Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
«Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының кеден одағын бірыңғай тарифтік емес реттеу туралы» Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) 2009 жылғы 27 қарашадағы № 19 шешімін іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бағалы металдарды, асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі, сондай-ақ Кимберлий үдерісінің сертификаттау схемасының сақталуын бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) болып белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерін толықтыру үшін құймалар түріндегі тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) екінші деңгейдегі банктердің құйма түріндегі тазартылған алтынмен және күміспен жасалатын экспорттық операцияларын бақылауды жүзеге асыру;
3) уәкілетті органның өтінімі бойынша Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін бағалы металдар, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асыру функциялары берілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мыналарды:
Бағалы металдар мен құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және осы елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидасын;
Асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және осы елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидасын;
Кимберлий үдерісінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидасын;
Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды таңбалау қағидасын әзірлесін және бекітсін;
2) асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама жүргізу жөніндегі уәкілетті ұйымды айқындасын.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюталық активтерін толықтыру үшін құймалар түріндегі тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру қағидасын;
2) құймалар түріндегі тазартылған алтынмен және күміспен жасалатын экспорттық операциялар бойынша екінші деңгейдегі банктер үшін есептілік нысанын әзірлесін және бекітсін.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Жарлықты іске асыру үшін қажетті өзге де шараларды қабылдасын.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев