Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2000 жылғы 10 ақпан N 334. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2007.03.21. N 299 жарлығымен.

Күшін жойған

     "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес қаулы етемін:
     1. Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы бекітілсін (қоса беріліп отыр).
     2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын іске асыру жөнінде шаралар қолдансын.
     3. "Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 11 ақпандағы N 1094 Қаулысының күші жойылған деп танылсын.
     4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.     

     Қазақстан Республикасының
     Президенті

Қызмет бабында пайдалану үшін   
N 0029 дана      

      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы (бұдан әрi - Әскери доктрина) мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы қақтығыстардың (бұдан әрi - әскери қақтығыстардың) алдын алуға, әскери құрылыс iсiне, сондай-ақ ұлттық мүдделердi қорғау және Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн орындау мақсатында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдануға негiз болатын көзқарастар жүйесi болып табылады. 
      Осы Әскери доктрина егемен мемлекеттiң қалыптасуы және екi жақты әлемнен көп жақты әлемге көшу кезеңiнде әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiн қалыптастыруға бағытталған 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Әскери доктринасының негiзiнде әрi оны дамыта отырып әзiрлендi. Бұл мiндет негiзiнен орындалды. 
      Бүгiнгi таңда жаңа Әскери доктринаны қабылдау үшiн бiрқатар iшкi және сыртқы алғы шарттар бар. 
      Қазақстанның геосаяси ортасы сапалы өзгерiстердi басынан кешiруде. Ел қауiпсiздiгiне жаңа қатерлер пайда болуда. Атап айтқанда, экстремизмнiң таралуы, әскери қақтығыстардың өршуi, бiздiң шекарамызға тiкелей таяу жерде жаңа ядролық мемлекеттердiң пайда болуы аймақтағы тұрақсызданудың елеулi факторы болып отыр. 
      Ел қауіпсіздігіне осынау және басқа да жаңа қатерлер онымен санасуды және тиісті шаралар қабылдауды талап етеді. 
      Бұған қоса, бүгінгі таңда қарулы күрес құралдары және қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың сипаты сапалы өзгерістерге ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы өзінің Қарулы Күштерін өзгерген болмысқа бейімдеуге тиіс. 
      Жаңа Әскери доктринаны қабылдаудың қажеттілігі сол сияқты демократиялық және құқықтық мемлекет құрылысының кезекті кезеңінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде әскери салада да жаңа ұлттық мүдделердің қалыптасуымен байланысты. 
      Осы Әскери доктрина әскери салада 1999-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі стратегиясының негізгі ережелерін нақтылайды және мемлекеттік шекара шебінде Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агрессия жасалған жағдайда елдің қорғанысын ұйымдастыруға, сондай-ақ ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі одақтас мемлекеттермен бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған. 
      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы орта мерзімді кезеңге есептеліп жасалған, қорғаныстық сипатқа ғана ие, әлемдегі және аймақтағы әскери-саяси жағдайдың жай-күйін кешенді бағалауға, мемлекеттің экономикалық болмысы мен ресурстық мүмкіндіктеріне сүйенеді. 
      Әскери доктрина құрылымы өзара байланысты үш бөлімді қамтиды: әскери-саяси негіздер, елді қорғау мен қорғанысының әскери негіздері және Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін әскери-экономикалық қамтамасыз ету негіздері. 
      Әскери доктринаның құқықтық базасын Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заң және өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттар құрайды. 
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің 1999-2005 жылдарға арналған стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде Әскери доктринаның қағидалары Қазақстан Республикасының заңдарымен әскери құрылысты, елдің және оның одақтастарының қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері жүктелген барлық лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың орындауы үшін міндетті болып табылады. 
 

  1. Қазақстан Республикасы Әскери доктринасының 
әскери-саяси негіздері
    Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздікті 
қамтамасыз ету саласындағы саясаты 
 

        1.1. Қазіргі заманғы геосаяси жағдай блоктар тайталасы аяқталып, халықаралық қарым-қатынастардың жаңа жүйесінің қалыптасуына орай әлемдік қоғамдастықта болған принципті өзгерістермен сипатталады. 
      Дүниежүзілік соғыс ашу және жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық та, басқа да түрлерін қолдану қатері төмендеді. Көп жақты әлемнің қалыптасу үрдісі дәйекті даму үстінде. Қару-жарақты бақылау, әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді. 
      Сонымен бірге әлемде өтіп жатқан орасан зор өзгерістерге кейбір күрделі және қарама-қайшы үрдістер тән: бір жағынан, - әлемдік қоғамдастық ынтымақтасты кеңейту және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу, жанталаса қарулану мен ядролық қарудың таралуын шектеу жөнінде нақты шаралар қолдануда; екінші жағынан, - қауіпсіздіктің жаңа тәуекелдері мен қатерлері пайда болуда, олардың ішінде әр түрлі әскери қақтығыстардың туындай мүмкіндігінің артуы, экстремизмнің, халықаралық терроризмнің, ұйымдасқан қылмыстың таралуы, қару мен есірткінің заңсыз айналымы мейлінше қауіпті болып табылады. 
      Осы жағдайда Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы саясаты мынадай көзқарастарға негiзделедi: 
      - мемлекетаралық және iшкi қайшылықтарды шешу құралы ретiндегi қандай да болмасын қақтығысқа жол беруге болмайды; 
      - Қазақстан Республикасының өзiне және өзiнiң одақтастарына қарсы агрессия жасалған жағдайда қарулы қорғануға, жеке және ұжымдық қорғанысқа құқығы бар. 
      1.2. Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мынадай негiзгi принциптерге негiзделедi: 
      - басқа мемлекеттердiң егемендiгiн, мемлекеттiк шекарасының мызғымастығын, аумақтық тұтастығын құрметтеу және олардың iшкi iстерiне қол сұқпау; 
      - өзара тиiмдi ынтымақтастық пен өзара түсiнiстiк негізiнде барлық елдермен достық қарым-қатынаста болу; 
      - басқа елдердiң қауiпсiздiгi мен жалпыға ортақ қауiпсiздiкке залал тигiзбей Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; 
      - аймақта сенiм шаралары мен әскери саладағы ашықтықты нығайту; 
      - халықаралық дау-дамайларды бейбiт реттеу; 
      - Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды халықаралық құқыққа және ұлттық заңдарға сәйкес қолдану; 
      - халықаралық міндеттемелерді сақтау және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын шарттардың мақсатқа қол жеткізуіне жәрдемдесу. 
      - әскери қақтығыстардың алдын алуға, бейбітшілікті қолдау мен қалпына келтіруге бағытталған пәрменді ғаламдық және аумақтық қауіпсіздік жүйесін құруға қатысу; 
      - Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрылысын "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы" саяси бағытына сәйкестендіру; 
      - жаппай қырып-жоятын қаруды таратпаудың халықаралық режимдерін бекітуге жан-жақты жәрдемдесу; 
      - қару-жарақпен, әскери техникамен, әскери және қос қолданысты технологиялармен сауда жасаудың халықаралық нормаларын сақтау. 
      1.3. Қазақстан Республикасы мемлекеттің пәрменді әскери ұйымдастырылуына сүйене отырып, өз қарамағындағы күштердің, құралдар мен ресурстардың күллі жиынтығымен әскери қауіпсіздік қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы елдің әскери қауіпсіздігіне қатерлердің алдын алудың, тұмшалаудың және жоюдың саяси-дипломатиялық және басқа да әскери емес құралдарына ден қояды. 
      Елді қарулы қорғауды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жүзеге асырады. 
      Агрессия жасалған жағдайдағы ел қорғанысы Қазақстан Республикасын қарулы қорғауды, мемлекеттiң күллi әскери және экономикалық әлеуетiн жұмылдыруды, азаматтық және аумақтық қорғанысты жүзеге асыруды, одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлескен iс-қимылдарды көздейдi. 
      1.4. Қазақстан Республикасы әскери қақтығыстардың алдын алу, халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты нығайту iсiнде: 
      - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығында - Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт шеңберiнде, сондай-ақ екi жақты және көпжақты негiзде; 
      - аймақтық деңгейде - Орта Азия мемлекеттерiмен, Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары жөнiндегi кеңеске қатысушы елдермен, сондай-ақ "Шанхай бестiгi" шеңберiнде; 
      - ғаламдық ауқымда - Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттермен халықаралық құқық нормалары негiзiнде ынтымақтастық жасасады. 

Қазақстан Республикасының әскери 
қауiпсiздiгi үшiн негiзгi қауiп-қатер 

       1.5. Қазақстан Республикасының орта мерзiмдi кезеңдегi әскери қауiпсiздiгi үшiн негiзгi қауiп-қатер мыналар болып табылады: 
      сыртқылары: 
      - республика шекарасына тікелей таяу жерде болып жатқан және ықтимал әскери қақтығыс ошақтары; 
      - республика аумағына бандалық құралымдардың, экстремистердің, халықаралық терроршылардың ену мүмкіндігі; 
      - жекелеген елдердің әскери қуатын сандық та сапалық жағынан шектен тыс арттыруы нәтижесінде аймақтық тұрақтылықтың әлсіреу мүмкіндігі; 
      - жаппай қырып-жоятын қарудың, оны жеткізу құралдарының және қазіргі заманғы әскери технологиялардың Азия аймағында таралу қаупі және олардың терроршыл топтардың қолына түсу мүмкіндігі; 
      ішкілері: 
      - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жауынгерлік даярлық деңгейі мен туындаған соғыс қатерлеріне шапшаң, сайма-сай қарсылық көрсету қабілетінің төмендеуі; 
      - елдің әскери-өндірістік әлеуетінің жеткілікті дамымауы, Қарулы Күштерді техникалық жарақтандыру, қару-жарақ пен әскери техникасы жөндеуді ұйымдастыру мәселелерінде басқа мемлекеттерге тәуелділік; 
      - заңсыз қарулы құралымдардың, терроршыл топтар мен бандалық құралымдардың мемлекеттік немесе әскери объектілерге шабуылдары; 
      - қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және басқа да құралдардың заңсыз таралуы; 
      Қазақстан Республикасының аумағында террорлық актілер мен диверсияларды жүзеге асыру үшін қарулы құралымдар құру; 
      - мемлекет iшiнде экстремизм мен сепаратизмнiң таралуы. 
 

  Қазақстан Республикасының әскери
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
 

        1.6. Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мемлекет қызметiнiң аса маңызды бағыты болып табылады. 
      Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң басты мақсаты - елдiң аумағын, егемендiгiн, экономикасын, мемлекеттiк институттары мен азаматтарын соғыс қатерiнен қорғау, агрессияның немесе әскери қақтығыстар туғызудың алдын алу, Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшiн қолайлы жағдай туғызу. 
      1.7. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi мiндеттерi: 
      бейбiт кезеңде: 
      - әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыру мен iске асыру тетiгiн жетiлдiру; 
      - қорғаныс әлеуетiн неғұрлым ықтимал соғыс қатерiне сайма-сай және елдiң экономикалық мүмкiндiктерiне сәйкес келетін деңгейде ұстау; 
      - Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды олардың сыртқы және ішкі қатерлердің алдын алу мен жолын кесу жөніндегі үйлесімді іс-қимылдарға әзірлігін арттыру мақсатында жан-жақты қамтамасыз ету және сапалық тұрғыда жетілдіру; 
      - Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және басқа да өмірлік маңызды мүдделеріне қол сұғушылық және арандату әрекеттерін анықтап, жолын кесу; 
      - елдің мемлекеттік органдарын, ұйымдары мен халқын әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге, азаматтық және аумақтық қорғанысқа қатысуға жан-жақты дайындау; 
      - экономиканың жұмылдыру даярлығын қамтамасыз ету; 
      - әскери инфрақұрылымды дамыту және жетілдіру; 
      - әскери қызметтің беделін арттыру, әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адамдарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік шаралар кешенін жүзеге асыру; 
      - қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және ел азаматтарының Қазақстан Республикасын қорғау мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды орындауға моральдық-психологиялық әзірлігін қалыптастыру; 
      - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әзірлігіне, сондай-ақ іс-шаралардың жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру; 
      қатерлi кезеңде және әскери қақтығыс басталғанда: 
      - әзiрленiп жатқан қарулы шабуылды немесе жағдайдың қатерлi дамуын уақытында ашу және оларды тұмшалау жөнiнде шаралар қолдану; 
      - соғыс жағдайын уақытында жариялау, елде немесе оның жекелеген аудандарында төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзу, Қарулы Күштердi стратегиялық орналастыруды жүргiзу; 
      - мемлекеттiк органдардың агрессияға (қарулы қақтығысқа) тойтарыс беру мен оның жолын кесудi ұйымдастыру жөнiндегi iс-әрекетiн үйлестiру; 
      - соғыс уақытының нормативтiк құқықтық актiлерiн қолданысқа дереу енгiзу, соғыс қимылдарын даярлау мен жүргiзу жөнiнде шешiм қабылдау және iске асыру; 
      - ел экономикасын, көлiк пен коммуникацияларды соғыс уақыты жағдайында жұмыс iстеуге көшiру жөнiндегi iс-шаралардың барынша қысқа мерзiмде орындалуын қамтамасыз ету; 
      - азаматтық және аумақтық қорғаныс iс-шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыру; 
      - мемлекет қарамағында бар күштердiң, құралдар мен ресурстардың күллi жиынтығымен сыртқы агрессияға тiкелей тойтарыс беру немесе қарулы қақтығысты тұмшалау. 
 

  Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз 
етуге басшылық жасау 
 

        1.8. Елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басшылықты Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының негізінде жүзеге асырады. 
      Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басшылық жасау жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы жағдайында ұстауға, оларды жан-жақты қамтамасыз етуге, экономиканы, аумақты және халықты елді қорғау мен қорғанысқа әзірлеуге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды. 
      1.9. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басшылық жасау: 
      - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылымын әзірлеуді, әскерлердің жедел, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының талап етілетін деңгейін ұстауды; 
      - Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуді, азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-шараларын дайындау мен жүзеге асыруды; 
      - әскери-техникалық саясатты, қару-жарақ пен әскери-техниканы, әскери ғылымды дамыту бағдарламаларын iске асыруды; 
      - экономиканы, мемлекеттiк органдарды, ұйымдарды соғыс уақытында жұмыс iстеуге жұмылдыру даярлығының iс-шараларын жүзеге асыруды; 
      - елдiң халқы мен инфрақұрылымын қорғанысқа әзiрлеудi; 
      - мемлекеттiк және жұмылдыру резервтерiнде материалдық құралдар қорын жасауды; 
      - Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке әзiрлеудi, соғыс уақытына жұмылдырылушы адам ресурстарын жинақтауды; 
      - мемлекеттiк органдардың қызметiн соғыс уақытындағы iс-әрекеттi үйлестiрудi; 
      - бейбiт кезеңдегi әскери қызметке байланысты айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды; 
      - Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды мемлекеттiк инспекциялауды көздейдi. 
      1.10. Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi Қазақстан Республикасының Президентi - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас қолбасшысы басқарады. 
      1.11. Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң азаматтардың қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы шешiмдерiн әзiрлеудi жүзеге асыратын, қорғаныс пен қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады. 
      1.12. Қазақстан Республикасының Үкіметi мемлекеттiң қорғаныс қабiлетi мен әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы саясатының негiзгi бағыттарын әзiрлеуге, қарамағындағы атқарушы билiк органдарының әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiн ұйымдастыруға, ел экономикасының жұмылдырушылық даярлығына, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыруға оларды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуге, қорғаныс мақсатында ел аумағын жедел жабдықтауға азаматтың және аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға жауапты. 
      1.13. Басқа да мемлекеттiк органдар, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған құқықтарының, мiндеттерi мен өкiлеттiктерiнiң шеңберiнде әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде өздерiне жүктелген мiндеттерді орындауды ұйымдастырады және толық жауапты болады. 
      1.14. Бейбiт кезеңде Қарулы Күштерге басшылықты Қазақстан Республикасының Бас штабы арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады. 
      1.15. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi ел қорғанысына, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру мен дамыту тұжырымдамаларын әзiрлеуге байланысты мiндеттердi шешедi, мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясат жүргiзедi, қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын, мемлекеттiк қорғаныс тапсырысы мен қорғаныс мұқтажына қажет қаржы жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, Қарулы Күштердi материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады және елдiң қорғаныс мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылды ұйымдастырады. 
      1.16. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Бас штабы мемлекет Қарулы Күштерiнiң бейбiт және соғыс кезеңiндегi басты басқару органы бола отырып, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру мен дамыту, олардың жедел, жауынгерлiк және жұмылдыру даярлықтары жөнiндегі жоспарлардың әзiрленуiн үйлестiреді, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қолданылуы мен өзара iс-қимылын жедел стратегиялық жоспарлауды ұйымдастырып, жүзеге асырады, сондай-ақ қорғаныс мақсатында ел аумағын жедел жабдықтаудың жоспарын әзiрлейдi. 
      1.17. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тікелей басшылық жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті қолбасшылар (бастықтар) жүзеге асырады. 
      1.18. Қатерлі кезең мен соғыс уақытында мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басшылық жасау, соғыс кезеңіндегі мемлекеттік және әскери басқару органдарын құру мен олардың жұмыс жасауы Қазақстан Республикасының тісті нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 
 

  2. Қазақстан Республикасын қарулы қорғаудың 
және қорғанысының әскери негіздері 
    Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың 
сипаты, негізгі белгілері
 

          2.1. Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастық күш-жігерінің нәтижесінде ірі ауқымды соғыстар ашу қатерін төмендетуге қол жеткізілгенін, алайда саяси және өзге де келіспеушіліктер мен қайшылықтарды шешудің құралы ретінде әскери қақтығыстардан толық бас тарту кепілдіктерінің қалыптаспағанын ескереді. 
      Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың сипаты олардың әскери-саяси мақсатымен, қолданылатын қару түрлерімен, ауқымымен айқындалады. 
      2.2. Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың негізгі белгілері: 
      - таралу кеңістігінің үнемі ұлғайып отыруы, ұтқырлық, әскери іс-қимылдың түйісусіз және дәстүрлі емес нысандары мен тәсілдерін пайдалану, алыс қашықтықтан алдын ала ату арқылы жою және электрондық жаныштау, майдан мен тыл арасындағы айырмашылықтардың азаюы; 
      - соғысқа жүйесіз, кейде тіпті заңсыз қарулы құралымдардың қатысуы; 
      - қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі заманғы жоғары тиімді жүйелерінің қолданылуы; 
      - жанама стратегиялық iс-қимылдардың кеңiнен қолданылуы (саяси және психологиялық қысым көрсету, экономикалық санкциялар, ақпараттық күрес, көлiк коммуникацияларын шектеу, күш көрсету және т.б.); 
      - мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне іріткі салу; 
      - әскерлер мен қаруды басқару жүйелерiн қатардан шығару; 
      - негiзiнен энергетика кәсiпорындарын, қауiптi өндiрiстердi, коммуникацияларды, инфрақұрылым мен тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн жою. 
      2.3. Әскери қақтығыстардың (бұдан әрi - Қақтығыстар) ауқымы, қарқыны, ұзақтығы және басқа да белгiлерi бойынша ерекшеленуi мүмкiн. 
      Қазақстан Республикасы тартылуы мүмкiн әскери қақтығыстың үш түрi болжанып отыр: 
      Интенсивтiлiгi жоғары қақтығыс - әскери және экономикалық жағынан қуатты мемлекеттердiң (мемлекеттер одағының) қатысуымен болатын әскери қақтығыс. Ядролық мемлекеттер араласқан қақтығыста ядролық қару қолданылу қатері үнемі сақталады. Оның ядролық соғысқа ұласуы, тiптi шектеулi ядролық соққылар берiлсе де, сансыз адам құрбандықтарына, экономикалық және мәдени орталықтардың күйреуiне, орасан зор аумақтың ластануына ұшыратуы мүмкiн. Мұның өзi аймақтағы елдердiң көпшiлiгiнде экологиялық апатқа ұрындырады. 
      Интенсивтілігі орташа қақтығыс - қуатты экономикалық және әскери әлеуетi жоқ елдер арасындағы соғыс. 
      Интенсивтiлiгi орташа қақтығыстағы соғыс қимылдары тайталасушы тараптардың шектеулi күштер мен құралдарды қолдануымен, дәлдiгi жоғары қару, радиоэлектрондық күрес құралдары мен басқа да қазiргi заманғы қару-жарақ түрлерi және әскери техника белсендi түрде қолданылатын аумағы шектеулi ұрыс қимылдарымен тартысушы мемлекеттердiң аумағында жүргiзiлуiмен және олардың күллi аумағында әскерлерге тыл, экономика және коммуникация объектiлерiне зардабын тигiзуiмен сипатталады. 
      Интенсивтiлiгi төмен қақтығыс - әр алуан қайшылықтарды, соғыс жағдайына көшпей-ақ, қарулы күрес құралдарымен шешу әрекеттерi нәтижесiнде туындаған қарулы қақтығыс. Әдетте, мұндай қақтығыстар шекара iргесiндегi қарулы қақтығыстардың, сырттан қарулы құралымдар мен топтардың енуiнiң, ел iшiнде заңсыз қарулы құралымдардың пайда болуының, терроршыл ұйымдар iс-әрекетiнiң нәтижесiнде туындайды. 
      Интенсивтiлiгi төмен қақтығыс - тайталасушы тараптардың әр тектi күштер мен құралдарды (шектеулi әскер контингенттерiн, жүйесiз және басқа да құралымдарды), қолдануымен, диверсиялық және террорлық iс-қимылдар жүргiзуiмен, қазiргi заманғы қару-жарақ пен әскери техника түрлерiн кеңiнен пайдалануға әзiрлiгiмен сипатталады. 
      Мұндай қақтығыстар, әдетте, шапшаң, шектеулі сипатта болады. 
      Қазіргі жағдайда мұндай сипаттағы қақтығыстардың туындауы неғұрлым ықтимал болып табылады. 
 

  Мемлекеттік әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 
Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолданудың негіздері
 

        2.4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары соғыс қатерін тұмшалау жөніндегі міндеттерді орындауға үнемі дайын тұруға тиіс. 
      2.5. Қазақстан Республикасына қарсы интенсивтілігі төмен қақтығыстың ішкі саяси тұрақсыздандыру, мемлекеттік органдардың қызметіне іріткі салу, шиеленіс ошақтарын туғызу, ұлтаралық, діни алауыздықтарға арандату, мемлекетті саяси көнбістікке итермелеу, экстремистік идеялар тарату мақсатында тұтандырылуы мүмкін. 
      Интенсивтілігі төмен қақтығыс туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының мақсаты - шиеленіс ошағының кең ауқымды соғыс қимылдарына ұласып кетуіне жол бермеу, жанжал түйінін мемлекет үшін мейлінше төмен залалмен шешу. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары интенсивтілігі төмен қақтығыстарда, әдетте, оларды бейбіт құралдармен реттеуге жағдай туғызу мақсатында шиеленіс ошағын тұмшалау және соғыс қимылдарын мүмкіндігінше бастапқы кезеңінде тоқтату үшін қолданылатын болады. 
      Осы мiндеттердi орындау үшiн Қарулы Күштердiң тұрақты жауынгерлiк әзiрлiктегi құрамалары мен бөлiмдерi тартылады. Қажеттiлiгiне қарай олар Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерiмен және әскери құралымдарымен күшейтiлуi мүмкiн. Мұндай жағдайларда әскерлер тобына басшылықты бiртұтас (жалпыәскерлiк) қолбасшылық жүзеге асырады. 
      Шекарадағы жанжал, әдетте, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң күштерi мен құралдарының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi құрамаларымен және бөлiмдерiмен өзара iс-қимылы арқылы шешiледi. 
      Сыртқы күштер Қазақстан Республикасының iшкi iсiне қол сұғу үшiн сылтау ретiнде тұтандырар iшкi қарулы қақтығыстың туындау мүмкiндiгiн жоққа шығаруға болмайды. Мұндай қақтығысты тұмшалап, ауыздықтау үшiн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын қолдану Қазақстан Республикасының Конституциясына қатаң сәйкес жағдайда заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, қоғамдық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету, халыққа қажеттi көмек көрсету және жанжалды бейбiт құралдармен шешуге жағдай туғызу мақсатында жүзеге асырылады. 
      2.6. Қазақстан Республикасына қарсы интенсивтiлiгi орташа қақтығыстың экономикалық және қорғаныс әлеуетiне нұқсан келтіру, белгiлi бiр аумақты басып алу немесе бақылау орнату немесе мемлекеттi елеулi саяси, аумақтық, экономикалық және басқа да көнбiстiкке мәжбүрлеу мақсатында тұтандырылуы мүмкін. 
      Мұндай қақтығыс мемлекет үшiн қауіп туғызуы мүмкін, оның экономикалық және әскери әлеуетiне елеулi залал келтiредi. 
      Қазақстан Республикасының интенсивтiлiгi орташа қақтығыста ұмтылар мақсаты - агрессияға, бұл ретте одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесе отырып батыл тойтарыс беру, соғыс қимылдарының ауданын тұмшалау және орын алған қайшылықтарды бейбiт жолмен реттеу жөнiнде шаралар қолдану болмақ. 
      Интенсивтiлiгi орташа қақтығысқа қатысу Қазақстан Республикасының барша аумағында немесе оның жекелеген облыстарында соғыс жағдайын енгiзудi және iшінара немесе жалпы жұмылдыру жариялауды, мемлекеттiң күллi қорғаныс және әскери-экономикалық әлеуетiн немесе оның елеулi бөлiгiн пайдалануды қажет етуi мүмкiн. 
      Интенсивтiлiгi орташа қақтығыстағы соғыс қимылдары, олардың ауқымының кеңеюi мен қатысушы мемлекеттер санының өсуiне, елеулi әскер (күштер) топтарының қосымша тартылуына қарай, өзінің сипаты мен мазмұны жағынан, интенсивтiлiгi жоғары қақтығысқа тән соғыс қимылдарына жуықтауы мүмкiн. 
      Қазақстан Республикасының интенсивтілігі орташа қақтығыстағы мақсаты мен мiндеттерiне Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының, жекелеген жағдайларда жүйесiз құралымдардың да ал қажет болған жағдайда одақтас мемлекеттердiң бiрiккен әскер (күштері) топтарының операциялар мен ұрыс қимылдарын дәйектi түрде жүргізуi арқылы қол жеткiзiледi. 
      Қазақстан Республикасы мен оның Қарулы Күштерi интенсивтiлiгi орташа қақтығыста соғыс қимылдарын жүргiзуге дайын болуға, тұтқиылдан шабуыл жасауды болдырмауға тиiс, қатер төндiрiлiп отырған кезеңдi агрессияға тойтарыс беруге әзiрлену, Қарулы Күштер мен одақтас мемлекеттердiң бiрiккен әскер топтарын (күштерiн) стратегиялық өрiстетудi жүзеге асыруға жағдай жасау, елдiң экономикалық кешенiн бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына уақтылы көшiру, мемлекеттiк шекараны жабу, маңызды мемлекеттiк және әскери объектiлердi қорғауды күшейту, психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен қолдану, қарсыластың халыққа және әскердiң жеке құрамына ақпараттық-психологиялық әсерiне қарсы iс-қимыл жасау үшiн мақсатты пайдалануға тиіс. 
      2.7. Қазақстан Республикасына қарсы интенсивтiлiгi жоғары қақтығыс елдегi саяси билiктi ауыстыру мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу, аумақтың елеулi бөлiгiн тартып алу мемлекеттiң қорғаныс әлеуетiн толық жойып жіберу тәрізді түбегейлі әскери-саяси мақсаттармен тұтандырылуы мүмкiн. 
      Интенсивтiлiгi жоғары қақтығысқа қатысу Қазақстан Республикасынан күллi адам және материалдық ресурстарын жаппай жұмылдыруды талап етедi. Мұндай қақтығыс елдiң экономикалық және әскери әлеуетiн жойқын зардаптарға ұрындырады. 
      Қазақстан Республикасының мақсаты өзіне қарсы интенсивтілігі жоғары қақтығыс тұтандырудың алдын алудың саяси-құқықтық, ұйымдық-техникалық және өзге де халықаралық кепiлдiктерiнiң пәрмендi жүйесiн белсендi iздестiру және жасау болып табылады. 
      Орта мерзiмдi болашақта Қазақстан Республикасы тартылатын мұндай қақтығыстың туындауы екіталай, мұның өзi көршi мемлекеттермен берiк достық қарым-қатынастар орнықтыра отырып, сындарлы сыртқы саясат жүргiзуге және Қазақстан Республикасына қарсы тiкелей әскери агрессия қатерiнiң жоқтығына байланысты. 
 

  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, 
басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының 
мақсаты, құрамы және мiндеттерi
 

          2.8. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басты мақсаты елдi сыртқы агрессиядан және басқа да соғыс қатерлерiнен қорғау сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнен туындайтын мiндеттердi орындау болып табылады. 
      2.9. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бейбіт кезеңде: әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердің түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындарын, әскери ғылыми мекемелердi қамтиды. 
      Соғыс уақытында Қарулы Күштердiң құрамына: Iшкi iстер министрлiгiнiң Iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi мен басқа да әскерлерi, Республикалық ұлан, азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi. 
      2.10. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне бейбiт кезеңде мынадай негізгi мiндеттердi орындау жүктеледi: 
      - жауынгерлiк әлеуеттi, жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығын, басқару органдары мен әскерлердiң әзiрлiгiн бейбiт кезең штатына сай интенсивтiлiгi төмен қақтығыстарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасында немесе аумағының шегінде кез келген заңсыз қарулы күш көрсетуді тұмшалап, тойтаруды қамтамасыз ететiн деңгейде ұстау; 
      - әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ мемлекеттiк шекараның жедел-стратегиялық тұрғыда маңызды учаскелерiн жабу; 
      - маңызды әскери объектiлердi күзету; 
      - елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi батыл iс-қимылға әзiрлiгiн көрсету; 
      - интенсивтiлiгi орташа немесе жоғары қақтығыс қатерi туындаған жағдайда Қарулы Күштердi стратегиялық өрiстетудi қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне, сәйкес бiтiмгершiлiк және өзге де операцияларға қатысу. 
      Бұл мiндеттердi шешудi Қарулы Күштер Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерiмен және әскери құралымдарымен тығыз өзара iс-қимылда жүзеге асырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне құрлықта, теңiзде, көлдерде және өзге де су айдындарында мемлекеттiк шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ терроризмге, қару мен есiрткi контрабандасына қарсы күреске қатысу, ал Iшкi iстер министрлiгiнiң Iшкi әскерлерiне маңызды мемлекеттiк объектiлердi күзету және аса қауiптi құқық бұзушылықтардың, диверсиялар мен террорлық актiлердiң жолын кесу, заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күрес жүктеледi. 
      2.11. Қазақстан Республикасының аумағында ықтимал iшкi қақтығыстар мен қарулы күрес құралдары қолданыла отырып, оның өмiрлiк маңызды мүдделерiне қатер төндiретiн өзге де iс-әрекеттерiнiң алдын алу және тойтарыс беру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінiң Ішкi әскерлерiне мынадай мiндеттер жүктеледі: 
      - қақтығыс ауданында қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз ету және төтенше жағдай құқықтық режимiн ұстап тұру; 
      - қақтығыс ауданын тұмшалау және шектеу, қарулы қақтығыстарды тыю және тайталасушы тараптарды ажырату; 
      - заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыру мен ауыздықтау және қақтығыс ауданында халықтың қолындағы қаруды алу жөнінде іс-шаралар жүргізу. 
      - қақтығыс ауданына ірглес аудандарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сақтауды күшейту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да міндеттерді шешу. 
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне қақтығыс ауданын тұмшалау мен шектеуге, қарулы қақтығыстарды тыю және тайталасушы тараптарды ажыратуға, заңсыз қарулы құралымдарды, бандылық және терроршыл топтар мен ұйымдарды жоюға, сондай-ақ маңызды мемлекеттік объектілерді қорғауға жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тартылуы мүмкін. 
      2.12. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жасалған халықаралық шарттарға және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне сәйкес бейбітшілікті орнықтыру мен баянды ету жөніндегі операцияларға қолданылуы мүмкін. 
      2.13. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен авариялардың, күйреулер мен дүлей апаттардың зардаптарын жою кезінде халыққа көмек көрсетуге тартылуы мүмкін. 
      2.14. Қазақстан Республикасына және оның одақтастарына қарсы агрессия жасалған жағдайда Қарулы Күштерге мынадай мiндеттер жүктеледi: 
      - шекара маңындағы қақтығыстарды тұмшалау және ауыздықтау қарсыластың құрлық және әуе бағыттарынан берген соққыларын тойтару; 
      - интенсивтiлiгi төмен қақтығысты дербес тұмшалау және тыю, одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп интенсивтiлiгi орташа және жоғары қақтығыстарда қарсыластың әскер топтарын талқандау; 
      - резервтер жасақталатын аудандарды қорғау; 
      - арнаулы операциялар жүргізетiн күштерге және жүйесiз құралымдарға қарсы күрес; 
      - халықты, экономика объектiлерiн, инфрақұрылымды қарсыластың атыс құралдарының әсерiнен қорғау, соғыс (төтенше) жағдайы режимiн қолдау. 
      Соғыс қимылдарының ауқымына, жағдайдың жай-күйіне және күштердiң ара салмағына қарай мiндеттер түрiнің өзгеруі мүмкiн, бiрақ кез келген жағдайда түпкi мақсат агрессорды Қазақстан Республикасының аумағынан аластау және агрессияға дейiнгi жағдайды қалпына келтiру болып табылады. 
 

  Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, 
басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары 
құрылысының негiзгi бағыттары 
 

        2.15. Қазақстан Республикасындағы әскери құрылыстың басты мақсаты мемлекеттiң өмiрлiк маңызды ұлттық мүдделерін қазiргi сәттегi және ықтимал соғыс қатерiнен қорғауды қамтамасыз етуге қабiлеттi, жақсы жарақталған, аса ұттқыр Қарулы Күштер құру болып табылады. 
      2.16. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары құрылысының негiзгi принциптерi: 
      - Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметiне пәрмендi азаматтық бақылауды дара басшылық жасау принципiмен және әскерлердi басқаруды орталықтандырумен үйлесiмде жетiлдiру әскерлердiң (күштердiң) ұйымдық құрылымының жауынгерлiк құрамы мен санының ықтимал соғыс қатерлерiне, Қарулы Күштерге жүктелген мiндеттерге, сондай-ақ мемлекеттiң экономикалық мүмкiндiктерiне сәйкестiгi; 
      - жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығын мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн деңгейде ұстау; 
      - соғыс қатерi ұлғайған кезде жауынгерлiк қуатты сайма-сай арттыруға қабiлеттiлiк, жұмылдыру резервiн күн iлгерi даярлау; 
      - жалпы азаматтық құқықтар мен бостандықтарды сақтау, әскери қызметтiң ерекшелiгiне сәйкес әскери қызметшiлердiң әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету; 
      - әскери құрылыстың әлемдiк тәжiрибесiн ескеру. 
      2.17. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрылысы мен дамуы мемлекеттік бағдарламаларға және жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады. 
      2.18. Қарулы Күштер құрылысы мен реформалаудың негізгі бағыттары мыналар болып табылады: 
      - Қарулы Күштер құрылымын оңтайландыру, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетіне ықпал етпейтін құралымдардың санын қысқарту және тарату; 
      - жауынгерлік әзірлікті айқындайтын ұтқыр әскерлерді, әскер тектерін және арнаулы әскерлерді басым дамыту; 
      - басқару жүйесін жетілдіру, қосалқы және тиімсіз буындарды жою, әскери-аумақтық құрылымға көшу және әскери-әкімшілік басқару органдарын құру; 
      - алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін ескере отырып, Қарулы Күштердің резервін дайындау жүйесін жасау; 
      - әскери инфрақұрылымды дамыту, маңызды стратегиялық бағыттарда қару-жарақ пен техниканы сақтау базаларын жасау; 
      - басқару органдары мен әскерлердің жедел, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының пәрменділігін арттыру; 
      - Қарулы Күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің ұтымды жүйесін жасау; 
      - әскери білім беру мен әскери мамандар даярлау жүйесін жетілдіру, ұлттық әскери-ғылыми базаны құру және дамыту; 
      - Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтаудың контрактілік-кәсіби жүйесіне кезең-кезеңмен көшу, балама әскери қызметті енгізу; 
      - әскери қызметтің беделін көтеру, әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне, азаматтық қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктерінің ұтымды жүйесін жасау; 
      - әскери-қызметтік қатынастарды ізгілендіру. 
      2.19. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылысы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес және мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері есепке алынып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. 
      Бірінші кезеңде - 2002 жылға дейін - күш-жігер Қарулы Күштердің интенсивтілігі төмен қақтығыстар туындаған жағдайда оларды тұмшалау мен тыю жөніндегі міндеттерді шешу қабілетін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. 
      Бұл міндетті: 
      - интенсивтілігі төмен қақтығыстарды тыю мен тұмшалау жөніндегі міндеттерді орындауға, сондай-ақ бітімгершілік операцияларына қатысуға қабілетті ұтқыр жалпы әскери құрамалар мен бөлімдерді басым жасақтау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және даярлау; 
      - әскери басқару органдарының құрылымын, соның ішінде Қорғаныс министрлігі мен Бас штабы қайта ұйымдастыру, қосалқы және тиімсіз буындарды тарату; 
      - әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетіне ықпал етпейтін құрылымдар мен құралымдардың санын қысқарту мен тарату және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындау; 
      - бейбiт кезеңде Қарулы Күштердiң бөлiмдерi мен құрамаларына, ал соғыс уақытында сонымен қатар басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарына басшылықты жүзеге асыруға арналған әскери-әкiмшiлiк басқару органдарын құру мен әскери-аумақтық құрылымға көшу; 
      - жалпы әскери құрамалардың бригадалық құрылымына өтудi аяқтау; 
      - аумақтық принцип бойынша әскерлердi тылдық қамтамасыз ету жүйесiн енгiзу; 
      - тыл органдарындағы, медициналық мекемелердегi, жергiлiктi әскери басқару органдарындағы, азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларындағы, пәтер-пайдалану және басқа да қызмет көрсету мекемелерi мен қызметтерiндегi кәсiби әскери адамдарды, қажетсiнбейтiн кейбiр әскери лауазымдарды азаматтық қызметкерлердiң атқаруы жөнiндегi шараларды жүзеге асыру; 
      - Еуропадағы әдеттегi қарулы күштер туралы шарт бойынша бөлiнген тиесiлi үлестiң есебiнен әскери бөлiмдердi, қару-жарақ пен әскери техниканы Қазақстанның батыс аймағына орналастыру жөнiнде шаралар қолдану есебiнен іске асыру көзделеді. 
      - Екiнші кезеңде - 2005 жылдың аяғына дейiн - ең бастысы Қарулы Күштердiң интенсивтiлігi орташа қақтығыста мiндеттердi дербес немесе одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесе шешу қабілетін қамтамасыз ету болып табылады. 
      Бұл міндетті: 
      - байланыс, барлау, радиоэлектрондық күрес, әуе шабуылынан қорғану көлiк авиациясы әскерлерiн басым дамытудың және техникалық қайта жарақтандыру; 
      - Қарулы Күштердi жасақтау жүйесiн жетiлдiру, Әуе қорғанысы күштерiндегi, ұтқыр әскер құрамалары мен бөлiмдерiндегi, жауынгерлiк әзiрлiктi айқындайтын лауазымдардағы, Жалпы мақсатты күштердегi контрактiлiк қызмет әскери қызметшiлерiнiң үлес салмағын арттыру; 
      - резервтердiң жұмылдыру даярлығы жүйесiн қалпына келтiру; 
      - Қарулы Күштердiң жұмылдырыла өрiстетiлуiне арналған материалдық құралдар қорын қалпына келтiру; 
      - маңызды стратегиялық бағыттарда дағдарысты ахуалдар туындаған жағдайда ұтқыр бөлiмдердiң әрекет етуiне арналған қару-жарақтар мен техниканы сақтау базаларын жасау жолымен әскери инфрақұрылымды дамыту; 
      - ұзақ мерзiмдi бағдарлама негiзiнде Қарулы Күштер үшiн мамандар әзiрлеу жүйесiне көшу; 
      - аумақтық қорғанысты қалыптастыру үшiн басқару органдарын, материалдық жабдықтардың қойма базалары мен қорларын жасау; 
      - Қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзу есебiнен жүзеге асыру көзделедi. 
      Үшінші кезеңде - 2005 жылдан кейін - басты міндет Қарулы Күштерде маңызды стратегиялық бағыттарда күрделі міндеттерді шешуге қабілетті аса ұтқыр әскери құралымдар санын ұлғайтуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру болып табылады. 
      Бұл міндетті: 
      - Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерінің және арнаулы әскерлердің құрамында толық жасақталған құрамалар мен бөлімдердің үлес салмағын ұлғайту жолымен әскерлердің сапалық параметрлерін арттыру. 
      - контракт арқылы Қарулы Күштерді жасақтауды шақыру бойынша әскери қызмет өтеу мерзімін қысқартумен және баламалы қызметті енгізумен әрі жұмылдыру ресурстарын даярлау жүйесін жетілдірумен үйлестіре жалғастыру. 
      - әскерлерді жаңа үлгідегі қару-жарақпен және әскери техникамен кезең-кезеңмен техникалық қайта жарақтандыру; 
      - әскерлердің жедел, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын толыққанды ресурстармен қамтамасыз ету есебінен жүзеге асыру көзделеді. 
 

  3. Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн 
әскери-экономикалық қамтамасыз етудiң негiздерi 
    Әскери қауiпсiздiктi әскери-экономикалық 
қамтамасыз етудiң басты мақсаты, принциптерi, 
мiндеттерi мен бағыттары 
 

        3.1. Әскери-экономикалық қамтамасыз етудiң басты мақсаты Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қаржылық, материалдық-техникалық және басқа да ресурстарды бөлу, оларды Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн кепiлдi қамтамасыз етуге қажеттi мөлшерде қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыру болып табылады. 
      3.2. Әскери-экономикалық қамтамасыз етудiң негiзгi принциптері: 
      - бюджеттiк заңдарда қорғаныс үшiн белгiленген, елдiң жалпы iшкi өнімінің кемiнде 1%-iн құрайтын және қысқартуға жатпайтын шығыстар деңгейiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын кепiлдiктi бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру; 
      - әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi мiндеттерiн шешу кезiнде қаржылық, материалдық-техникалық, интеллектуалдық ресурстарды тиiмдi пайдалану. 
      3.3. Әскери-экономикалық қамтамасыз етудің негізгі міндеттері: 
      - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржы мен материалдық-техникалық ресурстарға сұранысын қанағаттандыру; 
      - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының материалдық-техникалық базасын дамыту; 
      - қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы өндіруді, жөндеу мен жаңғыртуды жүзеге асыру үшін ғылыми-техникалық және өндірістік базаны жетілдіру. 
      - экономиканың жұмылдыру әзірлігі мен ел қалқының жұмылдыру даярлығының жүйесін қалпына келтіру; 
      - әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің және әскери қызметтен босатылған адамдардың өмір сүру, әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейін, тіршілік етуінің материалдық-тұрмыстық жағдайларын көтеру, заңдармен белгіленген кепілдіктерді іске асыру; 
      - өзара тиімді халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру. 
      3.4. Әскери-экономикалық қамтамасыз етудің негізгі бағыттары: 
      - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржыға және материалдық-техникалық ресурстарға сұранысын кепілді қанағаттандыруды қамтамасыз ететін бюджет саясатын жүзеге асыру; 
      - елдiң қорғаныс әлеуетiн нығайту үшiн қару-жарақты, әскери, арнайы техника мен мүлiктi әзiрлеудi, өндiрудi, жөндеудi және сатып алуды мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру; 
      - Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн өнiм өндiретiн меншiктiң түрлi нысанындағы ұйымдарды мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын орындауға осы ұйымдардың экономикалық мүдделiлiгiн арттыру, сондай-ақ Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды ұстауға арналған бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында мемлекеттiк қолдау; 
      - қару-жарақ паркiн, әскери техниканы және басқа да әскери мүлiктi бюджеттен бөлінген сондай-ақ бос қалған және пайдаланылмайтын әскери мүлiктi сатудан түскен қаржы мен Қазақстан Республикасы заңдарымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен сәйкестендiру, жаңғырту және жаңарту; 
      - әскери мақсатта өнiмдер шығарып, қызмет көрсететiн ұйымдардың ғылыми-техникалық, эксперименттiк және өндiрiстiк базаларын құрылымдық өзгерту және жетiлдiру; 
      - қару-жарақтың және әскери техниканың, әскери мақсаттағы өнiмдердің жаңа түрлерiн жасау үшін іргелi, iздестiру және қолданбалы зерттеулердi, перспективалы ғылыми-техникалық және технологиялық әзiрлемелердi ұйымдастыру және жүргiзу; 
      - мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын ресурстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң барлық түрiмен кепiлдi қамтамасыз етуге бағытталған қаржы-экономикалық реттегiштер мен тетiктер жүйесiн енгізу; 
      - елдің әскери-экономикалық әлеуетiн арттыру мақсатында халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты пайдалану. 
      3.5. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру тәртібін, оның әскери-техникалық, қаржылық қамтамасыз етілуі мен әскери мақсаттағы өнімдерді сатып алу шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 
      Министрліктер, ведомстволар, басқа да мемлекеттік органдар мен меншіктің барлық нысанындағы ұйымдар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға міндетті. 
      3.6. Қазақстан Республикасы экономикасының жұмылдыру даярлығының негізгі бағыттары: 
      - жұмылдыру даярлығының нарық жағдайларына бейімделген нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу және экономиканы бейбіт жағдайдан әскери жағдайға көшіру; 
      - соғыс уақыты жағдайларында экономиканы басқару жүйесін орнықты жұмыс істеуге дайындау; 
      - мемлекеттік органдардың және жұмылдыру тапсырмалары бар ұйымдардың жұмылдыру даярлығы жүйесін жасау; 
      - жұмылдыру қуаттары мен объектілерін қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асыру; 
      - жұмылдыру тапсырмаларын орындауға меншіктің түрлі нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың экономикалық мүдделілігі жүйесін жасау; 
      - жұмылдыру және мемлекеттік резервтердегі материалдық құралдардың қорларын қалпына келтіру және сақтау; 
      - соғыс уақыты үшін конструкторлық және технологиялық құжаттаманың сақтандыру қорын жасау болып табылады. 
      3.7. Елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге экономиканы дайындау үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүктеледі. 
 

  Қазақстан Республикасының халықаралық әскери және 
әскери-техникалық ынтымақтастығы
 

          3.8. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасы мен оның одақтастарының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi теңдестiрiле шешу мақсатында жүзеге асырылады. 
      3.9. Өзiнiң қорғаныс әлеуетiн, қазiргi сәттегi және ықтимал соғыс қатерi көздерiн жан-жақты саралай отырып, Қазақстан Республикасы халықаралық әскери ынтымақтастықта: 
      - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiгi туралы шарты шеңберiнде, оны әрi қарай жетiлдiру мен қазiргi заманғы жағдайларға бейiмдеудi ескере отырып, әскери және әскери-техникалық саладағы өзара тиiмдi ынтымақтастықты дамытуды; 
      - "Бейбiтшiлiк жолындағы серiктестiк" бағдарламасы шеңберiнде НАТО-мен әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейтудi; 
      - Ресей Федерациясымен, АҚШ-пен, ҚХР-мен, Түрiк Республикасымен, ГФР-мен және басқа да мемлекеттермен екi жақты ынтымақтастықты нығайту; 
      - әскери құралымдарының БҰҰ аясында баянды бейбiтшiлiк жөніндегi халықаралық операцияларға қатысуын басым бағыттар деп санайды. 
      3.10. Бiтiмгершiлiк операцияларына қатысу үшiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң контингентi Қазақстан бiтiмгершiлік батальоны ("Қазбат") негiзiнде жасақталуы мүмкiн.
      3.11. Әскери-саяси мүдделердің ортақтығына ден қоя отырып және ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерлі шоғырландырудың қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттермен өзінің іс-әрекетін мынадай салаларда үйлестіреді:
      - әскери саясатты және әскери доктринаны қалыптастыру бағыттарын үйлестіру;
      - аймақтық принцип бойынша ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру;
      - ТМД-ның сыртқы шекараларын бірлесіп күзету;
      - Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың біріккен жүйесін жетілдіру;
      - экстремизмге және терроризмге қарсы бірлескен күрес;
      - әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту;
      - әскери инфрақұрылымды дамыту;
      - әскери кадрларды даярлау;
      - әскери ғылымды дамыту;
      - әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау.
      3.12. Шет мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезіндегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі принциптері мыналар болып табылады: 
      - әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы іс-әрекеттің орталықтандырылған сипаты; 
      - Қазақстан Республикасының қару-жарақтың, әскери мақсаттағы өнiмдердiң, қос қолданысты тауарлар мен технологиялардың экспортына бақылау жасау саласында халықаралық мiндеттемелердi сақтауы; 
      - әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiндегi әскери-саяси және экономикалық мақсаттылық; 
      - халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты жандандыру арқылы отандық қорғаныс өнеркәсiбiн нығайту; 
      - тапсырыстарды қорғаныс өнеркәсiбi кәсiпорындарына өзара орналастыру; 
      - қорғаныс кәсiпорындарының өнiмiн сыртқы рынокта өткiзу жөнiндегi өзара тиiмдi, үйлесiмдi саясат. 
 

  Қорытынды 
 

        Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-әрекеттiң сөзсiз қорғаныстық бағыттылығын айқындайды, Қазақстан Республикасының кез келген мемлекетаралық қайшылықтар мен қақтығыстарды саяси жолмен шешуге принциптi түрде бейiмдiлiгiн дәлелдейдi. 
      Әскери доктрина Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің 1999 -2005 жылдарға арналған стратегиясының құрамдас бөлігі ретiнде елдiң дамуына, аймақтық ахуалдың өзгеруiне және халықаралық қауiпсiздiк жүйесінің дамуына қарай жетілдірілетін болады. 
      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасында жазылған әскери құрылыс, елді қорғанысқа дайындау, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды пайдалану жөніндегі көзқарастар мен тұрғылар - әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң актілері мен өзге де нормативтік құқықтық құжаттарда нақтыланатын болады. 
      Әскери доктринаны іске асыруға күллі мемлекеттік және әскери басқару органдарының, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үйлесімді іс-әрекеті арқылы қол жеткізіледі.
      Қазақстан Республикасы Әскери доктринаның барлық негізгі ережелерін дәйекті орындайтын, БҰҰ-ның Жарғысын, халықаралық құқық нормалары мен принциптерге қатаң және бұлжытпай ұстанатын болады.