Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 147 Жарлығы.

Қолданыстағы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 147 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Астана, 2015 жыл

Мазмұны

      1. Паспорт

      2. Кіріспе

      3. Ахуалды талдау

      4. Бірегейлік пен бірлікті қалыптастыру саласындағы әлемдік тәжірибе

      5. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      6. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері

      7. Күтілетін нәтижелер

1. Паспорт

      Атауы: Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы

      Негізгі әзірлеуші: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.

      Тұжырымдаманы әзірлеуге Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – ҚХА), Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығы, Қазақстан саясаттанушылар конгресі, "Қазақстанның азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігі, "Қазақстан – 2050" жалпыұлттық қозғалысы, "Қазақстан бас редакторлар клубы" қоғамдық бірлестігі, "Қазақстан Жазушылар одағы" және басқа да шығармашылық одақтар тартылды.

      Негізгі орындаушылар: ҚХА, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі, ЖОО базасындағы ЮНЕСКО және ҚХА кафедраларының қауымдастығы, азаматтық қоғам институттары (келісім бойынша).

      Іске асыру мерзімі: 2015 – 2025 жылдар.

2. Кіріспе

      Осы Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірлеу қажеттілігі "Қазақстан – 2050": қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" стратегиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" Ұлт жоспарының болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру жөніндегі "Бірегейлік пен бірлік" атты төртінші бағытының міндеттерімен негізделген.

      Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы", "Білім туралы", "Тіл туралы", "Мәдениет туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасына, Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасына, ҚХА-ның даму тұжырымдамасына негізделеді.

      Тұжырымдама мынадай басты қағидаттарға негізделеді:

      1) негізгі бағыт – ел Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы;

      2) "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының біріктіруші құндылықтары – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғылым мен білімге құрмет, зайырлы ел;

      3) қазақстандық бірегейлік пен бірліктің іргетасы – мәдени, этностық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар;

      4) қазақстандық бірегейлік пен бірлік – ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасатын процесс. Ол әрбір азаматтың этностық тегіне қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстыруына негізделеді. Ортақ тарихымыз, бүгінгі тіршілігіміз, болашаққа деген ортақ жауапкершілігіміз қоғамды біртұтастыққа бастайды: "Біздің бір ғана атамекеніміз, бір ғана Отанымыз бар – ол Тәуелсіз Қазақстан". Бұл таңдаудың мәнін ұғыну – бірігудің басты негізі.

      Тұжырымдаманы әзірлеу барысында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және шығармашыл зиялы қауымның ұсыныстары ескерілді. Тұжырымдама Қазақстанның барлық өңірлерінде талқыланды.

      Тұжырымдама қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, басқарушылық шаралар жүйесін қабылдауға негіз болады.

      ҚХА Хатшылығы Мемлекет басшысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Тұжырымдаманы, сондай-ақ "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру жөніндегі жұмысы туралы жыл сайын есеп береді.

3. Ахуалды талдау

      Қазақстан тәуелсіз және демократиялық мемлекет ретінде орнықты. Елде қазақстандық бірегейлік пен бірліктің барлық қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани негіздері қаланды.

      Біріншіден, тәуелсіздік алған кезден бастап Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекет құру саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы тәуелсіз жаңа Қазақстанның, ел дамуының құндылықтары мен басымдықтарының сипатын айқындаған негізгі құжатқа айналды.

      1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн бекітілді.

      1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция нәсіліне, ұлтына, дініне және әлеуметтік тиесілігіне қарамастан барлық азаматтар құқықтарының теңдігіне кепілдік берді.

      Конституция этностық, тілдік, мәдени, діни әралуандылықты мойындау негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың азаматтық қағидаттарын бекітті.

      Конституцияда қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және қазақстандық патриотизм ұғымдары бекітілді.

      Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың айшықты символына айналды.

      Екіншіден, бүгінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі табысты іске асырылды. Оның авторы және архитекторы – Президент Н.Ә. Назарбаев.

      Көпэтносты және көпконфессиялы қоғамды топтастыру үшін ҚХА институты ойдағыдай жұмыс істеп келеді.

      ҚХА қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту ісінде басты рөл атқарады, қоғамда тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін конституциялық орган болып саналады.

      2007 жылдан бастап ҚХА Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне өз өкілдерін жібереді.

      ҚХА мәртебесі "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" 2008 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген.

      Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениетін, тілі мен дәстүрлерін қолдау және дамыту жүйесі қалыптасты.

      Барлық өңірлерде 900-ден астам этномәдени бірлестік, 192 этноағарту кешені мен достық үйлері жұмыс істейді.

      Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға және дамытуға ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестері, ҚХА Аналар кеңесі, ҚХА Медиация орталығы, ҚХА Журналистер клубы, ҚХА кафедралары, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы қомақты үлес қосып отыр.

      ҚХА қызметін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.

      Осыған ұқсас құрылымдар Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдерінің аппараттары жанынан да құрылды.

      Бірлік пен келісімнің "Бірлік – әралуандылықта", "Бір ел – бір тағдыр" сияқты тұғырлы қағидаттары қалыптасты.

      Үшіншіден, байыпты мемлекеттік тіл саясаты жүргізіледі.

      Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев қазақстандықтарды біріктіруші басты фактор болып саналатын қазақ тілін одан әрі дамытуға барлық күш-жігерді жұмсау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Сонымен бірге, елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің өз ана тілінде еркін сөйлеуіне, оқуына және тілдерін дамытуына қолайлы жағдай жасау қажет.

      Тілдерді қолдану және дамытудың, білім мен ғылымның 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламалары іске асырылуда.

      Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты 2007 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беруді дамытуды қоғам бірлігінің және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі ретінде белгілеп берді.

      Төртіншіден, Қазақстан қоғамын әлеуметтік жаңғыртудың бағыты ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының қағидаттары әзірленді.

      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам" атты 2012 жылғы бағдарламалық мақаласында еңбек жаһандық бәсекелестік жағдайында әлеуметтік игілікке жеткізетін, тұрақтылық кепілі ретінде орта тапты қалыптастыруды қамтамасыз ететін басты фактор ретінде аталды.

      Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауында экономика мен әлеуметтік саланы одан әрі дамытудың еңбек сапасы мен өнімділігін арттыруға бағытталған басымдықтары белгіленді.

      Бесіншіден, "Қазақстан – 2050" стратегиясында Жаңа қазақстандық патриотизм қағидаттары айқындалды, ол әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылудың басты шарты ретінде көрсетілді.

      Жаңа қазақстандық патриотизмнің тұғыры – барлық азаматтардың теңдігі және Қазақстанның жемісті дамуына деген ортақ жауапкершілігі.

      Алтыншыдан, "Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2014 жылғы Жолдауында "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы ұсынылды.

      "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы – қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімді қалыптастыратын құндылықтар жүйесі.

      Бірінші. Қазақстанның тәуелсіздігі және Астана.

      Екінші. Біздің қоғамдағы жалпыұлттық бірлік, татулық пен келісім. Азаматтық теңдік – табысты және орнықты мемлекеттің тұғыры.

      Үшінші. Зайырлы қоғам және биік руханият.

      Төртінші. Индустрияландыру және инновациялар негізіндегі экономикалық өсім.

      Бесінші. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, онда еңбексүйгіштік, адалдық, ғылым мен білімге құрмет игіліктің негіздері болып саналады.

      Алтыншы. Тарих, мәдениет және тіл ортақтығы.

      Жетінші. Ұлттық қауіпсіздік, бүкіләлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге еліміздің белсене қатысуы.

      Қазақстан бүгінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытудың жаңа сапалы кезеңіне аяқ басты.

      Мемлекет құрудың жаңа сатысына көшу Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес институттық реформада белгіленді.

      Жаңа кезеңнің мақсаты – болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру.

      Жаһандық экономика мен әлемдік саясаттың қазіргі заманғы даму үрдістері жаңа қауіп-қатерлер туындатуда.

      Бұл жағдайда мемлекет саясатының негізгі бағытының бірі ұлтты ұйыстыру болып табылады, ол азаматтық негізде неғұрлым тиімді жүзеге асырылуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудың мынадай басты бағыттарын айқындап берді:

      1) негізгі өзек – азаматтық қағидатына негізделген қазақстандық бірегейлік пен "Мәңгiлiк Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы;

      2) заң үстемдігінің жалпыұлттық құндылықтарын бекіту;

      3) конфессияаралық келісімді нығайту;

      4) орта тап – қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыру негізі;

      5) Қазақстанның барлық азаматтары үшін қандай да бір айырмашылықтар мен шектеулерсіз тиімді әлеуметтік лифтілер қалыптастыру;

      6) тілдердің үштұғырлығын: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту.

      Қазақстандық бірегейлік адамның тұлғалық және кәсіби өсуі үшін тең мүмкіндіктер жүйесіне, өзінің және балаларының қауіпсіздігі кепілдігіне, тұрмыс сапасына, тұрақтылыққа негізделіп қалыптастырылады.

      Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" Ұлт жоспарының бес институттық реформасының барлығын тиімді іске асыруға негізделеді:

      1) кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру (меритократия, ашық әлеуметтік лифтілер, азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету);

      2) заң үстемдігі (әділ сот, тең құқықтар, кәсіби және қызметі ашық полиция, құқық бұзушылыққа "мүлде төзбеу");

      3) индустрияландыру және экономикалық өсім (орта тапты күшейту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жаңа жұмыс орындары, қолайлы бизнес-ахуал);

      4) транспарентті және есеп беретін мемлекет (мемлекеттік аппараттың қоғам алдындағы есептілігі, жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық кеңестер, шешім қабылдаудың ашық процестері, азаматтық қатысу).

      Тұтастай алғанда, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту мемлекет құрудың жаңа кезеңінің талабына байланысты болады әрі Н.Ә. Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім моделіне негізделеді.

4. Азаматтық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыру
саласындағы әлемдік тәжірибе

      Әлемдік тәжірибе бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың алуан түрлі тәжірибелері бар екенін көрсетеді.

      Халықаралық тәжірибені, атап айтқанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесін зерттеу қазіргі әлемде бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту саласында бірыңғай стандарттардың жоқ екенін көрсетеді.

      Бағдарға алынатын халықаралық құжаттар: Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы (1948 ж.), Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы БҰҰ конвенциясы (1965 ж.), БҰҰ-ның азаматтық және саяси құқықтар туралы, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілері (1966 ж.), Ұлттық немесе этностық, діни және тілдік азшылық өкілдерінің құқықтары туралы БҰҰ декларациясы (1992 ж.), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Еуропа кеңесінің ұсынымдары.

      Қазақстан әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық даму саласында 180-нен астам халықаралық құжатты ратификациялады.

      Қазақстанда енгізілген ЭЫДҰ елдері этносаясатының базалық жалпы бағыттары:

      1) кемсітушілікке тыйым салу және заң алдындағы толық теңдік;

      2) әсіресе, білім беру арқылы мәдениеттің әралуандылық рухын нығайту, сондай-ақ терроризм мен экстремизмді қандай да бір дінмен, мәдениетпен, этноспен ұштастыруға жол бермеу;

      3) этностың өз мәдениетін пайдалану, өз дінін ұстану, ана тілінде сөйлеу құқығын қамтамасыз ету, зорлықпен ассимиляциялауға жол бермеу;

      4) барлық этностың қоғамдық жұмыстарға қатысуы;

      5) теле- және радиохабар таратуға этностар қолжетімділігін қамтамасыз ету, этнос тілдеріндегі БАҚ басылымдарына қолдау көрсету.

      ЭЫДҰ елдерінде бірегейлік пен бірлік саласындағы мемлекеттік саясат нақты факторларға – меритократияға, кәсіби мемлекеттік аппараттың транспарентті жұмысына, заң үстемдігіне, тиімді экономикаға, мемлекеттің есеп беруіне, тұрмыс сапасына негізделеді.

      Қазақстанда бұл жұмыс "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" Ұлт жоспарында көзделген.

