Қаржы нарығын мемлекеттік реттеудің бірыңғай жүйесін ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2001 жылғы 11 шілде N 654

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының қаржы нарығын мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру және онда қалыптасып келе жатқан қатынастарды қадағалау мақсатында, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабының  9) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы оның функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беріле отырып таратылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бір ай мерзімде заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының мүлкін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беруді жүзеге асырсын;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп қаржы нарығын мемлекеттік реттеудің бірыңғай жүйесін және онда қалыптасып отырған қатынастарды қадағалауды ұйымдастыру мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлесін және 2001 жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімде аталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметінің бұрын шығарылған актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Жарлықтан туындайтын өзге де қажетті шаралар қолдансын.

      4. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188  Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымында:
      "1. Орталық аппарат" бөлімі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 5-1-жолмен толықтырылсын:
      "5-1. Бағалы қағаздар нарығын реттеу департаменті".

      5. "Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 13 қарашадағы N 3755  Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 50, 463-құжат; 2000 ж., N 54, 593-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      7. Осы Жарлық 2001 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті