Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 7 мамырдағы N 2975 Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр актiлерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 16 мамырдағы N 1573 Жарлығы

Қолданыстағы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

         1. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асыру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 7 мамырдағы N 2975  Жарлығына  мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілсін:

      Жарлық пен Ереже мәтiндерiндегі "тәртiбi туралы ереженi", "тәртiбi туралы ереже", "Осы Ереже", "осы Ережеде" деген сөздер тиiсiнше "тәртiбi туралы ережелердi", "тәртiбi туралы ережелер", "Осы Ережелер", "осы Ережелерде" деген сөздермен, "Мемлекеттік-құқық бөлiмi" деген сөздер "Құқық қорғау және сот жүйелерi мәселелерi бөлiмi" деген сөздерiмен ауыстырылсын;

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекiтілген Ережеде:
      мемлекеттік тілдегi мәтінде кiрiспедегі "белгілейдi" деген сөз өзгертілмейдi;

      2-тармақтағы ", әдетте," деген сөз алып тасталсын;

      5-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын:
      "Комиссия өз отырыстарына кешiрiм жасау туралы өтiнiш бойынша қажетті қосымша ақпарат алу үшiн кез келген мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестіктердiң өкiлдерiн, басқа да адамдарды шақыруға хақылы.";

      7-тармақтың 1) және 2) тармақшаларындағы "жазасына" деген сөзден кейiн "не жазаның басқа түрлерiне" деген сөздермен толықтырылсын;

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "Сотталған адамдардың түзеу мекемелерінің әкiмшiлiгi арқылы берген кешiрiм жасау туралы өтiнiштерi Президент Әкiмшiлiгiне барлық үкiмдердiң, сот қаулыларының көшiрмелерi, өтiнiштiң мәнi бойынша түзеу мекемесi әкiмшiлігінiң пiкiрi көрсетiле отырып, сотталғандардың жұмысы мен мiнез-құлқы туралы егжей-тегжейлi мiнездемелер, сондай-ақ сотталған адамның сұрауы бойынша кешiрiм жасауды қолдану туралы мәселенi қарауда маңызы бар басқа да құжаттар мен деректер ұсынылады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "15. Сотталған адамдардың кешiрiм жасау туралы өтiнiштерiн Комиссияның қарауына енгiзуге негiздер болмаған жағдайда Комиссияның жұмыс органы бұл туралы өтінiш берушiге хабарлайды.".

      2. Мына актiлердiң күшi жойылды деп танылсын:
      "Халық денсаулығы" мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153  Жарлығы  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1998 ж., N 42-43, 381-құжат; 2003 ж., N 1, 1-құжат);

      "Қазақстан Республикасында ұлттық лотерея ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 18 қарашадағы N 3223  өкiмi  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1996 ж., N 45, 430-құжат).

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз актілерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн, сондай-ақ осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті