімен реформалау жүргізілетін болады. Квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополиялар субъектілері рұқсат беру нормаларын белгілеу мүмкіндігіне қатысты көрсетілетін қызметтердің толық тізбесі бекітіледі, сондай-ақ салалық заңнамада оларды берудің бірыңғай ашық рәсімдері, қағидалары мен біліктілік талаптары регламенттеледі.

      3.7 "Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қысқарту" бастамасы. Қайталанатын және мемлекет пен тұтынушының қауіпсіздігіне қатер туғызатын тәуекелмен байланысты емес бақылау мен қадағалау функцияларын алып тастау мақсатында мемлекеттік бақылау-қадағалау функцияларына тексеріс жасау жалғасады. Бақылау органдарының жеке бизнесті тексерулерінің санын және ұзақтығын қысқарту жалғасады, сондай-ақ бақылау органдарының құжаттама көлемін және тексерулер уақытын қысқартуы есебінен тексерулер рәсімі оңайландырылады.

      Тексерулер жүргізу мемлекеттік бақылау және қадағалау ашықтығын қамтамасыз ететін бірыңғай электрондық платформада жүзеге асырылады; сонымен қатар тексеру жүргізу үшін кәсіпкерлерді іріктеу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады.

      "Профилактикалық бақылау" институты енгізіледі, бұл мемлекеттік органдарды қолданыстағы анықтау және жазалау саясатының орнына құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту саясатына қайта бағдарлауға мүмкіндік береді.

      3.8 "Есептілік және ақпарат беру талаптарын қысқарту" бастамасы. Есептілік және ақпарат беру бойынша талаптар жүйеге келтіріледі, олардың қайталануы жойылады. Оның ішінде цифрландыру есебінен кәсіпкерлік субъектілерінің ақпарат жинауға және беруге байланысты шығасылары қысқартылады. 2024 жылға қарай есептілік және ақпарат беру бойынша талаптар санын 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

      "Жеке бизнестің өсуін ынталандыру" басымдығы

      Экономика өсуінің жаңа моделі шеңберінде елде бизнес жүргізу жағдайларын одан әрі жақсарту, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру қажет.

      "Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамыту" міндеті

      Міндет шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау есебінен бизнестің өсуі үшін жағдай жасау және оны жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі.

      3.9 "Бизнеске қызмет көрсету және қолдау бойынша "бір терезе құру" бастамасы. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуін жеңілдету үшін мемлекеттік дерекқорлармен және ақпараттық жүйелермен интеграцияланған және "бір терезе" қағидаты бойынша электрондық форматта мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынатын цифрлық платформа құрылады.

      Бизнеске көрсетілетін рұқсат беру және әкімшілік сипатындағы мемлекеттік қызмет көрсетулер "электрондық үкімет" веб-порталы мен жылжымалы желісінің абоненттік құрылғысының көмегімен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілетін болады.

      Бизнеске даму институттары көрсететін қызметтер де бір электрондық ресурста толық жүйелендіріліп, ретке келтірілетін болады.

      3.10 "Кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау шараларымен кеңейту" бастамасы. Кәсіпкерлік әлеуетті, құзыреттілікті арттыру және іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында кәсіпкерлерді сервистік қолдау шаралары кеңейтіліп бизнесті қаржылық емес қолдау құралдары жетілдірілетін болады. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде оқыту бағдарламаларына қатысушыларға, оларды іріктеу рәсіміне, басшылық пен тәлімгерлік деңгейіне мониторинг жүргізіледі, бұл бағдарламаның негізгі кемшіліктері мен ақтаңдақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысу үшін квоталар кеңейтіледі.

      Құзырет орталықтарына айналатын кәсіпкерлерді қолдау орталықтары бизнесті қолдау мен дамытудың барлық қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары бойынша толық ақпарат береді, бизнес-жаттықтырушыларды тарта отырып, консультациялар мен білім беру бағдарламаларын ұсынады.

      3.11 "Бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту" бастамасы. Дүниежүзілік Банк тобының "Бизнесті жүргізу" рейтингінде елдің позицияларын жақсарту бойынша жұмыс жалғасатын болады. Көрсетілетін қызметтер мен тауарлар экспортының уақыты мен құнын (шекаралық және кедендік бақылау, құжаттарды ресімдеу) қысқарту, электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу рәсімдерінің санын азайту, кредиттік операцияларды қорғау және кредиттік тізілім мен кредиттік бюромен қамту деңгейін арттыру, есептілікті дайындауға, беруге және салықтар мен аударымдарды төлеуге (немесе ұстап қалуға) жұмсалатын уақытты қысқарту және т.б. сияқты артта қалу орын алған салаларды жақсартуға қол жеткізілетін болады.

      Іс жүзіндегі жұмыста негізі назар, бірінші кезекте, өңірлердегі бизнес-климатты жақсартуға бағытталады.

      3.12 "Орта бизнестің өсуін ынталандыру үшін салық жүйесін үйлестіру" бастамасы. Компаниялардың өсуін және ірілендірілуін ынталандыру, орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, әсіресе, қызмет көрсету саласындағы бизнесті көлеңкеден шығару үшін салықтық жағдайлар жасау мақсатында салық заңнамасын одан әрі жетілдіру жалғасатын болады,.

      3.13 "Аграрлық сектордағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты кооперативтер ұйымдастыруға ынталандыру" бастамасы. Жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін реттеу үшін нормативтік құқықтық база жаңартылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ауыл шаруашылығы кооперациясына барынша тарту және кооперативтердің ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау көлемін одан әрі ұлғайту үшін жағдай жасау және мемлекеттік қолдау көрсету жалғасатын болады. Бұл оларға жеке мүлікке билік етуде дербестікті сақтай отырып, экономикалық қызметті жүргізуге бірлесіп қатысу арқылы өздері өндіретін өнімді өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      "Тәуекелдерді азайту және қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету" міндеті

      Жеке кәсіпорындардың қаржыландыруға қол жеткізуін кеңейту үшін кредиторлар мен инвесторлардың тәуекелдерін азайту мақсатында олардың төлем қабілеттілігі мен ашықтық деңгейін арттыру қажет. Міндет шеңберінде кəсіпорындарды жабу рәсімдері оңайлатылады, компанияларды корпоративтік басқару күшейтіледі, кредиттік-рейтингтік ұйымдардың құзыреттілігі мен жауапкершілігі артып, кредиттік шешім қабылдау процесі жетілдіріледі.

      3.14 "Кәсіпорындарды жабу рәсімдерін оңайлату" бастамасы. Белсенді емес және тиімсіз жұмыс істейтін кәсіпорындардың үлесін азайту үшін рәсімнің ашықтығын, қарапайымдылығын арттыру және мерзімдерін қысқарту есебінен заңды тұлғаларды жабу тетіктері оңайлатылады. Заңды тұлғалардың банкроттығы рәсімдерін одан әрі жетілдіру мүмкіндігі қаралады және жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдері енгізіледі.

      3.15 "Корпоративтік басқару деңгейін арттыру" бастамасы. Ашықтық деңгейін арттыруға және тәуекелдерді басқару жүйелерін жетілдіруге бағытталған корпоративтік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жалғасатын болады.

      Қарыз алушылар мен эмитенттердің қаржылық жағдайы туралы деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілетін болады.

      Кредиттік тарихтарды қалыптастыру және кредиттік есептерді ұсыну мәселелері бойынша кредиттік бюролардың банк институттарымен өзара іс-қимылы күшейтіледі, ақпарат берушілердің және көрсетілетін қызметтер спектрінің тізбесін кеңейту мәселесі пысықталады, үздік халықаралық практикаға сәйкес қарыз алушылардың кредитті өтеуге қабілеттілігін бағалау құралдары жетілдіріледі.

      Жергілікті рейтингтік агенттіктерге көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту есебінен неғұрлым кең өкілеттіктер беру мәселесі пысықталатын болады; рейтингтік бағалар беру әдіснамасы жаңартылады; рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау тетіктерін енгізу мүмкіндігі қаралып, олардың берген рейтингтік бағалары үшін жауапкершілігі артады.

      Аудиторлық қызметті, оның ішінде айыппұлдар мен анық емес ақпарат үшін лицензияны қайтарып алу тетігі есебінен реттеуді күшейту қаралатын болады.

      3.16 "Қаржыландырудың баламалы көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету" бастамасы. Private eguity, факторинг, микрокредиттеу, венчурлік қорлар мен басқалары сияқты банктік емес қаржыландыру құралдарын дамыту үшін нормативтік құқықтық база жаңартылады. Микроқаржы институттары үшін неғұрлым арзан қаржыландыруды тарту мақсатында апексивті ұйым құру бойынша іс-шаралар әзірленетін болады.

      "Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыру" міндеті

      Міндет шеңберінде ұлттық стандарттарды халықаралық деңгейге келтіру және сертификаттау инфрақұрылымын дамыту есебінен өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ынталандырулар көзделеді.

      3.17 "Ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен жедел үйлестіру" бастамасы. Ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру процесі жеделдетіледі. Экспортқа бағдарланған салаларға арналған стандарттар негізгі сыртқы нарықтардың тиісті стандарттарымен үндестірілетін болады. Өзге де өнімдер мен көрсетілетін қызметтер үшін халықаралық стандарттарды таңдау талап етілетін сапа деңгейіне негізделе отырып жүзеге асырылады.

      3.18 "Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды күшейту" бастамасы.

      Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында мен қауіпсіздігін бақылау жүйесін дамыту және нығайту бойынша жүйелі шаралар әзірленіп, қабылданатын болады.

      Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау институты мен құралдарын, оның ішінде кейін нарыққа қатысушыларды жауапқа тарту үшін міндетті талаптардың сақталмауын және халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірілуін анықтау мүмкіндіктерін нығайту арқылы шаралар қабылданатын болады.

      Сапа зертханаларының жаңаларының пайда болуы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен толық жарақтандыру үшін сынақ және сертификаттау орталықтарын, оның ішінде жоғары оқу орындарының қолда бар зертханалық базалары негізінде ынталандырулар жасалатын болады.

      "Еңбек өнімділігінің өсуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою" басымдығы

      Технологиялық жаңғырту мен цифрландырудан басқа, өнімділіктің өсуінің маңызды факторы кәсіпорындардың операциялық қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады. Тиімділік өз қызметін (өндірістік процестерді, материалдарды сатып алу және жеткізу процестерін, әкімшілік ету процестерін) жақсарту, сондай-ақ ресурстарға (оның ішінде электр энергиясына, суға, газға), логистика мен өнімдерді өткізуге шығындарды азайту есебінен артуы мүмкін.

      "Кәсіпорындардың операциялық тиімділігін арттыру" міндеті

      Барлық экономика секторларында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған қолданыстағы бағдарламалардың шаралары мен қамту құралдарын кеңейту қажет.

      3.19 "Қамтуды ұлғайту және операциялық тиімділікті арттыруға ынталандыруларды оңтайландыру" бастамасы. Барлық салаларда өнімділікті арттыру үшін ынталандыру шараларын салалық қамту кеңейтіледі.

      Бұл ретте қолдау тетіктері әрбір жеке саладағы өнімділіктің өсуін тежейтін нақты кедергілерге байланысты салалар арасында әртараптандырылады.

      Қазірдің өзінде қолданыстағы шаралардан тиімсіз және талап етілмейтін шаралар алынып тасталып, олардың орнына еңбек өнімділігінің өсуін ынталандырудың жаңа, мысалы, облыстардың шегінен тыс жеткізілімдер географиясын кеңейту кезінде тауар өндірушілердің көліктік шығасыларын төмендетуге, делдалдарды, демек, өндірістің соңғы құнын төмендету үшін электрондық сауда платформасын құруға бағытталған тетіктері әзірленді.

      Өнімділікті өсірудің технологиялық процестері, құралдары мен ықтимал нәтижелері туралы хабардар болуды арттыру мақсатында компаниялар басшылары мен меншік иелерінің білімі мен құзыреттері деңгейін арттыру бойынша жұмыс жандандырылады.

      3.20 "Бизнесті операциялық тиімділікті арттыру құралдары туралы белсенді түрде хабардар ету" бастамасы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы операциялық тиімділікті, өнімділікті арттыруға және энергия тиімділігін жақсартуға арналған құралдар мен технологиялар туралы бизнесті белсенді хабардар етіп отыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізетін болады. Технологияларға тұрақты шолулар, операциялық тиімділікті, энергия тиімділігін арттыру құралдарының сипаттамалары, озық тәжірибелердің мысалдары, персоналды көтермелеу әдістемелері, экспорттық нарықта жұмыс істеу үшін қажетті ақпарат жарияланатын болады.

      3.21 "Өнімділікті арттыру шараларын әзірлеу және мәртебесін мониторингтеу үшін диалог платформасын құру" бастамасы. Бизнестің, банктер мен мемлекеттік органдардың қатысуымен тұрақты мемлекеттік-жекешелік диалог алаңшалары жұмыс істейтін болады. Алаңшалар Бәсекеге қабілеттілік кеңесі шеңберінде жұмыс істей алады. Жетекші рөл Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілетін болады.

      "Табиғи монополиялардың операциялық тиімділігін арттыру" міндеті

      Табиғи монополиялар жұмысы тиімділігін арттыру барлық салаларда өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Шекті тарифтер тетіктерінен басқа, инновациялық технологияларды енгізуге бағдарланған тариф белгілеудің ынталандырушы әдістері енгізілетін болады.

      3.22 "Электр энергиясы мен қуаттың көтерме сауда нарығының моделін енгізу" бастамасы. Электр энергиясын өндіру сегментінің проблемаларын шешу үшін электр энергиясы мен қуаттың (нысаналы модель) көтерме сауда нарығының моделі әзірленіп, енгізілетін болады, ол шекті тарифтер тетігінің орнын басады. Нысаналы модель шеңберінде электр энергиясы мен қуат нарықтарының бәсекелі баға белгілеумен жұмыс істеуі қаралады. Нысаналы модельге көшуді 2019 жылдан бастап жүзеге асыру болжанып отыр.

      Электр энергиясына арналған тарифтер, сондай-ақ қуаттың бағасы (қолданыстағы, жаңа және жаңартылатын) электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ететіндей болып қалыптастырылуы тиіс. Атап айтқанда, электр энергиясын арналған тариф электр энергиясын өндірушілердің барлық негізделген шығындарын өтеп, тіркелген пайданы қамтамасыз етуі тиіс, ал қуат төлемақысы өндірушілердің инвестициялық шығындарын өтеуі тиіс.

      3.23 "Ұзақ мерзімді тарифтік реттеу жүйесін өзектендіру" бастамасы. Энергетика саласын тиімді дамыту, оны технологиялық жаңарту, жаңғырту, реконструкциялау және жаңа активтерді салу үшін тариф белгілеу әдістері жетілдірілетін болады.

      Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес энергия өндіруші ұйымдарда электроэнергияны сатудың орталықтандырылған моделіне кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылып, энергия өндірушілердің тарифтерді бекітуі мен өзгеруіне, оның ішінде электр энергиясын өндірудегі шығын сметасына қатысты материалдарды ашық қол жеткізуге міндетті түрде орналастыру арқылы тариф белгілеудің ашық тетіктері енгізілетін болады.

      Табиғи монополиялар субъектілері үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігінің және қызметі тиімділігінің критерийлері енгізілетін болады, оған қол жеткізу бекітілетін тариф деңгейіне тәуелді болады.

      3.24 "Энергетика саласында бәсекелестікті күшейту және ойыншыларды шоғырландыру" бастамасы. Энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және электр энергиясына жұмсалатын шығындарды төмендету үшін энергетика саласында құрылымдық қайта құрулар жүргізіліп, өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіруге ықпал ететін тетіктер мен талаптар енгізілетін болады.

      Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестікті дамыту мақсатында электр қуатын Орталықтандырылған сауда-саттықта Бірыңғай сатып алушы алатын болады.

      Коммуналдық сектордың табиғи монополиялары субъектілерінің қызметтер көрсетуін кезең-кезеңімен "бір терезе" қағидаты бойынша беруді қамтамасыз ететін, олардың инфрақұрылымына техникалық қосу үшін талаптардың толық тізбесі айқындалатын болады.

      3.25 "Магистральдық теміржол желісінің тариф белгілеу жүйесін жетілдіру және операциялар жүргізу қызмет көрсетулерін мемлекеттік реттеуден шығару" бастамасы. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін тарифтік реттеудің оңтайлы моделін қалыптастыруға, қызметтерді көрсету шығындары мен кірістерін құрылымдауға және теңгерімдеуге, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа прогрессивті тәсілдер енгізіледі. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерінің тарифтерін реттеу мемлекеттің қарамағында қалады, сонымен бір мезгілде жылжымалы құрамның операциялар жүргізу қызмет көрсетулері мемлекеттік қадағалаудан шығарылады.

      "Көлік-логистика және сауда инфрақұрылымын дамыту" міндеті

      Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсуді қолдау көлік-логистика жүйесінен негізгі халықаралық көлік дәліздеріне белсенді интеграциялануды талап етеді. Көлік саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы ең жоғары деңгейге шығарылуы, сондай-ақ жүктердің тасымалдануын оңтайландыруға және жеткізу мерзімдері мен құнын қысқартуға негізделуі қажет. Бұл негізгі транзиттік бағыттардың дамуын қамтамасыз етуге, қолданыстағы көлік инфрақұрылымының "тар жерлерін" жоюға және олардың өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

      Экономиканың жекелеген секторларында (атап айтқанда ауыл шаруашылығында) делдалдардың көп болуына байланысты шығасыларды азайту мақсатында көтерме сауда-тарату орталықтарын және электрондық сауданы дамыту үшін жағдай жасалады.

      3.26 "Автомобиль жолдарының сапасын арттыру және жол бойындағы көрсетілетін қызметтерді дамыту" бастамасы. Республикалық, сол сияқты жергілікті автомобиль жолдары желісінің жағдайын жақсарту үшін күтіп ұстауға, жөндеу мен реконструкциялауға арналған қаржыландыру көлемі ұлғайтылатын, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарымен қамту кеңейтіледі. Бұл ретте жолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалатын шығыстардың тиімділігін арттыру үшін автожолдарды ақаусыз күтіп ұстау жөніндегі, яғни тікелей нәтижеге бағдарланған келісімшарттардың жаңа нысандары енгізіледі. Аталған келісімшарттардың басты ерекшелігі жұмыс көлемін сандық есепке алудан - жол жағдайының сапалық көрсеткіштеріне ауысу болып табылады, бұл ретте мердігер жұмыстарды орындаудың сабақтастығы мен технологияларын өз бетінше таңдауға құқылы.

      Бөлінетін бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне, автожолдарды салу мен күтіп ұстауға жұмсалатын шығасыларды төмендетуге назар аудара отырып, жол желісінің (әсіресе жергілікті жолдардың) сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарды бағалау үшін нақты критерийлер мен сапалы индикаторлар әзірленетін болады.

      Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсету объектілерін салу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Объектілердің бір бөлігі желілік бизнес-құрылымдарды тарта отырып салынатын болады, кешенді сервис объектілері болып қайта құрылады немесе толық жарақтандырылады. Бұл ретте жеке сектордың мүдделілігін арттыру үшін перспективалы сервис объектілерін халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына орналастыру схемасы бекітіледі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың салынып жатқан және жоспарланып отырған сервис объектілеріне инженерлік коммуникацияларды тартуға рұқсат құжаттарын беру рәсімдерін жеңілдету мүмкіндігі қаралады.

      3.27 "Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру" бастамасы. Транзиттік жүк ағыны әлеуетін тұрақты талдау негізінде және "тар жерлерді" жою қағидаты негізге алына отырып, көлік инфрақұрылымының қуатын ұлғайту жүзеге асырылады. Мәселен, халықаралық дәліздердің өткізу қабілеттілігі ұлғаяды, оның ішінде Алматы қаласының айналма теміржол желісі, Достық-Мойынты учаскесінде екінші теміржол жолдары салынып, Жарық-Жезқазған және Қызылорда-Шалқар теміржол учаскелері жаңғыртылатын болады. Бұдан басқа, жылжымалы құрамның санын, атап айтқанда, жалғамалы платформаларды ұлғайту және автомобиль жүк көлік құралдарының паркін жаңарту үшін ынталандыру жасалатын болады.

      Кедендік өткізу пункттерінің тиімділігін арттыру мақсатында "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін стандартталған түрдегі кедендік декларацияларды берудің және табыс етудің электрондық жүйесі – "Бірыңғай өткізу арнасы" енгізілетін болады. Тәуекелге бағдарланған жүктерді тексеріп қарау жүйесі енгізіледі және мемлекеттік қызметшілердің тексерулер кезіндегі жұмысын үйлестіру ұйымдастырылады. Қазақстандық өткізу пункттерінің инфрақұрылымы бірыңғай кешенді шешім негізінде жаңартылады.

      3.28 "Электрондық сауданы дамыту" бастамасы. Электрондық сауданы реттеу және тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы өзара қарым-қатынасты регламенттеу, сондай-ақ Интернетте тұтынушылардың құқықтарын қорғау жетілдірілетін болады. Атап айтқанда, қолма-қол төлемдері қазіргі шектеулер ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен банк карталарымен қауіпсіз онлайн төлеуге қолжетімділік есебінен алып тасталады.

      "Экспортты ілгерілету және оны әртараптандыру" басымдығы

      Ішкі нарық сыйымдылығы төмен болған кездегі сыртқы өзгерістерге тұрақты экономикаға бағдарланған жолы өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласын экспортқа бағдарлауды талап етеді. Перспективалы экспорттық қоржын перспективалы өткізу нарықтарының қажеттіліктеріне және Қазақстанның салыстырмалы артықшылықтарына негізделе отырып, айқындалады.

      "Экспорттаушыларды қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын кеңейту" міндеті

      Экспорттаушылар сыртқы нарықтарда жұмыс істеу кезінде тарифтік және тарифтік емес кедергілердің болуы, сауда инфрақұрылымының жоқтығы, тәжірибенің және сұраныстың ерекшеліктері, өткізу арналары мен құқықтық өріс туралы хабардар болудың жеткіліксіздігі сияқты бірқатар қиыншылықтарға тап болады. Міндет шеңберінде осындай қиындықтарды еңсеру мен экспорттаушыларға қолдау көрсету бойынша шаралар іске асырылатын болады.

      3.29 "Институттарды үйлестіру және экспорттаушылар үшін "бір терезе" құру" бастамасы. Процестердің қайталануын болдырмау және экспорттаушылардың қолдау алу процесінің айқындығын қамтамасыз ету үшін рөлдердің аражігін нақты бөлу жүргізіледі және экспортқа қолдау көрсететін ұйымдарды үйлестіру үшін тетіктер құрылады.

      Бұдан басқа, Қазақстанда экспортты қолдау бойынша барлық көрсетілетін қызметтерді біріктіретін бірыңғай онлайн-платформа әзірленетін болады. Осы платформа базасында электрондық сервистер кешені, оның ішінде рұқсат беру құжаттарын алу, қолдау шараларын көрсету, көлік пен логистиканы басқару жөніндегі сервистер мен экспорттаушыларға консультациялар беруге арналған қосымша сервистер іске асырылады. Платформаның инфрақұрылымы кейін мүдделі мемлекеттік органдар мен даму институттары пайдалануы үшін экспорттаушыларға бірыңғай өткізу арнасы арқылы стандартталған түрде құжатты бір рет ұсынуға мүмкіндік береді.

      3.30 "Сыртқы нарықтардағы тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою" бастамасы. Туындайтын сауда дауларын реттеу және сыртқы сауда кедергілерін жою мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қауымдастықтарының күш-жігерін үйлестіру кезінде жүзеге асырылатын болады. Сыртқы нарықтарға қол жеткізу шарттарының нашарлауы туралы ақпарат беру жеке сектордың міндетіне айналады. Сыртқы сауда кедергілерін жою үшін мемлекет Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелілік шеңберінде преференциялық сауда туралы келісімдердің, еркін сауда аймақтарының санын кеңейту; сыртқы сауда кедергілерін жою бойынша келісілген шаралар кешенін тұжырымдау; жаңа өткізу нарықтарына шығумен байланысты экспорттаушының шығасыларын азайтуға бағытталған шараларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізетін болады.

      3.31 "Сыртқы нарықтарда экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператор өкілдіктерін дамыту" бастамасы. Экспорттық ілгерілетуге басымды және жоғары елдерде қазақстандық бизнестің тұрақты болуын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, экспорттаушылар үшін сауда әріптестерін іздестіруге және коммерциялық келіссөздер жүргізуге көмек көрсетуге бағытталған өкілдіктер желісі құрылады. Бұдан басқа, өкілдіктер промоутерлік іс-шаралар жүргізуге, сыртқы нарықтардағы сұраныс пен сату арналары туралы ақпарат жинауға қолдау көрсетуді, сондай-ақ қазақстандық сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қазақстандық өнімдерді экспорттаудағы кедергілерді еңсеруге жәрдем көрсетуді жүзеге асырады.

      3.32 "Экспортты жылжыту жөніндегі қаржылық шараларды дамыту" бастамасы. Экспортты ілгерілетуді қаржылық қолдау шараларының тиімділігін арттыру, барлық көлемдегі (ірі, орта, шағын) көптеген компаниялар үшін қолдау шараларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттаушылардың өтінімдерін қарау мерзімдері мен рәсімдерін қысқарту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Тартылатын қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін экспортты қолдауды дамыған елдердің деңгейіне дейін жеткізу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай операторды дамыту оның қаржылық тұрақтылығын және әлемнің қаржы институттары мен экспорттық-кредиттік агенттіктер тарапынан сенім дәрежесін арттыруға бағытталатын болады. Бұл қажетті ұзақ мерзімді қаржы ресурстарын тартуға, сондай-ақ ДСҰ шеңберінде көзделген шектеулер ескеріле отырып, кредиттер мен сақтандырудың құнын біршама төмендетуге мүмкіндік береді.

      "Экспортқа бағдарланған көрсетілетін қызметтерді дамыту" міндеті

      Көрсетілетін қызметтер экспортын дамыту үшін кедергілер жойылады және елеулі экспорттық әлеуеті бар көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға жылжыту қамтамасыз етіледі. Мұндай көрсетілетін қызметтерге, медициналық және білім беру туризмі саласындағы көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, туристік көрсетілетін қызметтер, қаржылық және іскерлік көрсетілетін қызметтер, транзиттік көліктік және ғарыштық көрсетілетін қызметтер жатады.

      3.33 "Туристік саланы дамыту үшін жағдай жасау" бастамасы. Жол, жол бойындағы, коммуналдық және өзге де инфрақұрылымдарды, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман шаруашылығындағы демалу объектілерін және туристік бағдарларды дамыту үшін заңнама жетілдірілетін және шаралар қабылданатын болады.

      3.34 "Шетелдік туристерді тарту үшін ақпараттық-жарнамалық науқандарды іске қосу" бастамасы. Қазақстан және оның туристік объектілері туралы өзекті ақпараты бар елдік веб-портал жаңартылып, қолдау көрсетілетін болады. Туризмді жылжыту жөніндегі жарнамалық-маркетингтік жоспар, елдік және ұлттық туристік бренд әзірленетін болады. Бірінші басымдықтағы елдер үшін жеке ақпараттық-жарнамалық стратегиялар әзірленеді.

      3.35 "Көші-қонын бақылау рәсімдерін және визалар ресімдеуді оңайлату" бастамасы. Кіру визасын ресімдеуге құжаттар беру, шақыруларды ресімдеу және мемлекеттік органның шешімімен анықтама алу процесін жеңілдету үшін визалық көші-қон интернет-порталы жетілдіріледі, визаларды онлайн беру рәсімі енгізіледі және ADS (Approved Destination Status) визаларын беру тетігі жетілдіріледі. Визалық көші-қон режимі біріздендіріле отырып, мемлекеттік физикалық шекара арқылы өту процесі жеңілдетілетін болады. Азаматтар үшін "72 сағатқа визасыз транзит" режимі енгізілетін басым елдер айқындалады.

      3.36 "Медициналық туризмді дамыту" бастамасы. Жақын және алыс шет елдерден медициналық туристерді тарту үшін кең ауқымды жоғары технологиялық қызметтер көрсету үшін қажетті қазіргі заманғы жабдықпен жарақталған жетекші медициналық орталықтар мен санаториялық-курорттық мекеме кластерлері базасында алдыңғы қатарлы сапалы медициналық және сауықтыру қызмет көрсетулері қалыптастырылады.

      Медициналық туризм саласындағы негізгі ойыншылар, бірінші кезекте, халықаралық аккредиттеуден өткен қазақстандық медициналық ұйымдар болады. Пациентке бағдарланған сервисті дамыту және қонақжайлылық қағидаттарын, медициналық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілерін ынталандыру тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жалғасады.

      Әлемдік нарықта қазақстандық медициналық туризм бренді медициналық туризм бойынша әлемдік компаниялармен және қауымдастықтармен әріптестік өзара қарым-қатынастарды дамыту есебінен ілгерілейтін болады.

      3.37 "Қаржылық және іскерлік көрсетілетін қызметтерді дамыту" бастамасы. АХҚО аумағында ағылшын құқығы қағидаттарына және жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген ерекше құқықтық режим, сондай-ақ тәуелсіз реттеу, елге шетелдік инвестицияларды, шетелдік қаржы институттарын және біліктілігі жоғары кадрларды тарту үшін жеңілдетілген салықтық, оңайлатылған визалық және еңбек режимдері қолданылатын болады. Озық шетелдік компанияларды жергіліктендіру және қаржы мен инвестициялар саласында адами капиталды арттыру экспорттың өсуіне әлеуетті түрде жанама ықпал етеді.

      3.38 "Қазақстандық дәліздер мен транзиттік сервисті ілгерілету" бастамасы. Қазақстандық көлік сервистерін шет елдерде ілгерілету бойынша тұрақты жұмыс іске қосылады. Шетелдік жүк жөнелтушілермен жұмыс жүргізу арқылы транзиттік теміржол тасымалдары кезінде кері тиеу арттырылатын болады. Трансқазақстандық бағдарларға жаңа клиенттерді тарту мақсатында жаңа жолдар мен бәсекеге қабілетті сервистер қалыптастырылатын болады.

      3.39 "Ғарыштық қызмет көрсетуді және сынақтан өткізу қызметін дамыту" бастамасы. Ғарыш аппараттарын жобалауға, жинақтау мен сынақтан өткізуге және олардың құрауыштарын өндіруге арналған ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық кешені бар ғарыш аппараттарын жинақтау-сынақтан өткізу кешені жұмыс істейтін болады. Кешен Қазақстанның спутниктік топтамасын дамыту үшін де, сол сияқты спутниктер өндірісінің әлемдік нарығына шығу үшін де спутниктер шығаруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталады.

      Экспорттық әлеуетті іске асыру үшін Жерді қашықтықтан зондтау жүйесінің жер үсті кешенін коммерцияландыру жетілдіріліп, шетелдік сарапшыларды тарта отырып маркетинг бойынша персоналды даярлау жүргізілетін болады.

      Күтілетін нәтижелер

      Жеке сектордың экономикалық белсенділігі айтарлықтай өседі, шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-гі үлесі 35%-ға дейін ұлғаяды. 2020 жылға қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесінің ЖІӨ-де ЖҚҚ 15%-ға дейін төмендейді. Әкімшілік кедергілердің әлсіреуі және реттеуді оңтайландыру ЭЫДҰ-ның бәсекелі ортасының индексі бойынша 2,2 балл деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Көлік-логистика және сауда инфрақұрылымын дамыту логистика тиімділігінің индексі бойынша 38-орынға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

      Өнімділігі жоғары салаларды дамыту Гарвард Университетінің индексіне сәйкес экономиканың "күрделілік" деңгейін арттыра отырып (55-орынға қол жеткізу), экономиканы əртараптандыруға жəне 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорттың 41 млрд АҚШ долл. дейін өсуі есебінен экономиканың құрылымдық дағдарыстарға тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

4-реформа. Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет

      Реформаның мәні: реформа заңдарды мүлтіксіз сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың үздік алдын алу тетіктерін белсенді қолдану, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру есебінен қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал құруға бағытталған. Реформаны іске асыру бизнес жүргізу тәуекелдерін төмендетіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартады, азаматтар құқықтарының қорғалу деңгейін арттырады.

      2025 жылға қарай Қазақстан үшін қағидаттық өзгерістер:

      заң шығарушылықтан – заңдарды мүлтіксіз сақтауға және құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету;

      құқықтық қорғаудың кепiлдiгiне сенімсіздіктен – мемлекеттік билік институттарына, тәуелсiз және әділ сот жүйесіне жоғары сенiм білдіру деңгейі;

      жазалаудан – сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу;

      құқық бұзушылықтарға төзушіліктен – әсіресе сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне мүлдем төзбеушілік, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыру болмақ.

      Алда тұрған міндеттер

      Жедел экономикалық өсу мен өмір сүру сапасын арттыру үшін құқық үстемдігін қамтамасыз ету қажет, бұл заңның сақталуына, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге және қоғамдағы құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейіне кепілдік береді. Бизнес-қоғамдастығының өкілдері, отандық және халықаралық сарапшылар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі құқықтық дамуындағы негізгі басымдықтар ретінде дәл осы бағыттарды бірауыздан бөліп көрсетіп отыр.

      Заңдардың сапасын, түсінікті болуын қамтамасыз ету, азаматтардың сенім білдіру деңгейі жоғары болған кезде сенімді және әділ сот қорғауына кепілдік беру негізгі міндеттер болады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында алдын алу шараларын қолдану практикасын кеңейту және процестерді жеңілдету мен ашықтығы есебінен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, толық автоматтандыру мен есептілік арқылы цифрлық технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік аппарат қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту керек.

      Құқықтық мемлекетті қалыптастыруда табыстың маңызды құрамдас бөлігі құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті орнату, азаматтардың заңды сақтаушылық мінез-құлқын және жалпы қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

      "Заңнаманы жетілдіру және заңдарды сақтау үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ету" басымдығы

      Ұлттық заңнаманың жоғары сапасы қолдау табады, азаматтардың құқықтарын қорғау тетігі жақсартылады, сот жүйесінің тәуелсіздігі күшейтіледі, қоғамның мемлекеттік институттарға сенім білдіру деңгейі артады. Қазақстанда құқық қорғау жүйесі халықаралық стандарттарға барынша жақын болады.

      "Заңнаманың және құқық қолданудың сапасын, тұрақтылығын арттыру" міндеті

      Заңнаманың болжамды және сапасының жоғары болуы ел ішіндегі өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасайды, Қазақстанды халықаралық бизнес үшін неғұрлым бәсекеге қабілетті әрі тартымды етеді. Осы мақсаттарда заңды әркелкі түсіндіру мүмкіндіктерін жою, олардың қайталануын болдырмау, заңдардың тұрақтылығын және бір мезгілде заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтардың болжамдылығын қамтамасыз ету қажет. Бірінші кезекте бұл халық пен бизнес үшін неғұрлым қолданылатын және маңызды заңдарға қатысты.

      Заңнаманы, оның нормативтік деңгейлері мен құқық құрылымын одан әрі жаңғырту ұлттық заңнаманың, оның базалық салаларының даму басымдықтарын, ведомстволық норма шығармашылықтың рөлін, құқықтық реттеу тетігіндегі заңнамалық және заңға тәуелді актілер үлесінің оңтайлы арақатынасын айқындау арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте ұлттық заңнаманы дамыту басымдықтары жаһандық әлемдегі біздің құқықтық жүйеміздің бәсекеге қабілеттілігін, тартымдылығын қамтамасыз ету призмасы арқылы айқындалатын болады.

      Мемлекеттің құқық шығармашылық рөлі ең алдымен азаматтық айналым субъектілеріне қызмет жасау үшін (әсіресе кәсіпкерлік) көбірек еркіндік беруге, оның ішінде құқықтағы диспозитивтілік қағидатын неғұрлым кеңінен пайдалана отырып, еркіндік беруге бағытталады. Сөзсіз және әрқашан мемлекеттің қарамағында болатын, сондай-ақ мемлекеттік монополиядан тыс болуы мүмкін қатаң нормативтік-құқықтық реттеуге жататын салалар мен аялар нақты айқындалатын болады, өйткені бірқатар жағдайларда неғұрлым "икемді" және нақты нормативтік-құқықтық реттеген жөн. Бұл реттеу белгілі бір жағдайларда институционалдық ортаның дайын болуына қарай мемлекеттік емес субъектілерге берілуі мүмкін.

      4.1 "Заңнаманың сапасын арттыру" бастамасы. Заң жобаларын және қолданыстағы заңнама актілерін бағалау рәсімдерін жетілдіру (заң қабылдау, экономикалық әсерді талдау, реттеушілік әсерді бағалауды кеңінен пайдалану, ықтимал тәуекелдер болжамы) арқылы заң жобаларын дайындау, жобаларды неғұрлым сапалы дайындау және олар бойынша консультациялар жүргізу үшін жеткілікті мерзімдер белгілеу арқылы заң жобаларын дайындау бойынша процестер мен институционалдық мүмкіндіктер жақсартылады.

      Жария құқық жүйесінде реттеушілік те, сол сияқты деликтік заңнама және ең алдымен қылмыстық құқық жетілдірілетін болады. Бұл ретте оның нормалары толық көлемде заң нақтылығы мен салдарлардың болжамдылығы талаптарына сай келетін болады, яғни жеткілікті деңгейде нақты тұжырымдалады және заң ережелерін ерікті түрде түсіндіру мүмкіндігін болдырмастан, заңды іс-әрекетті заңсыз іс-әрекеттен барлық айқындамаларымен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті критерийлерге негізделеді.

      Заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құқықтық, әсіресе халық пен бизнестің күнделікті қызметін тікелей регламенттейтін актілерді жаңартудың барынша жиілігі шектелетін болады. Барлық өзгерістер азаматтар мен ұйымдар үшін қолжетімді форматта жарияланып, қажетті түсіндірулерді қамтиды.

      4.2 "Құқық қолдануды жақсарту" бастамасы. Көптеген сарапшылар отандық заңдардың сапасы жеткілікті деңгейдегі жоғары екенін, алайда нашар орындалатынын атап өтуде. Осыған байланысты заңдарды және өзге де нормативтiк актілерді, оның ішінде олардың орындалуын мониторингтеу мен бағалауды іске асырудың ұйымдық-құқықтық тетіктері айқындалады. Құқықтық мониторинг шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді қолдану нәтижелерін толыққанды сараптау енгізілетін болады.

      "Адам құқықтары мен бостандықтарын және меншік құқықтарын қорғау тетіктерін жақсарту" міндеті

      Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бәрінен бұрын меншік құқықтарын қорғау азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекетке сенім білдіруінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі болып табылады.

      4.3 "Қылмыстық және әкімшілік-деликтік заңнаманы одан әрі ізгілендіру" бастамасы. Қылмыстық – ең алдымен заңдылық пен құқықтық тәртіптің салтанат құруы үшін қауіп-қатерлерді ескере отырып, экономикалық қылмыспен күрес саласында - саясатты одан әрі ізгілендіру үшін мүмкіндіктер айқындалатын болады.

      Салықтық, кедендік және басқа да құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, қоғамдық қауіптілік дәрежесі жоғары емес құқық бұзушылықтың экономикалық құрамдарын қылмыстық сипаттан арылту және ізгілендіру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Қазірдің өзінде енгізілген өзгерістерден болған нақты әсер қазіргі заманғы талдамалық және пікіртерім әдістерінің көмегімен бағаланатын болады.

      Заңнаманы және қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәркілеуді тек қылмыстық жолмен жинаған мүлкін тәркілеу ретінде қолдану практикасын жетілдіру, сондай-ақ мүлікті заңсыз жолмен алғанын дәлелдемелерді берудің нақты критерийлерін белгілеу бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Әкімшілік-деликтік заңнаманы ізгілендіру әкімшілік жауапкершіліктің құқық бұзушылық сипатына сәйкестігі қағидатын сақтауға бағытталатын болады.

      Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарау бойынша соттар мен соттардан тыс инстанциялар арасында өкiлеттiктердiң аражігін ажыратудың нақты тұжырымдамасы әзірленеді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңартылған заңнама қолдану үшін қарапайым әрі тиімді және негізінен әкімшілік-деликтік заңнамамен қорғалатын құқықтар мен заңды мүдделерге қол сұғудан соттан тыс қорғауға бағытталады.

      4.4 "Қылмыстық процесті жаңғырту" бастамасы. Дамыған елдердің базалық қағидаттарына сәйкес келетін, адам құқықтарын қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартудан қорғау кепілдіктерін нығайтуды, айыптауды төмендетуді, қылмыстық іс бойынша процестік шешімдер қабылдау кезінде объективтілікті арттыруды болжайтын сотқа дейінгі процесс моделі кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Қорғаушы тарапқа дәлелдемелер жинау және оларды сотқа ұсыну бойынша неғұрлым кең мүмкіндіктер бере отырып, қылмыстық процесте айыптау және қорғау тараптарының жарыспалылық қағидаты күшейтілетін болады,

      Қылмыстық-процестік құқықты жетілдіру шеңберінде оның репрессивтілігін төмендетуге бағытталған қылмыстық сот ісін жүргізудің қағидаттары іске асырылатын болады. Мұндай тәсілді іске асыру адам мен азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адамды айыптаған немесе соттаған жағдайда оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етеді.

      Заңдылықты мүлтіксіз сақтау қамтамасыз етілетін болады, жедел-іздестіру іс-әрекеттерін жүзеге асыру және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде осындай әрекеттердің құралдары мен әдістерін заңсыз пайдалану үшін жауаптылықты күшейте отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдендіру жүйесі күшейтілетін болады.

      4.5 "Құқық қорғау жүйесін дамыту" бастамасы. Құқықтық тәртіп органдарын дамыту, олардың қызметінің нысандары мен әдістерін жетілдіру жалғасады. Кадр саясатының тұрақтылығы мен ашықтығы қамтамасыз етіліп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне қойылатын талаптар арттырылатын болады. Құқық қорғау органдарына тән емес функцияларды толық жоя отырып, неғұрлым тиімді ұйымдастырушылық-басқарушылық тетіктері мен функцияларды тиімді бөлу белгіленеді. Құқық қорғау органдарының қызметіне сенім, қоғамдық бақылау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге халықты тарту деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда. Құқық қорғау органдарының қызметін бағалаудың нақты критерийлері айқындалады; азаматтардың сенім білдіру деңгейі олардың жұмыс сапасының басты көрсеткішіне айналады.

      4.6 "Құқық қорғау органдары мен соттарды цифрландыру" бастамасы. Қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер кезең-кезеңімен электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл бұрмалау мен сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендетеді, осы істер бойынша іс жүргізуді неғұрлым үнемді етеді және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға нұқсан келтірмей, мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтады. Құқық бұзушылықтар туралы өтініштер беру, айыппұлдар төлеудің цифрлық жүйесі құрылатын болады, бұл адами фактордың ықпалын барынша азайтады. Сот жүргізуде жасанды интеллект элементтері, сондай-ақ құқықтық статистиканың үлкен деректерімен жұмыс істеуге арналған талдамалық құралдар енгізу қаралуда.

      Бірыңғай сот практикасының ашық электрондық жүйесі құрылады. Сот процесінің кез келген қатысушысы өзін қызықтыратын сипаттамалар бойынша барлық сот актілерімен таныса алатын болады. Сонымен қатар, өтініштерді қарау сапасы мен нәтижелерін, не өтініш берушінің қанағаттануын бағалау жүйесін енгізу және/немесе кеңінен қолдану болжанады.

      4.7 "Азаматтардың мүдделерін қорғау сапасын жақсарту" бастамасы. Заң көмегін көрсетудің стандарттары мен қағидаттары заңнамалық түрде белгіленетін, кірістері төмен адамдарға құқықтық көмек көрсету жүйесі жақсартылатын, ауылдық жерлерде адвокаттық қызметтерге толыққанды қол жеткізу қамтамасыз етілетін болады.

      Бітімгерлік рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерінің қолданысын, оның ішінде сот тәртібінде де, сол сияқты соттан тыс тәртіпте де жеке-құқықтық қақтығыстар тараптарының арасында ымыраға қол жеткізудің алуан түрлі жолдары мен тәсілдерін (медиация, араағайындық және басқасы) бекіту арқылы кеңейту болжанады.

      4.8 "Үздік практикалар тәжірибесі бойынша әкімшілік әділет жүйесін құру" бастамасы. Азаматтардың мемлекеттік аппаратпен қарым-қатынасында құқықтарын қорғауға арналған сот (немесе квазисоттық) институты ретінде әкімшілік әділет органы енгізіледі. Жария-құқықтық сипаттағы дауларды шешу тәртібін процестік оқшаулау және заңдастыру мәселесі қарастырылатын болады. Әкімшілік іс жүргізу қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысанына айналады.

      4.9 "Кәсіпкерлік кодексін дамыту" бастамасы. Кәсіпкерлік кодексті одан әрі дамыту кәсіпкерлікті реттеудің отандық және шетелдік үздік тәжірибелерін ескере отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жария және жеке мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етеді.

      Кодекс шеңберінде корпоративтік құқық мәселелері де регламенттелетін және кәсіпкерлік субъектілеріне тән жеке-құқықтық қатынастардың ерекшеліктері көрсетілетін болады, бұл кәсіпкерлерге өзінің шаруашылық қызметінде Кодексті тікелей басты құқықтық құжат ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар Кодекс кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілердің өсуіне басты заңды тосқауылға айналуы тиіс.

      4.10 "Рейдерліктен нормативтік-құқықтық қорғауды қамтамасыз ету" бастамасы. Рейдерлікті және заңсыз қысым көрсетуді болдырмау мақсатында, оның ішінде бәсекелестікті жою мақсатында меншік құқығын қорғау күшейтілетін, меншік иесі үшін нақты кепілдіктер белгіленетін болады.

      "Сот төрелігін және сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету" міндеті

      Құқық үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы неғұрлым маңызды міндет құқық бұзушылықтар үшін жазалаудың қайтарымсыздығы қағидатын және соттың тәуелсіздігін сақтау болып табылады.

      4.11 "Сот жүйесінің халықаралық тәуелсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету" бастамасы. Сот жүйесі халықаралық стандарттар мен тәуелсіздік қағидаттарына сәйкес жетілдірілетін болады. "100 нақты қадам" ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде сот жүйесінде бұдан әрі де меритократия қағидаттары қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, соттар мен судьяларды мамандандыру жөніндегі жұмыс жалғасады.

      Сот билігінің қызметін объективті әрі қалтқысыз жариялау қамтамасыз етілетін болады.

      4.12 "Алқабилер сотының қолданылу тетігін жақсарту және оның аясын бұдан әрі кеңейту" бастамасы. Алқабилер соты институтын одан әрі дамыту мен жетілдіру жүзеге асырылады. Алқабилер соты қолданылуы мүмкін қылмыстық істер санаттарын одан әрі кеңейту қаралатын болады.

      4.13 "Сот актілерін орындаудың тиімділігін арттыру" бастамасы. Атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру үшін жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру, олардың әсіресе әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша сот актілерін тиісті деңгейде орындау үшін жауапкершілігін арттыру жөніндегі шаралар көзделетін болады. Осы мақсаттарда атқарушылық іс жүргізу саласындағы уәкілетті орган тарапынан бақылау мен прокуратура тарапынан қадағалау күшейтілетін болады. Атқарушылық іс жүргізу сот орындаушыларының процестік әрекеттерін барынша автоматтандыру, бірыңғай электрондық сауда алаңшасы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолымен жетілдірілетін болады.

      4.14 "Қылмыстық-құқықтық шараларды жетілдіру" бастамасы. Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық шаралар кеңінен қолданылатын болады. Қылмыстық жазаларды орындау жүйесі жалпыға танымал халықаралық стандарттарға жақындатылады. Бас бостандығынан айыру орындарында адамның қауіпсіздігі, жазаның осы түрін өтеп жатқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы қамтамасыз етіледі. Сотталған адамның мекеме шегінде жүріп-тұруы мен адамдармен жеке қарым-қатынас жасауы мүмкіндіктерімен қоса ұстаудың камералық тәртібіне біртіндеп көшу жүзеге асырылатын болады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды әлеуметтендіруге бағытталған жүйелі шаралар қабылданатын болады.

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын күшейту" басымдығы

      Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу ең басты міндеттердің бірі болып табылады. Ағымдағы мақсат – алдын алу шараларын айтарлықтай күшейту, "сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңсыз әрекеттерге сұраныс" ретінде де, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуын да төмендету.

      Басымдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі, алдын алу шараларын ауқымды қолдануға және қылмыстық-құқықтық құралдарды, әсіресе сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салаларда нақты пайдалануға көшуге берілетін болады.

      "Сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары процестерді оңтайландыру және оңайлату" міндеті

      Азаматтар мен кәсіпкерлер неғұрлым талап ететін көрсетілетін қызметтерді оңайлату, цифрландыру және тұтынушылармен байланысын қысқарту, олардың ашықтығын арттыру заңсыз іс-әрекеттерді жасаудың қажеттілігі мен мүмкіндігін азайтады.

      Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметі салаларында кезең-кезеңімен қолданылатын болады.

      4.15 "Азаматтардың мемлекетпен байланыстарын одан әрі оңайлату" бастамасы. Халықтың мемлекетпен өзара іс-қимыл жасасатын барлық нүктелеріне аудит жүргізіледі, оңайлатуға немесе автоматтандыруға әлеуеті бар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен функциялар айқындалады, электрондық түрде немесе "бір терезе" қағидаты бойынша қолжетімді болатын көрсетілетін қызметтердің үлесі артады. Болашақта "бір өтініш" қағидаты енгізіледі (мемлекеттік қызметтер қосымша құжаттар ұсынылмай, өтініш пен жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі негізінде көрсетіледі). Келесі қадам "барынша белсенді мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" тұжырымдамасын іске асыру болады, бұл кезде азамат қандай да бір сұрау салусыз мемлекеттік көрсетілетін қызметті алудың қажеттілігі/мүмкіндігі туралы автоматты түрде хабарлама алады, ал кейбір жағдайларда бұл қызмет автоматты түрде көрсетілетін болады.

      4.16 "Процестерді автоматтандыруды қамтамасыз ету" бастамасы. Мемлекеттік органдарда автоматтандырудың принциптік мүмкіндіктерін айқындайтын критерийлерге жатқызылатын барлық процестер электрондық форматқа көшіріледі. Бірқатар мемлекеттік функцияларды жолға қою мүмкіндігі, оның ішінде, мысалы, "блокчейн" сияқты, құқықтарды белгілеу мен өзгерту процесін автоматтандыратын және даулы мәселелерді болдырмайтын технологиялар базасында меншік құқықтарын тіркеу зерделенетін болады.

      4.17 "Сатып алу жүйесін жетілдіру" бастамасы. ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес сатып алу процесін жосықсыз ұйымдастыруға күдік туындағанда немесе анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу қатысушысының іс-қимылы туралы нұсқаулық әзірленетін болады. Бірыңғай тәсілдерді белгілеу, жауапкершілік пен бақылауды күшейту мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларын регламенттеу жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады.

      Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде заңсыз іс-әрекеттер тәуекелдерін азайтатын, оның ішінде "блокчейн" технологияларын қолдана отырып, қазіргі заманғы цифрлық шешімдер енгізілетін болады.

      4.18 "Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен дерекқорларын интеграциялау" бастамасы. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне, оның ішінде "электрондық үкімет" порталында ведомствоаралық интеграция жүргізілетін болады. Бұл интеграция қолданыстағы, сондай-ақ жаңадан құрылатын ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды қамтиды. Бұл жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетулерден - "бір мәлімдеме" қағидаты бойынша кешенді түрде көрсетуге көшуге, сондай-ақ халықтың мемлекетпен өзара тікелей іс-қимыл алаңын қысқартуға мүмкіндік береді.

      4.19 "Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала айтудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу" бастамасы. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мен болжау қолданыстағы бірыңғай дерекқорларды пайдалана отырып қазіргі заманғы предиктивтік талдау әдістерімен толықтырылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижесінде айқындалған ұсынымдарды енгізу сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында нормативті түрде бекітілетін болады.

      "Тұрақты құқықтық мәдениетті қалыптастыру" басымдығы

      Құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыстардың көп бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында, біршама аз бөлігі заңдарды білуді, түсінуді және сақтауды көздейтін құқықтық мәдениеттің жалпы деңгейін арттыру саласында жүргізілуде. Бұл ретте мемлекеттік органдарға азаматтардан түсетін барлық өтініштердің айтарлықтай бөлігі (30-50%) заңдарды түсіндіру қажеттілігіне байланысты.

      Басымдықтың негізгі міндеттері – заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің халыққа түсінікті тілдік стильде және форматта берілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру бағдарламаларына құқықтық оқытудың қазіргі заманғы форматтарын енгізуді қамтамасыз ету. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда азаматтардың қоғамдық бақылауға қатысуын кеңейтудің рөлі ерекше.

      "Қоғамда заңдардың сақталмауына және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру" міндеті

      Азаматтар мен бизнес-қауымдастықтың өз құқықтары туралы хабардар болуы, оларға стандарттарды, құқыққа сыйымды мінез-құлықтың артықшылығы мен пайдасын түсіндіру құқықтық тәртіпті нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа төзушілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

      4.20 "Құқықтық тәрбие және білім беру бағдарламаларын кеңейту" бастамасы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім берудің қолданыстағы бағдарламасы құқық қолдану қызметінің түрлі аспектілерін қамтитын болады. Бағдарлама қарапайым азаматтар үшін іс-шараларды және жергілікті мемлекеттік қызметшілер үшін түсіндіру жұмыстарын қамтитын болады. Заңнаманы қолданудың мағынасы мен қағидаттарын түсіндіретін оңайлатылған форматтағы өзекті құқықтық құжаттардан тұратын ашық ақпараттық құқықтық ресурс құрылады. Азаматтардың құқықтық санасын арттыру жөніндегі, оның ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттері әкелетін залал ауқымын көрсететін, сыбайлас жемқорлық көріністеріне және заңдардың сақталмауына төзімсіздікке тәрбиелеуге, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың заңдық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғастырылатын болады.

      Бұл ретте заң білімін арттыруға, юриспруденция саласында және қызметтің сабақтас салаларында біліктілігі жоғары мамандар дайындауға бағытталған шаралар әзірленіп, іске асырылатын болады.

      "Қоғамдық бақылауды танымал ету және мемлекеттік институттарға сенімді арттыру" міндеті

      Қоғамдық бақылау құқық бұзушылыққа қарсы күреске әрбір азаматты тартуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      4.21 "Қоғамдық бақылау бағдарламаларын танымал ету" бастамасы. Заңдардың сақталуын қоғамдық бақылау бағдарламаларын, оның ішінде "Азаматтық бақылау" және "Мемлекеттік қызметтегі әдеп" сияқты бағдарламаларды тарату мен танымал ету жұмыстары жүргізілетін болады.

      Мемлекеттік орган басшыларының қоғам алдындағы есептілігі практикасы одан әрі дамитын болады.

      Қоғамдық бақылауды танымал ету мен тиімділігін арттыру үшін ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибелеріне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті қолданылатын болады.

      Азаматтардың нақты уақыт режимінде ескертулері мен ұсыныстарын есепке алу мен жедел ден қою үшін хабарламалармен алмасуы үшін қазіргі заманғы цифрлық технологиялар, әлеуметтік желілер мен мобильді хабарлама қосымшалары қолданылады.

      4.22 "Мемлекеттiк институттарға сенiм деңгейi бойынша тиімділіктің басты көрсеткiштерiн енгізу" бастамасы. Электрондық үкімет базасында мониторингтеумен және өлшенетін көрсеткіштерді, сондай-ақ ашық жарияланымды пайдалана отырып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін бағалайтын тиімділіктің басты көрсеткіші енгізілетін болады. Мониторингтеудің нәтижелері мемлекеттік институттардың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерін көтермелеу мен олардың үздік тәжірибесін тарату үшін пайдаланылатын болады.

      Күтілетін нәтижелер

      Мемлекеттің құқықтық жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдігін күшейту, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету Қазақстандағы қосымша экономикалық өсуді жылына 2%-дан бастап және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Аталған реформа бойынша қабылданған шаралар TheWorldJusticeProject заң үстемдігі индексі бойынша позицияларды әлемде 55-60-орынға дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Ал сыбайлас жемқорлықты қысқарту жөніндегі жүйелі шаралар (Transparency International сыбайлас жемқолықты түйсіну индексі 35 балға дейін өседі) және қазіргі заманғы құқықтық мәдениетті тәрбиелеу ұлттық экономикадағы жағдайды жақсартуға мультипликативтік әсер етеді (оның ішінде негізгі капиталға инвестициялардың өсуіне жанама түрде әсер етеді – 2025 жылға қарай ЖІӨ-ден 19,4%-ға дейін).

5-реформа. Мықты өңірлер және урбандалу

      Реформаның мәні: реформа бүкіл ел бойынша өмірдің базалық сапасын қамтамасыз еткен кезде қолда бар жергілікті әлеуетті (экономикалық резервтерді) тиімді пайдаланумен қамтамасыз етілетін өңірлердің экономикалық өсуі есебінен елдің ЖІӨ-ін арттыруға бағытталған.

      2025 жылға қарай Қазақстан үшін қағидатты өзгерістер:

      орталықтандырылған жоспарлаудан және ресурстарды бөлуден – экономикалық дербестік пен бюджетті ұтымды пайдалану үшін өңірлердің жауапкершілігі;

      бюджеттен трансферттер мен субсидиялар бөлу арқылы өңірлерді қолдаудан – өңірлерде бизнес үшін тартымды жағдайлар құру арқылы жеке, әсіресе шетелдік инвестициялар үшін бәсекелі күрес;

      ұлттық жоспарларды "шартты" орындаудан – түпкілікті жалпыелдік нәтижеге үлес қосуға бағдарлану;

      ішкі дамуды ескере отырып аумақтық жоспарлаудан – бірыңғай экономикалық нарық ретінде аумақтық дамуды үйлестіру;

      бүкіл ел бойынша өмір сүрудің базалық деңгейін теңестіру тәсілінен – өңірлердегі өмір сүрудің сапасын арттыру және барлық азаматтар үшін ұтқырлық болмақ.

