Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 401 Жарлығы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне:

      халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;

      құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;

      2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарын, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, еңбекші көшіп-қонушылар мен этникалық қазақтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді қоспағанда, көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру және іске асыру, көші-қон процестерін мониторингтеу, талдау және болжамдау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) қайта бөлінетін штат саны шеңберінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетін құруды;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар арасында штат санын қайта бөлуді;

      3) 2017 жылғы 1 сәуірге дейінгі Қазақстан Республикасының 2017 - 2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді;

      4) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев