"Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 21 қарашадағы № 371 Жарлығы

Қолданыстағы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 24, 173-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген өздерінің қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік органдар тізбесі осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы Жарлық 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 21 қарашадағы
№ 371 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары
қызметінің тиімділігін жыл сайынғы
БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі (бұдан әрі - Жүйе) орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - бағаланушы мемлекеттік органдар) қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында әзірленді.

      2. Жүйе бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудың (бұдан әрі - тиімділікті бағалау) негізгі ережелерін, қағидаттарын, блоктарын белгілейді, органдар және ұйым жүйесі мен оны жүргізу тәртібін, нәтижелерін айқындау мен оларға шағымдануды, сондай-ақ тиімділікті бағалауға қатысушылардың жауапкершілігін айқындайды.

      3. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың мақсаты оларға жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылу тиімділігін айқындау болып табылады.

      4. Тиімдікті бағалау үшін ақпарат көздері:

      1) мемлекеттік органдардың есепті кезеңде жүргізген қызметі туралы есебі;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген тексерулер нәтижелері;

      3) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау нәтижелері;

      4) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау нәтижелері;

      5) мемлекеттік органдардың бақылау актілері;

      6) ресми статистикалық мәліметтер;

      7) тәуелсіз сарапшылар қорытындылары мен қоғамдық кеңестердің ұсынымдары;

      8) тиімділікті бағалаудың белгілі бір блогы бойынша әлеуметтік зерттеулердің, халықаралық ұйымдар мен халықаралық рейтингтер шолуларының нәтижелері;

      9) тиімділікті жалпы бағалауды дайындау кезіндегі коммерциялық емес ұйымдардың ақпараты;

      10) мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпарат көздерінен алынатын өзге де ақпарат болып табылады.

      5. Тиімділікті бағалауды осы Жүйенің 10-тармағында айқындалған бағалау жүргізуге уәкілетті органдар және ұйым (бұдан әрі - бағалауға уәкілетті органдар) жүргізеді.

      6. Тиімділікті бағалау жыл сайын бағалау жүргізу кестесіне сәйкес есепті (күнтізбелік) жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

      7. Тиімділікке бағалау жүргізу кестесі:

      1) бағаланушы мемлекеттік органдардың тиісті блоктар бойынша бағалауға уәкілетті органдарға есепті жылдың қорытындылары бойынша есепті ақпаратты;

      2) бағалауға уәкілетті органдардың бағаланушы мемлекеттік органдарға бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;

      3) бағалауға уәкілетті органдардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға шағымдану рәсімдерінен кейінгі тиімділікті бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;

      4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі комиссияның жұмыс органына блоктар бойынша жалпы тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды;

      5) Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі комиссияның Қазақстан Республикасының Президентіне тиімділікті бағалау нәтижелерін ұсыну мерзімдерін қамтиды.

      8. Тиімділікті бағалау жүргізу кестесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітіледі.

2. Тиімділікті бағалау қағидаттары

      9. Тиімділікті бағалау қағидаттары:

      1) заңдылық қағидаты - тиімділікті бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестікте жүргізу;

      2) объективтілік қағидаты - жан-жақты және толық тәуелсіз бағалау жүргізу, мүдделер қақтығысын болдырмау;

      3) анықтық қағидаты - тиімділікті бағалаудың нәтижелерін тиісті құжаттармен растау;

      4) ашықтық қағидаты - ақпарат көздерінің шыққан жерін тексеру мүмкіндігі;

      5) жариялылық қағидаты - құпиялылық режимін және қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, тиімділікті бағалаудың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау болып табылады.

3. Тиімділікті бағалау органдарының жүйесі

      10. Тиімділікті бағалау органдарының жүйесін бағалауға уәкілетті мынадай органдар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі;

      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі;

      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган;

      4) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган;

      5) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі - бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган);

      6) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган;

      7) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган;

      8) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы - "электрондық үкіметтің" архитектурасын және "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.

      11. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Жүйенің 16-тармағында көрсетілген блоктарға сәйкес бағалауға уәкілетті органдар беретін қорытындылар негізінде бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды (бұдан әрі - жалпы бағалау) жүзеге асырады.

      12. Блоктар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытынды қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының шешімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің лауазымды адамдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары мен басқа да адамдар қатарынан Комиссия құрылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы сонымен қатар Комиссияның жұмыс органын айқындайды.

      13. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітілетін Ережені басшылыққа алады.

      14. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесін қоспағанда, бағалауға уәкілетті органдардың қызметін әдіснамалық үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      15. Өздеріне қатысты тиімділікті бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

4. Тиімділікті бағалау блоктары

      16. Тиімділікті бағалау бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің мынадай блоктары бойынша жүзеге асырылады:

      1) мақсаттар мен бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне қол жеткізу;

      2) мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара іс-қимылы;

      3) мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы.

      17. Осы Жүйенің 16-тармағында көрсетілген қызметтің әрбір блогы бойынша бағалауға уәкілетті органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, сондай-ақ Комиссияның жұмыс органымен келісілген тиімділікті бағалау критерийлері мен көрсеткіштері айқындалатын тиісті әдістемелерді әзірлеп, бекітеді.

      18. Мынадай ережелер тиімділік критерийлері мен көрсеткіштеріне қойылатын міндетті талаптар болып табылады:

      1) критерийлер мен көрсеткіштер ресми статистикалық деректерге, мемлекеттік органдардың деректері мен басқа да ресми ақпаратқа негізделуге тиіс;

      2) шығыс ақпаратты жинақтау мен өңдеу тәсілі алынған деректердің орындылығын тексеру мүмкіндігіне жол беруге тиіс;

      3) көрсеткішті айқындау оны бағалайтын да, сондай-ақ бағаланатын да мемлекеттік органның бір мәнді түсінуін қамтамасыз етуге тиіс;

      4) қажетті деректерді алу уақыт пен ресурстардың мүмкіндігінше аз шығындарымен жүргізілуге тиіс;

      5) критерийлер мен көрсеткіштерді, деректердің үздіксіз жинақталуы мен олардың жекелеген кезеңдер үшін салыстырмалығын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, айқындаған жөн;

      6) критерийлер мен көрсеткіштер мемлекеттік органның барлық қызметін қамтуға және барлық мемлекеттік функциялардың сапалы орындалуына бағдарлануға тиіс.

      19. Тиімділіктің критерийлері мен көрсеткіштері ретінде халықаралық практикада қолданылатын критерийлер мен көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін.

      20. Критерийлер мен көрсеткіштер нақты мемлекеттік органның тікелей қызметін көрсетуге тиіс.

5. Мақсаттар мен бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне
қол жеткізу тиімділігін бағалау

      21. Осы блок бойынша бағалау мемлекеттік органдардың қадағаланатын саланы/аяны/өңірді дамытуды қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану бойынша қабылдайтын шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.

      22. Жетекшілік ететін сала/ая/өңір бойынша мемлекеттік органдардың тиімділіктің түйінді көрсеткіштерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      23. Осы блок бойынша тиімділікті бағалауды мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар жүзеге асырады.

      24. Мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың осы блок бойынша тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      25. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдарды осы блок бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бағалайды.

      26. Мақсаттар мен бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеу мен бекіту және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

6. Мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара
іс-қимылын бағалау

      27. Осы блок бойынша бағалау халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету, халықтың шағымдары мен өтініштерін қарау мен мемлекеттік органның ашық болу деңгейі бойынша шаралардың тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      28. Осы блок бойынша тиімділікті бағалауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган, құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі уәкілетті орган және "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы жүзеге асырады.

      29. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау жүргізу кезінде үкіметтік емес ұйымдардың (қоғамдық бірлестіктердің) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алушыларға сауалнама қою, қоғамдық кеңестердің ұсынымдары негізінде алынған мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың сапасы туралы ақпараты пайдаланылады, сондай-ақ қосымша әлеуметтану зерттеулері жүргізілуі мүмкін.

      30. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органды осы блок бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бағалау бөлігінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бағалайды.

      31. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органды осы блок бойынша электрондық қызметтерді көрсету сапасын және ашық деректер бөлігінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі бағалайды.

      32. Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету, ашық деректер және шағымдар мен өтініштерді қарау сапасын бағалау нәтижелері туралы қорытынды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға енгізіледі.

      33. Азаматтармен өзара іс-қимылды бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

7. Ұйымдастырушылық даму тиімділігін бағалау

      34. Осы блок бойынша бағалау персоналды басқару және ақпараттық технологияларды қолдану бойынша мемлекеттік органдар шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      35. Осы блок бойынша тиімділікті бағалауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган және "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы жүзеге асырады.

      36. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органды осы блок бойынша персоналды басқару бөлігінде бағалауды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жүзеге асырады.

      37. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органдарды осы блок бойынша ақпараттық технологияларды қолдану бөлігінде бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      38. Персоналды басқару бойынша бағалау нәтижелері туралы қорытынды ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға енгізіледі.

      39. Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық даму тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

8. Бағаланатын мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігіне бағалау жүргізу тәртібі

      40. Бағаланатын мемлекеттік органдар бағалауға уәкілетті органдарға жыл сайын Бағалау жүргізу кестесінде белгіленген мерзімдерде, бағалауға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мұның алдындағы жылдың қорытындылары бойынша есептік ақпарат ұсынады.

      41. Бағалауға уәкілетті органдар тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде айқындалған бағаланатын мемлекеттік органдардың есептік ақпаратындағы деректерді қайта тексеру бойынша кешенді ұйымдастыру шараларын қабылдауға міндетті.

      42. Есептік ақпараты тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде қайта тексеруге жататын мемлекеттік органдарды айқындау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      43. Бағалауға уәкілетті органдар тиімділікті бағалаған кезде есепті кезеңдегі басқа да бақылау органдарының тексеру нәтижелерін есепке алады.

      44. Бағалауға уәкілетті органдар бағалау процесінде алынған мәліметтердің сақталуына және құпиялығына жауап береді.

      45. Бағаланушы мемлекеттік органдар тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды тиімділікті бағалаудың әрбір блогы бойынша қызмет тиімділігінің көрсеткіштерін жақсарту жөнінде шаралар кешенін іске асыру арқылы орындайды.

      46. Бағалау жүргізу кестесіне сәйкес бағалауға уәкілетті органдар тиісті блок бойынша қорытындыларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және бағаланатын мемлекеттік органдарға ұсынады.

      47. Қызмет блоктары бойынша тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындылар тиімділікті бағалау туралы қорытынды есепті, тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген ұсынымдарды іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтуға тиіс.

      48. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды қалыптастыру кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен коммерциялық емес негізде коммерциялық емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.

      49. Бағалау жүргізу кестесіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган блоктар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелерін бағаланатын мемлекеттік органдарға бір мезгілде хабарлай отырып, Комиссияға енгізеді.

      50. Бағалаудың тиісті блоктары бойынша қорытындылардың пішінін Комиссияның жұмыс органымен келісе отырып мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      51. Комиссия жыл сайынғы бағалау, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды бағалау нәтижелері, сондай-ақ осы Жүйенің 4-тармағында айқындалған дерек көздері негізінде тиімділікті жалпы бағалаудың нәтижелерін Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді.

      52. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тапсырмалар мен ұсынымдары бар жалпы бағалаудың нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдардың басшыларына жіберіледі.

      53. Бағалау қорытындылары бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Комиссияның жұмыс органының келісімі бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталы мен "www.bagalau.kz" сайтында, құпиялылық режимін және қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, жариялауды жүзеге асырады.

      54. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың бірінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда аталған органды бағалау құқықтық мирасқор - мемлекеттік органды бағалау шеңберінде жүзеге асырылады және есептеу кезінде құқықтық мирасқор - мемлекеттік органды бағалаудың қорытынды балы ескеріледі.

      55. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың екінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде аталған органның қызметін талдау құқықтық мирасқор - мемлекеттік органды бағалау шеңберінде ескеріледі және ұсынымдар ретінде пайдаланылады.