      Алдағы міндеттер

      Реформа аясында өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, урбандалу және байланыста болуды қамтамасыз ету және барлық өңірлерде өмір сүрудің базалық деңгейін қамтамасыз ету сияқты үш басты басымдық айқындалды.

      Өңірлік саясаттың бағыты шығыстарды теңестіруден өңірлердің өз кірістерін өсіруді ынталандыруға ауыстырылатын болады. Өңірлердің бәсекеге қабілетін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарда ынталандыру жүйесін қалыптастыру қажет. Өңірлік саралауды азайтуға қол жеткізу ресурстарды өңірлер арасында қайта бөлу есебінен емес, өңірлердің өздері жүзеге асыратын даму жолдары мен көздерін іздестіру негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

      Мұндай ауысу фискалдық және бюджеттік саясатты өзгертуді, жеке инвестицияларды тарту бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін жандандыруды және өндірістің экспортқа бағдарлануын талап етеді. Нашар дамыған өңірлерге субсидиялар мен трансферттер беру саясатынан алшақтау кезеңділік сипатқа ие болуға тиіс. Барлық өңірде базалық деңгейде сапалы білім беруді, денсаулық сақтау қызметтерін, қолжетімді баспананы және қоршаған ортаның сапасын жақсартуды қамтамасыз ету қажет.

      "Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру" басымдығы

      Өңірлердің бәсекеге қабілетін арттыру үшін оларға жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыру мен іске асыру және бизнесті қолдау шараларын таңдау, инвестициялар тарту, жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу және инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жерлерде кадрлар ресурсын басқару бойынша өкілеттіктерді беру есебінен өңірлердің экономикалық дербестігі мен жауаптылығын арттыру қажет.

      "Өңірлердің экономикалық дербестігін қамтамасыз ету" міндеті

      Бұл міндет өңірлердің экономикалық, кадрлық дербестігін, оның ішінде өкілеттіктерді одан әрі беру есебінен арттыруға бағытталған. Сонымен бірге дербестікті ұлғайту жергілікті билік органдарының халыққа есептілігін күшейтуді көздейді.

      5.1 "Мемлекеттік басқару деңгейлер арасындағы өкілеттіктерді одан әрі қайта бөлу" бастамасы. Өкілеттіктерді одан әрі қайта бөлу орталық атқарушы органдардан жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ жергілікті биліктің жоғары тұрған органдарынан төменгі тұрған органдарына дейінгі мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерін қамтиды.

      Республикалық деңгейде қорғаныс қабілетін және ұлттық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті, бірыңғай салықтық, бюджеттік, көліктік-коммуникациялық және энергетикалық, әлеуметтік саясатты қамтамасыз ету мәселелері және басқа да бірқатар стратегиялық маңызды мәселелер сақталатын болады.

      Өңірлердің өздерінің алдына қойылған стратегиялық, атап айтқанда, бизнесті қолдау, инвестициялар тарту, жұмыспен қамтылуға жәрдемдесу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша мақсаттарға жету үшін саясаттың қажетті шараларын дербес айқындау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілетін болады.

      Бұл ретте өкілеттіктерді қайта бөлу жаңа функциялар мен өкілеттіктерді орындауға орталық және жергілікті мемлекеттік құрылымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының операциялық, кадрлық материалдық-техникалық, институционалдық дайындығын қамтамасыз етумен сүйемелденетін болады. Жаңа функциялар мен өкілеттіктерді орындау үшін тиісті кадрлар мен материалдық-техникалық ресурстар қамтамасыз етілетін болады.

      5.2 "Өңірлердің экономикалық дербестігін арттыру" бастамасы. Жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттер мен субсидияларға тәуелділігін төмендету және оларды өздерінің мықты жақтары мен бәсекеге қабілеттілік басымдықтарына сәйкес өңірлердің экономикасын дамыту бойынша пәрменді шаралар қабылдауға ынталандыру қажет.

      Жергiлiктi атқарушы органдардың кірістік базасы капиталдың ұлттық нарығына инвестициялық қарыздарды тарту және кәсіпкерлікті ынталандыру нәтижесінде жергілікті бюджет кірістерінің артуы есебінен кеңейтіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, өңірлік бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер берілетін болады.

      5.3 "Жергілікті жерлерде кадрлар ресурсын басқару" бастамасы.

      Биліктің барлық деңгейлерін білікті кадрлар құрамымен қамтамасыз ету үшін штатты күшейту және жергілікті атқарушы органдардың біліктілігін көтеру, сондай-ақ олардың еңбегіне ақыны кеңейтілген өкілеттіктер мен функцияларға сәйкес көтеру бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Бағалау мен еңбекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі шеңберінде өңірлерде қызметкерлердің қызметі мен құзіреті нәтижелерін ескере отырып, бағалаудың алдыңғы қатарлы әдістері мен өңірлердегі бонустық жүйені кезең-кезеңімен енгізу қамтамасыз етілетін болады.

      Мемлекеттiк қызметтiң тартымдылығын арттыру мақсатында ауылда мемлекеттiк қызметшiлер үшiн әлеуметтiк қолдау шаралары көзделетін болады.

      5.4 "Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын одан әрі нығайту" бастамасы. Аудандық маңызы бар қалаларда 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдарда, қалалар мен ауылдық округтерде, тәуелсіз бюджет және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншіктері енгізілетін болады. 2020 жылдан бастап осы нормалар барлық елді мекендерде жұмыс істейтін болады. Бұл халықты жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тартуға мүмкіндік береді.

      Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органын құру мәселесі пысықталады, бұл жергілікті қауымдастықтың бюджетті бекітуге қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің кіріс көздерін одан әрі арттыру мәселесі де пысықталады. Мәслихаттардың бюджеттік процес бөлігіндегі құзыретін арттыру бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.

      5.5 "Жергілікті биліктің есептілігін қамтамасыз ету" бастамасы. Жергілікті биліктің есептілігі тиісті мәслихаттардың, халықтың, бизнес пен сараптамалық қоғамдастық алдында тұрақты есеп берудің толықтығын, ашықтығын, қолжетімділігі мен дұрыстығын арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Азаматтар жергілікті деңгейде бюджеттің жасалуы мен мемлекеттік қаржыны басқару туралы егжей-тегжейлі ақпаратқа қолжетімділік алады.

      "Өңіраралық бәсекелестік пен кооперацияны дамыту" міндеті

      Өңірлерді дамыту үшін маңызды ынталандыру республикалық бюджеттен инвестициялық қаражатты алу үшін бизнесті жүргізудің жеңілдігі мен жарыспалылығы бойынша өңірлердің рейтингі негізінде олардың арасындағы бәсекелестік болуы тиіс. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе хаб-қалаларында макроөңірлердің белсенді экономикалық, капиталдарды, ресурстарды, озық технологиялар мен қызмет көрсетулерді шоғырландыру орталықтары бар бірыңғай экономикалық нарық құру жалғасады.

      5.6 "Бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлік рейтинг жүйесін қолдану" бастамасы. Тұрақты негізде экономикалық көрсеткіштер мен бизнес пікіртерімдер нәтижелеріне құрылған рейтинг түрінде өңірлерді салыстыру жүргізілетін болады. Рейтингтің негізгі міндеті өңірлер арасында экономикалық даму, мысалы, желілерге қосылуды, жерге қолжетімділікті, іс-әрекеттердің айқын бағыттарын қамтамасыз ету есебінен бизнес үшін жағдай жасау бөлігінде бәсекелестікті ынталандыру болады.

      Рейтинг жыл сайын жаңартылады, ашық түрде жарияланады және оның негізінде өңірлер арасында үздік практиканы жинау мен тарату жүргізілетін болады. 2018 жылдан бастап рейтинг тек өңірлерді ғана емес, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық басқарудың аудандық деңгейін де қамтитын болады.

      5.7 "Республикалық бюджеттен инвестицияларды негіздеу процесін енгізу" бастамасы. Республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жергілікті жобаларды айқындау кезінде жеке сектор қоса қаржыландыратын жобаларға басымдық берілетін болады. Салымдар бірлігіне шаққанда ең көп адам санын қамтитын және өнімділіктің өсуіне, технологиялық жаңартуға, цифрландыруға және экспортқа бағдарланған тауарларды шығаруға бағытталған жобалар басым жобалар деп есептелетін болады.

      5.8 "Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін ынталандырулар жасау" бастамасы. Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралдарының бірі олардың дамуы мен сапасының жоғарылауында әрі мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсетулерге қолжетімділігінде синергетикалық әсер алу үшін өңірлер арасындағы өзара іс-қимыл болады. Мұндай өзара іс-қимыл бірлескен/үйлестірілген даму жоспарларын, бірыңғай жеткізу тізбегін құру мен құндылықтар жасау, көлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін құру және басқару бойынша бірлескен жобаларды іске асыру үшін индустриалды дамуды үйлестіруді қамтуы мүмкін.

      Аумақтық кластерлерді дамыту мен қолдау жөнінде шаралар қабылданатын болады және оларды қаржыландыру үшін бюджет қаражаты бөлінетін болады.

      "Урбандалу және байланысты қамтамасыз ету" басымдығы

      Урбандалу мен қалалық ортаны дамыту деңгейі жалпы елдің даму деңгейін көрсетеді және одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызды фактор болып табылады. Орта және шағын қалаларға мемлекеттік және жеке инвестицияларды, сондай-ақ еңбек ресурстарын тарту үшін мынадай міндеттер іске асырылатын болады.

      "Шағын және орта қалаларға басымдық беріле отырып реттелетін урбандалу" міндеті

      Мемлекеттің назары перспективалы, әсіресе ірі қалалардың – агломерациялар орталықтарының ықпал ету аймағында орналасқан шағын және орта қалалардың экономикалық дамуына, "SmartCity" тұжырымдамасы негізінде қалалық ортаны басқару үшін жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге, перспективалы елді мекендер мен аудандардың дамуын үйлестіруге бағытталатын болады.

      5.9 "Шағын және орта қалаларды дамыту" бастамасы. Елдің барлық қалаларының орта және ұзақ мерзімді перспективадағы экономикалық әлеуеті айқындалатын болады және өңірлердің экономикалық даму орталықтары ретінде облыстық және аудандық маңызы бар перспективтік орта және шағын қалаларды дамытуға ерекше назар аударылады. Аумақтарды дамыту бағдарламаларына халықты өнімді жұмыспен қамтуды, әлеуметтік инфрақұрылым мен қызмет көрсетулер аясын дамытуды, кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасауды, өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете отырып, перспективалы орта және шағын қалалардың басым дамуын көздейтін өзгерістер енгізілетін болады.

      Облыс орталықтарын және басқа да орта қалаларды дамыту жөніндегі жұмыс негізінен жергілікті атқарушы органдардың күшімен жүзеге асырылатын болады. "Орталықтың" қатысуы ең алдымен ұлттық ауқымдағы ірі мемлекеттік жобаларда көзделеді.

      Сонымен қатар шалғайдағы аумақтардың құлдырауын болдырмау үшін оларды жеке инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу арқылы перспективтік моно- және шағын қалаларды дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Қалаларды тиімді дамыту мақсатында қалалық басқарудың, экономикалық саясаттың, бюджетті қалыптастырудың, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды қолдауға арналған қаржылық құралдардың қазіргі заманғы қағидаларын ескеретін тиісті шаралар қабылданатын болады. Ірі қалалар функционалды қалалық аудандар (FUA. Functional Urban Areas) деп аталатынды құра отырып іргелес елді мекендермен қатар дамитын болады.

      Тірек ауылдар мен шағын қалаларда экономикалық қызметтің (қызмет көрсетулер, өңдеу өнеркәсібі салалары және басқалары) ауыл шаруашылық емес түрлерін дамытуды қолдау шаралары қабылданатын болады.

      5.10 "Smart City" тұжырымдамасын іске асыру" бастамасы. Қазақстанның барлық қалаларында Астананың және басқа елді мекендердің тәжірибесін ескеретін "эталонды" стандарт "Smart City" негізінде тұжырымдамасы іске асырылатын болады, ол ресурстарды ұтымды пайдалану мен басқару үшін жоғары технологиялық шешімдерді қолдануды көздейді. Қаланың әлеуметтік, көліктік, инженерлік, энергетикалық, тұрғын үй және ақпараттық инфрақұрылымын басқаруды, коммуналдық қызмет көрсетуді, қала салуды жоспарлауды, "ақылды" ғимараттар салуды қоса алғанда, қала өмірінің барлық салаларына, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізу қажет. "Smart City" тұжырымдамасына көшу "ақылды қалалар" салудың ұлттық стандарттарын енгізуді және өңірлік даму саласында тиісті бағдарламалық құжаттарды қайта қарауды талап етеді.

      "Экономикалық өсу орталықтары арасында көліктік байланысты қамтамасыз ету" міндеті

      Экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендердің қолжетімділігін арттыру және тұрақты өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жол және теміржол желісін салу және реконструкциялау қажет.

      5.11 "Шұғыла қағидаты бойынша көлік инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру" бастамасы. Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент хаб-қалаларындағы орталықтарымен елдің макроөңірлерін қалыптастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын құру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Макроөңірлер шегінде қалалар мен қала маңы араларында байланысты қамтамасыз ету үшін қала маңы көлігінің интеграцияланған инфрақұрылымы құрылады.

      Хаб-қалалар арасындағы жолға уақытты қысқарту мақсатында Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы бағыты бойынша "Орталық-Оңтүстік" жобасы, Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау – Өскемен бағыты бойынша "Орталық-Шығыс" жобасы, Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар –Қандыағаш бағыты бойынша "Орталық-Батыс" жобасы іске асырылады. Облыс орталықтары хаб-қалалармен қосылатын болады, сонымен бірге облыстар шеңберінде орташа және шағын қалалар "шұғыла" қағидаты бойынша облыстық орталықтарымен біріктірілетін болады.

      5.12 "Көліктің қолжетімділігін арттыру" бастамасы. Таңдалған бағдарлар бойынша тасымалдау құнын азайту үшін көлік компанияларымен ұзақ мерзімдік келісімшарттарға көшуге қолдау көрсетіледі. Жергілікті жерлерде қалалар мен жақын орналасқан елді мекендер арасында қызмет көрсетудің тиісті деңгейіндегі үздіксіз және қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануы тиіс. Бұл үлкен қалалардың әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымына жүктемені азайтуға және еңбек көші-қонын дамытуға мүмкіндік береді.

      "Барлық өңірлерде өмір сүрудің базалық деңгейін қамтамасыз ету" басымдығы

      Кез келген өңірдің тартымдылығы, оның бұдан әрі даму перспективалары және тұрғындардың әл-ауқаты деңгейі халықтың өмір сүру сапасымен айқындалады, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының басты мақсаты. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әрбір өңірде тең жағдай жасау үшін сапалы білім беру және денсаулық сақтауды қоса алғанда, базалық әлеуметтік көрсетілетін қызметтер қамтамасыз етілуі тиіс, азаматтардың қауіпсіздігі, судың қол жетімділігі, сондай-ақ қоршаған ортаның сапасы қамтамасыз етілуі тиіс.

      "Базалық әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді және өмір жағдайын қамтамасыз ету" міндеті

      Денсаулық сақтау және білім беру салаларында көрсетілетін қызметтердің, әсіресе шағын қалаларда және ауылдық жерде, сапасын арттыру мақсатында білікті кадрларды дайындау, материалдық-техникалық базаны жақсарту, ресурстарды тиімді пайдалану, базалық әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша объектілердің жұмыс істеу жағдайларын жақсарту қажет.

      5.13 "Өңірлерде сапалы білім мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі" бастамасы. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы инвестицияларды тартуды және жеке сектордың үлесін ұлғайтуды, ғимараттың дизайнына және инфрақұрылымын күтіп-ұстауға технологиялық жаңашылдықтарды енгізуді көздейтін денсаулық сақтау желісін дамытудың бірыңғай перспективалы жоспарының негізінде халықтың қажеттіліктерін есепке ала отырып қалыптастырылатын болады.

      Созылмалы инфекциялық емес аурулары бар пациенттерді инвестициялық жоба шеңберінде қашықтықтан мониторингтеу бойынша мобильдік қосымшалар мен гаджеттерді енгізумен SMART-медицина технологиясын жетілдіру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады. Медициналық ұйымдар қажетті IT-инфрақұрылымымен, Интернетке және меншікті бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған сертификатталған медициналық ақпараттық жүйелермен жасақталатын болады.

      Аудан деңгейіндегі медициналық мекемелердің құзыреттілігін нығайту және материалдық-техникалық жабдықтау бойынша ұсыныстар қарастырылады.

      Өңірлерде білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында мектептердің жай-күйі жақсартылады және олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Интерактивті және инновациялық технологияларды қолданумен қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелері пысықталатын болады. Жақын орналасқан елді мекенде тұратын мектеп оқушылары үшін тірек мектептерді (ресурстық орталықтарды) ашу және жақын елді мекендерде тұратын оқушылар үшін мектеп көлігін іске қосу жұмысы жалғасады.

      5.14 "Өңірлерде денсаулық сақтау мен білім беруді қаржыландыруды қамтамасыз ету" бастамасы. Денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту қағидаты негізінде, оның ішінде тарифтік саясатты жетілдіру және негізгі құралдар амортизациясын өтеу мен бірлесіп төлем жасау тетігін жетілдіру мәселесін пысықтау арқылы денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін жетілдіру мүмкіндігі қаралады.

      Негізгі шаралар барлық әлеуметтік әріптестерді (мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтар) тарту арқылы қаржыландыру көздерін әртараптандыруға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шеңберінде теңгерімделуді және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) қаржыландырудың басым бағыты болады.

      Денсаулық сақтау мен білім беруде әлеуметтік саланың объектілерін салуға МЖӘ тетігін қолдану практикасы жалғасатын болады. Өңірлердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіндегі және ұлттық маңызы бар жобаларды іске асырудағы елеулі сәйкессіздіктерді жою үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлінетін болады.

      5.15 "Ауыз судың қолжетімділігін қамтамасыз ету" бастамасы. Халықты сапалы және толық көлемде ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ағынды суларды тазартудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтау және су бұрудың жаңа объектілерін салу және қолданыстағы объектілерін реконструкциялау жалғасатын болады. Бюджет қаражатын осы мақсаттарға бөлу артады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай барлық қалалар орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етіледі, ал ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету деңгейі 80% құрайды.

      5.16 "Жеке қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету" бастамасы. Неғұрлым таралған құқық бұзушылықтарды алдын алуға баса назар аудара отырып, мысалы, "Ұрлыққа жол берме" форматындағы мамандандырылған жобаларды енгізу арқылы азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Көшелерде және азаматтардың жаппай болу орындарында, қозғалысты бақылауда интеллектуалды бейнебақылау және тану жүйесі енгізілетін болады.

      "Экологиялық ахуалды жақсарту" міндеті

      Қазақстанның экологиялық стандарттарын, оның ішінде өнеркәсіп орындары мен автокөліктің атмосфераға шығарындыларының көрсеткіштері бойынша дамыған елдердің деңгейіне дейін көтеру қажет.

      5.17 "Экологиялық стандарттарды қайта қарау" бастамасы. Экологиялық заңнаманы жетілдіру мақсатында қолданыстағы қоршаған ортаға әсерді бағалау жүйесі, табиғат пайдаланушылардың эмиссияларды төмендетуге ынталандыру, шығарындарды нормалау принциптерін жетілдіру, сондай-ақ экологиялық реттеудің прогрессивті тетіктерін енгізу қайта қаралады. Халықаралық тәжірибе мен техникалық және экономикалық мүмкіндіктердің негізінде Қазақстанның экологиялық стандарты қайта қаралады.

      5.18 "Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату саласын дамыту" бастамасы. ЭДЫҰ елдерінің алдыңғы қатарлы практикасын есепке ала отырып, "құрғақ" және "дымқыл" және басқа түрлері қағидаты бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды (бұдан әрі – ТҚҚ) бөлек жинауды; қоқыс шығаратын компаниялардың пресс-компакторы бар сұрыптау желілерін орнатуын, қайталама өнім, энергетикалық ресурстар (биогаз, электр қуаты), компост алуды, қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша объектілерді салуды қамтитын ТҚҚ кәдеге жарату жөніндегі жүйелі шаралар қабылданатын болады.

      ТҚҚ кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша шағын және орта бизнестегі өндірістерді дамыту үшін жағдай жасалады, өңірлер ішінде және арасында қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар арасында ынтымақтастық орнатылады. Халықтың экологиялық жағдай жөнінде хабардар болуын арттыру жөнінде ақпараттық шара ұйымдастырылады.

      ТҚҚ жоюдың қазіргі заманғы әдістері мен технологияларын енгізуде өңірлердің прогресіне мониторинг жүргізетін нақты өлшемдер және сапалық индикаторлар әзірленетін болады.

      5.19 "Ластаушы төлейді" қағидатын енгізу" бастамасы. Қоршаған орта ластануын болдырмау үшін кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеуді көздейтін "ластаушы төлейді" қағидатын іске асыру бойынша ең үздік халықаралық тәжірибе зерделеніп, қабылданатын болады. Бұл кәсіпорындарды ластаушы заттар эмиссиясын төмендетуге ынталандырады, қоршаған ортаны қорғау шараларына инвестиция салуға, сондай-ақ жазалаулар мен айыппұлдарды мемлекеттің мәжбүрлеу тетігі ретінде шектен шыққан жағдайларда ғана пайдалануға мүмкіндік береді.

      5.20 "Компаниялар үшін кешенді экологиялық рұқсаттарды енгізу" бастамасы.

      Санитарлық қорғау аймақтары шекарасында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген шоғырлануын нормалауға негізделген, кәсіпорындардың ықпалын экологиялық реттеудің қолданыстағы жүйесінің орнына ең жақсы қолжетімді технологияларды қолдануға негізделген кешенді экологиялық рұқсаттар беру жүйесі зерделенеді және енгізіледі.

      5.21 "Кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бағалау процесін өзгерту" бастамасы. ШОБ кәсіпорындарының экологиялық сауатты басқару шешімдерін қабылдауы үшін қоршаған ортаның жағдайына және халықтың денсаулығына кез келген шаруашылық қызметі әсерінің сипатын, белсенділігін және тәуекелдік дәрежесін анықтау процесі қоршаған ортаға әсер етуді бағалау процесіне өзгертілетін болады.

      5.22 "Қоршаған ортаны қорғау саясатын белсенді ілгерілету" бастамасы. Жарияланымдар, қағидалар мен қағидаттарды түсіндіре отырып, реттеуіш пен компаниялар арасында тікелей байланыс, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктер үшін салалық наградаларды табыстау арқылы "жасыл" саясатты кеңінен ілгерілетуге назар аударылатын болады.

      Күтілетін нәтижелер

      Жергілікті жерлерде мүмкіндіктерді кеңейту, өңірлік мемлекеттік аппараттар қызметкерлерінің ынтасын күшейту, бизнесті жүргізудің жеңілдігін арттыру мен еңбек ресурстарының ағыны мен одан әрі урбандалу (60% дейін) үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету есебінен өңірлердің арасындағы ЖӨӨ бойынша айырмашылық 2,7 белгісіне дейін төмендейді (ЖӨӨ көрсеткіштері ең жоғарғы сегіз өңір бойынша орташа мәннің көрсеткіштері ең төменгі сегіз өңір бойынша орташа мәнге қатынасы) және өңірлердің теңгерімді экономикалық өсуі қамтамасыз етілетін болады.

      Әсіресе салыстырмалы түрде алғанда даму әлеуеті төмен өңірлерде өмір сүрудің базалық сапасын ұстап тұру БҰҰ-ның адам дамуы индексіндегі Қазақстанның позициясын 56-дан 40-ға дейін көтеру, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту, нәрестелер өлімін төмендету (1000 тірі туған нәрестеге сәйкесінше 7,2-ге дейін), мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың 80%-ын қамту сияқты өлшемдерде көрініс табады.

6-реформа. Қоғамдық сананы жаңғырту

      Реформаның мәні: "Қоғамдық сананы жаңғырту" бағдарламасы күшті және жауапты адамдардың біртұтас ұлтын қалыптастыруға бағытталған. Негізгі нәтижесі тұрғындардың өз болашағына деген жауаптылығының, жеке бәсекелестікке қабілеттілігі мен прагматизмінің артуы, ұлттық мәдениетті ілгерілету, азаматтардың бойында білімге құштарлықты, сана ашықтығын – үздік идеялар мен практикаларды қабылдай білуді қалыптастыру, сондай-ақ экстремистік идеологияның таралуына жол бермеу болып табылады.

      Қазақстанда 2025 жылға қарай орын алатын қағидатты өзгерістер:

      "тек өзімнің және өзіме жақын ортамның қамын ойлаймын" деген көзқарастан – қалаға және елге қамқорлық жасайтын "жауапты азамат";

      жас ұрпақтың еліктеуі үшін іріктемелі үлгілерден – өмірдің барлық салаларындағы рөлдік модельдер;

      шетелдік мәдениетті ішінара қабылдаудан – елде де, одан тыс жерлерде де ұлттық мәдениетті ілгерілету;

      Қазақстанның полиэтникалық азаматтарынан – азаматтық бірлік негізінде күшті азаматтық қоғамға және азаматтық ұқсастық негізіндегі бірегей ұлт болмақ.

      Алдағы міндеттер

      Саяси жүйені және экономиканы сәтті жаңғырту үшін қоғамдық сананы жетілдіру қажет, бұл күшті және жауапты адамдардың біртұтас елі болуға мүмкіндік береді. Бұл процестің маңызды шарты жүргізіліп отырған жаңғырту сәттілігінің іргетасы ретінде ұлттық бірегейлікті сақтап қалу болып табылады. Ол үшін келешек ұрпақты Қазақстандық табысты тұлғалардың үлгісінде тәрбиелеу, жалпыұлттық мәдениетті тек елімізде ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де насихаттау, сондай-ақ қоғамда экстремизмге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру қажет. Отбасылық саясатты қалыптастырудағы жеке көзқарасымызды айқындаудың маңызы зор, өйткені ұлттың адами капиталының дамуында отбасының маңызы ерекше. Салауатты өмір салтын танымал етуді одан әрі жалғастыру қажет. Өз еліне, өз ауылына, қаласына, өңіріне, өзінің шағын отанына деген сүйіспеншіліктен басталатын патриотизмге тәрбиелеуге ерекше мән беріледі.

      "Өмірге прагматикалық көзқарасты тәрбиелеу" басымдығы

      Прагматикалық көзқарас өзінің ұлттық және жеке ресурстарын нақты түсінуді, оларды үнемдеп жұмсауды, өзінің болашағын жоспарлай білу дегенді білдіреді. Өзінің біліміне, салауатты өмір салтын ұстануына және кәсіби жетістіктеріне назар аудара отырып, өмір сүруге ұтымды көзқарас қалыптастыруға тәрбиелеуге баса назар аударылады. Жеке адам ретінде де, тұтастай ұлт ретінде де, өз мүмкіндіктері мен шамасын есепке ала отырып, нақты мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылу жалпы алғанда ел дамуының негізі болады.

      "Жауапты азамат бейнесін танымал ету" міндеті

      Міндеттің аясында қоршаған әлемге жауапты қарауға, жергілікті және ұлттық деңгейде қоғамдық өмірге белсене араласуға, қатысушылық пен бастамашылық сезімін дамытуға бағытталған әрбір азаматтың сана-сезімін жаңғырту үшін негіз қамтамасыз етілетін болады. Бағдарламада жаңғыртылған жаңа қоғам құру үшін негізінен жастарға көңіл аударылады.

      6.1 "Азаматтардың бойында меншік иесі мәдениетін дамыту" бастамасы. Білім беру қызметі қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде жеке өзінің меншігі үшін ғана емес, сондай-ақ қоғамдық меншік үшін де жауапты болу тұрғысынан жүзеге асырылады. Әлеуметтік бастамалардың картасы әзірленіп, жүзеге асырылатын болады, өздерінің ұсыныстарын беру және маңызды мәселелер бойынша шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі арқылы азаматтардың елді мекендердің әлеуметтік өміріне тартылуын қамтамасыз етеді.

      6.2 "ҮЕҰ, мемлекет және бизнестің үшжақты әріптестігі жүйесін құру" бастамасы. Әлеуметтік бастамаларды іске асыру, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау кезінде үкімет емес ұйымдардың (бұдан әрі – ҮЕҰ) мемлекетпен және бизнеспен ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін алаң және тұрақты құқықтық база құрылады. Жобалардың, бағдарламалардың нәтижелері мен ықпалын қоса алғанда, ҮЕҰ қызметінің әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалаудың кешенді әдістемесі әзірленеді және енгізіледі. Азаматтық қоғамның мемлекетті басқаруға қатысу жүйесін жетілдіру үшін қоғамдық кеңестер қызметі, қоғамдық бақылау жүйесі жетілдіріледі, сондай-ақ жаңа әлеуметтік технологиялар енгізіледі.

      6.3 "Халық арасында "экологиялық" мәдениетті дамыту" бастамасы. Жеке және өндірістік тұтыну кезінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған ақпараттық-насихаттау қызметі жүзеге асырылады.

      "Салауатты өмір салтын танымал ету" міндеті

      Міндеттің аясында салауатты өмір салтын ұстанатын, дұрыс тамақтанатын, спортпен айналысатын адамдардың санын көбейтуге ерекше назар аударылатын болады. Салауатты ұлтты қалыптастыру үшін жағдай жасау адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттырады, денсаулық сақтау шығыстарын азайтады, өмір сүру сапасына қанағаттану деңгейін және еңбек өнімділігін арттырады.

      6.4 "Бұқаралық спортпен айналысуды насихаттау" бастамасы. Ең алдымен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің қолжетімділігін арттыру және мәдени-бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу есебінен спортпен айналысуға халықты жаппай тарту қамтамасыз етілетін болады. Спорттық объектілер халықтың тығыздығын, көлікке қолжетімділігін және спорттың дамып отырған түрлерін ескере отырып орналастырылатын болады. Дене шынықтыру дайындығының балалар-жасөспірімдер клубтарының желісін құру және жалпы білім беретін мектептерде Отбасылық спорт күнін өткізу бойынша жұмыс жалғасады. Халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпы ұлттық жүйесі қалыптастады, оның шеңберінде азаматтардың жеке ерекшеліктеріне байланысты таңғы және өндірістік гимнастиканы қоса алғанда, қозғалу белсенділігінің көлемі блйынша ұсынымдар әзірленеді және енгізіледі.

      Тұзды және қантты шамадан тыс пайдалануды, алкоголь мен темекіні тұтынуды төмендету арқылы дұрыс тамақтануды насихаттауды жалғастыру қажет.

      6.5 "Цифлық платформалар негізінде салауатты өмір салтын насихаттау" бастамасы. Жиі кездесетін және қауіпті аурулар, олардың алдын алу жолдары, салауатты өмір салтын ұстану қағидаттары, спортпен шұғылдану мүмкіндіктері туралы ақпарат әлеуметтік желілерде және мобильді қосымшаларда кеңінен таратылады және ілгерілетіледі.

      6.6 "Спорт саласындағы білім беру бағдарламаларын дамыту" бастамасы. Спорттық менеджмент, спорт жаттықтырушысы, спорттық медицина, спорттық психология сияқты мамандандыру бойынша оқу орындарында бейінді спорттық білім беру бағдарламаларын құру және жақсарту мүмкіндігі қаралатын болады. Негізгі мақсат әуесқой және кәсіби спорт саласында мамандарды даярлау сапасын арттыру болады.

      "Ұлттық бірегейлікті сақтау" басымдығы

      Қоғамдық сананы жаңғырту процесінде ұлттық салт-дәстүрді, тілді, музыканы, әдебиетті сақтаудың маңызы зор. Қазақстанда әрбір адам жеке үлесі мен жеке кәсіби қасиеттері бойынша бағаланатын меритократиялық қоғам құрылатын болады. Осыған байланысты бәсекеге қабілетті азаматтың "рөлдік модельдерін" таңдап, оларды кеңінен танымал етуді жүзеге асырудың маңызы айрықша зор.

      Ұлттық деңгейде әлемдік нарықтарға шыға алатын, бәсекеге қабілетті, қолжетімді мәдени ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ету талап етіледі. Мәдениет саласында талантты және перспективалы қайраткерлерді одан әрі ынталандыру және қолдау көрсету, сондай-ақ барлық мәдениет ұйымдарының қызметіне жаңа ақпараттық технологияларды белсенді түрде енгізе отырып, мәдени өнімдерге жоғары сұранысты жандандыру қажет. Бос уақыт мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке, өнерге, тарихқа және қасиетті жерлерге деген қызығушылықты арттыру бойынша шараларды іске асыру талап етіледі.

      Сонымен бірге, отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдік мәселелеріне ерекше назар аудару керек. Отбасы мен неке, отбасылық тәрбие мен қоғамдағы әйелдер мен ерлердің теңдігі мәселелері алдыңғы қатарда болуы тиіс. Сондай-ақ экстремизмнің таралуына жол бермеу бойынша дәйекті және жүйелі жұмыс істеудің маңызы зор екенін айтып өткен жөн.

      "Бәсекеге қабілетті, қолжетімді мәдени ортаны қалыптастыру, шығармашылықты қолдау" міндеті

      Өсу факторы және әлеуметтік дамудың қуатты ресурсы ретінде мәдениетті тану отандық мәдениетті әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялауды, сондай-ақ Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын елімізде және шетелде кеңінен танытуды, өзінің мәдени брендтерін қалыптастыруды талап етеді. Осы міндеттің шеңберінде халықтың қалың тобы арасында талғам мен жоғары эстетикалық құндылықтарды тәрбиелеу, олардың сабақтастығын, саланың инновациялық дамуын ынталандыру және еліміздің мәдени өміріне кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасалатын болады. Бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қарқынды дамытуға құндылықтардың орныққан жүйесі, шығармашылық белсенділік және мәдениеттің сұранысқа ие болатын өнімдерін жасау қабілеті ықпал етеді. Бұл ретте тарихи тәжірибе мен дәстүрлер жаңғыртудың сәттілігінің маңызды алғышарттары және табыстылығының міндетті шарты болады.

      6.7 "Тілдік жаңғырту" бастамасы. Шет тілдерін, әсіресе ағылшын тілін үйрету мүмкіндіктерімен халықты барынша мол қамту қамтамасыз етіледі. Білім берудің барлық деңгейлерінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша білім берудің барлық деңгейлерінде үштілдікті енгізу жалғасады, орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілі енгізіледі.

      Қазақ тілінің қазіргі заманғы болуы шеңберінде әлемде тұрақталған және жалпыға бірдей қабылданған терминдер аудармасының негізділігін айқындау тәсілдері қайта қаралады, сондай-ақ бұрын аударылған терминдерге тексеру жүргізіледі.

      Қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру тілдік жаңғыртудың дербес бағыты болып табылады. Жүйелілік пен кезең-кезеңділік көшудің маңызды факторы болады. Өзара байланысты іс-шаралар кешені жаңа әліпбиді оқытуға және орта мектеп үшін оқулықтарды дайындауға бағытталатын болады. Тиісті ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыс жүргізіледі.

      6.8 "Әлемдегі үздік білімге қол жеткізу" бастамасы. Осы бастаманың шеңберінде әлемдік үздік тәжірибенің оң элементтерінің қолданыстағы мәдени-білім беру модельдерімен және стандарттарымен синтезделуін қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша үздік кітаптар қазақ тіліне аударылатын болады.

      6.9 "Шығармашылықты ынталандыру және оған қолдау көрсету" бастамасы. Талантты адамдарды іріктеу, оларға қолдау көрсету және оларды танытудың үздіксіз тұтас жүйесі құрылады, сондай-ақ дуальды оқытудың "мектептен үлкен өмірге дейін" қағидаты бойынша өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Қолайлы креативті ортаны қалыптастыру үшін шығармашылық бірлестіктердің, мәдениет ұйымдарының, мәдени-туристік кластерлердің бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға жағдайлар жасалады.

      6.10 "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын ұйымдастыру" бастамасы. Өзіміздің ұлттық символикамызды жасау және тарихи-мәдени объектілерді адамдар көп баратын жерлерге айналдыру, оларды барлық қазақстандықтардың ұлттық санасында сабақтастырып, елдің бірыңғай рухани белдеуіне біріктіруге мүмкіндік береді. Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін ұлттық санада орнықтыру үшін киелі жерлердің географиясындағы олардың рөлі мен орны бойынша әрбір қазақстандыққа білім беру қамтамасыз етіледі. Киелі жерлер бойынша ішкі және сыртқы мәдени-туристік бағдарлар іске қосылады, оларды елде және әлемде кеңінен таныту қамтамасыз етіледі.

      6.11 "Өлкетану жұмысын ұйымдастыру және әлеуметтік бастамаларды қолдау" бастамасы. Бұл бастама шеңберінде білім беру, экология және абаттандыру, өңірдің тарихын зерделеу, мәдени-тарихи ескерткіштер мен жергілікті маңызы бар мәдени объектілерді қалпына келтіру саласында өлкетану жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ бизнесмендер, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдері мен жастар атынан өзінің туған жеріне қолдау көрсету үшін ұсынылатын әлеуметтік бастамаларға жәрдем көрсетіледі.

      6.12 "Жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет" жобасын іске асыру" басымдығы. Шетелде қазақстандық мәдени әлеуетті кеңінен ілгерілету және таныту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Бұл ретте ақпарат пен материалдарды берудің қазіргі заманғы әдістері мен нысандары, яғни отандық мәдениетті мультимедиалық сүйемелдеудің барлық жиынтығы қолданылады.

      "Отбасылық құндылықтарды сақтау және гендерлік кемсітушілікке жол бермеу" міндеті

      Отбасыларды қолдау, нығайту және қорғау, отбасының жан-жақты дамуына ықпал ететін қажетті жағдайларды жасау, ана, әке болуды және балаларды қорғау мемлекеттік отбасылық саясаттың негізі болады. Қазақстанның гендерлік саясаты қоғамның барлық салаларында ерлер мен әйелдердің паритеттік құқықтарға, жеңілдіктерге, міндеттерге және мүмкіндіктерге жетуге, сондай-ақ жыныстық белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін жеңуге бағытталатын болады.

      6.13 "Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы заңнаманы жетілдіру" бастамасы. Бұл бастама шеңберінде отбасылық қатынастар, ана мен баланы қорғау, балалардың тәрбиесі үшін жауапкершілікті арттыру саласында ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, жыныстық белгілері бойынша кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың барлық нысандарына жол бермеу мәселелерінде заңнаманы жетілдіру қамтамасыз етілетін болады.

      6.14 "Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесін мемлекеттік реттеу және оған гендерлік әсерді бағалауды енгізу арқылы гендерлік теңдік институтын нығайту" бастамасы. Гендерлік саясат саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді қамтамасыз ететін уәкілетті орган айқындалады. Гендерлік тәсілдер, оның ішінде гендерлік статистиканың мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне интеграциялану мәселесі пысықталады.

      6.15 "Ерлер мен әйелдерді тең дәрежеде жұмыспен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау" бастамасы. Ұлттық шоттар жүйесіне бейресми секторда, күтіп-бағудағы есептелмейтін үй еңбегінде, үй еңбегінде, жалдау бойынша үй жұмысында және басқаларында жұмыспен қамтылуды өлшейтін гендерлік-сезімтал көрсеткіштер қосылатын болады. Гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек режимі мен еңбекті қорғау бойынша заңнама жетілдіріледі, еңбек жағдайлары жақсартылады, жұмыспен қамтудың икемді нысандарын енгізу мен кеңейту мүмкіндіктері қаралады. Жұмыспен қамтылуға және кәсіпкерлікпен айналысуға жәрдемдесу арқылы, оның ішінде әдетте ер адамдар жұмыс істейтін экономика секторларында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетіледі.

      6.16 "Кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті барлық ресурстарға ерлер мен әйелдердің тең қол жеткізуін қамтамасыз ету" бастамасы. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ерлер мен әйелдер тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етіледі. Тұрақты негізде тұрғылықты жері, жасы, мүгедектігі мен мүліктік жағдайы бойынша гендерлік аспектіде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің қолжетімділігі мен ШОБ субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге талдау жүргізіледі. Әкімшілік ауыртпалық тосқауылдарын, шектен тыс нормативтік шектеулерді, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлерлігінің дамуындағы тосқауылдарды қысқарту бойынша саясат жетілдіріледі.

      6.17 "Гендерлік оқу-білімді ілгерілету" бастамасы. Барлық жастағы адамдарды қамтитын және гендерлік стереотиптерді жоюға ықпал ететін гендерлік білім беру және халықты ағартудың дамыған жүйесі жұмыс істейді. Гендерлік теңдікке және мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың алдында гендерлік аспектілерді жан-жақты есепке алуға бағытталған білім беру мен біліктілікті арттыру бағдарламалары кеңейтілетін болады.

      6.18 "Ерлер мен әйелдердің тең әріптестігіне негізделген отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастыру арқылы отбасы институтын нығайту" бастамасы. Отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді ілгерілету, мәдени-ағарту және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы ұрпақтар сабақтастығын сақтау бойынша жұмыс күшейтіледі, сондай-ақ отбасы саясаты проблемаларын зерделеу бойынша институционалдық құрылымды айқындау мәселесі қаралатын болады. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу үшін қорғаншылық, қамқоршылық, патронат, асырап алу, баланы қабылдайтын отбасы сияқты балалар үйінің тәрбиеленушілерін отбасына орналастырудың баламалы нысандарын дамыту бойынша, сондай-ақ отбасылық типтегі балалар үйлерін құру бойынша жұмыс жандандырылатын болады. Заңнамалық реттеу шеңберінде кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналар үшін жұмыс уақытын қысқарту мәселесі қаралады. Барлық мүдделі тараптарды тартумен ата-аналардың, соның ішінде жалғызбасты ата-аналардың құзыреттілік моделі әзірленетін болады. Әкенің рөлін арттыру институты күшейтіліп, бала тәрбиелеп отырған әкелердің құқықтарын іске асыру үшін тең жағдайлар қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік тапсырыс шеңберінде отбасыларға кәсіби көмек көрсету саласындағы ҮЕҰ қызметі (отбасын ресурстық қолдау, дағдарыс орталықтары, сенім телефондары) жанданатын болады.

      "Экстремизмнің таралуына жол бермеу" міндеті

      Қазақстанда барлық дін өкілдерінің заң алдындағы теңдігі мен діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпауға және діни нанымдарға құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастар қалыптасты.

      Сонымен бірге қазіргі заманғы қатерлерді ескере отырып деструктивті ағымдар идеологиясы таралуын болдырмауға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау өте қажет.

      6.19 "Ұлттық қауіпсіздік саласындағы анықтау, алдын алу және жолын кесу жұмыстарын уақтылы нормативтік қамтамасыз ету" бастамасы. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, әсіресе, қайта туындаған қауіпке, ең алдымен терроризмге және діни экстремизге қарсы әрекет ету саласындағы жедел ден қою бөлігіндегі құқықтық нормаларды уақтылы әзірлеу және тиімді қолдану бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

      6.20 "Экстремизмнің алдын алу бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру" бастамасы. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы көпшілікке экстремизмнің қауіпі туралы объективті ақпаратты ұсынуға, ұлтжандылық сезімін сіңіруге, зайырлылық және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған жобалар арқылы мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылы аясында жүзеге асырылатын болады.

      6.21 "Экстремизмнің таралуына жол бермеу бойынша нақты алдын алу жұмыстары" бастамасы. Радикалды идеялар таралуының алдын алудағы ең тиімді нысан оны таратушылармен нақты оңалту жұмыстарын жүргізу болып табылады. Осыған байланысты тиісті кадрлармен, әдістемелік, материалдық-қаржылық ресурстармен қамтамасыз етумен елдің барлық өңірлерінде оңалту орталықтары (қызметтері) желісін ұйымдастыру мүмкіндігі; радикалды көзқарастағы адамдарды оңалтумен айналысатын мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін ұйымдастыру; мұсылман дінінің өкілдерін нақты теологиялық оңалтуға барынша тартуды қамтамасыз ету шараларын іске асыру мүмкіндігі қаралатын болады.

      6.22 "Радикалды идеологияны ұстанушылар үшін оңалту орталықтары мен бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру" бастамасы. Радикалды идеологияның ұстанушылары үшін оңалту орталықтары мен бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі бастаманы іске асыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі түрде ынтымақтастық орнатылады. Бұдан әрі көптеген өңірлерде құзыретті мамандарды тартумен осындай орталықтарды ұйымдастыру мүмкіндігі қаралады.

      6.23 "Экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстарға діни қызмет өкілдерінің қатысуын күшейту" бастамасы. Экстремизмнің таралуының алдын алу бойынша жұмысқа ресми діни қызмет өкілдері тартылатын болады. Ресми түрде тіркелген діни бірлестіктердің әлеуеті дін саласында заң жобасы, ақпараттық-түсіндіру және өзге де қызметте пайдаланатын болады.

      Күтілетін нәтижелер

      Қоғамдық сананы сәтті жаңғырту Стратегиялық жоспарды іске асыру ұсынатын мүмкіндіктерді толық пайдалана алатын азаматтардың белсенді, жауапты және іскер қоғамын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте бұл білім алу, шағын және орта бизнесті бастау және дамыту, еңбек ұтқырлығы, инновацияларды қолдану, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық түрде пайдалану бөлігіндегі мүмкіндіктер.

      Алға қойылған тапсырмаларды орындау жергілікті қоғамдастықтардың және жекелей алғанда әрбір қазақстандықтың бәсекеге қабілеттілігін және прагматизмін арттырады, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық процестерге белсенді қатысу мәдениетін дамыту, мемлекет істерін басқарудағы азаматтық қоғам институттарының қатысуын кеңейту, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге ҮЕҰ пен бизнестің қатысу тетіктерін жетілдіру арқылы жалпы қоғамның эволюциялық даму деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

7-реформа. Мемлекеттік сектор өзгерістер көшбасшысы ретінде

      Реформаның мәні: өзінің үлгісінде өзгерістердің жүзеге асырылуын көрсететін, елдегі өзгерістердің бастамашысы және көшбасшысы ретінде мемлекеттік органдардың рөлін арттыру. Мемлекеттік органдардың қызметі өнімділігін, технологиялылығын, бейімділігін, клиентке бағдарлануын және ұйымдастыру мәдениетін арттыру олардың жұмысының сапасын жеке корпорациялардың үздік үлгілері деңгейіне көтеруді қамтамасыз етеді. Реформаны жүзеге асыруда бағдарламалар мен саясатты әзірлеуге, олардың орындалуын бақылауға қоғам өкілдерін тарту арқылы "Назар аударатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудың рөлі ерекше болмақ.

      2025 жылға қарай Қазақстанда орын алатын қағидатты өзгерістер:

      ішкі процестерде технологияларды шектеулі пайдаланудан – технологияларға өнімділікті арттыратын қозғаушы күш ретінде қарау;

      проблемалар мен қажетті әрекеттерді дербес айқындаудан – проблемаларды бизнеспен және халықпен әріптестікте шешу;

      тәуекелді барынша азайту және нақты инновацияларды қолданудан – мемлекеттік органдарда және бүкіл елдегі өзгерістерді қолдау және кеңінен тарату;

      регламенттерді сақтау мен мерзімдерді қайткенде де орындау басымдығынан – бастамашылдық және нәтижелілік басымдығы болмақ.

      Алдағы міндеттер

      Мемлекеттік аппарат "Өзгерісті өзіңнен баста" қағидатын осы реформаның бастау көзіне қояды. Мемлекеттік органдардағы өзгерістер басқа реформалардың басымдықтарына ілесетін болады. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер еңбегінің өнімділігін арттыру үшін олардың жұмысын технологиялық жаңғыртуға қатысты. Сондай-ақ бизнесте қолданылатын, азаматтардың қанағаттану дәрежесіне бағдарлануды көздейтін, үздік тәжірибелерден алынған жаңа қағидаттар мен әдістерді енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізіледі.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, әсіресе жергілікті деңгейде жедел және сапалы көрсету клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделетін болады. Бизнес-практиканың нәтижелілік, бейімділік сияқты басқа да маңызды белгілері де мемлекеттік қызмет саласында дамитын болады.

      "Мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру" басымдығы

      Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен өнімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысына цифрлық технологияларды енгізу қажет. Бұл ретте цифрландыру ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен сүйемелденуі тиіс. Осымен қатар қайталауды жою және оларды оңайлату үшін мемлекеттік органдар жұмысы процестерін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.

      "Мемлекеттік органдардың ішкі процестерін цифрландыру және реинжирингтеу" міндеті

      Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ішкі процестерді кең түрде цифрландыру және реинжирингтеу жүргізу қажет.

      7.1 "Мемлекеттік органдардың ішкі процестерін цифрландыру" бастамасы. Ішкі процестерді цифрландыру ақпараттық жүйелерді дамытуды (мысалы, сот ісін жүргізу процесін автоматтандыру), процестерді интеграциялауға арналған платформаларды құруды (мысалы, ұлттық геоақпараттық жүйе) және инфрақұрылымды дамытуды (мысалы, бұлтты құжат айналымы) қамтитын болады. Ішкі құжаттарды орналастыру және алмасу мақсатында мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары үшін қолжетімді платформа құру статистикалық және есептік деректермен, талдамалық материалдармен жедел алмасып отыруға мүмкіндік береді.

      7.2 "Мемлекеттік органдардың ішкі процестерін оңтайландыру" бастамасы. Процестерді оңайлату және ресурстарды оңтайландыру мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына "сканерлеу" жасалады. Қысқартудың негізгі қағидаты қайталануды жою, процес элементтерін оңайлату және қысқарту, мысалы, келісулер кезіндегі сатыларды және қағаз жүзінде сүйемелдеуді талап етуді қысқарту болуы керек. Бұл ретте функцияны оңтайландыру нәтижесінде босаған адами ресурстар мемлекеттік органдар қызметінің өзге бағыттары үшін кадр көзі бола алады.

      "Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету" міндеті

      Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету техникалық шараларды іске асыруды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жеке басының жауапкершілігін арттыра отырып қауіпсіздік шараларын үйретуді талап етеді.

      Төменде баяндалған бастамаларды іске асыру кезінде дербес деректерді сақтаудың құқықтық және ұйымдастыру тетіктері күшейтілетін болады.

      7.3 "Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша техникалық шараларды іске асыру" бастамасы. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жабдық, бағдарламалық қамтылым, жаңа технологияларды қолдану процестері сияқты барлық маңызды салаларды қамтитын ұйымдастырушылық және техникалық шаралар іске асырылатын болады. Мемлекеттік қызметшілер үшін шағын электрондық құрылғыларды пайдалану бойынша нормативтік құқықтық шектеулерді төмендетуге, жұмыс мақсатында Интернет желісін пайдалануды кеңейтуге бағытталған шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте құпиялылыққа қойылатын талаптарды қоса алғанда, қауіпсіздіктің қажетті деңгейі сақталатын болады.

      7.4 "Мемлекеттік қызметшілерді ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оқыту" бастамасы. Мысалы, Интернетті, бұлтты технологияларды, шағын компьютерлер, планшеттер, смартфондарды пайдалану бөлігінде қағидалар мен талаптарға, қоғамдық орындарда электрондық-ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу қағидаларына оқытуды қамтитын бағдарламалар жүргізіледі. Цифрлық сауаттылық, АКТ пайдалану мәдениеті дамытылады.

      "Нәтижеге және азаматтардың мүдделеріне бағдарлануды арттыру" басымдығы

      Нәтижеге бағдарлауды дамыту нәтижеге бағдарланған тәсілдерді жүйелеу, адаптивті тәсілді дамыту және клиентке бағдарлануды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын болады.

      "Нәтижеге бағдарлану тәсілдерін жүйелендіру" міндеті

      Нәтижеге бағдарлану, сапалы және дұрыс түсіндірілген деректерді қамтамасыз ету, сондай-ақ жобалар мен даму бағдарламалары барынша нәтижелі болуы үшін жобалық басқаруды қолдану мемлекеттік органдар жұмысының жалпы тиімділігін елеулі көтеруге мүмкіндік береді.

      7.5 "Нәтижелерге қол жеткізу бойынша ынталандыру жүйесіне көшу" бастамасы. Жеке компаниялардағы ынталандыру қағидаттарына ұқсас мемлекеттік қызметшілерді олардың нақты нәтижелерге қол жеткізуіне байланысты материалдық ынталандыру жүйесі біртіндеп және барлық жерде жетілдірілетін болады. Жауапкершіліктің артуына және соңғы нәтижеге әсер етуіне байланысты "кепілдендірілмеген", сыйақы (бонустар) мөлшері де артатын болады. Мемлекеттік органдардың нəтижелерін бағалау тиiстi саясат бойынша олардың тиiстi құрылымдық бөлiмшелерге декомпозициясымен негiзгi индикаторларды орындау негізінде жүргізілетін болады.

      7.6 "Мемлекеттік органдар қызметінің, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асырудың тиімділігін одан әрі арттыру" бастамасы. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу кезінде процеске емес, қорытынды нәтиженің сапасына, сондай-ақ нәтижелерді іске асыру, мониторингтеу мен бағалау тетіктеріне бағдарланған нысаналы индикаторларды сапалы айқындауды қамтамасыз етуге баса назар аударылатын болады.

      Шешім қабылдауда жауапкершілік пен дербестік орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мүмкін болатын ең төменгі басқару деңгейлеріне берілетін болады.

      Мониторингтеу және бағалау жүйесі бағдарламаларды іске асыру барысында бүкіл бағдарламаны/саясатты тұтастай қайта қарауды және қайта бекітуді талап етпестен, түзету шараларын енгізуге мүмкіндік беретін болады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін әзірлеу, іске асыру және әсерді бағалау сатыларында мемлекеттік саясаттар мен бағдарламалардың экономиканың (салалардың, қоғамның, жекелеген нарық ойыншыларының) жағдайына әсерін талдау практикасын енгізу есебінен тұрақты мониторингтеу мен бағалау күшейтіледі.

      7.7 "Статистикалық деректердің сапасын арттыру" бастамасы. Нәтижелілігін бағалау үшін статистикалық деректерді, әсіресе, бағдарламалар мен жобалардың нәтижелері туралы деректерді жинақтау жүйесі жетілдірілетін болады. Кемшіліктері бар салаларда ақпараттың толықтығы мен объективтілігі, жоғары нақтылау деңгейі, деректерді жаңартудың тұрақтылығы мен уақтылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың тиісті елдік рейтинг бағасын жасау үшін пайдаланатын деректерінің сапасы мен сенімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

      7.8 "Жобалық басқаруды тарату" бастамасы. Мемлекеттік органдардың ішінде, бірінші кезекте, ірі өзгерістерді талап ететін жобаларды әзірлеу мен іске асыру сияқты салаларда пайдалану үшін жобалау тәсілдерін тарату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ең қазіргі заманғы, мысалы, цифрлық технологияларға байланысты тақырыптар бойынша бағдарламалар мен жобалар әзірлеу үшін Agile сияқты қазіргі заманғы тәсілдер қолданылатын болады.

      "Клиентке бағдарланудың негізінде сапаны арттыру" міндеті

      Мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тікелей халық пен бизнестің мүдделерін қанағаттандыруға бағдарлануы тиіс. Клиентке бағдарлануды арттыру көрсетілетін қызметтер мен атқарылған жұмыстар бойынша тұрақты кері байланыс алу есебінен жүргізілетін болады, бұл мемлекеттік органдарға, бірінші кезекте, неғұрлым өзекті мәселелерді шешетін жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

      7.9 "Ақпараттың қолжетімділігін арттыру" бастамасы. Мемлекет ұсынатын көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жоспарлары мен қызметінің нәтижелеріне қатысты бүкіл ақпарат ашық түрде қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте "Ашық үкімет" порталы мен әлеуметтік желілер сияқты ақпаратты ұсыну мен таратудың қазіргі заманғы нысандары пайдаланылуы тиіс. Үкімет порталы қайтымды байланыс ұсынуды оңайлату, деректерді жаңарту мен көрініп тұруын автоматтандыру үшін жетілдірілетін болады.

      7.10 "Назар аударатын мемлекетті" дамыту" бастамасы. "Назар аударатын мемлекет" қағидаттарына сәйкес әріптестікке бағдарлана отырып, бизнес пен азаматтардың шешімдері мен маңызды мемлекеттік құжаттарды дайындауға қатысу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бизнес өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестердің, азаматтармен кері байланыстың, сарапшылық кеңестердің рөлі күшейтіледі; мобильді қосымшалар мен "электронды үкімет" негізінде азаматтармен цифрлық іс-қимыл жасасу тәсілдері қалыптастырылып, танымал етіледі. Азаматтарға қолайлылықты арттыру үшін қоғамдық кеңестерде, мысалы, "Ашық үкімет" негізінде, қатысудың цифрлық тетігі жасалатын болады.

      7.11 "Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың қанағаттану деңгейіне бағдарлану" бастамасы. Халықтың қанағаттануы тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде пайдаланылатын болады. Халықтың қанағаттануы бойынша сауалнама тұрақты негізде жүргізілетін болады. Өлшеу әдістемесі бекітілетін, көрсеткіш барынша декомпозицияланатын болады. Азаматтардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге және инфрақұрылымға (мектептер, ауруханалар) қанағаттанушылығының нысаналы деңгейлері мен мониторингтеудің іріктелген нәтижелері ашық қолжетімділікте орналастырылатын болады.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізбесіне өзгерістер енгізіледі, бағалау әдістемесі мен мемлекеттік бақылау қағидаларын қоса алғанда, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесі жетілдіріледі, жаңа мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттері қабылданады.

