Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы N 1243 Жарлығы

Қолданыстағы

      "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңының 20-бабына  сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қосымшаға сәйкес құрамда Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу үшiн кандидаттарды iрiктеу жөнiндегi комиссия құрылсын.

      3. "Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң лауазымына орналасуға арналған кадрлар резервi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 4 ақпандағы N 330 Жарлығының  күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 5-6, 61-құжат; 2001 ж., N 18, 222-құжат; 2003 ж., N 15, 149-құжат).

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентiнiң       
2003 жылғы 4 желтоқсандағы 
N 1243 Жарлығымен     
БЕКIТIЛГЕН         

Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi туралы
ЕРЕЖЕ

      Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi туралы ереже мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау және осы резервке алынған азаматтардың мемлекеттiк лауазымдарға орналасу мәселелерiн реттейдi.

Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервi

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервi - бұл осы Ережемен айқындалған тәртiппен түзiлген жүйелi тiзiмге олар жөнiндегi деректер енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрi - азаматтар).

      2. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алынған азаматтар, олар алынған күннен бастап үш жыл iшiнде мемлекеттiк саяси лауазымға тағайындала алады.

      3. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервi Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадрлар резервiне алу үшiн кандидаттарды iрiктеу жөнiндегi комиссияның (бұдан әрi - Комиссия) шешiмi негiзiнде мыналар:
      1) А-1, А-2, В-1, В-2, В-3 санаттарына жатқызылған лауазымдарға орналасқан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орталық органдарының департамент бастықтары орынбасарларынан төмен емес лауазымдарға орналасқан лауазымды тұлғалар және облыстар, Астана, Алматы қалалары мемлекеттiк органдарының жетекшiлерi;
      2) департамент директорларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарға орналасқан ұлттық компаниялардың лауазымды тұлғалары;
      3) қойылатын талаптар Комиссияның арнайы шешiмiмен бекiтiлетiн ұйымдардың жетекшiлерi арасынан жасақталады.

      4. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу туралы Комиссия шешiмi қабылдаған сәттен бастап резервке алуға өтiнiш берген азамат мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алынған адам (бұдан әрi - резервшi) мәртебесiне ие болады және оның мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiнде тұруы үш жылға дейiн созылады.

      5. Резервшi туралы деректер жүйелендiрiлген тiзiмге енгiзiледi және оған мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша бекiткен тиiстi тiркеу нысандары толтырылады.

      6. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiнде болу кезiнде резервшi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау және қайта даярлау мемлекеттiк бағдарламалары бойынша оқуға жiберiлуi мүмкiн.

      7. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiмен жұмысты ұйымдастыру Комиссияның жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Кадр жұмысы бөлiмiне жүктеледi.

2. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу үшiн кандидаттарды iрiктеу жөнiндегi комиссияны құру және оның қызметi

      8. Комиссияны Қазақстан Республикасының Президентi құрады және ол Комиссия төрағасынан, оның орынбасарларынан, Комиссияның хатшысы мен өзге де мүшелерiнен тұрады. Комиссияға Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң, уәкiлеттi органның өкiлдерi, сондай-ақ өзге де лауазымды тұлғалар кiредi.

      9. Комиссия өз жұмысын оның төрағасы бекiткен жоспарға сәйкес жүргiзедi.

      10. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы лауазымы бойынша Комиссияның төрағасы болып табылады.
      Төраға Комиссия қызметiне жетекшiлiк жасайды, оның отырыстарына төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      11. Уәкiлеттi органның жетекшiсi және Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Кадр жұмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi лауазымы бойынша Комиссия төрағасының орынбасарлары болып табылады.
      Комиссия Төрағасы орнында болмаған кезде немесе оның тапсырмасы бойынша төрағаның функциясын Комиссия төрағасы орынбасарларының бiрi атқарады.

      12. Комиссия хатшысы Комиссия отырысының күн тәртiбi бойынша ұсыныстар, қажеттi құжаттар, материалдар әзiрлейдi және отырыс өткiзiлгеннен кейiн хаттамаларын ресiмдейдi.

      13. Комиссия отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ жылына кемiнде бiр рет өткізiледi және Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болып есептеледi. Комиссия мүшелерiнiң қатысуы ауысу құқығынсыз жүзеге асады.
      Комиссия мүшелерiнiң сырттай дауыс беруiне жол берiлмейдi.

      14. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу Комиссияның шешiмiмен ашық дауыс беру жолымен жүзеге асады және тиiстi хаттамамен ресiмделедi.

      15. Комиссияның шешiмi отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жәй көпшiлiк дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi. Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр беруге құқы бар, егер оны бiлдiрген жағдайда жазбаша түрде баяндалуы тиiс.

      16. Комиссияның шешiмдерi төрағаның және отырысқа қатысушы оның мүшелерiнiң қолы қойылатын, отырыс өткен сәттен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде хаттамамен ресiмделедi.

3. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу үшін кандидаттарды iрiктеу өткiзудiң шарттары

      17. Комиссия жылына кемiнде бiр рет мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу үшiн кандидаттар iрiктеудi (бұдан әрi - iрiктеу) жүзеге асырады.

      18. Ірiктеуге осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген тұлғалардың қатысу құқы бар.

      19. Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу үшiн кандидаттарды (бұдан әрi - кандидат) iрiктеу үшiн Комиссияның жұмыс органына келесi құжаттар ұсынылады:
      1) кандидаттың өтiнiшi және уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша толтырылған сауалдамасы;
      2) мемлекеттiк орталық орган басшысының, не облыстың, Астана, Алматы қалалары әкiмiнiң, не ұлттық компания басшысының, не Комиссия мүшесiнiң ұсынымы (осы Ереженiң 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген кандидаттар үшiн ұсынымды толтыру барысында кандидат басқаратын ұйымның қызметi туралы кеңiнен ақпарат берiледi);
      3) кандидаттың еңбек кiтапшасының көшiрмесi немесе нотариаттық куәландырылған, оның еңбек қызметiн растайтын Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өзге де құжаттар;
      4) кандидаттың бiлiмi туралы құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi;
      5) кандидаттың денсаулық жағдайы туралы анықтама;
      6) кандидаттың сотты болмағанын растайтын құжаттар;
      7) кандидаттың 3x4 см. көлемдi екi фотосуретi.
      Кандидат өзiнiң жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейiне, жеке сапалары мен білiмiне қатысты қосымша ақпарат ұсына алады (ұсынымдар, мiнездемелер, бiлiктiлiгiн көтеру, ғылыми дәрежелер мен атақтар берiлуi туралы құжаттар көшiрмесi, ғылыми жарияланымдар).

      20. Ірiктеу бiрқатар дәйектi кезеңдерден тұрады:
      1) Қазақстан Республикасы заңдарын бiлуге және логикалық ойлау қабiлетiне уәкiлеттi орган өткiзетiн тестiлеу;
      2) Қазақстан Республикасының Президентi жүргiзiп отырған iшкі және сыртқы саясат мәселелерi бойынша Комиссия өткiзетiн әңгiмелесу;
      3) Комиссияның шешiм шығаруы.

      21. Тестiлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      22. Комиссия әңгiмелесу өткiзу кезiнде мұның алдындағы кезеңнiң нәтижелерi ескерiледi, сонымен қатар кандидаттың кәсiби білiктiлiгiнiң сапасы мен бiлiм деңгейi анықталады.

4. Резервшiнi мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiнен шығару

      23. Комиссия резервшiнi мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiнен шығаруды мынадай жағдайларда:
      1) резервшi мемлекеттiк саяси қызметке орналасқан;
      2) резервшi мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiнен шығару туралы өтiнiш берген;
      3) осы Ереженiң 4-тармағында көрсетiлген мерзiмдердiң өтуi;
      4) резервшiнiң әдейi жалған ақпарат беруiн айғақтайтын фактiлер анықталған;
      5) "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңының 27-бабының  1-тармағы 3)-9) тармақшаларында көзделген негiздерде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқан;
      6) сыбайлас жемқорлық заң бұзушылығын, мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiнде болуға сай келмейтiн өзге де әрекет жасаған жағдайларда жүзеге асырады.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервi

5. Жалпы ережелер

      24. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервi - бұл осы Ережемен айқындалған тәртiппен түзілген жүйелi тiзiмге олар жөнiндегi деректер енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрi - азаматтар).

      25. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған азаматтар бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда және өздерiнiң келiсiмiмен лауазым санатының бiр тобы шегiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының тиiстi немесе төменгi санаты лауазымына бiр жыл iшiнде конкурстан өтпей тағайындала алады.

      26. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi:
      1) конкурстық iрiктеуге қатысқан және конкурстық комиссия кадр резервiне алуға ұсыным берген;
      2) мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттiк бағдарламалары бойынша оқудан өткен;
      3) кәсiби дәрежесiн арттыру мақсатында мемлекеттiк органдар халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге жұмысқа жiберген;
      4) аттестациялаудан өткен және аттестациялық комиссиялар кадр резервiне алуға ұсыным берген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер болып табылатын азаматтардан жасақтайды.

      27. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервi Әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiне сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарының әрбiр санаты үшiн жасақталады.

      28. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу азаматтардың өз қалауы негiзiнде, Ережеде көрсетiлген негiздемелер болған жағдайда уәкiлеттi органның шешiмiмен жүзеге асырылады.

      29. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу жөнiнде шешiм қабылдаған сәттен бастап, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу туралы өтiнiш берген азамат мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған адам (бұдан - әрi резервшi) мәртебесiне ие болады және оның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде тұруы бiр жылдан ұзақ болмайды.

      30. Резервшi жөнiндегi деректердi уәкiлеттi орган жүйелi тiзiмге енгiзедi және оған уәкiлеттi орган бекiткен тиiстi тiркеу нысандары толтырылады.

      31. Резервшi үшiн сай келетiн әкiмшiлiк лауазым резервшi жатқызылған санаттағы лауазым болып табылады. Сай келетiн әкiмшiлiк лауазым нақты мемлекеттiк органдағы дәл сол конкурс жарияланған лауазым болуы мiндеттi емес.

      32. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде болу мерзiмi iшiнде мемлекеттiк орган резервшiнi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға iрiктеп алуы мүмкiн. Резервшiнiң белгiленген тәртiппен мемлекеттiк әкімшiлiк қызметтiң бос лауазымына орналасуға конкурсқа қатысу құқығы сақталады.

      33. Резервшiнiң өтiнiшi бойынша ол бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда уәкiлеттi органның оны лауазымдар санатының бiр тобы шегiнде төменгi санаттағы лауазымдарға орналасуға мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне ауыстыруға құқығы бар.

      34. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiмен жұмысты ұйымдастыру уәкiлеттi органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне жүктеледі.

      35. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiмен жұмысты ұйымдастыру жөнiндегi өзара iс-қимыл тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

6. Конкурстық iрiктеуге қатысқан азаматтар арасынан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

      36. Конкурстық комиссияның уәкiлеттi органға конкурсқа қатысушыларды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алуға, бiрақ әрбiр бос лауазым үшiн бiр кандидаттан артық болмайтындай, ұсыным жасауға құқығы бар. Егер конкурстың нәтижесiнде бос лауазымға орналасуға кандидат анықталмаса, конкурсқа қатысушылардың ешқайсысына мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн ұсыным беріле алмайды.

      37. Мұндай ұсыным үшiн негiздеме конкурсқа қатысушының бос лауазым үшiн тиiстi мемлекеттiк орган белгілеген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi, бастапқы бiлiм деңгейiне жауап беретiн тестiлеу көрсеткіштерi мен конкурстық комиссия жүргiзген әңгiмелесудiң нәтижелерi болып табылады.

      38. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн ұсыным жасау туралы шешiмдi конкурстық комиссия дауыс беру жолымен қабылдайды.

      39. Конкурстық комиссияның шешiмi егер отырысқа оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысқан және конкурстық комиссияның қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiгi оны қолдап дауыс берген болса заңды деп есептеледi. Комиссия мүшелерiнiң қатысуы ауысу құқығынсыз жүзеге асады.
      Комиссия мүшелерiнiң сырттай дауыс беруiне рұқсат етiлмейдi.