      56. Бағаланатын мемлекеттік органды бағаланып отырған кезеңнен кейінгі жыл басынан бастап, мемлекеттік органдарды бағалау кестесінде белгіленген есептік деректерді беру мерзімдеріне дейінгі кезеңде қайта ұйымдастыру немесе тарату кезінде, оған берілген функциялар мен өкілеттіктер бойынша бағалау нәтижелері құқық мирасқоры - мемлекеттік органға ұсынымдар ретінде жіберіледі.

9. Тиімділікті бағалау нәтижелеріне шағымдану тәртібі

      57. Тиімділікті бағалау нәтижелерін алған сәттен бастап бағаланушы мемлекеттік орган тиімділікті бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бес жұмыс күні ішінде тиісті блоктар бойынша бағалауға уәкілетті органдарға дәлелді құжаттарымен бірге қарсылықтар жіберуге құқылы.

      58. Қарсылықтар дәлелді құжаттары бар болған жағдайда ғана қаралады.

      59. Тиімділікті бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қарсылықтарды қарау үшін бағалауға уәкілетті органдарда арнайы комиссиялар құрылады, олардың құрамына мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға қатысқан қызметкерлер кіре алмайды.

      60. Бағалауға уәкілетті органдар күнтізбелік он бес күн ішінде Комиссияның жұмыс органы мен бағаланушы мемлекеттік органдарға қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы шағымның нәтижелерін жібереді. Бағалауға уәкілетті органның қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы шағым нәтижелері қайта қарауға жатпайды.

      61. Қарсылықтар қабылданған жағдайда бағалауға уәкілетті орган тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындыға тиісті түзетулер енгізеді.

      62. Комиссияның жұмыс органы тиімділікті бағалау процесінде тиімділікті бағалаудың түпкі нәтижесіне әсер еткен бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік органдарды бағалауға уәкілетті мамандарды тарта отырып, бағалаудың жекелеген нәтижелеріне қайта тексеру жүргізуге дербес бастамашылық етуге құқылы.

10. Бағалауға қатысушылардың жауаптылығы

      63. Осы Жарлық ережелерінің уақтылы және сапалы орындалуына мемлекеттік саяси қызметшілер дербес жауап береді.

      64. Бағалануға жататын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары тиімділікті бағалау жүргізу үшін есепті кезеңге берілетін ақпараттың дұрыстығына, толықтығына және уақытында ұсынылуына дербес жауап береді.

      65. Егер бағалау қорытындылары бойынша бағаланып отырған мемлекеттік орган қызметінің тиімділік көрсеткіштері төмендегені, сондай-ақ сеніп тапсырылған саладағы (қызмет саласындағы) ахуалдың нашарлағаны анықталса, Комиссия істің жай-күйіне бағалау жүргізілген бағаланатын мемлекеттік органның тиісті мемлекеттік саяси қызметшісінің жауаптылығы туралы мәселені қарауға ұсыныс енгізеді.

      66. Бағалауға уәкілетті органдардың тиімділікке бағалау жүргізуге жауапты мемлекеттік саяси қызметшілері тиімділікті бағалау рәсімдері мен нәтижелерінің бекітілген әдістемелерге сәйкес келуіне және тиімділікті бағалау жүргізу кестесімен бекітілген мерзімдердің сақталуына дербес жауапты болады.

      67. Бағалауға уәкілетті органдар бағалау жүргізу процесінде алған мәліметтердің жария болғаны үшін мемлекеттік саяси қызметшілерге дербес жауапкершілік жүктеледі.

      68. Осы Жарлықты бұзушылықтар анықталған жағдайда Комиссияның жұмыс органы тиісті лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 21 қарашадағы
№ 371 Жарлығына
2-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Өздерінің қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін
орталық мемлекеттік органдардың
ТІЗБЕСІ

      Құқық қорғау қызметін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

      Құқық қорғау қызметін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

      Қазақстан Республикасының энергетика министрлігі

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі

      Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "Мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара іс-қимылы" блогы бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі