Мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының ант беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 532 Жарлығы.

Жаңартылған

  Қазақстан Республикасы
Президентіні мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 6-бабына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2) тармақшасына және 21-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 14.03.2018 № 650 Жарлығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының ант беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 16 тамыздағы
№ 532 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының
Парламенті депутаттарының ант беру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Осы мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының ант беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабы 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 6-бабына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2) тармақшасына және 21-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ант беру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 14.03.2018 № 650 Жарлығымен.

      2. Мемлекеттік лауазымға алғаш рет тағайындалатын тұлғалар – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге де мүшелерін; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысын; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысын, оның орынбасарларын; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын; Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын; Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығын; Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілерін, кеңесшілерін; Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын; Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын; облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкімдерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер бір рет ант береді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 14.03.2018 № 650 Жарлығымен.

      3. Егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, ант қабылдаған мемлекеттік саяси қызметші оны тиісті мемлекеттік органның ұжымына лауазымды адам таныстырған кезде ант береді.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағаларының, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағаларының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлерінің антын Қазақстан Республикасының Президенті өзі қабылдайды.

      Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты және Мәжілісі депутаттары Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палаталарының отырыстарында ант береді.

      Қазақстан Республикасы Президентінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге де мүшелері мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ Парламенттің депутаттары Қазақстан Республикасының Президентіне ол айқындайтын тәртіпте ант бере алады.

      Мәслихат немесе оның келісімі бойынша тағайындалатын лауазымды адамдар тиісті мәслихаттың отырысында ант береді.

      4. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты және Мәжілісі аппараттарының басшылары мен олардың орынбасарлары ант беретін лауазымды адамды Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бюросы айқындайды.

      5. Мәслихаттың келісімімен тағайындалатынды қоспағанда, "А" корпусының мемлекеттік қызметшісі оны тиісті мемлекеттік органның ұжымына лауазымды адам таныстырған кезде ант береді.

      "Б" корпусының мемлекеттік қызметші сынақ мерзімін сәтті өткерген күннен бастап бір ай ішінде, лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамға немесе оның уәкілеттігі бойынша өзге адамға ант береді.

      6. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаты антының мәтіні "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленеді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшесі антының мәтіні "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленеді.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшесі антының мәтіні "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленеді.

      Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшесінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшесінің, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес лауазымды адамның, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өзге де мемлекеттік қызметшінің тиісінше ресімделген және мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде басылған ант мәтіні ант беруші адамның таңдауы бойынша осы тілдердің бірінде айтылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 14.03.2018 № 650 Жарлығымен.

      7. Ант берудің салтанатты рәсімі тиісті қызметтік ғимараттың залында өткізіледі. Ант берудің салтанатты рәсімі антты қабылдаушы лауазымды адамның кіріспе сөзімен басталады. Ант беретін адам мінбеге шақырылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына қолын қойып тұрып, ол анттың мәтінін айтады немесе оқып береді, содан соң оған қол қояды және антты қабылдаған лауазымды адамға береді.

      Ант беретін адамдардан басқа залға өзге де лауазымды адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      8. Ант қабылдаған адамның қолы қойылған, ант беру күні көрсетілген ант мәтіні бар бланк оның жеке ісінің материалдарында сақталады.

      Мемлекеттік қызметшінің қызметтік тізіміне ант бергені туралы тиісті жазба енгізіледі.

  Мемлекеттік қызметшілердің
және Қазақстан
Республикасының
Парламенті депутаттарының
ант беру қағидаларына
1-Қосымша

Қазақстан Республикасының
Президенті лауазымға тағайындаған лауазымды адамның
АНТЫ

      Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отанымды өркендету ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін.

      Тегі, аты, әкесінің аты_____________________

      (қолы, күні)

  Мемлекеттік қызметшілердің
және Қазақстан
Республикасының
Парламенті депутаттарының
ант беру қағидаларына
2-Қосымша

Қазақстан Республикасы
мемлекеттік қызметшісінің
АНТЫ

      Мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзімнің биік жауапкершілігімді сезіне отырып, елдің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқыма адал да білікті қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін.

      Тегі, аты, әкесінің аты_____________________

      (қолы, күні)

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 16 тамыздағы
№ 532 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған
кейбір жарлықтарының тізбесі

      1. "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығының 1-тармағы 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 72-73-74, 534-құжат).

      2. "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемеcінің кейбір мәcелелері" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 маусымдағы № 272 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістердің 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 34, 188-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 қазандағы № 349 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 11-тармағының екінші, үшінші және төртінші абзацтары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 49, 310-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 27 қазандағы № 362 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 52, 335-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 31 қазандағы № 366 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 7-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 52, 336-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 4 қарашадағы № 369 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 54, 344-құжат).

      7. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 14 наурыздағы № 446 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 23-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., №11, 59-құжат).