      "Мемлекеттік сектордағы сананы жаңғырту" басымдығы

      Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдар еліміздегі қоғамдық сананы жаңғыртудың "өзгерістер агентіне" айналады. Мемлекеттік қызметшілердің құндылықтар жүйесін нығайту, жұмысқа ынтасы мен жауапкершілікпен қарауы бүкіл елдегі қоғамдық сананың жаңғыруына түрткі болады. Мемлекеттік сектордағы сананы жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарлама басшылардан бағыныстыларға және тікелей мемлекеттік қызметшілерге деген екі бағыт бойынша өтетін болады.

      "Басшыларды бағыныстылардың ынтасы мен жұмыс тиімділігінің деңгейін өзгертуге тарту" міндеті

      Мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғыртуға жасалатын ең маңызды қадам тікелей басшылары тарапынан қолдауды қамтамасыз ету болып табылады. Басшылар бағынысындағылармен жұмыс істеудің неғұрлым қазіргі заманғы тәсілдері туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіледі.

      7.12 "Басшыларды бағыныстылардың ынтасы мен тиімділігін жақсартуға тәсілдеріне оқыту" бастамасы.

      Неғұрлым табысты тәсілдерге шолу бойынша материалдар әзірленіп, таратылады және халықаралық сарапшылардың қажетті тренингтері мен таныстырылымдары ұйымдастырылады. Мемлекеттік органдардың түрлі құрылымдық бөлімшелері басшыларының арасында тәжірибе алмасу үшін семинарлар ұйымдастырылды.

      "Ұйымдастыру мәдениетін дамыту және мемлекеттік қызметтің беделін арттыру" міндеті

      Бұл міндет мінез-құлықты ынталандыру моделін әзірлеуге бағытталған.

      7.13 "Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастыру мәдениетін әзірлеу және ілгерілету" бастамасы. Мемлекеттік қызметшілердің бөлімше ішінде де, сол сияқты ведомствоаралық мәселелер бойынша да өзара іс-қимылын ынталандыратын, мемлекеттік қызметшілерге арналған прагматикалық, тиімділік, кәсібилік және тағы басқалар сияқты құндылықтар жүйесі әзірленіп, танымал етілетін болады.

      7.14 "Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру" бастамасы.

      Мемлекеттік қызметтің жеке сектордағы жұмысқа қатысты бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, бүкіл мансаптық жолында кәсіби дамуы үшін қосымша жағдайлар жасауды, жетістіктерді жариялауды қамтитын мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастыру және ілгерілету бойынша іс-шаралар қабылданатын болады.

      Озық технологиялар мен басқару әдістемелерін меңгеруді, инновациялық ұсыныстарды әзірлеуге қатысуды, құзыретті басшылардан үйрену, неғұрлым табысты сарапшылардан, жеке және квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларында тағылымдамадан өту мүмкіндігін қамти отырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына ерекше назар аударылатын болады.

      Күтілетін нәтижелер

      Мемлекеттік аппараттағы өзгерістерді іске қосу Стратегиялық жоспардың басқа да реформаларын енгізуді және олардың әсер болуын жеделдетеді. Өзгерістердің қозғаушысы рөлін атқара отырып, мемлекеттік сектор басқару әдістерінің бейімділігі мен қазіргі заманғылығын арттырады, шешімдер қабылдауды жеделдетеді және көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру және неғұрлым ықшам аппаратты қалыптастыру есебінен мемлекеттік шығындарды үнемдеуді жүзеге асыра алады.

      Азаматтарды мемлекет қызметіне тарту мемлекеттің күш-жігерін нақты өмір сүру сапасын жақсартуға неғұрлым тиімді трансляциялауға мүмкіндік береді. Клиентке бағдарлану халық пен бизнестің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қанағаттанушылығын арттырады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік Банктің мемлекеттік басқару тиімділігі индексінде 51.44 процентильден 60-75 процентильге дейін көтеріледі.

5-тарау. Эволюциялық жол: "Қазақстан-2050" стратегиясын іске асырудың басым бағыттары

1-саясат. Ынталандырушы макроэкономикалық саясат

      Саясаттың мәні: макроэкономикалық саясат тұрақты экономикалық өсуді, жұмыспен қамтуды, баға деңгейінің тұрақтылығы мен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тиімді ақша-кредит саясаты мен ынталандырушы салық саясатын жүргізу, инфляция деңгейін кезең кезеңімен төмендету, бюджет шығыстарын ұтымды ету және фискалдық орталықтан алу макроэкономикалық саясаттың негізгі қағидаттарына айналады.

      Жалпы жинақтардың ЖІӨ-нің кемінде 25-30% деңгейіне дейін өсуі үдемелі өсудің шартына айналады, бұл өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейту, бизнестің көлеңкеден шығуы және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған тиімді ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы халықтың, мемлекет пен бизнестің нақты кірістерін арттыру есебінен салыстырылатын елдердің деңгейіне сәйкес келеді.

      1-міндет. Макроэкономикалық және құрылымдық саясатты үйлестіру

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі тұрақты экономикалық өсу, жұмыспен қамту мен баға деңгейінің тұрақтылығы бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды үйлестіруді қамтамасыз ететін болады.

      2-міндет. Ақша-кредит саясатын күшейту

      Ел экономикасының теңгерімді өсуін қолдау және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейін біртіндеп 4%-дан аспайтын деңгейге жеткізу және кейін сол деңгейде ұстап тұру ақша-кредит саясатының негізгі міндетіне айналады. Инфляцияның нысаналы деңгейіне қол жеткізу үшін теңгенің құбылмалы айырбас бағамы режимі кезінде пайыздық саясатқа баса назар аудара отырып, ақша-кредит саясатының құралдар жүйесі қолданылатын болады.

      Ұлттық Банктің нарықтық мөлшерлемелерді базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінде ұстап тұруға бағытталған пайыздық саясаты инфляциялық күтілімдер мен айырбас бағамына қатысты күтілімдерді неғұрлым тиімді реттеуге мүмкіндік береді, осылайша ақша нарығындағы құбылмалылықты шектеуге және ұзақ мерзімді пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға, шетел валютасындағы активтерге сұранысты және долларландыру деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

      Қаржылық тұрақтылықты сақтап тұру пруденциалдық реттеу, қадағалау және инспекциялау әдістерімен қамтамасыз етіледі. Тұрақтылығын арттыру мақсатында банк капиталының есептілігі мен сапасының дұрыстығы бойынша талаптарды арттыру осы қызметтің маңызды бағыты болады. Капиталдың тұрақтылығы мен сапасын арттыру банктердің кредиттік белсенділігінің артуына әкеледі.

      Ұлттық Банктің халық пен бизнес үшін тұрақты және уақтылы хабардар ету мен түсіндірмелер беру жөніндегі ақпараттық-коммуникациялық қызметі күшейтілетін болады.

      3-міндет. Экономиканың өсуін қолдауға арналған салық-бюджет саясаты

      Экономиканың одан әрі өсуін сақтау және бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін біртіндеп азайту үшін мемлекеттік қаржының салықтық түсімдері тұрақтылығын нығайту салық-бюджет саясатының негізгі міндеті болады.

      Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды қысқарту, мұнайлық емес сектордан түсетін кірістердің өсуін ынталандыру және бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру есебінен мұнайлық емес тапшылық 2016 жылы ЖІӨ-нің 9%-нан 2025 жылы ЖІӨ-нің 6%-на дейін қысқаруы тиіс.

      Мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мақсатында нарықтық бағаларды бұрмалауға әкеп соқтыратын және жеке сектордың дамуына теріс әсер ететін қолдау бағдарламаларын қаржыландыру біртіндеп қысқартылатын болады. Мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордың кəсіпорындары үшін бюджеттік қаржыландыру да біртіндеп төмендейтін болады. Өзін-өзі ақтайтын жобаларды көбіне қарыз капиталын тарта отырып, негінен даму институттары қаржыландыратын болады. Мемлекет жеке инвестицияларды ауыстырмай, жеке сектордың инвестициялық белсенділігін ынталандыратын болады.

      Ұлттық қордың активтерін тұрақтандыру және сақтау үшін Ұлттық қордан республикалық бюджет шығыстарын қаржыландыруға қаражат тарту көлемі мұнайлық емес сектордан түсетін кірістердің өсуіне байланысты біртіндеп төмендейді.

      Жалпы алғанда, орта мерзімді перспективада бюджет тапшылығы қалыпты борыштық жүктемені және үкіметтің ішкі және сыртқы міндеттемелері бойынша төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ЖІӨ-ге қатысты 1% аспайтын деңгейде сақталады.

      Бюджетаралық қатынастар шеңберінде жергілікті және өңірлік мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Орта мерзімді кезеңде бюджетаралық қатынастар саясатының негізгі мақсаты халыққа заңнамамен кепілдендірілген көрсетілетін қызметтерді ұсынуда өңірлердің тең фискалдық мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады.

      Салықтық әкімшілдендіруді ырықтандыру және кедендік әкімшілендіруді жүйелендіру, сондай-ақ салықтық есептілікті оңайлату мен барынша азайту саясаты жалғастырылады.

      Мемлекет пен салық төлеушілердің мүдделері теңгерімінің сақталуын ескере отырып, салық салуда жаңа тәсілдер, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада бюджет кірістерінің тұрақтылығын сақтау және ұлғайту қолданылатын болады.

      Салық жүйесін жетілдіру мақсатында:

      өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды "көлеңкеден" шығаруға әкелетін, бөлшек сауда мен ауыл шаруашылығына арналған бірыңғай салық базасында жеңілдетілген салық режимдерін енгізу;

      жеке тұлғалар үшін табыстар мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауды енгізу;

      әлеуметтік салық мөлшерлемелерін қайта қарау жолымен еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету;

      азаматтарды салықтарды ерікті түрде төлеуге ынталандыру – салықтық әкімшілікті жеңілдету;

      қолма-қол ақшасыз айналымды салықтық ынталандыру, қосылған құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру және арнайы салық режимдерін реформалау есебінен көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету;

      жаңа кен орындарын өндіруді ынталандыру арқылы инвестициялық қызметті арттыру;

      адал салық төлеушінің мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Салықтық тексерулерге бастамашылық жасау үшін негіздемелер 56%-ға (32-ден 14-ге дейін) азаяды, бұл 2025 жылға қарай тексерулер санын 3 есеге қысқартуға мүмкіндік береді.

      2019 жылдан бастап ірі салық төлеушілермен өзара іс-қимыл жасау үшін салықтық және кедендік бақылаудың ұштасуын, сондай-ақ қосымша тексерулердің қажеттілігі болмауын болжайтын, деңгейлес мониторинг енгізіледі. 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімінің өту уақытын 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту көзделуде. Салық төлеушінің сенімділігіне байланысты салықтық әкімшілендіруге сараланған тәсіл енгізіледі.

      2019 жылдан бастап ерікті негізде ҚҚС бойынша бақылау шотын енгізу жолымен ел ішінде сатып алынған тауарлар бойынша дебеттік сальдоны қайтару тетігі көзделетін болады. Жеделдетіп қайтарудан басқа, бұл тетік ҚҚС-тан жалтару схемаларын қолдануды елеулі қиындатады.

      Өтпелі кезеңнен кейін сауда саласында көлеңкелі айналымды төмендету мақсатында 2020 жылдан бастап патент негізіндегі арнайы салық режимінен сауда саласы алып тасталады. Патент негізіндегі арнайы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесі қысқартылып, қол өнеріне қолданылатын болады.

      2020 жылдан бастап шаруа қожалықтары үшін жердің бағалау құнынан кіріске салық салу объектісі өзгереді, бұл жалпыға бірдей декларациялау талаптарына сәйкес келеді.

      Жеке табыс салығының прогрессивті шәкілін енгізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мөлшерлемесінің ұлғаюына, 2020 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілуіне байланысты әлеуметтік салық мөлшерлемесін төмендету мәселелері пысықталатын болады.

      2019 жылы өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар сәйкестендіріледі және оларды заңды айналымға тартуға арналған тәсілдер әзірленеді.

      4-міндет. Мемлекеттік борыш деңгейін қауіпсіз деңгейде ұстау

      Бюджетке борыштық жүктемені төмендету және борышты ел үшін қауіпсіз деңгейде ұстап тұру мақсатында жыл сайын үкімет борышының, мемлекеттік кепілдіктер беру лимиттері мен жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттері белгіленеді.

      Борыштық жүктеменің шамадан тыс өсуін шектеу үшін квазимемлекеттік сектордың қарыз алу көлемдері Үкіметпен келісілетін болады.

      Инвесторлық базаны кеңейту және Үкіметтің борыштық бағалы қағаздар шығару стратегиясын жетілдіру есебінен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту жалғастырылады.

      Елдің борыштық саясаты бюджет тапшылығын қаржыландыру және ел үшін борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін қолайлы шарттарда үкіметтік қарыз алуларды жүзеге асыруға бағытталады.

2-саясат. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі

      Саясаттың мәні: экономика салаларын дамыту саясаты еліміздің әлемдік нарықтардағы бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіруде жаңа бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыруға бағытталатын болады. Жаңа технологияларды енгізу, әсіресе қызмет көрсету саласында, жаңа индустриялар мен экономиканың перспективалы салаларын құруды және дамытуды ынталандыратын болады.

      1-міндет. Базалық салалардың әлемдік нарықтардағы позицияларын нығайту

      Базалық салаларды дамыту саясаты, бірінші кезекте, өңірлік және әлемдік нарықтардағы өнімділік пен бәсекеге қабілеттікті арттыруға, табиғи ресурстарды тартуға және өңдеуді барынша тереңдетуге, қосылған құнның жаһандық тізбегіне енгізуге және жаңа экспорттық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді өсіруге бағытталатын болады.

      Агроөнеркәсіптік кешен

      АӨК саясаты ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді тереңдетуге, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспортқа бағдарланған экологиялық таза өнім өсіруге бағдарланатын болады. 5 жыл ішінде 2017 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнім эспортының көлемін 2,5 есе ұлғайту жоспарлануда.

      Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің барлық түрлеріне, атап айтқанда, өндірістік, дайындау және өңдеуге жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.

      Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына инвестициялар тарту мақсатында Қазақстан-Венгрия тікелей инвестициялар қорының тәжірибесін ескере отырып, жаңа инвестициялық қорлар құру мәселелері пысықталатын болады. Толыққанды сақтау, логистика және тиімсіз делдалдық құрамдастарды болдырмайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу инфрақұрылымын құру, сондай-ақ аграрлық машина жасауды дамыту нысаналы бағыттарға айналады.

      Қазіргі заманғы технологияларды енгізу үшін халықаралық мамандарды тартумен және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін оқыта отырып, модельдік фермалар желісі құрылатын болады.

      Ауыл шаруашылығында жануарлар мен өсімдік өнімдерін сәйкестендіру және қадағалау технологиялары қолданылады. Сондай-ақ субсидиялар бөлу процесін автоматтандыру, ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу мен кепілге беруді автоматтандыру жоспарланып отыр. Су және жер ресурстарын тиімді басқару және шөлейттенуге қарсы күрес үшін геоақпараттық жүйелер жаппай қолданыс табады.

      Технологияларды тиімді трансферттеу және аграрлық ғылымды дамыту мақсатында отандық ауыл шаруашылығы ҒЗИ мен ЖОО-лардың халықаралық ғылыми қоғамдастықпен өзара іс-қимылы жандандырылатын болады, негізгі міндет асыл тұқымды гендік қорды дамыту, өсімдік шаруашылығында өнімділікті арттыру, нақты жер өңдеуді дамыту, сондай-ақ ресурстар тиімділігін арттыру болады.

      Өнеркәсіпті білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіптік кешендегі озық білімдерді және озық тәжірибелерді тарату, АӨК-тегі аграрлық университеттердің рөлі қайта қаралатын болады және оларды оқыту бағдарламалары жаңартылады.

      Халықаралық экспорттық әлеуетті дамыту үшін стратегиялық салалар анықталады, азық-түлік қауіпсіздігін ескере отырып, өнімнің басым түрлері бойынша экспортқа қолдау көрсетіледі. Ол үшін, толық өндіріс циклын орнатуға және тиісті логистикалық бағыттарды орнықтыруға бағытталған жүйелі шаралар қолдану жоспарланады.

      Органикалық өнім өндіру, оның ішінде оны дамыған елдерге экспорттау ауыл шаруашылығы өндірісінің экспорттық әлеуетін дамытудың перспективалы бағытына айналады. Органикалық өнімдер өндірісін сертификаттаудың өзіндік жүйесі енгізіледі, өнімнің сапасын анықтау бойынша мамандандырылған зертханалар дамытылады.

      "Қазақстанда жасалған" табиғи азық-түлік брендін жасау және ілгерілету арқылы, әлеуетті нарықтарға ауыл шаруашылығы өнімдерін насихаттауға мақсатты қолдау көрсетілетін болады.

      Субсидиялау тетіктері өнімділікті арттыруға, шикізатты өндеуді тереңдетуге және агротехнологияларды енгізуге бағдарланатын болады.

      "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" (бұдан әрі - "ҚазАгро" ҰБХ) арқылы АӨК-ді дамытудың басым бағыттарын қаржыландыру, холдингтің еншілес ұйымдары арқылы тікелей кредиттеуді кезең-кезеңімен тиімсіз субсидиялар қысқарту және кейін АӨК субъектілерін кредиттеу үшін жеке қаржы ұйымдарымен (кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдарын, екінші деңгейлдегі банктерді, лизингтік компанияларды) қаржыландыруды ұлғайту арқылы жалғастырылады. Кредиттік серіктестіктер мен кооперативтер желісі кеңейтіліп, дамытылады, кредиттік серіктестіктер мен кооперативтердің, қызмет стандарттары мен қағидаларын әзірлеу, кредиттік серіктестіктердің қызметін бақылау-қадағалау функциялары бар өзін-өзі реттейтін ұйымдарды құрудың мүмкіндігі қарастырылатын болады.

      Өсімдік шаруашылығы өнімін тиімді дамыту мақсатында қайта өңдеу және өнімдерді өткізу инфрақұрылымымен байланыстыра отырып, өндірісті өңірлік мамандандыру қамтамасыз етіледі. Өсімдік шаруашылығында өсімдік шаруашылығы өнімін сақтау инфрақұрылымын салу, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалануды ынталандыру, жоғары репродукциялы тұқым өндіру және пайдалануды ынталандырылады қамтамасыз етіледі.

      Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, бір жылдық және көпжылдық шөптердің, жем-шөптің, майлы дақылдардың және өзге де басым дақылдардың алқаптарын ұлғайту, аралас жемдерді өндіруді және сұранысқа ие өнімдерді экспорттауды ұлғайту бойынша жұмыстар жалғастырылады. Топырақты рекультивациялау және мелиорациялау тәсілдері жаңартылады. Сонымен бірге фермерлердің жерді тиімді пайдалануын ынталандыру үшін бірқатар шаралар әзірленеді.

      Мал шаруашылығының жем-шөп қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында мал дақылдарын өндіру өндірісіне жұмсалған шығындарды және мамандандырылған техника мен жабдықты сатып алу кезіндегі инвестициялық шығындарды субсидиялау есебінен азығы дақылдары өндірісінің өсуін ынталандыру қамтамасыз етіледі.

      Мал шаруашылығында еттің көлемі мен сапасының өсуін қамтамасыз ету үшін асыл тұқымды тектік қорды ұлғайтуға, сондай-ақ жем-шөппен қамтамасыз етуді арттыруға аса назар аударылатын болады. Республикалық палаталар мен мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал өнімінің сапасын бақылау, селекциялық және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының сапасын бағалау тетіктері күшейтіледі.

      Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде ветеринариялық диагностикалық және иммундық-профилактикалық препараттарды пайдалануды ұлғайту жөніндегі диагностикалық, профилактикалық және жою іс-шаралары өткізілетін болады.

      Тау-кен металлургия кешені

      Тау-кен металлургия кешенін дамыту саясаты өндіру көлемін ұлғайтуға, одан әрі қайта бөлуді дамытуға және қосылған құнды ұлғайтуға бағытталады.

      Ресурстық базаны кеңейту және инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында инвесторлардың құқықтарын сақтауды кепілдендіру, олардың капиталын қорғау, әкімшілік рәсімдерді түбегейлі жеңілдету бөлігінде жер қойнауын пайдаланудың нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілетін болады. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералды ресурстар мен минералды қорлар туралы жария геологиялық есептілікті толығымен халықаралық стандарттарға көшіру жүзеге асырылатын болады.

      Жер қойнауын пайдалану саласында деректердің толықтығын, сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ете отырып, инвесторларға арналған геологиялық ақпарат жүйелендірілетін Ұлттық деректер базасы құрылатын болады.

      Геологиялық барлауға және өндіру мен өңдеуді технологиялық дамытуға инвестициялар тарту үшін және өндіру саласының кадрлық әлеуетін қамтамасыз етуге және шикізат базасы мен өндіруді дамытуға технологиялар трансфертін экономикалық және фискалдық ынталандыру көзделетін болады.

      Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында АХҚО шеңберінде шағын және жаңа жер қойнауын пайдаланушылар үшін ("junior miners") бөлек биржа алаңы құрылатын болады.

      Тау-кен жабдықтарын пайдалануды оңтайландыру, қауіпсіздікті, ішкі логистиканы арттыру, сондай-ақ өнімділік пен энергия тиімділігін арттыру мақсатында "Индустрия 4.0" санатындағы кешенді мамандандырылған ақпараттық жүйелерді енгізу белсенді түрде ілгерілетілетін болады.

      Еңбек өнімділігі мен өндірістің экологиялылығын арттыру мақсатында дәстүрлі жүйе құратын металлургиялық салаларды қайта құрылымдау мен жаңғырту жалғастырылатын, машина жасау, құрылыс, мұнай-газ секторы мен көлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өнімдер шығаруға маманданатын, қуаттылығы 0,3-2,0 млн тонна шағын зауыттарды (шағын металлургия) іске қосу арқылы саланы әртараптандыру күшейтілетін болады.

      Қара металлургияны дамыту болат алу үшін жоғары сапалы шикізат өндіру, жаңа буынды ферроқорытпалар, болаттың жаңа түрлерін өндіру мен жоғары легірленген болат ассортиментін кеңейту бойынша басым бағыттарды іске асыруға бағытталатын болады.

      Түсті металлургияны дамыту базалық металдар өндіруді және номенклатураны кеңейтуге, атап айтқанда, өнеркәсіптік құрылыс үшін, жоғары технологиялық өнімдер мен терең өңдеу өнімдерінің көлемін ұлғайтуға бағытталатын болады.

      Отын-энергетика кешені

      Саланы дамыту саясаты өндіру көлемін ұлғайтуға, өңдеуді тереңдетуге және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделетін болады.

      Орта мерзімді перспективада өндіру көлемін ұлғайту Қашаған кен орны мен Теңіз кен орнының болашақта кеңейту жобасы шеңберінде іске асырылатын болады. Табиғи ресурстарды басқарудың кешенді ақпараттық-технологиялық платформалары енгізілетін болады.

      Мұнай өңдеу, жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мұнай өнімдерін және ілеспе мұнай газын өндіру үшін технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасады. Газ химиясын, газды мотор отыны нарығын дамыту мен шалғай аудандарды газдандыру үшін жоғары қайта бөлу газын және қосылған құны жоғары газ-химия өнімдерін алуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым жасалады.

      Мұнай өңдеу үшін экономикалық тұрғыдан рентабельді жағдайлар жасау үшін түрлі мұнай өнімдеріне арналған экспорттық кедендік баждар мен акциздерді қайта қарау мәселелері пысықталады.

      Қазақстан атом саласын дамытуды жалғастырады. Ядролық отынның толық циклін құру мақсатында Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургия зауыты негізінде атом электр станцияларына арналған жылу шығарушы жинақтарды өндіру зауыты салынады.

      Электр энергетикасын дамыту саясаты генерациялау мен тасымалдаудың теңгерімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ электр энергиясының өзіндік құнын төмендетуге бағытталатын болады. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажет басым энергетикалық объектілерді жаңғырту және салу, ішкі және сыртқы нарықта қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын сақтау мақсатында өнеркәсіп үшін тарифтерді қолайлы деңгейде негізгі бағыттарға айналады.

      Электр қуатын өндіру сегментінің проблемаларын шешу үшін бәсекеге қабілетті бағамен жұмыс істейтін электр энергиясы мен қуат нарығының жұмыс істеуі қарастырылатын электр энергиясы мен қуаттылықтың көтерме сауда нарығының модельдерін (нысаналы модель) әзірлеу және енгізу жоспарланып отыр. Тарифтік реттеу жүйесін жетілдіру электр энергиясының өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Электр энергиясын өндірушілердің экологиялық қауіпсіздігі мен тиімділігі артады.

      "Ақылды" электр желілері/электр энергиясын сақтау жүйелерін одан әрі енгізу бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Энергия тиімділігін арттыру және энергия шығындарын төмендету мақсатында өнеркәсіп арасында да, сол сияқты халықтың арасында да энергияны тұтынуды интеллектуалдық басқару жүйелерін, энергия үнемдеу технологиялары енгізу ынталандырылатын болады.

      Жаңартылатын энергия көздері одан әрі дамытылады.

      2-міндет. Идустрияландыруды тереңдету және жаңа қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару

      Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы шеңберінде экономиканы одан әрі индустрияландыру "цифрлық дәуір" өнеркәсібін қалыптастыруға баса назар аударылып, жүзеге асырылады.

      Жоғары технологиялық өнiмдер өндiрiсiн дамыту және жаһандық қосылған құн тiзбектеріне енгізу үшiн қолайлы жағдайлар жасалады.

      Жоғары технологиялық қайта бөлу тауарларын шығаруға қабілетті, жүйе құрайтын жобалар іске асырылатын болады. Бұл "салмақ орталығы" индустриалдық кәсіпкерліктің шекті массасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

      Жабдықтың жұмыс істеу режимдерін оңтайландыру, өнімділік пен еңбек қауіпсіздігін арттыру, логистиканы, өнім сапасын жақсарту, сұранысты болжауды жақсарту, өнімді нарыққа шығару уақытын қысқарту, сатудан кейінгі қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында өндірісте "Индустрия 4.0" технологияларын (Big data, 3D-шығару, робот техникасы, сенсорлар, машиналық оқыту, толықтырылған нақтылық) енгізу негіз болады.

      Өңдеу секторын дамытуға инвестициялар салатын кәсіпорындар үшін, экспорттық қолдау және еңбек өнімділігін арттыру бөлігінде қолдау көрсету күшейтіледі. Қосылған құнның өсуі негізгі өлшемшартқа айналады.

      Өңдеу секторының жекелеген салаларына технологияларға да, сол сияқты өткізу нарықтарына рұқсат беретін жетекші шетелдік өндірушілер тартылатын болады. Өндірісті оқшаулау және технологияларды трансферттеу мақсатында импорттық тауарлардың ірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу шеңберінде офсеттік саясат элементтері қайта қаралатын болады.

      Машина жасауда, бірінші кезекте, базалық салалар тұтынатын өнімдер өндірісі дамиды. Әлемдік өндірушілерді тартуға байланысты бұрғылау кешендері, астық тасығыштар, контейнер тасығыштар, комбайндар, жаткалар мен сепкіштер, тракторлар мен бульдозерлер, тау-кен жабдықтары, электр жабдықтары, локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары сияқты жаңа соңғы өнім түрлері игеріледі.

      Басқа басым бағыттар, толық өндіріс циклын құруға бағдарлана отырып, отандық компаниялардың әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастығына негізделетін, көлік құралдарын, олардың бөліктерін, керек-жарақтары мен қозғалтқыштарды өндіру, сондай-ақ адам денсаулығы мен экологияға қауіпсіз, энергия үнемдеуші-жоғары технологиялық материалдар өндірісі болып табылады.

      Агрохимия және өнеркәсіпке арналған химиялық заттарды өндіру химия өнеркәсібін дамытудың басым секторларына айналады. Жоғары ғылымды қажет етуіне байланысты, осы секторларды дамыту кластерлік тәсілдің негізінде жүзеге асырылады. Мұнай-газ химия өндірісінің төңірегінде пластик бұйымдарын өндіру дамитын болады.

      3-міндет. Жаңа индустриялар мен қызмет көрсету саласын дамыту

      Цифрландыру мен технологиялық революция экономиканың дәстүрлі салаларының негізінде және айналасында жаңа индустриялардың пайда болуына мүмкіндіктер туғызады.

      Жоғары өнімді қызмет көрсету экономиканың жаңа "өсу нүктесіне" айналуы тиіс және аэроғарыштық қызметтер, инжиниринг, АКТ, білім беру, медициналық туризм, заң қызметтері сияқты экспортталатын қызметтердің құрылымын әртараптандыру жоспарланып отыр.

      Көліктік көрсетілетін қызметтерді дамыту. "Нұрлы жол" бағдарламасында көзделген қазіргі заманғы логистикалық хаб құру "Бір белдеу, бір жол" мемлекетаралық жобасы шеңберінде Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға және транзиттен пайданы ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол үшін отандық көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, логистикалық орталықтар құру мен сауда-саттық рәсімдерін оңайлату саясаты жалғастырылады.

      Азия даму банкінің Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы шеңберінде көлік-логистикалық бағыттарды дамыту бөлігінде одан әрі шаралар қолға алынатын болады.

      Кедендік операцияларды орындау, жүктердің онлайн-режимінде қозғалысын қадағалау, жүк- және жолаушылар тасымалын жоспарлау мен құрудың зияткерлік жүйелер енгізіледі (оның ішінде "ауқымды деректер" қолдана отырып блокчейн технологиясы негізінде), бұл логистиканы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға дейін тартуға, мультимодальды тасымалдауды жүзеге асыру үшін халықаралық деңгейдегі сервистік инфрақұрылымды және сауда-логистикалық орталықтар желісін қалыптастыруға, инфрақұрылымды әрі қарай дамыту қажеттілігін анықтауға, авиахабтарды дамытуға мүмкіндік береді.

      "Ашық аспан" саясаты іске асырылатын болады, бұл авиалогистиканың құнын төмендетуге, туристік және жүк ағындарын арттыруға мүмкіндік береді.

      Әлемнің тораптық транзиттік нүктелерінде көлік-логистикалық объектілер құру бойынша шаралар қабылданатын болады. Қазақстан үшін халықаралық теңіз порттарына қолжетімділікті кеңейту мен әртараптандыру маңызды басымдық болып табылады.

      Инжинирингтік көрсетілетін қызметтер нарығын құру. Базалық және өңдеу салаларында индустриалды жобаларды іске асыруға мамандандырылған жобалау, технологиялық сараптама және консалтинг, техникалық аудит және қадағалау, технологияларды бейімдеу және жүйелі интеграциялау сияқты бәсекеге қабілетті инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді құрудың жоғары әлеуеті іске асырылатын болады. Осы бағытта осы секторларды дамытуда жинақталған тәжірибенің синергиясы және кейін шетелдік нарықтарға шыға отырып, әлемнің жетекші инжинирингтік компанияларын тарту маңызды.

      Әлеуметтік экономиканы дамыту. Білім беру мен денсаулық сақтауға жеке инвестицияларды тартуға және осы салалардың көрсетілетін қызметтерді экспорттаудың өсуіне жағдай жасалады. Бұл қызметтердің экспорттық әлеуетін іске асыру локомотиві Назарбаев Университетінің халықаралық деңгейдегі кластерлері болып табылады. Халықаралық кеңістікке тиімді интеграциялану үшін әлемнің жетекші клиникалары, ЖОО-лар және зерттеу институттары желісімен стратегиялық әріптестік жолға қойылатын болады.

      Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтерді дамыту. Ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді дамыту шеңберінде қазақстандық IT-қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру, "бұлтты" технологияларды енгізу, деректерді сақтау және өңдеу, бағдарламалау қызметтерін енгізу, электрондық мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ Қазақстанның аумағын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтуды арттыру ұсынылады. Astana Hub және "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" АЭА базасында, сондай-ақ Назарбаев Университеті базасында инновациялық орталықтарды дамыту есебінен Қазақстандық IT-компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыру жоспарлануда.

      Қаржылық қызметтерді дамыту. Банктік, сақтандыру қызметтері мен активтерді басқару қызметтерінің сапасын арттыру жоспарлануда. Банктерде тәуекел менеджменті мен ақпараттық қауіпсіздіктің сапасын арттыру, блокчейн технологияларын қолдану бойынша шаралар қабылданатын онлайн-банкингке және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға толық көшу іске асырылатын болады. Жоғары экспорттық әлеует АХҚО қызметі (қаржылық талдама, төрелік, есепке алу, fintech, төлем жүйелері) шеңберінде іске асырылатын болады.

      Сауда қызметін дамыту. Транзакциялық шығасыларды төмендету, өткізу нарықтарын кеңейту мақсатында мынадай: нарықтарды жаңғырту, ірі ретейлердің франчайзингтік жобаларын қолдау, сауда объектілерін дамыту және B2B, B2C, C2C электрондық коммерция платформаларын дамыту бағыттары айқындалды. Көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары үшін электрондық коммерция алаңын құру сапалы өнімге, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Отандық электрондық сауда алаңдарын халықаралық электрондық сауда алаңдарымен (Alibaba, Amazon, Ebay) интеграциялау тауарларды экспорттауға, сондай-ақ көліктік-пошта қызметтері үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

      Туризмді дамыту. Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан – бес туристік кластер құрылып, дамытылады. Астана қаласы іскерлік, медициналық және білім беру, Алматы қаласы – іскерлік және халықаралық тау шаңғысы, Шығыс Қазақстан – экологиялық/тұрақты (оның ішінде аграрлық, орманшылық, шытырман оқиғалы), Оңтүстік Қазақстан – мәдени (оның ішінде рухани, этнографиялық), Батыс Қазақстан – жағажай туризмі орталықтары ретінде айқындалады. Бұл ретте туристік кластерлер құруда табысты тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлі) инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

      Өңіраралық туристік пакеттер көршілес елдердің туристік объектілерін мысалы, Жібек жолы шеңберінде қамти отырып, ерекше дамытылатын болады.

      Жүріп-тұруы шектеулі топтарға қызмет көрсетудің, қолжетімділік және маршруттары қауіпсіздігінің арнайы стандарттары енгізіле отырып, әлеуметтік және инклюзивті туризм дамытылатын болады. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданады. Қазіргі заманғы инфрақұрылымның болуына байланысты қысқы спорт түрлері, бизнес (форумдар, конференциялар), денсаулық сақтау және білім беру сияқты туристік бағыттар ілгерілетіледі.

      4-міндет. Ұлттық экономиканы жаңғыртудағы ұлттық холдингтердің рөлі

      "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" (бұдан әрі - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ), "Бәйтерек" (бұдан әрі - "Бәйтерек" ҰБХ) және "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингтері экономикалық өсудің жаңа моделін құруда белсенді рөл атқаратын болады. Осы ретте бұл холдингтердің рөлі мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды өткізушілер рөлінен экономиканың жеке секторының дамуымен қарама-қайшылыққа түспей, елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін мемлекеттік және коммерциялық мақсаттарды көздейтін, қазіргі заманғы тиімділігі жоғары, ықшам және кәсіби институттардың рөліне өзгеруі тиіс. Бұл ұйымдардың активтері мен функционалы экономиканы әртараптандыруға, цифрлық және технологиялық жаңғыртуға бағытталатын болады.

      Бұл ретте олардың стратегиялық рөлінің сәттілігінің негізгі факторы квазимемлекеттіктен корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі бар жоғары технологиялы және тиімді институттарға трансформациялану процестерін тиімді аяқтау, холдингтердің тән емес функциялары және міндеттері yellow pages қағидаттарына сәйкес оңтайландыру және активтерді бәсекелес ортаға беру, жаңа салаларды дамыту мақсатында инвестициялық қызметтің тәсілдерін жетілдіру болып табылады.

3-саясат. Қаржы нарығын дамыту

      Саясаттың мәні: қаржы секторын дамыту саясаты банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру мен экономиканы кредиттеуді, баламалы қаржыландыру көздерін дамытуды, АХҚО-ны дамыту мен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды қамтитын қаржыландырудың тиімді тізбегін қалыптастыруға бағдарланған.

      1-міндет. Банк секторының тұрақтылығын арттыру

      Ұлттық Банктің төлем қабілетсіздігі тәуекелдерін төмендетуге және капиталдың жеткілігі бойынша банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің ұсыныстарын кезең-кезеңмен енгізуді жалғастыруды көздеген қадағалау функцияларын орындау есебінен қаржы секторының тұрақтылығын арттыру жөніндегі жұмысы осы міндеттің мақсатына айналады.

      Банк қызметін пруденциялдық реттеуді, халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, банк қызметінің тәуекелдерін басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жалпы қаржы жүйесін институционалдық дамытуды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Заңнаманы жетілдіру мақсатында Ұлттық Банкке жедел бақылау және тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану бойынша құқықтар беру, аудиторлық және бағалау компанияларының жауапкершіліктерін күшейту, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету және корпоративтік басқаруды жақсарту, банктердің дәрменсіздігін реттеу режимін жетілдіру жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

      Банк секторын сауықтыру бойынша міндеттерді шешу шеңберінде екінші деңгейдегі банктердің баланстарын "жаман" кредиттерден тазарту және қажет болған жағдайда, акционерлер тарапынан банктерді толық капиталдандыруды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің стандарттарына көшу шеңберінде дағдарысты құбылыстарды алдын ала ескерту жұмыстарын күшейтетін қадағалау процесі – Базель ІІ-нің екінші құрамдасын енгізу бойынша ұсынымдар әзірленеді. 2025 жылға қарай ағымдағы реттеу режимінің Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің (Базель ІІІ) жеке капиталдың жеткіліктігі мен өтімділігі жөніндегі негізгі қағидаттарына ауысуы бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Жалпы алғанда, Ұлттық Банк пен Үкіметтің жұмысы банк секторында нарықтық жағдайларды бұрмалайтын факторларды төмендетуге бағытталады, атап айтқанда: мемлекеттің араласуы мен мемлекет қаражаты есебінен жеке банктерді қолдау азайтылады, банк секторындағы корпоративтік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылады, экономиканы қаржыландырудағы квазимемлекеттік институттардың рөлдері біртіндеп азаяды, банк секторында, оның ішінде, жаңа капитал, жаңа банк өнімдері мен қызметтерді әкелуге қабілетті шетелдік қаржылық институттарды қоса алғанда, нарыққа жаңа жеке қатысушылардың кіруіне бөгет болатын кедергілерді төмендету арқылы бәсекелестікті арттыру шаралары қабылданады.

      2-міндет. Экономиканы ұзақ мерзімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету

      Банк жүйесін тұрақты қорландыру базасының болмауы банк секторының тұрақтылығын арттыруға кедергі келтіретін және банктердің экономиканы кредиттеу бойынша мүмкіндіктерін шектейтін негізгі факторлардың бірі болып табылады.

      Ұлттық валютада орта мерзімді және ұзақ мерзімді қорландыруды қалыптастыру үшін депозиттік базаны күшейту және депозиттердің мерзімдерін ұлғайтуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ қаржы секторының қалған құралдары үшін бағалық бағдарға айналатын, мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылық ауытқымасын құру және сақтау үшін қажетті борыштық құралдарды шығару қамтамасыз етіледі.

      Ішкі қорландыру көздері сонымен қатар тұрғындар мен отандық кәсіпорындардың бос ресурстары есебінен артатын болады. Халықтың жинақтарын қорландыру көзі ретінде тартуға, жеке капиталдың кетуін және репатриациялануын төмендетуге мүмкіндік беретін Private Banking құралдары дамытылады.

      Банктердің теңгерімдерін "жаман кредиттерден" тазарту, қор нарығын дамыту және халықтың жинақтарын инвестициялауға мүмкіндіктерді кеңейту үшін екінші деңгейдегі банктен заңды тұлғаларға берілетін қарыз бойынша талап ету құқықтарын беру кезінде табыстарды мойындау тетігі жетілдіріледі. Бизнеске осындай берешектерімен проблемаларды уақтылы шешуге және кәсіпкерлік қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін банктік борыштарды жедел қайта құрылымдау тетігі енгізіледі. Банктердің нарықтық емес активтерін секьюриттеудің тиімді тетіктерін енгізу есебінен банк секторының борыштық міндеттемелерін қайта қаржыландыруына жағдай жасалады.

      Экономика секторларындағы нақты табыстылықты есепке алатын деңгейде ұзақ мерзімді несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер беруді қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Ипотекалық тұрғын үй кредиттерінің қолжетімділігін арттыру және банктердің ипотекалық кредиттеуін жандандыру бойынша жұмыстар жалғастырылады, ипотекалық кредиттерді секьюриттеу тетігі енгізіледі.

      Бұл ретте елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай ұзақ мерзімді кредиттер үлесін өсіре отырып, несие қоржынын 50% дейін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіледі, мұны ұзақ мерзімді кредиттер үлесінің өсуімен, Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің көрсеткіштерімен салыстыруға болады.

      3-міндет. Қаржылық қызметтер мен қор нарығын дамыту

      Осы міндетті шешу үшін банктердің цифрлық технологияларды пайдалану, банктік қызметтердің жаңа тиімді түрлерін кеңейту және дамыту, қашықтықтан қызмет көрсету бөлігінде белсенділігін одан әрі арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылады, бұл шығыстарды оңтайландыруға және банктер көрсететін қызметтердің құнына оң әсер етеді.

      Қор нарығын жандандыру

      Барлық құнды қағаздарды ұстаушылар туралы бірыңғай деректер базасын құру, клиенттердің шығасыларын қысқарту, мәмілелерді тіркеу рәсімдерін жеңілдету және тіркеу уақытын қысқарту мақсатында құнды қағаздар нарығының инфрақұрылымын оңтайландыру арқылы реттеушілік орта жетілдірілетін болады.

      Құнды қағаздардың биржадан тыс нарығының ашықтығы артады және осы нарықта айналымдағы қаржылық құралдарға сұранысты ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Нарыққа қатысушыларды құнды қағаздармен жасалған биржадан тыс мәмілелер және құнды қағаздарға қалыптасқан бағалар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі.

      Жаңа технологияларды енгізу, электрондық сауданы инвесторлардың сауда-саттықтарға қашықтықтан қол жеткізу жүйелерін дамыту, акционерлердің жалпы жиналысында электрондық дауыс беру жүйесін құру құнды қағаздарды сату шарттарын жеңілдетеді.

      Құнды қағаздарды шығару проспектісінің электронды форматына ауысу және оны қаржылық есеп беру депозитарийінде эмитенттер орналастырған ақпараттар негізінде автоматты түрде жаңарту жолымен құнды қағаздарды шығаруға байланысты рұқсат беру рәсімдерін одан әрі оңтайландыру жүргізіледі.

      ДСҰ-ға мүшелік және капиталдың халықаралық нарықтарымен интеграциялануы жағдайында отандық делдалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында инвестициялық банкингті дамыту үшін жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Құнды қағаздар нарығын одан әрі дамыту үшін қажетті тиімді жағдайлар жасау үшін формальды тәсілден тәуекелге бағдарланған реттеуге және құнды қағаздар нарығының субъектілерін қадағалауға өту бойынша шаралар қабылданатын болады. Отандық қор нарығын дамыту бойынша жұмыстар жалғасады.

      Зейнетақы активтерін басқару нарығын дамыту

      Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша функцияларды бәсекелі ортаға беру есебінен экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін "ұзын" ақшаларды бере алатын зейнетақы активтерін басқару компаниялары атынан стратегиялық инвесторлар класы құрылады. Стратегиялық инвесторлардың пайда болуы эмитенттер үшін қор нарығында қаржыландыруды тартуға қосымша ынталандыру болады. Сонымен бір уақытта жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақымен қамтамасыз етудің алдыңғы жүйесінің кемшіліктерін ескеру қажет.

      Салым салушыларға зейнетақылық жинақтарын инвестициялық басқару стратегиясын және басқару компаниясын таңдау құқығы берілетін болады, бұл да зейнетақылық қызметтер нарығында бәсекені қамтамасыз етеді.

      Қорландыруға сұранысты қамтамасыз ету

      Қорландыруға сұранысты қамтамасыз ету үшін эмитенттерді қолдау бағдарламасын енгізу арқылы жеке компанияларға құнды қағаздар нарығында қаржыландыруды тарту үшін ынталандырулар жасалады, сондай-ақ тұрғындар үшін өзінің жинақтарын түрлі құнды қағаздарға инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтіледі.

      Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор компанияларын қазақстандық қор биржасына шығару жүзеге асырылады.

      Мемлекеттің экономикаға қатысуының айқындығын арттыру және бизнесті мемлекеттік қолдау процестерінің нарықтық қағидаттарына сәйкестігін арттыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және қор нарығының құралы арқылы мемлекеттік қолдауды ұсынуға жағдайлар жасалады.

      Брокерлік қызмет көрсетуді, активтерді басқаруды, капитал мен эмитенттер нарығын талдауды қоса алғанда, инвесторлық базалар қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынатын инвестициялық банктердің жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды.

      Банктік емес өзге де қаржылық қызметтерді дамыту

      Сақтандыру секторын институттық дамыту және тұрақтылығын арттыру бойынша, венчурлік қаржыландыруды дамыту үшін заңнаманы жаңғырту бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Баламалы қаржыландыру көздерінің тартымдылығын арттыру мақсатында инвестицияларға кепілдік беру және шығындарды өтеу жүйелерін енгізу мүмкіндіктері қарастырылады.

      Инвестициялық құрамдағы ерікті жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар салымшыларға ұсынылатын инвестициялық өнімдер ассортиментін кеңейтеді. Сақтандыру қызметтерінің тізбегін кеңейту және сақтандыру компанияларының тұрақтылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      ШОБ секторын жедел өтімділікпен, оның ішінде мемлекеттік қолдау, лизингтік қызмет көрсету нарығын дамыту есебінен қамтамасыз ету мақсатында факторинг нарығын дамыту бойынша шаралар енгізіледі.

      Қаржылық қызметтерді цифрландыру

      Кредиттеу және сақтандыру қызметтері, бұлтты бухгалтерия мен есептілік бойынша көрсетілетін қызметтер, кредиттік тарихты енгізу цифрландырылады, бұл қағаздағы құжаттамамен байланысты мемлекеттік шығасыларды қысқартады.

      Цифрлық қызметтер көрсетуді белсенді енгізу шеңберінде блокчейн-технологияларды енгізу үшін жағдайлар жасалатын болады.

      Қаржылық қызметтерді алу үшін мобильдік құрылғыларды пайдалана отырып, интернет арқылы қаржылық қызметтер алу мүмкіндіктері дамитын болады. Жеке тұлғалар арасында өзара кредиттеу сияқты жаңа бизнес-модельдер енгізіледі.

      Цифрлық қаржылық қызметтердің өсуі сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін ұлғайтады және көлеңкелі экономиканың көлемін азайтады.

      4-міндет. "Астана" халықаралық қаржы орталығын дамыту

      АХҚО дамыту: капитал нарығы, активтерді басқару, бақуатты жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару (Private banking), қаржылық технологиялар мен исламдық қаржыландыру сияқты бес стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылады.

      Баламалы қаржыландыру көздерін дамыту үшін АХҚО базасында қаржы биржасын дамыту жұмысы жалғасады. АХҚО ерекше құқықтық мәртебеге ие және ЕХРО-2017 инфрақұрылым базасында жеке аумағы бар. АХҚО инвесторлар үшін қолайлы жағдайларды: ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген коммерциялық және азаматтық құқықты, тәуелсіз реттеу режимін; салықтық жеңілдіктерді; жеңілдетілген тіркеу режимі мен тартымды инвестициялық климатты қамтамасыз етеді.

      Әлемнің озық тәжірибелеріне сәйкес капитал нарығын дамыту, шетелдік инвесторлардың тарту және қор нарығының ашықтығын арттыру үшін қажетті экожүйе және сапалы биржалық инфрақұрылым – жоғары технологиялы АХҚО биржасы

      АХҚО биржасы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-тің ірі активтерінің акцияларын орналастыру үшін пайдаланылады. Сонымен қатар АХҚО биржасында өңір үшін жаңа "жасыл" қаржыландыру, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар құралдары шығарылатын болады.

      АХҚО базасында ақылды келісімшарттар алгоритмі орнатылған арнайы криптографикалық жетондар (криптотокендер) шығару жолымен қорландыруды тартуға жағдай жасау туралы мәселе пысықталатын болады. Жаңа қаржы институттарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа технологияларды пайдаланатын клиенттерді қорғау үшін реттеу тетігі жасалатын болады.

      Қазақстанда "ақылды" келісімшарттар мен таратылған тіркелім технологияларын дамыту қаржы нарығының кеңдігі мен тереңдігін арттыра отырып, жеке инвесторлар (жеке тұлғалар) көп болу үшін ұйымдастырылған қаржы нарығына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ шығасыларды айтарлықтай азайтады.

      АХҚО активтерді басқару саласындағы жергілікті нарықты және сараптаманы дамыту жөніндегі қызметі бастапқы сатысында активтерді басқару нарығында қызмет көрсететін халықаралық компанияларды тартуға бағытталатын болады. Халықаралық басқарушы компанияларды тарту елде стратегиялық инвесторлар класын құрудың қозғаушысына айналады, Private Banking құралдарын дамытуға түрткі болуға мүмкіндік береді.

      АХҚО қаржылық технологияларды дамыту үшін тартымды экожүйе құру жұмыстарын жалғастырады. Икемді реттеу енгізілетін, сондай-ақ финтех-компаниялар мен жеке кәсіпкер-инженерлер үшін офис кеңістіктерін қамтитын қаржылық технологиялардың арнайы орталықтарын құру, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын өткізу, қаржылық технологияларды дамыту жөніндегі жергілікті және шетелдік компаниялар мен институттарды тарту, шеберлік сыныптары мен оқу бағдарламаларын өткізу, зерттеу зертханаларын құру, қаржылық технологияларды жылжыту бойынша конференциялар мен іс-шаралар өткізу қарастырылатын болады.

      Исламдық қаржыландыру индустриясына жаңа қарқын беру үшін АХҚО базасында қолайлы құқықтық және реттеу ортасы жасалады және жаңа исламдық қаржыландыру құралдары әзірленетін болады. Қазақстан заңнамасы исламдық өнімдерді сәйкес дәстүрлі өнімдермен қатар қарастырады, сондықтан исламдық қаржыландыру үшін ұқсас шарттар қолданылады.

      Халықаралық исламдық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жалғастырылатын болады.

      5-міндет. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау, қаржылық инклюзивтілікті, халықтың қаржылық өнімдермен және қызметтермен қамтылуын арттыру

      Қаржылық сауаттылықты тұрақты арттыру әрбір қаржылық көрсетілетін қызметті тұтынушының күнделікті міндетіне айналуы тиіс. Бір мезгілде қаржылық қызметтерді алудың барлық кезеңінде халыққа өз құқығын қорғайтын тетіктердің толық жиынтығын қамтамасыз ету қажет.

      Қаржылық білімді арттыру, бюджетті жоспарлау дағдыларын дамыту және қаржылық өнімдерді пайдалану бойынша сараланған шешімдер қабылдау бойынша шаралар қабылданады.

      Құнды қағаздар нарығындағы кәсіби қатысушылар мен эмитенттерді қоса алғанда, инвесторлардың қаржылық сауаттылығын, олардың құнды қағаздар нарығындағы процестер туралы, онда жұмыс істейтін субъектілердің қызметі туралы хабардар болуын арттыру жалғасатын болады.

      Халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру сақтандыру құралдарын танымал етуге, сақтандыруға сенімді арттыру және тарихи қалыптасқан халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік және басқа көмектерге бағдарланушылығын төмендетуге бағытталатын болады.

      Исламдық қаржылық өнімдерге сұранысты арттыру мақсатында халық пен бизнестің исламдық қаржыландырудың мәні мен оның қолжетімділігі туралы хабардарлығын арттыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Сонымен қатар жаңадан ұсынылып жатқан реформаларға халықтың сенімсіздігін жою үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өзекті мәселелері бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жалғасатын болады.

      Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз ету, тәуекелі жоғары кредиттеу және көлеңкелі реттелмейтін кредиттік нарық қауіптерін шектеу үшін халыққа қарыз берудің жеке тәртібі көзделетін болады. Жеке тәртіп заңды тұлғаларға төлем және қайтарымдылық шартымен ақша беруді де, сол сияқты заттарды (қызметтерді) беруді де қарастыратын, бірақ банктік қарыз беру шарты немесе микрокредит беру шарты болып табылмайтын барлық қарыз беру шарттарына қатысты болады.

      Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында қаржылық ресурстарды (мысалы, біріккен "халықтық" қаржыландыру, инвестициялау, кредиттеу) тартудың баламалы тетіктерін реттеудің ықтимал шарттары қарастырылатын болады.

      Халық пен кәсіпкерлер үшін кредиттің қолжетімділігін ұлғайтудан басқа, банктегі есеп айырысу және жинақ шоттарының болуы сияқты басқа да базалық қаржылық өнімдер мен қызметтерді қамтамасыз ету жұмысы жалғасатын болады. Мұндай өнімдерге қолжетімділікті, оның ішінде цифрландыру арқылы арттыру қаржылық жағынан дамыған және шалғай өңірлер арасындағы алшақтықты төмендетуге мүмкіндік береді.

4-саясат. Инвестицияларды белсенді тарту

      Саясаттың мәні: мемлекеттік инвестициялық саясат қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, инвесторлар құқығын қорғауды нығайтуға, инвестицияларды тарту және ұстап қалу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл ретте институционалдық ортаны жетілдіру, мемлекеттің инвестициялық саясатының ашықтығы мен айқындылығын арттыру инвесторлардың сенімін нығайтудың маңызды факторлары болып табылады.

      1-міндет. Реттеуді және инвесторлардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жаңғырту есебінен инвестициялық ахуалды жақсарту

      Инвестициялық ахуал институционалдық ортаны жетілдіру, инвестициялық заңнаманың және мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыру, инвестициялық преференциялар беру, шетелдік мамандарды тартуға арналған жеңілдетілген режим, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту және бизнес жүргізу жеңілдігіне арналған жағдайларды қамтамасыз етудің арқасында жақсаратын болады.

      Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестицияларды тарту бойынша шаралар үздік халықаралық практиканы ескере отырып, басқа ауқымды нарықтарда жұмыс істейтін инвесторлардың қолайлы, ең аз қосымша күш жұмсай отырып, қазақстандық активтерге инвестиция сала бастайтын мүмкіндіктері болатындай әзірленуі және іске асырылуы тиіс.

      Қазақстандағы және жетекші шетелдік нарықтардағы инвестиция салу шарттарының үйлесімділігі мен үндесуі ұзақ мерзімді перспективада сақталуы тиіс.

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің шеңберіндегі белсенді жұмыс жалғасатын болады. Инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі мен жалпыға бірдей халықаралық практика ескеріле отырып, оңтайландырылады.

      Кәсіпкерлік және инвестициялық қызметтердің мәселелерін қозғайтын негізгі заңдар мен құқықтық актілер бойынша толық және егжей-тегжейлі өзекті ақпарат жариялауды қамтитын ағылшын тіліндегі тиісті ақпаратқа қолжетімділік жақсаратын болады. Бұл жаңа инвесторларды тартудағы ақпараттық кедергілерді айтарлықтай төмендетеді.

      Инвестицияларды өзара көтермелеу мақсатында өнімді инвестициялар және технологиялардың көзі болуға қабілетті басым елдермен тығыз екі жақты экономикалық қарым-қатынас жалғасады. Түркия, Хорватия, Бахрейн, Сауд Арабиясы, БАӘ-мен жаңартылған және жаңа екіжақты инвестициялық келісімдерге қол қойылады.

      Құзырлы және қажетті адами ресурстарды тарту үшін визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылданады. Әлеуетті инвесторларға визалық рәсімдерді оңайлату бөлігіндегі жұмыс жалғастырылады.

      2-міндет. Инвесторлар құқығын қорғауды күшейту есебінен инвестициялық ахуалды жақсарту

      Инвестициялық ахуалдың негізгі элементтері инвесторлардың құқықтарын қорғау болып табылады. Ол үшін инвесторлармен өзара іс-қимыл кезінде әділдік және тең құқылық қағидаттарының орындалуын, неғұрлым қолайлы режимді қамтамасыз ету қажет, бұл әлеуетті инвесторлар қатарын кеңейтуге және қазақстандық экономиканы қаржыландыру шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді.

      Инвесторлардың сенімін арттыру мақсатында инвесторлардың проблемаларын сотқа дейін шешу және шағымдарын басқару тетіктері әзірленетін болады. Бұл жерде Kazakh Invest, Инвестициялық омбудсменнің, Инвесторларды тарту жөніндегі кеңестің (Инвестициялық штаб), сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы ерекше рөл атқарады. Инвесторлардың шағымдарын жүйелі және тұрақты түрде қадағалау, сондай-ақ проблемаларды шешудің тиімді әдістері ерекше рөл атқарады.

      Соттардың біліктілігі мен кәсіби білімін арттыруды қоса алғанда, инвестициялық даулар бойынша сот жүйесі мен сот практикасын жетілдіру жұмысы жүргізілетін болады. Халықаралық тәжірибелер ескеріле отырып, жаңа форматтағы халықаралық инвестициялық келісімдер жасасу жөніндегі тәсілдер әзірленетін болады.

      3-міндет. Отандық және шетелдік инвестицияларды барынша белсенді тарту

      Инвестицияларды барынша белсенді тарту әлемдік инвестициялық қоғамдастыққа, ең әуелі экспортқа бағдарланған инвестицияларға Қазақстан экономикасының бәсекелес артықшылықтары туралы ақпаратты айқындауға және беруге бағытталады. Инвесторларды тарту үшін сол сияқты өнімдерді экспорттау үшін де инвесторлардың қызығушылығын тудыратын және елді дамыту мүддесіне сай келетін бәсекеге қабілетті салалар және нақты елдер анықталатын болады. Отандық инвесторлар да бұл ретте мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға байланысты ақпараттар мен мүмкіндіктерге шетелдік инвесторлар сияқты қол жеткізе алады.

