Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 388 Жарлығы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 27-бабы 1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1) "Республикалық бюджет комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 1 сәуірдегі № 780 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 18, 155-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Республикалық бюджет комиссиясы туралы ережеде:

      мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:

      "11-1. Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыруға байланысты мәселелерді қарау кезінде комиссия отырыстарына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі байқаушы ретінде (дауыс беру құқығынсыз) қатысады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Комиссия немесе жұмыс органы айқындайтын мерзімге және күн тәртібіне сәйкес комиссия отырыстарына материалдар дайындау, оларды комиссия мүшелеріне тарату, комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындау, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне комиссия отырыстарының хаттамалары мен тиісті материалдарды, комиссия мүшелеріне, мемлекеттік органдардың және ұйымдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша оларға комиссияның хаттамалық шешімдерінен үзінділер жіберу, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерден және осы ережеден туындайтын басқа да функциялар жұмыс органының функциялары болып табылады.";

      2) "Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 36, 342-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидаларында:

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауға дайындаған материалдарды Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайтын және Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілетін жоспар-кестеге сәйкес қарайды. Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілген жоспар-кесте республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің назарына жеткізіледі.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджет жобасы бойынша ұсыныстары негізінде республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзірлейді және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне қарауға ұсынады.".

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті осы Жарлықтан туындайтын шаралар қабылдасын.

      4. Осы Жарлық 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 388 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі
бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленді және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі - Есеп комитеті) республикалық бюджет жобасына оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау (бұдан әрі - бюджет жобасын бағалау) жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Бюджет жобасын бағалау жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы (бұдан әрі - бюджет жобасы) көрсеткіштерінің негізділігіне, бюджет жобасын әзірлеу үшін нормативтік құқықтық және әдістемелік базаның бар-жоғы мен жеткілікті болуына талдау жасауды, сондай-ақ Есеп комитеті әзірлеген ұсынымдармен бюджет жобасын бағалау нәтижелерін (бұдан әрі - бағалау бойынша қорытынды) жасауды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынуды көздейді.

      3. Бюджет жобасына бағалау жүргізу кезінде Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін (бұдан әрі - Бюджет кодексі), "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.

      4. Бюджет жобасын бағалау объектілері - мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдар, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен басқа да мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері болып табылады.

      5. Шығыстардың негізгі бағыттары тұрақты сипатқа ие, мемлекеттік басқару функцияларын орындау бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған шығыстарды қоспағанда, Бюджет кодексінің 53-бабының 1-тармағында айқындалған шығыстар болып табылады.

      6. Бюджет жобасына бағалау жүргізу үшін бюджеттік бағдарламаларды іріктеуді Есеп комитеті жыл сайын Есеп комитетінің өткен қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын бағалау және бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша қорытындыларда қамтылған ақпаратты ескере отырып жүзеге асырады.

      7. Бюджет жобасына бағалау жүргізу кезінде төмендегілермен шектелмей, негізгі дереккөздер (бұдан әрі - бағалау материалдары):

      1) нормативтік құқықтық актілер;

      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың нәтижелері;

      3) орта мерзімді кезеңге арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;

      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері;

      5) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын бағалау нәтижелері туралы қорытынды;

      6) бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін бағалау нәтижелері туралы қорытынды;

      7) Қазақстан Республикасы бойынша статистикалық деректер;

      8) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері;

      9) Республикалық бюджет комиссиясының шешімдері;

      10) бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының жеткізілген лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер;

      11) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстары бойынша бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы;

      12) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның стратегиялық жоспарлар жобаларын (стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар жобаларын) және бюджеттік бағдарламалар жобаларын қарау нәтижелері бойынша қорытындылары;

      13) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің есептілігі (республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер, республикалық бюджеттің дебиторлық және кредиторлық берешегі туралы есептер, бюджеттік мониторингтеу нәтижелері бойынша республикалық (жергілікті) бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есеп және т.б.);

      14) Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Есеп комитеті берген тұжырымдар мен ұсынымдар;

      15) тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары;

      16) стандарттар, ережелер, әдістемелік ұсынымдар және құқық белгілейтін құжаттар (жарғылар, тіркеу туралы куәліктер);

      17) халыққа жүргізілген сауалнама нәтижелері, бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың материалдары болып табылады.

2. Бюджет жобасын бағалаудың мақсаты, негізгі
міндеттері және өлшемшарттары

      8. Бюджет жобасын бағалаудың мақсаты бюджет жобасының анықтығын және бюджет заңнамасының ережелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Есеп комитетінің берген тұжырымдары мен ұсынымдарына сәйкестігін айқындау болып табылады.

      9. Бюджет жобасына бағалау жүргізу кезіндегі негізгі міндеттер:

      1) негізделген және анық бағалау бойынша қорытындының Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне уақтылы ұсынылуын;

      2) бюджет жүйесі қағидаттарының (шынайылық, негізділік, нәтижелілік және тиімділік) сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

      10. Бюджет жобасын бағалау бюджет жобасы шығыстарының елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, мемлекеттік бағдарламаларды және орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Есеп комитетінің берген тұжырымдары мен ұсынымдарына сәйкестігі мәніне жүргізіледі.

      11. Бюджет жобасын бағалаудың негізгі өлшемшарттары:

      1) шығыстардың негізділігі (бюджет жобасының бюджет және өзге де заңнамаға сәйкестігі, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын белгілеу, Қазақстан Республикасы Президенті жолдауларының ережелеріне, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына және Есеп комитетінің қаулыларына сәйкестігі);

      2) шығыстардың анықтығы (жобаларды іске асыру және нәтижелерге қол жеткізу үшін қаражат көлемдерін айқындаудың дұрыстығын растайтын қажетті құжаттаманың болуы) болып табылады.

3. Бюджет жобасына бағалау жүргізу тәртібі

      12. Есеп комитеті орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары көрсеткіштерінің экономикалық және бюджеттік жоспарлау көрсеткіштерімен өзара байланысының қамтамасыз етілуін, мыналардың:

      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері;

      2) республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептердің және мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдардың ақпараты бойынша орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау;

      3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыруы бойынша бағалау нәтижелері негізінде қол жеткізілген нәтижелердің Қазақстан Республикасы Президенті жолдауларының ережелеріне және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігін бағалайды.

      13. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі интеграциясы арқылы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарланған шығыстары бойынша бюджеттік өтінімдеріне және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларына Есеп комитетінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

      14. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган заңнамада белгіленген мерзімде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын бір мезгілде Есеп комитетіне ұсына отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жібереді.

      15. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бір мезгілде Есеп комитетіне заңнамада белгіленген мерзімдерде:

      1) шығыстар лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді оларды бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жіберген кезде;

      2) Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі - бюджет комиссиясы) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарлы кезеңге арналған шығыстарын қарау жоспар-кестесін (бұдан әрі - кесте) оны бюджет комиссиясының мүшелеріне жіберген кезде ұсынады.

      16. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган заңнамада белгіленген мерзімде осы Қағидалардың 7-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген бағалау материалдарын бір мезгілде Есеп комитетіне жібере отырып, тиісті мемлекеттік органға ұсынады.

      17. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет комиссиясының отырыстарына Есеп комитеті өкілінің байқаушы ретінде қатысуын (дауыс беру құқығынсыз) және бір мезгілде бюджет комиссиясы мүшелеріне жібере отырып, бюджет жобасын жоспарлау мәселелері бойынша бюджет комиссиясының барлық материалдарын заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды қамтамасыз етеді.

      18. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет комиссиясының отырысы өткізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Есеп комитетіне республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаралған бюджеттік бағдарламалары бойынша бюджет комиссиясының қорытындыларын, сондай-ақ бюджет комиссиясының шешімдеріне сәйкес келетін мынадай құжаттарды (бұдан әрі - құжаттар):

      1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімге түсіндірме жазбасының көшірмесін;

      2) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынатын тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулердің мемлекеттік ғылыми және ғылыми-техникалық сараптамасы қорытындыларының көшірмелерін;

      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруға ұсынатын бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік кредиттеудің орындылығы туралы қорытындысының көшірмесін;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің және/немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған тапсырмаларының көшірмелерін жібереді.

      19. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірленген бюджет жобасын Есеп комитетіне ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей ұсынады.

      20. Есеп комитеті бюджет жобасына бағалау жүргізу кезінде бюджет жобасы шығыстарының елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, мемлекеттік бағдарламаларды және орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Есеп комитеті берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігіне назар аударады. Ұсынылған құжаттар мен бағалау материалдарының анықтығын және негізділігін растау қажет болған жағдайда Есеп комитеті бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне және бюджет процесіне басқа да қатысушыларға сұраулар жібереді және бағалау немесе мемлекеттік аудит объектісінде аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша материалдарды пайдаланады.

4. Бағалау бойынша қорытындыны жасау және ұсыну

      21. Бағалау бойынша қорытынды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған бюджет жобасы негізінде жасалады және ол ұсынымдық сипатқа ие.

      22. Бағалау бойынша қорытындыны Есеп комитеті сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарына сәйкес қарайды және ол Есеп комитетінің қаулысымен бекітіледі.

      23. Есеп комитеті бағалау бойынша қорытындыны Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей ұсынады.