      40. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн конкурс өткiзушi мемлекеттiк орган он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алуға ұсыным жасау жөнiндегi конкурстық комиссия отырысының хаттамасынан үзiндiнi, конкурсқа қатысушының жеке iспарағын және оның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуға жазбаша келiсiмiн ұсынады.

      41. Уәкiлеттi орган жетi жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу немесе резервке алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Конкурсқа қатысушының осы Ереженiң 37-тармағының талаптарына сай болмауы немесе мемлекеттiк әкiмшiлiк бос лауазымына орналасуға кoнкуpc өткiзудiң уәкiлеттi орган бекiткен Ережелерiнiң бұзылуы ғана резервке алудан бас тарту үшiн негiздеме болуы мүмкiн.

7. Мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау мен қайта даярлаудың мемлекеттiк бағдарламалары бойынша оқудан өткен азаматтардан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

      42. Мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттiк бағдарламалары бойынша оқудан өткен азаматтар уәкiлеттi органның шешiмiмен мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуы мүмкiн.

      43. Осы Ереженiң 42-тармағында айтылған азаматтар үшiн мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттары лауазымдарының кадр резервiне алыну құқығы мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау мен қайта даярлаудың мемлекеттiк бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған сәттен бастап туындайды және олар үшiн үш ай барысында сақталады.

      44. Осы Ереженiң 42-тармағында айтылған азаматтарды мемлекеттiк әкімшілiк қызметтiң кадр резервiне алу олар уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен тестiлеуден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.

      45. Осы Ереженiң 42-тармағында аталған азаматтар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алыну үшiн уәкiлеттi органға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) өтiнiш және уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша толтырылған сауалнама;
      2) кадрларды тiркеу жөнiндегi толтырылған жеке iспарағы (нақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы мен телефоны, оның iшiнде байланыс жасау телефоны көрсетiлген);
      3) бiлiмi туралы құжаттарының нотариаттық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;
      4) еңбек кiтапшасының немесе еңбек қызметiн растайтын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құжаттың нотариаттық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;
      5) денсаулық жағдайы туралы белгiленген нысандағы анықтама;
      6) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттағы лауазымдары үшiн белгiленген тесттен өтудiң нәтижелерi;
      7) 3x4 см. көлемдегi екi фотосурет.

      46. Азаматтар өздерiнiң бiлiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейi мен жеке бас сапаларына қатысты қосымша ақпарат (бiлiктiлiгiн көтеруi, ғылыми дәрежелер мен атақтар берiлуi туралы құжаттардың көшiрмелерi, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар) бере алады.

      47. Өтiнiш және осы Ереженiң 45-тармағында қарастырылған құжаттар түскен сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi орган мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттары лауазымдарының кадр резервiне алу немесе мұндай алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      48. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдардың тиiстi санатына қойылатын бiлiктiлiк үлгi-талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарының талаптарына сай болмауы немесе осы Ереженiң 45-тармағында көрсетiлген құжаттардың ұсынылмауы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудан бас тартуға негiздеме болып табылады.

      49. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуға құқық беретiн мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау мен қайта даярлаудың кезектi күнтiзбелiк жылға арналған мемлекеттiк бағдарламаларының тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекiтiледi.

8. Халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге кәсiби дәрежесiн көтеру мақсатында мемлекеттiк органдар жұмысқа жiберген азаматтардан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

      50. Халықаралық ұйымдарда немесе басқа мемлекеттерде кәсiби дәрежесiн көтеру мақсатында мемлекеттiк органдардың жолдамасымен жұмыс iстеген және мемлекеттiк органмен еңбек қатынасын тоқтатқан азаматтардың уәкілеттi органның шешiмi негiзiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуға құқы бар.

      51. Осы Ереженiң 50-тармағында айтылған азаматтардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алыну құқығы азаматтардың халықаралық ұйымдардағы немесе басқа мемлекеттердегi жұмысынан қайтып оралған сәтiнен басталады және қайтып оралғаннан кейiн үш ай барысында сақталады.

      52. Осы Ереженiң 50-тармағында айтылған азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу олар уәкiлеттi орган белгiлеген тестiлеуден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.
      53. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алыну үшiн азаматтар уәкiлеттi органға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) олардың жұмыстан босатылғаны және халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге жұмысқа жiберiлгенi туралы бұйрықтардың көшiрмелерi;
      2) өтiнiш және уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша толтырылған сауалнама;
      3) кадрларды тiркеу жөнiндегi толтырылған жеке iспарағы (нақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы және телефоны, соның iшiнде байланыс жасау телефоны көрсетiлген);
      4) бiлiмi туралы құжаттардың нотариаттық немесе Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;
      5) еңбек кiтапшасының немесе еңбек қызметiн растайтын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құжаттың нотариаттық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;
      6) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттағы лауазымдары үшiн белгiленген тесттен өтудiң нәтижелерi;
      7) 3x4 см. көлемдегi екi фотосурет.

      54. Азаматтар өздерiнiң шетелдегi қызметiне, сондай-ақ білiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейi мен жеке бас санаттарына қатысты қосымша ақпарат (бiлiктiлiгiн көтеруi, ғылыми дәрежелер мен атақтар берiлуi туралы құжаттардың көшiрмелерi, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар) бере алады.

      55. Уәкілеттi орган осы құжаттар келiп түскен сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет лауазымдары тиiстi санаттарының кадр резервiне алу немесе мұндай резервке алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      56. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының тиiстi санатына қойылатын бiлiктiлiк үлгi-талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарының талаптарына сай болмауы немесе осы Ереженiң 53-тармағында аталған құжаттардың ұсынылмауы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудан бас тартуға негiздеме болып табылады.

9. Аттестациядан өткен және аттестация комиссиясы кадрлар резервiне алуға ұсыным жасаған мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерден мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

      57. Аттестация комиссиясының аттестациялаудан өткен және атқаратын лауазымында жоғары кәсiби деңгейге қол жеткiзген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi (бұдан әрi - аттестацияланғандар) олар осы санаттар үшiн бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының жоғары санаты кадр резервiне алу үшiн уәкiлеттi органға ұсыным жасауға құқы бар.

      58. Аттестация өткiзген мемлекеттiк орган мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн аттестация комиссиясының шешiмi бекiтiлген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға аттестацияланғанның мынадай құжаттарын ұсынады:
      1) аттестация комиссиясының шешiмiн бекiту туралы бұйрықтың көшiрмесi;
      2) уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы қызметшiнiң өтiнiшi;
      3) мемлекеттiк органның кадр қызметi куәландырған кадрларды тiркеу жөнiндегi жеке iспарағы.

      59. Уәкiлеттi орган осы Ереженiң 58-тармағында көзделген құжаттар келiп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк әкімшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу немесе мұндай алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Аттестацияланғанның жоғары санаттағы лауазымға қойылатын білiктiлiк талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарының талаптарына сай болмауы немесе осы Ереженiң 58-тармағында көрсетiлген құжаттардың ұсынылмауы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудан бас тартуға негiздеме болып табылады.

10. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған азаматтардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуы

      60. Әкiмшiлiк лауазымның бос орны бар мемлекеттiк орган конкурс өткiзгенге дейiн тиiстi санатқа резервшiлердiң тiзiмiн беру туралы уәкiлеттi органға сұрату жолдайды. Сұрату уәкiлеттi орган бекiткен нысанда жолданады.

      61. Уәкiлеттi орган сұратуды алған сәттен бастап екi апта мерзiмде оған мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының сұратылған санаты талаптарына лайық резервшiлердiң тiзбесi бар жауап жолдайды.

      62. Мемлекеттiк органның резервшiмен әңгiме өткiзуге құқы бар.

      63. Мемлекеттiк орган әкiмшiлiк қызметтiң бос лауазымына резервшiнi орналастыру туралы шешiм қабылдаған кезде осы мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша мемлекеттiк қызметтiң кадр резервiне бұрын алынған адамдардың кандидатураларын бiрiншi кезекте қарайды.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде лауазымдардың осы санаты бойынша немесе бос лауазымға мемлекеттiк орган белгiлеген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн резервшiлер болмаған жағдайда мемлекеттiк органның конкурс өткiзуге құқы бар.
      Мемлекеттiк орган қабылданған шешiм туралы уәкiлеттi органды он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге мiндеттi.

      64. Жоғарыда аталған шешiм туралы жазбаша хабарландырудың негiзiнде уәкiлеттi орган мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне тиiстi өзгерiстер енгiзедi. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк орган таңдап алған резервшiнi хабардар етедi, оның жеке iспарағын мемлекеттiк органға жолдайды.

      65. Резервшiнiң мемлекеттiк қызметке кiруi Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған тәртiппен және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

11. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнен шығару

      66. Уәкiлеттi орган азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнен шығаруды мынадай жағдайларда:
      1) резервшi мемлекеттiк қызметтiң бос әкiмшiлiк лауазымына орналасқан;
      2) резервшi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнен шығу туралы өтiнiш берген;
      3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу туралы шешiм қабылдау сәтiнде беймәлiм болған немесе орын алмаған, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың мемлекеттiк қызметте болуын шектейтiн негiздемелер туындаған;
      4) осы Ереженiң 29-тармағында көрсетiлген мерзiм аяқталған;
      5) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудың осы Ережемен белгiленген тәртiбi мен шарттары бұзылған жағдайларда жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы    
Президентiнiң        
2003 жылғы 4 желтоқсандағы 
N 1243 Жарлығына      
Қосымша           

Мемлекеттiк саяси қызметтiң кадр резервiне алу үшiн кандидаттарды iрiктеу жөнiндегi комиссия
Құрамы

      Әбiқаев                   - Қазақстан Республикасы
      Нұртай                      Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы,
                                  төраға

      Судьин                    - Қазақстан Республикасы 
      Александр Сергеевич         Президентi Әкiмшiлiгiнiң Кадр
                                  жұмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi,
                                  төрағаның орынбасары

      Әбдiрахымов               - Қазақстан Республикасының
      Ғабидолла Рахметоллаұлы     Мемлекеттiк қызмет iстерi
                                  жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы,
                                  төрағаның орынбасары

      Бектұрғанов               - Қазақстан Республикасы
      Ерсұлтан Өтеғұлұлы          Президентi Әкiмшiлiгiнiң Кадр
                                  жұмысы бөлiмi меңгерушiсiнiң
                                  орынбасары, хатшы

      Комиссия мүшелерi:

      Донақов                   - Қазақстан Республикасы
      Талғат Советбекұлы          Президентi Әкiмшiлiгiнiң
                                  Мемлекеттiк-құқық бөлiмi
                                  меңгерушiсiнiң бiрiншi
                                  орынбасары

      Иденов                    - Қазақстан Республикасы
      Мақсат Бағытұлы             Президентiнiң кеңесшiсi

      Келiмбетов                - Қазақстан Республикасының
      Қайрат Нематұлы             Экономика және бюджеттiк
                                  жоспарлау министрi

      Құлекеев                  - Қазақстан Республикасының
      Жақсыбек Әбдiрахметұлы      Бiлiм және ғылым министрi

      Нағманов                  - Қазақстан Республикасының
      Қажымұрат Ыбрайұлы          Көлiк және коммуникациялар
                                  министрi

      Пепенин                   - Қазақстан Республикасы
      Анатолий Сергеевич          Премьер-Министрi Кеңсесiнiң
                                  Кадр жұмысы бөлiмiнiң
                                  меңгерушiсi

      Серiкбаев                 - Қазақстан Республикасы
      Аманқұл Серiкбайұлы         Президентi жанындағы
                                  Мемлекеттiк қызмет
                                  академиясының ректоры

      Школьник                  - Қазақстан Республикасының
      Владимир Сергеевич          Энергетика және минералдық
                                  ресурстар министрi