Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 15.09.2017 № 549 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 59-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жалауларының сипаттамасы бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары туларының сипаттамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 15 қыркүйектегі № 445 Жарлығы;
2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 15 қыркүйектегі № 445 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 ақпандағы № 1148 Жарлығы.
3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 шілдедегі № 867 Жарлығымен бекітілген |
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жалауларының
СИПАТТАМАСЫ
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жалауы тікбұрыш нысанды, ұзындығы – 145 см және ені – 115 см, үш жағынан алтын түстес шашақпен көмкерілген, көгілдір түсті (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы түстес) матадан жасалады.
Матаның оң жағының орта тұсында диаметрі 50 см Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы кестеленген (бұдан әрі – Елтаңба). Елтаңба периметрі бойынша алтын түстес қосарланған баумен көмкеріледі. Елтаңбаның үстіңгі жағында, матаның жоғарғы бөлігінде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" деген алтын түстес жазу кестеленеді. Әріптердің биіктігі – 5,5 см. Елтаңбаның астыңғы жағында, матаның төменгі бөлігінде "ӨРТТЕН ҚОРҒАУ ҮШІН" деген алтын түстес ұран кестеленген. Ұранның әріптерінің биіктігі – 9 см.
Матаның сырт жағының ортасында, "жел бағыты" мен халықаралық азаматтық қорғаныс белгісі (қою сарғыш түс шеңберіндегі көгілдір үшбұрыш) бейнеленген жер шарының айшықты контурының бейнесі кестеленген. Бейненің мөлшері – 80х58 см. Матаның жоғары жиегін бойлай алтын түстес әріптермен "МІНДЕТ, ӨЖЕТТІК, ЕРЛІК!" деген ұран кестеленген. Әріптердің биіктігі – 5,5 см. Матаның төменгі жиегін бойлай өртке қарсы қызметтің аумақтық бөлімшесінің (мемлекеттік мекемесінің) атауы алтын түспен кестеленген. Әріптердің биіктігі – 5 см.
Жалаудың сабының жоғарғы жағы алтын түстес металл ұштыққа ұласады. Саптың ұзындығы – 3 м. Жалаудың бауы ширатылған, алтын түсті жібектен жасалады, баудың ұштарында қос шашағы бар. Баудың ұзындығы – 2,5 м.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жалауы кестелеу, құрақтау және жібекпен өрнектеу техникасымен орындалады.