Экономиканың басым секторларында инвестициялық қызметін жүзеге асыратын инвесторлармен контракт жасасу кезінде жеңілдіктер мен преференциялар берудің ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 6 наурыздағы N 349 Жарлығы

Қолданыстағы

      "Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 28 ақпандағы  Z970075_  Заңының 7-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы етемін: 
      1. Қоса беріліп отырған Экономиканың басым секторларында инвестициялық қызметін жүзеге асыратын инвесторлармен контракт жасасу кезінде жеңілдіктер мен преференциялар берудің ережелері бекітілсін. 
      2. Мыналардың күші жойылған деп танылсын: 
      1) "Инвесторлармен контракт жасасу кезіндегі жеңілдіктер мен преференциялар жүйесі және оларды берудің тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі N 3445  U973445_  Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 14, 102-құжат); 
      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі N 3445 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы N 3988  U983988_  Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., N 19, 169-құжат). 
      3. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігінің осы Жарлықтың күшіне енгеніне дейінгі инвесторларға берілген жеңілдіктер мен преференциялар жасалған контрактілердің шарттарына сәйкес өз күшін сақтайды. 
     4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді. 

      Қазақстан Республикасының 
            Президенті 

Қазақстан Республикасы    
Президентінің        
2000 жылғы 6 наурыздағы   
N 349 Жарлығымен       
бекітілген        

Экономиканың басым секторларында инвестициялық 
қызметін жүзеге асыратын инвесторлармен контракт 
жасасу кезінде жеңілдіктер мен преференциялар беру 
ЕРЕЖЕЛЕРІ 

      Осы Ережелер Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) мен экономиканың басым секторларында инвестициялық қызметін жүзеге асыратын инвесторлардың арасында контракт жасасу кезінде жеңілдіктер мен преференциялар беру мәселелерін реттеу мақсатында әзірленді. 

 
1. Жеңілдіктер мен преференциялар берудің
мақсаттары мен шарттары 

 
      1. Инвесторларға жеңілдіктер мен преференциялар инвестицияларды экономиканың басым секторларына тарту және инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында беріледі. 
      Агенттік жеңілдіктер мен преференцияларды инвестормен контракт жасасу жолымен береді. 

      2. Мыналар жеңілдіктер мен преференцияларды берудің шарттары болып табылады: 

      1) инвестициялық жобаның экономиканың басым секторларына тиесілігі; 

      2) инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында тікелей инвестицияларды қазақстандық заңды тұлғаның негізгі қаражатына (негізгі капиталына) салуды жүзеге асыру; 

      3) инвестордың өз міндеттемелерін орындауға қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігі бар екенін және жобаның іске асырылуы үшін жауап беретінін растайтын тиісті құжаттарды ұсынуы. 
     Экономиканың басым секторлары шеңберінде тікелей отандық және шетелдік инвестициялар тарту үшін неғұрлым маңызды өндірістер тізімін мүдделі министрліктер мен ведомстволардың келісімі бойынша Агенттік бекітеді. 

2. Жеңілдіктер мен преференциялар жүйесі 

      3. Инвестициялық жобаның тиімді іске асырылуы үшін Агенттік мынадай жеңілдіктер мен преференциялар бере алады: 
     мемлекеттік заттық кепілдіктер;
     контракт жасасқан сәттен бастап 5 жылға дейінгі мерзімге жер салығы мен мүлік салығын төлеуден босату;
     салық салынатын табыс түскен сәттен бастап 5 жылға дейінгі, бірақ контракт жасасқан сәттен 8 жылдан аспайтын мерзімге табыс салығын төлеуден босату; 
     инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажет жабдықтардың, шикізаттар мен материалдардың импортына кеден бажын төлеуден толық немесе ішінара босату.

3. Салық жеңілдіктері 

      4. Салық жеңілдіктерін беру мерзімі негізгі қаражатқа (негізгі капиталға) инвестициялардың көлеміне және экономиканың басым секторына қатыстылығына қарай мүдделі мемлекеттік органдардың келісімі бойынша Агенттік белгілеген тәртіппен (кесте түрінде) айқындалады. 

 
4. Кедендік жеңілдіктер 

 
      5. Инвестор жабдықтардың, шикізаттар мен материалдардың импорты кезінде кеден бажынан Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, толық немесе ішінара босатылады. 

      6. Әкелінген тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында шығарылмайтын немесе олардың өндірісі қызметті жобаға сәйкес жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін шектеулі мөлшерде болған жағдайда кеден бажынан босатылады. 

      7. Кеден бажынан босатудың мерзімі мен оның мөлшерін Агенттіктен ұсыныс түскен күннен бастап 20 күннен кешіктірмей өздерінің қорытындысын Агенттікке беретін мүдделі министрліктер және агенттіктермен бірлесе отырып Агенттік белгілейді. 

 
5. Мемлекеттік заттық кепілдіктер 

 
      8. Мыналар мемлекеттік заттық кепілдіктер ретінде берілуі мүмкін: 

      1) негізгі қаражат - жер учаскелері, үй-жайлар, ғимараттар, беру қондырғылары, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшеуші және реттеуші аспаптар мен қондырғылар, көлік құралдары, құрал-саймандар, өндірістік және шаруашылық мүкәмалдары, жұмыс және өсімтал мал, көпжылдық бау мен өзге де еңбек құралдары; 

      2) материалдық емес активтер - үй-жайларды, ғимараттарды, жерді пайдалану құқықтары және өзге де мүліктік құқықтар;

      3) өндірістік қорлар (шикізат, материалдар, отын, қосалқы бөлшектер, сатып алынатын жартылай дайын өнімдер мен жинақтаушы бұйымдар, ыдыстар және басқалар), аяқталмаған өндіріс, дайын өнім мен басқа да қорлар. 

      9. Мемлекеттік заттық кепілдіктердің құнын бағалауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгілеген тәртіппен өкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. 

      10. Мемлекеттік заттық кепілдіктерді тиісті мемлекеттік органдармен келісе отырып, Агенттік береді.