      Тұжырымдаманы іске асыру кезінде ЭЫДҰ елдерінің мынадай тәжірибелері енгізілетін болады:

      1) үкіметтік емес ұйымдарды (бұдан әрі – ҮЕҰ) дамыту саласында – жобаларды, бағдарламаларды жария талқылау; қоғамдық мониторингті дамыту үшін интернет-технологияларын қолдану; ҮЕҰ-ға гранттық қолдау; қайырымдылықты дамыту;

      2) білім беру саласында – үштұғырлы тіл негізіндегі оқыту әдісін енгізу; білім және өндірістік оқыту саласында тиімді оқыту технологияларын іске асыру;

      3) жастар саясатын жетілдіру саласында – ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәжірибесі бойынша жастар кеңестерінің және жастардың ресурстық орталықтарының жұмысын жаңғырту; жыл сайынғы "Қазақстан жастары" баяндамасын қалыптастыру жөнінде халықаралық тәжірибені енгізу;

      4) спорт саласында – саланың қазіргі кездегі ғылыми әлеуетін қалыптастыру; Қазақстанның халықаралық спорт ұйымдарымен байланысын одан әрі дамыту; балалармен және жастармен жұмыс әдістерін жетілдіру; спорттық резервті дайындау және дамыту; жоғары білім стандарттарына жаңа мамандықтарды енгізу.

      Сонымен бірге, ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі мынадай жобаларға енгізіледі: мәдениет саясатын, медиа саланы; шет елдерде тұратын отандастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды, сондай-ақ музейлерді жаңғырту; кино және теле жобалар жасау; ел ішінде және шет елдерде жалпыұлттық және өңірлік брендтерді қалыптастырып, ілгерілету; саламатты ұлт қалыптастыру; ұйыстырушы құндылықтарды зерттеу жөнінде халықаралық тәжірибе.

5. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты – азаматтық қағидаттарына және "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарына негізделген қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту.

      Тұжырымдаманың міндеттері:

      1) азаматтық қағидаттарында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту жөнінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының бірыңғай жұмыс жүйесін, "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтары негізінде жаңа қазақстандық патриотизмді құру;

      2) ел дамуының стратегиялық мақсаттары төңірегіне топтасқан, қазақстандық бірегейлік пен бірлік қағидаттарында тәрбиеленген "Мәңгілік Ел" жаңа қазақстандық патриотизм ұрпағын қалыптастыру;

      3) еңбек және кәсіпқойлар қоғамын қалыптастыру, онда отбасы, достық, бірлік, сондай-ақ еңбексүйгіштік, адалдық, оқығандық пен білімділік, үштілділік сияқты құндылықтар дәріптеледі;

      4) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тарихи ескерткіштер мен халықтың рухани-мәдени мұраларын нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан қоғамының рухани бірлігі қағидаттарына негізделген мемлекеттің зайырлы сипатын дамыту жөніндегі шараларға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыруы;

      5) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Тұжырымдама іс-шараларын, сондай-ақ болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру басымдықтарын іске асыру жөніндегі қызметін мониторингтеу, есеп беру және бақылау тетігін қалыптастыру.

      Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жүйесі мемлекеттің, азаматтық қоғам институттары мен азаматтардың мына салалардағы бірлескен іс-қимылы негізінде құрылады:

      1) ғылым және білім беру;

      2) мәдениет, әдебиет, өнер, спорт, туризм;

      3) бұқаралық ақпарат құралдары;

      4) ҮЕҰ, саяси партиялар;

      5) бизнес және әлеуметтік кәсіпкерлік;

      6) мемлекеттік қызмет.

      Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту жөніндегі бүкіл жұмыс ҚХА аясында және "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы төңірегінде мына бағыттар бойынша жүргізілетін болады.

      Бірінші. Азаматтық қағидат негізіндегі бірегейлік.

      Екінші. Ұлттың тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибесін көрсететін құндылықтар жүйесі – "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясын ілгерілету.

      Үшінші. Үштұғырлы тіл.

      Төртінші. "Мәңгілік Ел" ұрпағын өрбіту.

      Тұжырымдама әлеуметтік институттардың, мемлекеттік басқару органдарының, үкіметтік емес сектордың, бизнес құрылымдарының және ел азаматтарының жүйелі, жоғарыдан төмен және бір деңгейдегі өзара байланысы қағидаттарына негізделіп іске асырылады.

6. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері

      Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін жұмыс мынадай бағыттарда іске асырылатын болады.

      1. "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы.

      "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарын қоғамдық сана мен мәдениетте, мемлекеттік басқару, білім және тәрбие беру жүйелерінде орнықтыруды қамтамасыз ету.

      2. "Үлкен ел – үлкен отбасы" жалпыұлттық жобасы.

      Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға, болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік, ақпараттық және ғылыми жобалар кешенін іске асыру.

      Басым жобалар: "Ұрпақ+" балалар мен жасөспірімдердің мәдени ағарту жобасы; жалпыұлттық мерекелер күнтізбесін түзу; мемлекеттік рәміздерді пайдалану жүйесін жаңғырту; мәдени-туристік кластерлер мен этноауылдарды қалыптастыру жөнінде жекелеген өңірлердің табысты тәжірибесін одан әрі тарату; ҚХА қолдауымен қайырымдылық пен медиацияны, сондай-ақ қоғамдық бақылау институттары ретінде ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерін дамыту; ҚХА-ны дамытудың жаңа тұжырымдамасы.

      Қайырымдылық қызметтің және қоғамдық бақылау мен медиация тетіктерін үйлестіруші болатын ҚХА-ны дамытудың жаңа бағыты жобаны іске асырудың нәтижесі болмақ.

      3. "Менің елім" жалпыұлттық жобасы.

      Қазақстан Республикасының мәдениет саясатының, оның ішінде әдебиет, театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері саласындағы саясаты тұжырымдамасын жаңғырту көзделеді. 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және іске асыру.

      "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға басым назар аударылатын болады.

      Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен жұмыстың жаңа форматын енгізу көзделеді.

      Қазақстан Республикасында ҮЕҰ-ны дамытудың жалпыұлттық жоспары қоғамды әлеуметтік жаңғырту шеңберінде мемлекет пен ҮЕҰ өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

      Жалпыұлттық және өңірлік брендтерді қалыптастыру мен ілгерілету Қазақстанды әлемнің тануына, танымалдығының артуына ықпал ететін болады.

      Кең ауқымды "Қазақстан энциклопедиясы" интернет жобасы елдік анықтамалық және виртуалды қарым-қатынас алаңына айналады.

      Қазақстанның жетекші музейлері жұмысының форматын жаңғырту оларды қоғамдағы әлеуметтік оқиғалар орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.

      4. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету жөніндегі жалпыұлттық жоба.

      Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы еңбек – әлеуметтік әл-ауқатқа қол жеткізудің басты факторы.

      Қазақстандықтардың жетістіктерінің тарихын ілгерілетуге және Еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған арнайы жобалар іске асырылатын болады.

      5. "Нұрлы болашақ" жалпыұлттық жобасы.

      Жобаның басты мақсаты – 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру аясында мемлекет құрудың жаңа кезеңінде жастарды табысты түрде әлеуметтендіру және патриоттық тәрбиені жетілдіру.

      "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын оқу бағдарламаларына енгізу жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

      Үш тілде білім беруді енгізу мақсатында арнайы Жол картасы іске асырылатын болады, 2020 жылға дейінгі тілдерді қолдану мен дамыту, білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар жаңғыртылды, сондай-ақ үш тілде білім беруді ілгерілету жөніндегі ақпараттық іс-шаралар жоспары іске асырылды. Қазақстандық құндылықтарды зерттеу жөніндегі жалпыұлттық орталық құрылатын болады.

      6. Болашағы біртұтас ұлтты ілгерілету жөніндегі жалпыұлттық ақпараттық жоба.

      Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңғырту және одан әрі дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдамалық тәсілдер енгізілетін болады, "Болашағы біртұтас ұлт" ақпараттық науқаны, "Болашаққа 100 қадам" медиажоспары іске асырылады.

      "100 нақты қадам": баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" ұлттық жоспарының барлық бағыттарының іске асырылу барысын медиа қолдау үшін "100kadam.kz" сайты жұмыс істейді.

      "Мәңгілік Ел" арнаулы кешенді жоспары аясында тарих және тарихи тұлғалар, Қазақстан мәдениеті және елдің бүгінгі өмірі туралы кинокартиналар, телесериалдар мен хабарлар түсіру болжанады.

      Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері.

      1. 2015 – 2020 жылдар:

      1) ҚХА туралы заңнаманы жетілдіру;

      2) елдегі қоғамдық келісім кеңестерінің жүйелерін одан әрі дамыту;

      3) ҚХА медиация жүйесін және ҚХА қайырымдылық жүйесін қалыптастыру;

      4) қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру;

      5) заңнаманы жаңғырту және ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдаудың жаңа нысандарын (гранттар мен сыйлықтар) енгізу.

      2. 2021 – 2025 жылдар:

      1) білім беру жүйесін үш тілге көшіруді аяқтау;

      2) ҮЕҰ-ның жергілікті басқаруға қатысуын кеңейту;

      3) елде қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыруды жетілдіру;

      4) "Мәңгілік Ел" құндылықтарын қоғам мәдениетінің негізі ретінде бекіту;

      5) жаңа қазақстандық патриотизмді нығайту үшін жағдайлар жасау;

      6) өскелең ұрпақтың бірегейлігі және оларды әлеуметтендіру саласының тетіктері мен инфрақұрылымын дамыту және нығайту.

7. Күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы тиімді іске асыру Болашағы біртұтас ұлт тұжырымын жүйелі дамытуға ықпал ететін болады, Н.Ә. Назарбаев моделінің табысты ілгерілеуін және оның мызғымастығын қамтамасыз етеді.

      Бірінші. Қоғам санасында Болашағы біртұтас ұлттың жаңа түсініктері мен базалық тұжырымдары қалыптасатын болады:

      1) жалпыға ортақ мәдениет пен прогресс жолындағы ұлт;

      2) зияткер ұлт;

      3) еңбек және кәсіпқойлар ұлты;

      4) инновациялық ұлт;

      5) саламатты өмір салтын ұстанатын ұлт.

      Екінші. Азаматтық қағидат негізіндегі қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда және дамытуда практикалық нәтижелерге қол жеткізілетін болады.

      Мемлекеттік органдар мен ҚХА жұмысын жетілдіру саласында:

      1) қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту саласында барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының жұмысын үйлестіруші ретінде ҚХА-ның жаңа функциялық бағыттарын дамыту, қайырымдылықты үйлестіру, медиацияны және қоғамдық бақылауды дамыту;

      2) барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" Ұлт жоспарының "Бірегейлік және бірлік" бағытындағы іс-шараларды іске асыру бойынша ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл тетіктерін жасау;

      3) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімді нығайту және дамыту саласындағы қызметін мониторингтеудің, есеп беру және бақылаудың жаңа тетіктерін енгізу;

      4) азаматтық қағидаттары мен болашағы біртұтас ұлттың негізі ретінде "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтары негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғамның жұмыс жүйесін жаңғырту;

      5) қоғамдық келісім мен халық бірлігін нығайту жөніндегі институттардың жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру.

      Мәдениет, білім беру, жастар, отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат саласында:

      1) болашағы біртұтас ұлттың негізі ретінде жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тұжырымдары мен тәсілдерін ілгерілету;

      2) ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты шарты ретінде үштілділікті дамытудың инфрақұрылымы мен шарттарын жаңғырту;

      3) жаңа қазақстандық патриотизм, қазақстандық бірегейлік пен бірлік қағидаттары негізінде білім беру және жастар саясаты саласындағы жұмысты жаңғырту;

      4) отбасылық-демографиялық және гендерлік саясатты және оның отбасы институтын, ана мен бала құндылықтарын нығайту жөніндегі құндылық негізін жаңғырту;

      5) экономика мен әлеуметтік еңбекпен қамту сегменттері ретінде мәдениетті, туризмді және спортты дамытудың жаңа стратегиялық тәсілдері;

      6) бұқаралық дене шынықтыру мен спортты, саламатты өмір салтын танымал ету, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту және халықаралық аренада еліміздің спорттағы жетістіктерін көбейту.

      Қоғамдық келісімді, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті одан әрі нығайту, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына табысты қосылуы үшін болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру Тұжырымдаманы іске асырудың басты нәтижесі болады.