      Әлеуетті инвесторлармен келіссөздер өткізіліп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, барынша жоғары қосылған құны бар жаңа, жаңғыртылған өнімдер мен қызметтерді меңгеруге, әзірлеуге және енгізуге бағытталған инвестицияларды тартуға ерекше назар аударатын инвесторлардың елге келу сапары ұйымдастырылады.

      Жекешелендіру бағдарламасының әлеуеті және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі пайдалану арқылы инфрақұрылымдық және сервистік жобаларға жеке сектордың қатысуын ұлғайту бойынша да шаралар қабылданатын болады.

      Отандық кәсіпорындардың өндірістік және технологиялық қуаттарын дамытуға, олардың басқарушылық әлеуетін халықаралық стандарттарға дейін жақсартуға бағытталған шетелдік және жергілікті компаниялар арасындағы байланысты дамыту шаралары іске асырылатын болады.

      "Бәйтерек" ҰБХ кіретін даму институттарының қызметін қорландыруға сыртқы бюджеттен тыс қаражат тарту практикасы жалғастырылып, кеңейтілетін болады.

      Салалар мен өңірлер бөлінісінде инвесторларға арналған Инвестициялық жобалар картасы қалыптастырылады, халықаралық практикаға сәйкес әлеуетті инвесторлар үшін жобаларды "жинақтауды", қаржылық модельдер құруды, тизерлер дайындауды, data-room ұйымдастыруды қамтитын инвестициялық жобаларды сүйемелдеу функциясы енгізіледі.

      4-міндет. Инвестицияларды тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіру

      Шетелдік инвестициялар тартуды кең өкілеттіктері бар және шетелдік өкіл желілері мен өңірлік филиалдары бар инвестициялар жөніндегі "Kazakh Invest" мамандандырылған инвестициялық компания "бір терезе" қағидаты бойынша жүзеге асыратын болады. "Kazakh Invest" инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары мен шарттарын талқылаған кезде бірыңғай келіссөз жүргізушінің және инвестициялық жобаларды іске асыруға қажет әртүрлі рұқсаттар мен келісімдер беруді қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер жүйесіне қол жеткізудің бірыңғай арнасының функциясын атқаратын болады.

      Әріптес банктер мен инвестициялық компаниялардың, сондай-ақ, шетелдік инвестордың жобаға енуін тиімді сүйемелдеуге арналған консультациялық және техникалық қызметтердің өнім берушілерінің желісі қалыптастырылады.

      Еркін экономикалық аймақтардың жұмысы үйлестіріледі және өңірдің ерекшеліктерін және логистикалық құрамдас бөлігін ескере отырып, әрбір ЕЭА бойынша инвестициялық жобалардың әлеуетті тізімі қалыптастырылады.

      Жобаның салалық ерекшелігіне байланысты жобаларға немесе мемлекеттік кепілдік тетіктеріне мемлекет қатысуының түрлі схемалары пысықталады. Перспективалы қолданыстағы және жаңа жобаларды іздестіру бөлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар басшыларының мүдделі орынбасарларымен, кәсіпкерлерге қолдау көрсету арнайы орталықтарымен өзара тығыз іс-қимылы қамтамасыз етіледі.

      АХҚО дамыту сондай-ақ капитал нарықтарының жұмыс істеуіне байланысты компаниялардың экожүйесін қалыптастыру есебінен инвестицияларды тарту бойынша инфрақұрылымды кеңейтуге ықпал етеді.

5-саясат. Өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету

      Саясаттың мәні: Өмір сүрудің жоғары сапасы, оның ішінде сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы іс-шаралардың тиімділігін арттыру арқылы қамтамасыз етіледі.

      1-міндет. Әлеуметтік саламаттылықты қамтамасыз ету

      2025 жылға дейін Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірінші кезектегі міндеттердің бірі зейнетақы жүйесін және әлеуметтік сақтандыруды дамытуда, әлеуметтік қызмет көрсету және көмектің атаулылығы жүйесін жаңғыртуда әлемдік стандарттарға қол жеткізу арқылы азаматтардың әлеуметтік саламаттылығын қамтамасыз ету болып қалады.

      Ең төмен әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету

      Экономикалық өсу мен бюджеттік мүмкіндіктерге байланыстырылған ең төмен әлеуметтік стандарттар кезең-кезеңімен халықаралық баламаларға жақындай түседі.

      Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері мен құрылымы – мемлекеттің барлық базалық әлеуметтік төлемдерін есептеудің негізі ретінде тұтыну себетінің нақты құнын көрсете отырып, тұрақты негізде қайта қаралады, халыққа, оның ішінде базалық зейнетақы мен базалық жәрдемақы алушыларға қолайлы өмір сүру деңгейіне кепілдік берілуі тиіс.

      Кедейлік шегін айқындау әдістемесі оңтайландырылады: бірінші кезеңде оның деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына қатысты артады, кейіннен кезең-кезеңімен ел бойынша орташа кіріспен байланыстырылады, ол табысы аз халықтың әлеуметтік көмек мөлшеріне оң әсерін тигізеді.

      Жалақының ең аз мөлшерін кезең-кезеңімен өзгерту мәселесі пысықталады, ол барынша дамыған елдердегі сияқты елдегі орташа жалақыға қатысты айқындалатын болады және ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан асып түседі.

      Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету

      Тәуекел-менеджментке негізделген еңбекті қорғауды басқарудың стандартталған инновациялық жүйесі енгізіледі.

      Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттарын кең ауқымды түгендеу және жаңарту жүргізіледі.

      Стандарттардың сақталу мониторингі стандарттардың электрондық деректер базасы негізінде іске асырылатын болады.

      Еңбекті қорғау саласында кадрларды дамытуға оқытудың жаңа түрлері мен тәсілдерін енгізу есебінен қол жеткізілетін болады (өзекті бағдарламалар, қашықтықтан оқыту, тренажерлар және имитациялық модельдер).

      Зейнетақы жүйесін дамыту

      Зейнетақы жүйесі одан әрі дамиды, бұл ретте өнімді және деректендірілген жұмыспен қамтуды ынталандыруға басты назар аударылады.

      Зейнетақы жасына жеткендердің барлығына мемлекеттің бюджеттен төленетін базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болады. Жұмыс істейтін азаматтар бұрынғы жұмыссыздармен немесе зейнетақы жарналарын төлемегендермен салыстырғанда үлкен мөлшердегі базалық зейнетақы алатын болады.

      Базалық зейнетақыдан басқа жұмыс істеген зейнеткерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алады, онда зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрамдасының шеңберінде жұмыс істеген зейнеткердің 10% зейнетақы жарналарына қосымша оның жұмыс берушісінен 5% зейнетақы аударымдары жинақталады.

      Жұмыс істеген зейнеткер үшін зейнетақы төлемдерінің үшінші көзі оның ерікті зейнетақы жинақтары болуы мүмкін.

      Әлеуметтік сақтандыруды дамыту

      Әлеуметтік сақтандыру өнімді және деректендірілген жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады.

      Бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істейтін азамат пен оның отбасында бірнеше төлем көзі болуының арқасында қамтамасыз етіледі. Мысалы, еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда мемлекеттік бюджеттен мүгедектік бойынша базалық жәрдемақылар; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілікті жоғалту бойынша төлем, сондай-ақ жеке сақтандыру компанияларының төлемдері қолжетімді болады.

      Зейнетақы жүйесіне ұқсас, әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысу өтілі мен төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады: кірістерді ауыстыру коэффициенттері (жұмысын жоғалту, асыраушысынан айрылу, еңбекке қабілеттілігін жоғалту) ұлғаяды, төлемдердің ұзақтығы (жұмысын жоғалту) ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін кезең-кезеңімен ұлғаяды.

      Әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту

      Халықтың аз қамтылған топтарына әлеуметтік көмек көрсету кезінде атаулылық күшейтілетін болады. Еңбекке жарамсыздар үшін көмек сөзсіз қамтамасыз етіледі. Жұмыс істей алатын табысы аз адамдар үшін көмек әлеуметтік келісімшарт негізінде қолжетімді болады.

      Мемлекет тарапынан барынша белсенді тәсілді кезең-кезеңімен енгізу әлеуметтік көмек көрсетудің маңызды аспектісі болады. Қолдау органдары көмекке жүгінген адамдарға қызмет көрсетуден басқа, халықтың аз қамтылған санаттарын ауылдық жерлерге аса назар аудара отырып, ақпараттық жүйелер арқылы табысы аз адамдарды өздігінен анықтайды.

      Арнайы әлеуметтік қызметтердің атаулылығын, қолжетімділігі мен сапасын күшейтуді көздейтін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады.

      Атаулылықты күшейтуге қызмет көрсетудің өтініш білдіру тәсілінен барынша белсенді тәсіліне көшу арқылы қол жеткізіледі. Аутсорсинг шеңберінде жеке және азаматтық сектор ұйымдары Мұқтаж адамдардың әлеуметтік тіркелімін қалыптастыра отырып, мақсатты контингентті анықтайды. Олар жасына, тыныс-тіршілік шектерінің дәрежесіне, өмір жағдайына, жеке қажеттіліктеріне байланысты алушылар санаттарына бөлінеді. Тізбе деректерінің негізінде қызметтерге қажеттілік және қаржыландыру көлемі анықталып, атаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.

      Қолжетімділік қонаққа қабылдайтын отбасыларында мұқтаж және партонатты күтімдегі жұмыспен қамтылмаған отбасы мүшелерін; әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының базасында жеке сектор, қалалар мен ауылдарда МЖӘ қағидаттары негізінде құрылған аз сыйымды көп бейінді үйлер, сондай-ақ шалғай ауылдардағы "мобильді қызметтерді"; мемлекеттік мамандандырылған интернат-үйлерін жұмысқа тарту есебінен күшейтілмек.

      Жеке сектордың сапасын және қатысуын күшейтуге қызмет көрсетудің жаңартылған стандарттары мен экономикалық тұрғыдан ақталған тартымды тарифтер себеп болады. Стандарттарға қызмет көрсетудің көлемі, мерзімі мен ұсыну шарттары, олардың жан басына шаққандағы нормативтерге негізделген құны, сапа индикаторы және ұсынылатын қызметтердің нәтижелерін бағалау кіреді.

      Мұқтаж жандар біліктілігі туралы, көрсетілетін қызмет түрлері, жұмыстарының нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын Мамандардың бірыңғай тізілімін құру арқылы әлеуметтік қызметтерді алу нысанын таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін реттеуші және бақылаушы рөлді өзіне сақтап қалады.

      2-міндет. Қолжетімді және сапалы денсаулық сақтау саласын дамыту

      Қазақстан денсаулық сақтау қызметтерімен жалпы қамтуға қол жеткізген елдер қатарына қосылатын болады. Денсаулық сақтауды қаржыландыру әртараптандырылады және тұрақты дамуға және саланың жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етіледі.

      Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру

      Денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігін, сапасын, қауіпсіздігін, тиімділігін, тұрақтылығын және пациенттерге бағдарлануын арттыру деректер мен процестерді кешенді цифрландыруға негізделетін болады. Жинақталған білім базасының тұтастай қамтылған цифрлық деректері клиникалық және саяси шешімдерді интеграциялаған қолдаудың негізгі көзіне айналады. Ол үшін денсаулық сақтау саласындағы статистика және жіктеу ЭЫДҰ елдерімен үндестіріледі, барлық деңгейдегі өзекті деректерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      Әрбір азаматтың денсаулық жағдайы туралы ақпаратты біріктіретін электрондық денсаулық сақтау жүйесі енгізілетін болады. 2020 жылға қарай денсаулық сақтау ұйымдары бірыңғай ақпараттық желіге қосылатын болады, азаматтардың электрондық денсаулық паспорттары болады, ал медицина қызметкерлері мен пациенттер емдеу орнына қарамастан, қажетті денсаулық деректеріне қол жеткізе алады.

      "Қағазсыз" ауруханаларға көшу, цифрлық мобильді қосымшаларды пайдалануға, телемедицина, роботтандырылған әдістер және денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект енгізу бойынша жобаларға қолдау көрсетілетін болады.

      Профилактикаға және ауруды бастапқы кезеңде басқаруға қайта бағдарлау

      Нақты профилактика және ауруды бастапқы кезеңде басқару мақсатында генетикалық зерттеулер мен дербестендірілген медицинаны енгізудің мүмкіндіктері қарастырылады.

      Бұл тәсіл одан әрі жинақталған статистикалық деректер базасы негізінде шешімдерді қабылдау, эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу арқылы Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің дамуына ықпал етеді. Бұл қоғамдық денсаулық қорғау қызметінің жұмысын профилактикаға, тәуекелдерді бағалауға және ауруларды бастапқы сатыда басқаруға қайта бағдарлау шараларын іске асыру бойынша мүмкіндік береді.

      Жастардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау мен қорғауға ерекше назар аударылатын болады.

      Негізгі созылмалы және онкологиялық ауруларды басқару

      Диспансерлеуге байланысты шығындарды азайту және тиімділігін арттыру үшін негізгі созылмалы ауруларды басқару қашықтан диагностикалау және амбулаториялық емдеуге көшу арқылы жүзеге асырылады.

      Онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспары қабылданады және ғылыми онкологиялық орталық құрылады. Бұл ретте халықаралық озық тәжірибелерге негізделген онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің тиімділігін қамтамасыз ету басты назарда болады.

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу

      Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады, оның шеңберінде азаматтардың, жұмыс беруші мен мемлекеттің халықтың денсаулығын қорғау бойынша ынтымақты жауапкершілігі қағидаты іске асырылады. Бұл ретте медициналық ұйымды, сол сияқты дәрігерді де таңдау мүмкіндігі беріледі.

      Сондай-ақ шектелген ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді стратегиялық сатып алу жүйесі енгізілетін болады.

      МӘМС енгізілуіне байланысты мемлекеттік міндеттемелердің айқын шекараларын анықтау арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі жасалады.

      БМСК және бәсекелес ортаны дамыту

      Сектордың тиімділігіне қызметтерді амбулаториялық деңгейде шоғырландыру және үйлестіру есебінен мамандандырылған қызметтермен толық интеграциялау арқылы қол жеткізілетін болады. Бастапқы деңгейде бәсекелес ортаны дамыту пациентке бағдарланған модельді енгізуге мүмкіндік береді, бұл жағдайда көмек көрсету тұратын жеріне тікелей жақын жерде қолжетімді болады.

      Медициналық ұйымдарды жекешелендірудің басқарылуы медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігі үшін жеке сектордың құзыреттері мен ресурстарын тартуға бағытталатын болады. Мемлекеттік сектор БҰҰ-ның Тұрақты дамуының жаһандық он жетінші мақсатына сәйкес денсаулық сақтауда жеке секторды дамытуға нақты бағыт берілетін болады.

      Медициналық және фармацевтикалық білім беру мен ғылымды жаңғырту

      Медициналық және фармацевтикалық білім беру мен ғылымды жаңғырту жетекші шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік арқылы үздік практикалар мен стандарттарды трансферттеу негізінде жалғасады. Бұл білім беруді, ғылым мен практиканы интеграциялауды қамтамасыз етеді.

      Назарбаев Университеті Медицина мектебінің тәжірибесі интеграцияланған университет клиникасының жұмыс істеуіне қатысты кеңінен таралады.

      Медицина жұмыскерлерін лицензиялау және сақтандыру жүйесін енгізу

      Қауіпсіз және білікті медициналық көмек көрсету үшін кәсіби қызметті лицензиялаудың жаңа жүйесін енгізу және іске асыру мүмкіндігі қаралатын болады.

      Сонымен бірге медициналық жұмыскерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін кәсіби тәуекелдерді басқарудың құрамдасы ретінде медициналық көмек көрсету практикасымен интеграциялау бойынша мәселені пысықтау жоспарлануда.

      Дәрі-дәрмек саясатын жетілдіру

      Сыртқы және ішкі референттік баға белгілеу негізіндегі үздік халықаралық тәжірибені пайдалана отырып дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеуді жақсарту, дәрі-дәрмекті сатып алу жүйесін жоспарлауды жетілдіру және оларды ұтымды пайдалану арқылы мемлекеттік шығындардың өсуін болдырмау үшін тиімді тетіктер енгізілетін болады.

      Сапалы, қауіпсіз және тиімді дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету тиісті фармацевтикалық практикалар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасын және тиімділігін қамтамасыз ету жүйесі бойынша фармацевтикалық инспекторат пен фармацевтикалық инспекцияны жетілдіру, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігін фармакалогиялық қадағалау және мониторингтеу, медициналық өнімдерді қадағалау жүйесін енгізу арқылы жүзеге асырылады.

      3-міндет. Тұрғын үйге қолжетімділікті және инфрақұрылымының жайлылығын арттыру

      Тұрғын үй саясаты жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және азаматтарға жеке тұрғын үйлерді салуға осы жер учаскелерін бөлу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталатын болады.

      Жылына 40 мыңнан астам жер учаскелерін инженерлік желілермен жыл сайын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

      Пилоттық жоба шеңберінде облыс орталықтарында, моно және шағын қалаларда негізінен отандық құрылыс материалдарын қолдана отырып (90%-ға дейін), бірыңғай сәулеттік стильде аз қабатты жеке тұрғын үйлер салынады.

      Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен әкімдіктердің кезекте тұрғандарға кредиттік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту үшін бұрын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен бөлінген қаражат тартылатын болады. Тартылған қаражат "револьверлік" негізде тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысушылардың тұрғын үйді сатып алуы есебінен кері қайтады. 2025 жылдың соңына дейін 8,5 млн шаршы метр кредиттік тұрғын үй енгізіледі, бұл 120 мыңнан астам азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ететін болады.

      Халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үй мәселелерін шешу үшін сатып алу құқығынсыз тұрғын үйді жалға алу құралы пайдаланылады. Осы мақсатта жыл сайын шамамен 3 мыңға жуық пәтер салынады.

      Жалпы 2022 жылға қарай 53 млн шаршы метр, 2025 жылға дейін – 96,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 900 мыңнан астам пәтер салу жоспарлануда.

      Бұл шаралар қазақстандықтардың тұрғын үймен 2030 жылы бір тұрғынға 21,6 ш.м-ден 30 ш.м-ге дейін қамтамасыз етілуін арттырады.

      Тұрғын үй-коммуналдық саладағы саясат сапалы коммуналдық қызметтерді үздіксіз беруді қамтамасыз етуге, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, энергияны үнемдейтін және ресурс үнемдеуші технологияларды пайдалануға бағытталатын болады. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту негізінен МЖӘ негізінде жүзеге асырылатын болады.

      Пәтер иелері мен басқару органдарының өзара іс-қимылы мен жауапкершілігін бөлудің оңтайлы тетіктері айқындалады, коммуналдық инфрақұрылым секторында объектілерді жаңғырту, трансферттер мен инновациялық технологиялар бойынша жұмыс жалғасады.

      Сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында сектордың ашықтығын, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, тарифтерді қалыптастыру жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылданатын болады.

      Цифрландыру шеңберінде саланың ашықтығын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының субъектілерін толық қамтуды қамтамасыз ететін бірыңғай деректер базасы енгізілетін болады.

      Ғимараттарды жобалауға, ғимараттарды жоспарлауға, құрылыс әдістеріне және қазіргі заманғы материалдарға жаңа тәсілдерді қолдануға, сондай-ақ қолданыстағы үйлер мен инфрақұрылымдарды зияткерлік басқару жүйелерімен жабдықтауға ықпал ететін ғимараттардың сапасына, экология және энергия тиімділігіне қойылатын талаптар арттырылатын болады. Құрылыс саласындағы нормативтік-техникалық құжаттар әлемдік тәжірибені есепке ала отырып тұрақты негізде жаңартылып отырады. Бұл тұрғындар үшін тұрғын үйдің жайлылығын арттырады және электр энергиясының, жылудың және судың құнын төмендетеді.

      6-саясат. "Жасыл" экономика және қоршаған ортаны қорғау

      Саясаттың мәні: "Жасыл" экономика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат су мен жер ресурстарының сапасын, ауа сапасын жақсартуға, баламалы энергия көздерін дамытуға, климаттың өзгеруіне бейімделуге, сондай-ақ экономиканың декарбонизациясы және энергия тиімділігін арттыруға бағдарланған. Негізгі нәтиже халықтың өмір сүру сапасының, экологиялық қауіпсіздіктің өсуі, экологиялық тәуекелдер мен экологиялық тапшылықты төмендету, орнықты даму мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру болады.

      1-міндет. Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу

      Қазақстанның климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін іске асыруы және ЭКСПО базасында "Жасыл" технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығын құру бойынша қолға алған шаралары елдің "жасыл" экономикаға көшуі үшін мәнді қадамдар болады.

      "Жасыл" экономикаға жататын анықтамаларды кеңейтумен қатар "Жасыл" экономикаға көшу тұжырымдамасы да Париж келісіміне сәйкестендіріледі. "Жасыл" экономиканы дамыту бағыттары климаттың өзгеруін болдырмауға және парниктік газдар шығарындыларын жасыл технологияларды қолдану арқылы азайту жөніндегі қабылданған міндеттемелерге қол жеткізуге бейімделуге ықпал етеді.

      2-міндет. Қаржыландыру көздерін анықтау, "жасыл" қаржыны және инвестицияларды тартуды есепке алу

      "Жасыл" технологияларды қаржыландыру үшін халықаралық қорлар мен жеке инвестициялар, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер пайдаланылатын болады.

      Инвестициялар 124 елдің үкіметінің бастамасы бойынша құрылған "Жасыл климаттық қор" шеңберінде дамушы елдерде парниктік газ шығарындыларын шектеу және азайту мақсатында, сондай-ақ климаттың өзгеру салдарына бейімделуге көмектесу үшін бөлінеді.

      Мемлекеттік қаражат МЖӘ жобалары шеңберінде бөлінеді. Бұл ретте қаржы ресурстарын жоспарлау жылдам және икемді түрде жүргізіледі, себебі жасыл технологиялар үнемі жетілдірілуде және өндіріс процестер тез арзандауда. Осыған байланысты "жасыл" экономикаға көшуге жұмсалатын қаражаттарды одан әрі жоспарлау және есепке алу үшін қолданылатын жоба технологияларын бағалау үшін айқын өлшемшарттар айқындалады.

      Шығарындыларға квоталар саудасы нарығын дамыту бойынша жұмыс жалғасады және оны шетелдік нарықпен интеграциялау үшін шаралар қабылданатын болады.

      Бұдан басқа, Қазақстан АХҚО инфрақұрылымы және құрылып жатқан "Жасыл" технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы базасында "жасыл" қаражат саласындағы өңірлік көшбасшы болуға ниетті.

      3-міндет. "Жасыл" технологияларға инвестицияларды ынталандыру

      Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экологиялық таза өндіруге, булы газ шығарындыларын азайтуға, сондай-ақ климаттың өзгеруіне төзімді технологияларды қолдануға инновацияларды және инвестицияларды ынталандыру және көтермелеу жалғастырылады.

      Осы мақсатта тарифтерді белгілеу бөлігінде қолданыстағы заңнама жетілдіріледі және өндірісті жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу, ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылы арқылы энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша шараларды іске асыру жалғастырылады.

      4-міндет. Экономиканы декарбондау

      Дамытудың осы бағыты бойынша "жасыл" инвестициялық жобаларды ішкі, сол сияқты халықаралық көздерден іске асыру үшін мемлекеттік және жеке қаржы ресурстарын жұмылдыру арттырылады.

      Экономиканы декарбондау бойынша нақты шаралар әзірлеу мақсатында көмірқышқыл газы шығарындыларының қоршаған орта жағдайына, бизнес жүргізу жағдайларына, өмір сүру сапасына, азаматтардың денсаулығы мен өнімділігіне экономикалық әсерін кешенді бағалау және бағдарламалық салалық құжаттарда есепке алу жүргізіледі.

      Өңірлерді одан әрі газдандыру бойынша жұмыстармен қатар, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары жаңғырту және газды пайдалануға көшу ынталандырылатын болады.

      5-міндет. Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мен қорғау

      Елдің су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және қорғау үшін ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және коммуналдық секторда су үнемдеу бойынша жүйелі шаралар әзірленеді және енгізіледі.

      Ауыл шаруашылығында жалпы су тұтынуды төмендету; қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізу; жабық топырақты аудандардың үлесін ұлғайту; ірі инфрақұрылымдық объектілерін – каналдарды, су қоймаларын қалпына келтіру, оларды ұстап тұру үшін меншік құқықтары мен жауапкершілікті анықтау бойынша шаралар жалғастырылатын болады.

      Тұрақты және жайылма суарылатын сұранысқа ие жерлерді суару суымен қамтамасыз ету үшін ирригациялық және дренаждық желілерді қалпына келтіру жалғастырылады. Су ресурстарын мониторингтеу, оларды болжамдау және тиісінше бақылауды қамтамасыз ете отырып, басқару және суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін және мелиорациялық іс-шаралардың орындалуын мониторингтеу жүйесін жетілдіру жоспарлануда. Су ресурстары тапшылығын ұлттық, сол сияқты өңірлік деңгейде қысқарту үшін трансшекаралық су ресурстары суларын бөлу, жерасты суларын пайдалану, жаңа инфрақұрылым салу, су объектілерінің су жинау алаңдарының ормандылығын ұлғайту және табиғат қорғау мақсатындағы су жіберуді жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Өнеркәсіптегі су ресурстарын тиімді пайдалану саясатының негізгі бағыттары энергетика, өндіру және металлургия салаларында суды үнемдеу, ағынды суларды қайта пайдалану және айналмалы сумен жабдықтау технологияларын енгізу есебінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда суды пайдалануды жалпы төмендету; жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін суды жинау және тазалау стандарттарын еуропалық деңгейге дейін көтеру болады.

      Коммуналдық шаруашылықта тұрмыстық техника мен сантехникаға арналған суды үнемдеу стандарттарын жетілдіру; су тасқыны ағындарын тежеу және жыл бойы өзгермелілікті өтеу үшін су қоймалары мен резервуарларды салу; су ресурстары мол бассейндер, сондай-ақ қазіргі кезде қолжетімді емес ресурстар есебінен тапшылығы бар жерлерді қамтамасыз ету үшін су таратқыш және каналдарды салу; ағынды суларды тазарту станцияларын және тұзды және тұздылау су тазарту қондырғыларын салу; бассейндік жүйелерді қалпына келтіруге, орман отырғызуға, арналарды қалпына келтіруге, қалдық тұнбаларды тазалауды қоса алғандағы кешенді тәсілдер бойынша шаралар жалғастырылатын болады.

      Үкімет суды тұтынуға теріс әсер ететін және бюджетке елеулі ауыртпалық салатын мемлекеттік қолдау түрлерін реформалайды, сондай-ақ су шаруашылығының, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздіктің барынша жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін көпмақсатты су инфрақұрылымдарының үлесі арттырылады.

      Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану үшін Орталық Азия, Қытай және Ресей елдерімен гидрологиялық және гидрохимиялық ақпаратты бірлесіп іріктеу және алмасу үшін ынтымақтастық орнатылады. Үкімет жоғарыда аталған елдермен ҚР аумағын су ресурстарының жеткілікті көлемімен және сапасымен қамтамасыз ету бойынша екіжақты және көпжақты халықаралық құқықтық құжаттарды жасасу бойынша жұмыстар жүргізетін болады.

      Жердің шөлейттенуіне қарсы күрес жалғасатын болады. Жер ресурстарын жүйелі түрде бағалау және түгендеу жүргізіледі, жер ресурстарының сапасын сақтауға және қалпына келтіруге ынталандыратын жерді пайдаланудың экономикалық тетіктері енгізіледі, шөлейттену процесін тоқтату бойынша жұмыстар іске асырылатын болады.

      6-міндет. ЖЭК-ті дамыту, дәстүрлі энергия көздерін жетілдіру

      Жоспарлаудың, әкімшілендірудің және тарифтеудің икемді жүйесін болжайтын ЖЭК қолдаудың аукциондық тетігін енгізу бөлігінде ЖЭК саласындағы заңнама жетілдіріледі. ЖЭК нарығында әкімшілік кедергілер азайтылады.

      ЖЭК қолданатын Энергия өндіруші ұйымдар тізбесінде көзделген ЖЭК саласындағы жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасының бірыңғай энергетикалық жүйесінің аймақтары бойынша ЖЭК объектілерінің рұқсат етілген максималды қуаттылығын жыл сайын бекіту мүмкіндігі қарастырылуда.

      Бір мезетте дәстүрлі энергия көздерін өндірушілерге және тұтынушыларға қолданылатын технологиялар мен өндірістік қуаттардың тиімділігін арттыру және жаңғырту, қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына түсетін жүктемені азайту бөлігінде қойылатын талаптар күшейтіледі.

      7-міндет. Биологиялық әртүрлілікті сақтау

      Эндемиялық, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді, бірегей эталондық учаскелерді және табиғи экологиялық жүйелерді сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасатын болады. 2025 жылға дейінгі кезеңге дейін тағы екі ұлттық парк пен үш табиғи резерват құру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданын ел ауданының 10-12% дейін жеткізу жоспарлануда.

      Қазақстан аумақтардың ормандылығын ұлғайту және оны 4,8%-ға дейін жеткізу, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтау, жабайы аңдардың, оның ішінде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған түрлерінің санын сақтау және ұлғайту, еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда аң-құс өсіруді дамыту, балық түрлерінің популяциясын сақтау және тауарлық балық шаруашылығы мен акваөсіруді дамыту арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау саясатын одан әрі жалғастырады.

      Жер ресурстарын орнықты басқару бойынша ұлттық стратегия шеңберінде жерлердің тозу және шөлейттену проблемасын жүйелі түрде шешуге бағытталған стратегиялық шараларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасын табады.

      Ормандар мен ағаш өсіру көлемдерін ұлғайту және облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құру, жекешелік орман өсіруді дамыту көзделуде.

      8-міндет. Қалдықтары аз экономиканы дамыту

      Тиісті оқытудан өткен инженерлік-техникалық кадрлардың, сонымен қатар, басқарушы персоналдың жеткілікті санын қамтамасыз ету бөлігінде қалдықтары аз экономиканы дамыту саясаты жалғастырылады. Халықтың эко-мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүргізіледі.

      Өндіріс және тұтыну қалдықтарының айналымына байланысты қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізіледі, бұл ретте қалдықтардың пайда болуын азайтуға ынталандырушы халықаралық озық тәжірибе негізге алына отырып, қалдықтарды мемлекеттік басқару саясаты қайта қаралады. Қалдықтарды өңдеушілер институтын дамыту мақсатында оларды ынталандыру тетіктері және өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын және кәсіпорындарын қалыптастыру және олар тұрақты жұмыс істеу үшін ынталандыру енгізу бойынша шаралар әзірленеді.

      9-міндет. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару

      Қалдықтарды басқару саласындағы саясат қалдықтардан кейіннен тауарларды немесе өзге де өнімдерді дайындау үшін пайдаланылатын шикізат және (немесе) өзге де материалдар ала отырып қалдықтарды өңдеуге бағытталатын болады. Қазақстан Республикасының аумағында өндірістік қалдықтарды өңдеуді ынталандыру және дамыту үшін қолданыстағы экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарлануда.

7-саясат. Барынша белсенді сыртқы экономикалық саясат

      Саясаттың мәні: Сыртқы экономикалық саясат экономикалық дипломатия құралдарын пайдалану, халықаралық ұйымдарда, көпжақты экономикалық интеграциялық бірлестіктерде мемлекеттік мүдделерді ілгерілету және қорғау жолымен әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялауға бағдарланатын болады. Ол сондай-ақ елдің сыртқы экономикалық байланыстарын жолға қою және нығайту, өзара тиімді сауда құру арқылы одан да көп қазақстандық компанияларды сыртқы сауда қызметіне тарту арқылы, қазақстандық экспорттық өнімнің қосылған құнының бәсекелестік қабілеті мен сапасын арттыру жолымен елдің экономикалық өсуі мен дамуына жәрдемдесуге бағдарланатын болады.

      1-міндет. ЕАЭО шеңберінде ұлттық мүдделерді ілгерілету

      Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуы экономикалық өсуді, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды, қазақстандық өнімнің сыртқы нарыққа қолжетімділігі үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді.

      ЕАЭО шеңберінде тек қана экономикалық ынтымақтастық мәселелері қаралады. ЕАЭО мемлекеттік органдарынан жоғары тұратын органдарының тең құқылық және консенсус қағидаттарына сәйкес жұмыс істеуі интеграцияның тиімділігін арттыру үшін түйінді шарттардың бірі болып табылады. Қазақстан ЕАЭО мәртебесін тек экономикалық интеграцияға бағытталған халықаралық ұйым ретінде сақталуын қамтамасыз етуді жалғастырады.

      Ішкі нарыққа өзара қолжетімділігі үшін кедергілердің болмауы, алып қоюлар мен шектеулердің ең аз саны – ЕАЭО ішкі нарығының жұмыс істеудегі негізгі қағидаттарының бірі. Кедергілерді, алып қоюларды және шектеулерді анықтау және жою бойынша белсенді жұмыстар жалғасады, бұл кооперация және ЕАЭО мүше мемлекеттердің ұлттық экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

      Ішкі еркін нарық құрудың маңызды тетігі жыл сайын жаңартылатын алып қоюлар мен шектеулерді жою жөніндегі "жол карталары" болуы тиіс.

      Алып қоюлар мен шектеулерді іске асыру бойынша "жол карталарын" толық көлемде және тұрақты негізде кедергілерді анықтау және жою бойынша жұмысты жалғастыру Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.

      ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексінің күшіне енуі бизнес үшін қағидатты жаңа жағдайлар туғызады және кедендік рәсімдерді елеулі түрде жеңілдетеді.

      Бұл электрондық кедендік декларациялау басымдығы және белгілі бір жағдайларда жазбаша декларациялауды қолдану жолымен кедендік әкімшілендіру саласына жаңа тәсілдерді енгізу арқылы тауарларды кедендік рәсімдеуді жеңілдетуге, сондай-ақ кеден органдарына оның негізінде толтырылған құжатсыз тауар декларациясын ұсыну мүмкіндігін береді.

      ЕАЭО Қазақстанның энергетика, көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы өндірістік және экспорттық әлеуетін іске асыру үшін айтарлықтай мүмкіндіктер ашады.

      2025 жылға қарай газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы құрылады, ол өзара саудада эскпорттық кедендік баждар мен өзге де шектеулер қолданбауды көздейді. Сондай-ақ 2025 жылға қарай газ тасымалдау инфрақұрылымына және мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне ЕАЭО бойынша әріптес елдердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделген. Ортақ электр энергетикалық нарықты 2019 жылға қарай қалыптастыру жоспарланып отыр.

      Еңбек күші қозғалысының еркіндігін толыққанды қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО мүше мемлекеттерінің еңбеккерлерін зейнеткерлік қамтамасыз ету туралы шарт жобасын дайындау бойынша жұмыстар жалғасады. Шарттың күшіне енуі мүше мемлекеттердің азаматтарына мүше мемлекеттердің аумақтарында еңбек ету кезінде ие болған зейнеткерлік құқықтарын іске асыруды және қорғауды қамтамасыз етеді.

      Халық үшін қауіпсіз және сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында дәрілік заттардың ортақ нарығын іске қосу бойынша жұмыстар жалғастырылады.

      Көрсетілетін қызметтердің белгілі бір секторлары бойынша бірыңғай нарық құру жұмыстары жүргізілуде. Бірыңғай нарық барлық мүше мемлекеттердің аумағында қызмет көрсету еркіндігін болжайды және тиімді бәсекелестікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті кемсітпеушілік шарттарында жүзеге асыру сияқты негізін қалайтын қағидаттарға негізделеді. Көрсетілетін қызметтің өнім берушілеріне қызметті заңды тұлға құру талабынсыз, өз мемлекетінде алынған рұқсаттың негізінде персоналдың кәсіби біліктілігін мойындай отырып көрсету мүмкіндігі беріледі.

      Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі мен нарықтарының дамуын теңгерімдеуге, ішкі және сыртқы нарықтардағы өндірушілерді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Бәсекеге қабілетті өнеркәсіпті дамытуға, кооперациялық тізбектер және инновациялық-технологиялық прогресс үшін база құру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге, бірлесіп өндірген өнімді жаһандық нарықтарға ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіптік ынтымақтастық одан әрі дамиды.

      2016 жылы күшіне енгізілген ЕАЭО және Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімінің мысалы бойынша ЕАЭО елдерімен сауданы кеңейту және экспортты әртараптандыру мақсатында Индиямен, Мысырмен, Израильмен, Иранмен, Сербиямен, Сингапурмен еркін сауда аймағын құру бойынша жұмыс жүргізілуде, Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету пысықталуда.

      ЕАЭО-ның үшінші елдермен ынтымақтастығын сауда келісімдерін жасасу нысанында кеңейтуі Қазақстанның экспорттық әлеуетін ұлғайту бойынша мүдделеріне толықтай сай келеді.

      2-міндет. Жалпы мемлекеттің және қазақстандық өндірушілердің экономикалық мүдделерін ДСҰ шеңберінде ілгерілету, оларға өкілдік ету және қорғау.

      ДСҰ шеңберінде өтпелі кезеңнің аяқталу және кең ауқымды бәсекелестікке дайындалу тұрғысынан ішкі экспорттық рәсімдерді жетілдіру, қазақстандық экспорттаушылар үшін кедергілерді жою және оларды қолдау мүмкіндіктерін барынша пайдалану бойынша жұмыс жандандырылады.

      ДСҰ-ның мүшесі бола отырып, ДСҰ ережелерінің ашықтығы, айқындығы мен тұрақтылығының арқасында Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің әлемдік нарыққа қол жеткізу шарттарын жақсартты, сауда дауларын реттеу және кемсітушілік шараларының алдын алу бойынша тиісті құралдарға қол жеткізді. ДСҰ-ға мүше елдердің экономикасына қатысудың неғұрлым кең мүмкіндіктеріне қазақстандық инвесторлар да ие болды.

      Қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылардың ДСҰ шеңберінде демпингке қарсы тергеп-тексерулерді жүргізу қағидалары мен рәсімдері туралы хабардарлығын арттыру маңызды міндет болып табылады.

      Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу процесінде қабылдаған міндеттемелерді орындауы қолданыстағы және әзірленетін ұлттық заңнаманы Ұйымның қағидаларына үндестіру арқылы қамтамасыз етіледі, тұрақты негізде оның органдарымен тиісті ақпарат алмасу жүзеге асырылатын болады.

      Қазақстанның экономикасы үшін әлеуетті мүдделілік бар бағыттар бойынша ДСҰ-ға мүшелердің міндеттемелерін орындауын бақылауға қатысу практикасы кеңейтілетін болады.

      ДСҰ қағидаларында рұқсат етілген шаралармен өсуін ынталандыру, өндіріс пен экспортты әртараптандыру жөніндегі ұсыныстар тұрақты негізде әзірленетін болады.

      ДСҰ кіруден барлық артықшылықтар мен пайдаларды алу үшін елдің экономикалық даму векторын экспорттық-шикізат экспансиясы стратегиясынан жоғары қосылған құны және терең өңдеуі бар шикізаттық емес экспорт стратегиясына ауыстыру бойынша шаралар кешені іске асырылатын болады.

      3-міндет. ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықты тереңдету

      Қазақстанның мақсаты ЭЫДҰ-ға кіру болғандықтан, осы ұйыммен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаты басымдықтарының бірі болып табылады.

      Озық практикалар мен ЭЫДҰ стандарттарын имплементациялау бойынша, сондай-ақ бекітілген тиісті іс-қимыл жоспарының шеңберінде Қазақстанның ЭЫДҰ комитеттері мен жұмыс органдарына қатысу деңгейін ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасын табады.

      4-міндет. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі ынтымақтастық

      Қазақстан мен Еуропалық одақ (бұдан әрі – ЕО) арасында кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім өзара сауданы дамытуды, экономикалық байланыстарды кеңейтуді, экономиканың өндірістік секторларына инвестициялау үшін қолайлы жағдайлар жасауды және инвестициялық ахуалдың тұрақтылығы мен айқындылығына кепілдік бере отырып, Қазақстан мен ЕО арасындағы инвесторлар мен кәсіпкерлердің экономикалық қызметтерін инвестициялау және жүзеге асыру үшін өзара кемсітпеушілік жағдайларын беруді көздейді. Келісімде, сондай-ақ тауарларды кедергісіз транзиттеу бойынша өзара міндеттемелер бар, бұл қазақстандық өнімдерді ЕО нарығына экспорттауға ықпал етуі тиіс.

      Еңбек ресурстарын қажетті дағдылармен, оның ішінде жоғары білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалатын экономиканың сол секторларында шетелдік білікті мамандарды тарту арқылы өсіру экономиканы әртараптандыру және жаңғырту бойынша міндеттерін шешуге ықпал ететін болады. Осы тұрғыдан Қазақстан ЕО-ге келісімдік негізде мамандарды тарту бойынша қосымша кепілдіктер берді. ЕО өз кезегінде мұндай кепілдіктерді көпжақты негізде ДСҰ-ның мүше елдеріне ұсынады.

      Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің шеңберінде көзделген, келісіммен бекітілген ұлттық режим қағидаты және базалық тәсілдер, сондай-ақ баға бағамы және өтпелі кезеңдер бойынша уағдаластықтар қазақстандық өнім берушілерге мемлекеттік сатып алудың еуропалық нарығына кемсітпеушілік, ашық және болжамды шарттармен шығуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте Қазақстан экспорттық монополияға тыйым салуды, ішкі нарықтағы бағаларды реттеуді жоюды, еуропалық компаниялардың мұнай мен газ кен орындарына кемсітусіз қол жеткізулерін қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.

      5-міндет. Өңірлік ынтымақтастықты кеңейту

      ТМД елдері Қазақстанның басым сауда әріптестері болып қалуда. Біздің еліміз ТМД еркін сауда аймағының шеңберінде преференциялы режимнің мүмкіндіктерін тауарлар саудасы үшін кеңінен пайдаланады. Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, оларды құру, қызметі және ТМД-ға қатысушы елдердің инвестицияларын жүзеге асыру туралы келісімді әзірлеу жүргізілуде.

      Қазақстанның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы географиялық жақындығына байланысты және сауда-экономикалық байланыстарын тереңдету үшін әлеуетіне байланысты маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Қазақстандық экспорттаушылардың Орталық Азия елдерін шикізаттық қана емес, терең өңделетін тауарлармен толықтыруға өндірістік, технологиялық мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты дамыту қазақстандық бизнеске таяу Шығыс, Оңтүстік Азия, сондай-ақ ҚХР-дың батыс өңірлерінің нарығына кедергісіз шығуға мүмкіндік береді.

6-тарау. 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды іске асыру тәсілдері

      Стратегиялық жоспар реформалардың кешенді жоспары және саясаттар жинағы болып табылады, оның жетістігі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған өзара байланысты міндеттер мен бастамаларды толық ауқымды іске асыру арқылы айқындалады. Реформалар мен саясаттарды жүзеге асыру барлық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес пен азаматтық қоғамның үйлестірілген іс-қимылын талап етеді.

      2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарды табысты іске асыру үш қағидатқа негізделген.

      1-қағидат. Реформаларды іске асыру нəтижелері үшін нақты жауапкершілік

      Стратегиялық жоспардың реформаларын, саясаттарын және жалпы мақсаттарына қол жеткізуді бақылауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалық етуімен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия жүзеге асыратын болады.

      Әрбір реформаның және саясаттың орындалуына жауапкершілік Премьер-Министрдің орынбасарлары деңгейіндегі тиісті жетекшілерге жүктеледі. Әрбір реформа мен саясаттың жетекшісі мемлекеттік орган басшылары деңгейіндегі міндеттердің жетекшілері арасында жауапкершілікті бөлу арқылы міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді.

      Жетекшілердің жұмыс тобын қолдауда ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін өзгерістерді іске асыру үшін жобалық офис шеңберінде Үкімет қалыптастырған жобалық офистер жүзеге асырады. Проблемаларды жедел және кешенді шешу үшін жобалық офистерге мүдделі мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және бизнес өкілдері кіреді.

      Бұл тәсіл, бірінші кезекте, айтарлықтай өзгерістерді не әртүрлі мүдделі тараптардың үйлестірілген іс-қимылын талап ететін реформалар мен саясаттар шеңберіндегі міндеттер мен бастамаларды орындауға қолданылады. Басқа міндеттер мен бастамаларды министрліктер мен мемлекеттік органдар тиісті мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды орындау шеңберінде және олардың ағымдағы қызметі шеңберінде жүзеге асыратын болады.

      2-қағидат. Енгізу нəтижелері үшін жауапкершілікті бизнеспен жəне қоғамдастықпен бөлісу

      Бизнес, азаматтық қоғам және мемлекеттік органдар Стратегиялық жоспарды іске асырудағы жауапкершілікті өзара бөліседі. Ол үшін бизнестің атынан "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, азаматтық қоғам атынан Қазақстанның Азаматтық альянсы кеңесі мен Үкіметтің арасында бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қою жоспарлануда.

      Бірлесіп іске асыру реформа шеңберінде бастамаларды жүзеге асырудың нақты тетіктерін, әр тараптың жауапкершілік аясын айқындау үшін консультациялар мен пікір алмасу жүргізуді, сондай-ақ Стратегиялық жоспардың реформаларының мақсаттары мен мақсаттарына қол жеткізуді мониторингтеу тетігін құруды болжайды.

      Бірлесіп іске асыру шеңберінде Үкімет қажетті заңнамалық, реттеуші және институционалдық жағдайлар жасауды, кедергілерді жоюды, сондай-ақ қажетті саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бизнес тарапынан мемлекеттік органдарға қажетті консультацияларды беруге белсенді түрде қатысу, сондай-ақ операциялық тиімділікті арттыру бойынша, технологиялық жаңару, қызметкерлердің құзыретін дамыту және тағы басқалары бойынша іс-шараларды өткізу арқылы өнімділігін және өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің сапасын арттыру үшін нақты шаралар күтіледі. Азаматтық қоғам өкілдері құзыретті дамытуға және халықтың қоғамдық санасын жаңғыртуға бағытталған іс-шараларға қатысады.

      3-қағидат. Нәтижеге назар аудару және бағалау

      2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды іске асыру нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланатын болады. Ол үшін міндеттерді орындаушылар міндеттерді орындаудың және мақсатты индикаторларға жетудің ең тиімді әдісін таңдауда белгілі бір еркіндікке ие болады.

      2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың орындалуын бақылау және бағалау Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады. Тәуелсіз бағалауға қол жеткізу үшін сыртқы ұйымдар, оның ішінде халықаралық ұйымдар тартылуы мүмкін (мысалы ЭЫДҰ, Дүниежүзілік Банк немесе басқалар).

7-тарау. Түйінді нысаналы индикаторлар

      2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың түйінді ұлттық индикаторлары (бұдан әрі – ТҰИ) 2021, 2025 және 2050 жылдарға қарай қол жеткізілуге тиіс нысаналы нәтижелерді көрсетеді.

Сала

ТҰИ деңгейі

Индикатор

Өлшем бірлігі

Мәндері

2016 жыл

2021 жыл

2025 жыл

2050 жыл

Әл-ауқаттың өсуі

Экономикалық өсу

I

Жан басына шаққандағы ЖІӨ

номиналды мәндегі ағымдағы АҚШ долларында

7 715

13 190

18 500

33 270

номиналды мәндегі халықаралық долларда (СҚТ бойынша)

26 048

34 600

46 100

60 000

II

Еңбек өнімділігінің өсуі

2016 жылғы деңгейден 2016 жылға қарай өсу %

-

24

51

363

Экономиканың сапалы өсуі

Макроэкономикалық тұрақтылық

I

Мемлекеттік бюджеттің мұнай емес тапшылығы

% ЖІӨ-ден

9,0

<6,6

<6,0

-

Инфляция

кезең соңындағы %

8,5

3,0-4,0

3,0-4,0

-

Әртараптандыру

I

Тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорт үлесі

млрд. АҚШ долл.

19,2

29,2

41,0

90,0

II

Экономика күрделілігінің индексі
(Гарвард)

Рейтингтегі орны
(балл)

78
(-0,5)

70
(-0,3)

55
(0)

16
(1,5)

Бизнес орта және кәсіпкерлікті дамыту

I

ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі

ЖІӨ-дегі ЖҚҚ %

26,8

30,0

35,0

50,0

ЭЫДҰ бәсекелестік ортасының индексі(Product Market Regulation)

Рейтингтегі орны
(балл)

-

40
(2,7)

37
(2,2)

23
(1,5)

II

Экономикадағы орта кәсіпкерлік үлесі

ЖІӨ-ғы ЖҚҚ %

4,8

10

15

20

Бақыланбаған (көлеңкелі) экономиканың үлесі

% ЖІӨ-ге

25,8

23

20

15

Технологиялар және инновациялар

I

Экономикадағы ҒЗТКЖ-на шығындар

ЖІӨ %

0,14

0,5

1,0

3,0

II

Ғылыми және/немесе ғылыми нәтижелерді коммерцияланды-ру үшін жобаларды жекеменшік қаржыландыру-дың көлемі

қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру
дың жалпы сомасынан%

7

20

50

≥50

Қаржы нарығы және инвестициялар

I

Негізгі капиталға инвестициялар

ЖІӨ %

16,4

17,1

19,4

30,0

II

Несие портфелінің көлемі

ЖІӨ-ден %

18

≥30

30-50

50≤

Инфрақұрылым

I

АКТ дамыту индексі (БҰҰ)

Орны

52

34

25

15


Логистика тиімділігінің индексі
(Дүниежүзілік Банк)

Орны

77

40

38

30

Сала

II

Орталықтанды-рылған сумен қамтамасыз ету:
қалаларда

%

88,0

98,0

100,0

100,0

АЕМ- е


52,3

64,0

80

-

Өмір сүру сапасының өсуі

Денсаулық сақтау

I

Туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы

жас

72,4

73,3

75,0

84,0

II

Нәресте өлім-жітімі

1000 тірі туғандарға шаққандағы саны

8,6

7,8

7,2

3,5

Ана өлім-жітімі

100 мың тірі туғандарға шаққандағы саны

12,7

11,0

10,0

9,0

Білім беру

I

PISA тестіне сәйкес орта білім беру сапасын бағалау
(ЭЫДҰ соңғы баяндамасына сәйкес)

Математикадан орташа балл

460

470

480

510

Оқу бойынша орташа бал

427

440

450

510

Ғылым бойынша орташа бал

456

465

490

510

Жоғары білім жүйесінде шетелдік студенттердің үлесі,%

%

2,6

6

10

20

II

Білім беру бағдарламаларының үлесі (ТКЭ) халықаралық талаптар негізінде жасалды

%

23

100

100

-

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының саны кемінде екі халықаралық деңгейде танылған (QS-WUR, TOP-200, Times Higher Education-500, Shanghai Academic Ranking-500)

бірлік

0

2

3

5

Жұмыспен қамту

I

Жұмыссыздық деңгейі

%

4,9

≤4,9

≤4,9

3-4

II

Өнімсіз еңбекпен қамтылғандар үлесі

өз бетінше жұмыспен қамтылғандар-
дың жалпы санынан %

13,6

12,4

10,0

5

Кіріс

I

Халықтың нақты ақшалай табыстарының өсуі

2016 жылғы деңгейден 2016 жылға қарай өсім %-бен

-

18,2

42,3

292,0

II

Азық-түлік тауарларына арналған үй шаруашылық шығыстары

жалпы шығыстардағы
%

45,8

41,3

37,1

30,0

Халықтың ең аз қамтылған 40%-ның табысының үлесі

халықтың жалпы табысының
%-ы

22,8

24,9

27,0

34,5

Өңірлік даму

I

Урбандалу деңгейі

%

56,8

58,0

60,0

70,0

II

Өңірлер арасында ЖӨӨ дамуының айырмашылығы

n есе

3,2

3,0

2,7

2,5

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету

бір адамға шаршы метр

21,4

23,1

26

35

Жасыл экономика және қоршаған орта

I

ЖІӨ энергиялық сыйымдылығы (қоршаған ортаға прокси-көрсеткіш ықпалы, ХЭА мәліметі бойынша)

2008 жылғы деңгейден төмендеу %

13

20

25

50

II

Жаңартылатын энергия көздерінен электр энергия үлесі

өндірудің жалпы көлемінен %

0,9

3

6

50

Иституттар

I

Дүниежүзілік Банктің мемлекеттік басқару тиімділігінің индексі (Government Effectiveness)

процентиль

51,44

55–60

60–75

75–90

II

Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі Corruption Perception Index, НГО Transparency International)

балл

29

32

35

62

Заң үстемдігі индексі (Rule of Law Index, "The World Justice Project" ҮЕҰ)

рейтингтегі орны
(балл)

73
(0,50)

65–70
(0,51)

55–60
(0,53–0,54)

25–30
(0,66–0,70)

      Стратегиялық жоспардың түйінді ұлттық индикаторларын айқындау тәсілдері

      Стратегиялық жоспардың түйінді ұлттық индикаторлары және олардың нысаналы мәндері Қазақстанның 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену бойынша мақсатына қол жеткізудегі прогресті өлшеу, Қазақстанның позициясын 30 дамыған елмен салыстыру, сондай-ақ осы Стратегиялық жоспарда қамтылған реформалар мен саясаттардың орындалуын бағалау үшін анықталған.

      Әлемнің барынша дамыған отыз елі әлемдегі дамыған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейі, сол сияқты халықтың өмір сүру сапасының деңгейін көрсететін факторлардың жиынтығы бойынша айқындалды. Бұдан әрі бұл елдер индикаторлардың нысаналы мәндерін айқындау үшін қолданылды.

      Стратегиялық жоспардың түйінді ұлттық индикаторлары Стратегиялық жоспардың реформалары мен басым саясаттарын ескеретін өлшеудің 14 саласы бойынша прогресті қадағалап отырады және ел дамуының осы кезеңінде өзекті болып табылады.

      Өлшеу саласы бойынша екі деңгейдегі нысаналы индикаторлар айқындалған. Бірінші деңгейдегі индикаторлар Қазақстаннның әлемнің дамыған дамыған елдерге қатысты даму деңгейін көрстетеді. Екінші деңгейдің индикаторлары осы кезеңде Қазақстан үшін өзекті проблемаларды көрсететін көрсеткіштерді қамтиды. Индикаторларды таңдау кезінде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары ескерілді.

      Дамыған елдерге қатысты Қазақстанның прогресін тұрақты түрде мониторингтеу және салыстыру үшін жалпы танылған халықаралық индекстер айқындалған, оларды сарапшылар және инвесторлар елдегі жағдайды бағалау үшін кеңінен пайдаланады.

      Индикаторлардың нысаналы мәнін есептеу үшін орташа жылдық халық саны 2017 жылдан бастап 2025 жылды қоса алғанда 18 048,6-дан 19 834,8 мың адамға дейін өседі деп болжануда, бұл ретте жұмыспен қамтылған халық саны орта есеппен 0,25% жылдық өсімді ескере отырып, 8 750 адамға жетеді.

      2020 жылдан бастап инфляция деңгейі 3-4% белгісінде тоқтайды, теңгенің АҚШ долларына айырбас бағамы 330 деңгейінде белгіленген, Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы 55 доллар деңгейінде, ал металдардың әлемдік бағасының орташа жылдық өсу қарқыны 2,6% деңгейінде. Бұл ретте белгіленген деңгейден шикізаттың әлемдік бағасының асып түсуі Ұлттық қорға аударымдар жасау арқылы жойылады деп болжануда. Сондай-ақ Қазақстанда шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 2016 жылдан бастап 29,3 млн тоннаға өседі және 2025 жылы 107,3 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр.

      Әрбір индикатор бойынша әлемдік үздік практикаға сәйкес келетін деңгей, әлемнің 30 дамыған елінің мәндері негізінде айқындалды.

      Индикаторлардың әрқайсысы бойынша 2025 жылға арналған нысаналы мән 2050 жылға арналған нысаналы мән негізінде есептелді, бұл Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елдер қатарына кірудің ұзақ мерзімді бағдары болып табылады. Осылайша нысаналы мән бастапқыда 2050 жылға белгіленді және әдеттегідей бүгінгі көшбасшы елдердің арасында 2015-2016 жылдар деңгейінің орташа мәніне тең қабылданды.

      Есептеу негізінде алынған 2021, 2025 және 2050 жылдарға арналған нысаналы мәндер сарапшылар пікірлері ескеріле отырып тексерілді және бейімделді. Бұдан басқа, әрбір көрсеткіштің нысаналы мәндерін бағалау кезінде бастамалардың 2017-2021 жылдардағы іске асырылуының кейінге қалдырылған әсері болжанды: бастаманы енгізуді бастау мен алғашқы нәтижелер алу арасында белгілі бір кезең өту керек. Көрсеткіштерді бағалау әдісіне қарамастан өршілдіктің жоғары деңгейі мен нысаналы мәндерге қол жеткізу арасында теңгерімділік сақталды.

      Түйінді ұлттық индикаторлардың нысаналы мәніне қол жеткізу мақсатында Стратегиялық карта әзірленген. Стратегиялық карта жылдар, салалар және өңірлер бөлінісінде (бөлініс мүмкін болған жағдайда) олар қол жеткізу үшін жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды, ұлттық холдингтерді және компанияларды бекітумен екінші және үшінші деңгейдегі индикаторларға арналған түйінді ұлттық индикаторлардың декомпозициясын қамтиды.

      Түйінді ұлттық индикаторларды салалар және өңірлер бойынша бөлу кезінде қорытынды нәтижеге қол жеткізу үшін жауапты әрбір тиісті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның, ұлттық холдингтің және компанияның үлесі айқындалатын болады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 15 ақпандағы
№ 636 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 10, 115-құжат).

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 27 тамыздағы № 371 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 68, 976-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 11 қарашадағы № 689 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 65, 679-құжат).