«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыру, халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Барлық деңгейдегі әкімдер халыққа есеп беру кездесулерін өткізіп, олардың барысында елде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуы, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің есепті кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, оны одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы хабардар етсін.
2. Халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің мынадай мерзімділігі белгіленсін:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері - жыл сайын бірінші тоқсан ішінде;
2) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), қалалардағы аудандардың әкімдері - жартыжылдықта бір рет, бірінші және үшінші тоқсандар ішінде;
3) аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, сондай-ақ кенттер мен ауылдардың әкімдері тоқсанына бір рет, тоқсанның бірінші айының ішінде.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері халыққа есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей төмен тұрған әкімдер кездесулерінің есепті жылдағы қорытындыларын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін оның нәтижелері туралы хабардар етсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының қатысуын;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша халыққа есеп беру кездесулерінің қорытындылары бойынша халық көтерген проблемаларды шешу жөнінде шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері және олардың орынбасарлары аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), қалалардағы аудандар әкімдерінің жылдың қорытындылары бойынша есепті жылдан кейінгі бірінші тоқсандағы халыққа есеп беру кездесулеріне қатыссын.
6. «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 1546 Жарлығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 14, 154-құжат).
7. Осы Жарлық 2013 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев