"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының 21-1 , 22, 23 және 24-баптарына сәйкес және әкімшілік реформаны одан әрі жүзеге асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН :
1. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарында орталық атқарушы органның аппаратын басқаратын жауапты хатшы лауазымы енгізілсін.
2. Жауапты хатшы:
1) Қазақстан Республикасының Президенті Республика Премьер-Министрімен келісім бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын, ерекше мәртебеге ие мемлекеттік саяси қызметші болып табылады;
2) лауазымына қарай министрдің бірінші орынбасарына (Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін агенттік төрағасының бірінші орынбасарына) теңестіріледі;
3) лауазымы бойынша:
Республика Президентіне, Республика Премьер-Министріне және тиісті орталық атқарушы органның басшысына есеп беретін;
оның қызметіне бақылауды Мемлекет басшысы не оның уәкілеттік беруі бойынша Республика Президентінің Әкімшілігі, сондай-ақ Республика Премьер-Министрі және тиісті орталық атқарушы органның басшысы жүзеге асыратын тұлға болып табылады;
4) Үкімет, орталық атқарушы органның басшысы отставкаға шыққан жағдайда өзінің өкілеттіліктерін тоқтатпайды деп белгіленсін.
3. Жауапты хатшының өкілеттіктері бекітілсін (қоса беріліп отыр).
4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Республика Үкіметімен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, екі ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде, оның ішінде Республика Президентінің, Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрын қабылдаған актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдасын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, оған осы Жарлықтың 3-тармағымен бекітілген, Қазақстан Республикасының тиісті орталық атқарушы органдары жауапты хатшыларының лауазымдарына тағайындалған күннен бастап қолданысқа енгізілетін жауапты хатшының өкілеттіктері қосылмайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2007 жылғы 27 шілдедегі
N 372 Жарлығымен
бекітілген
Жауапты хатшының
ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
1. Жауапты хатшы:
1) мемлекеттік басқарудың тиісті салаларында (аясында) орталық атқарушы органның басшысы қалыптастыратын саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;
2) орталық атқарушы органның аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
3) орталық атқарушы органның қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
4) орталық атқарушы орган басшысының келісімінен кейін Республика Үкіметі бекіткен орталық атқарушы орган санының лимиті шегінде органның, ведомстволардың, сондай-ақ аумақтық органдардың құрылымы мен штат санын бекітеді;
5) орталық атқарушы орган басшысының келісімінен кейін органның құрылымдық бөлімшелері және оның аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
6) орталық атқарушы органның тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметінің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;
7) орталық атқарушы органның қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастырады;
8) орталық атқарушы орган басшысының келісімінен кейін орталық атқарушы орган департаменттері мен басқармалары басшыларын, органның аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және басшыларының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) орталық атқарушы орган басшысымен ведомстволардың басшылары тағайындау үшін ұсынатын ведомстволар басшыларының орынбасарларын тағайындауды келіседі;
10) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, орталық атқарушы органның қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша орталық атқарушы органның қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
12) орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, орталық атқарушы орган қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
13) орталық атқарушы органның Республика Президенті, Республика Үкіметі және орталық атқарушы органның басшысы бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
14) органның жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және орталық атқарушы органның басшысына бекітуге ұсынады;
15) орталық атқарушы органның бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін орталық атқарушы орган басшысына ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;
16) орталық атқарушы орган басшысының келісімінен кейін органды қаржыландыру жоспарларын және мемлекеттік органның қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
17) мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
18) тиісті орталық атқарушы органның құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
19) орталық атқарушы органға келісуге түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
20) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда мемлекеттік орган атынан өкілдік етеді;
20-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық шарттардың мәтіндерін дәйектейді, оларға қол қояды және қабылдайды;
21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Республика Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2010.06.01 N 991 Жарлығымен.
2. Өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін жауапты хатшы:
1) орталық атқарушы орган аппаратының қызметкерлеріне орындауға міндетті тапсырмалар беруге;
2) өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан жауапты хатшының құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
3) жеке қолданылатын құқықтық актілер қабылдауға құқылы.