Конституциялық іс жүргізу материалдарымен таныса келе, баяндамашылар Қ.Ә. Омарханов пен В.Д. Шопиннің хабарламасын, өтінім субъектісі өкілінің сөздерін тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
Конституциялық Кеңеске 1999 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабы 5-тармағына, 51-бабы 2-тармағына, 95-бабы 1-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінімі келіп түсті.
Бұл орайда өтінім субъектісі, Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отыратынын негізге алып, және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының жартысы 1997 жылғы 8 қазанда төрт жыл мерзімге сайланғанын, ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының екінші жартысы 1999 жылғы 17 қыркүйекте алты жыл мерзімге сайланғанын ескере отырып, жоғарыда аталған конституциялық нормалар өзара қалай үйлесетінін анықтауды сұрайды.
Жиналған материалдарды зерделеп және Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын талдап шығып, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.
Республика Конституциясының K951000_ 50-бабының 5-тармағы Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімін - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімін - бес жыл деп белгілейді. Республика Конституциясының 51-бабының 2-тармағында Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отыратыны көзде тұтылған. Келтірілген конституциялық нормалар жаңадан (екінші) сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына қолданылады.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағына ресми түсіндірме беру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 15 наурыздағы N 1/2 S990001_ қаулысына сай, 1998 жылғы 7 қазандағы редакциясындағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағымен белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының өкілеттік мерзімдері бірінші сайланған Парламент депутаттарына қолданылмайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабы 2-тармағына сәйкес бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезде аяқталады, ал жаңадан (екінші) сайланған Парламенттің өкілеттігі осы сессияның ашылу сәтінен басталады.
Екінші сайланған Парламент Сенаты депутаттарының сайланатын бөлігі жартылай 1997 жылғы қазанда сайланған депутаттардан тұрады. Бұл орайда олардың өкілеттік мерзімінің жартысы (екі жыл) бірінші сайланған Парламенттің жұмыс істеу кезеңіне тура келеді және жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскенге дейін аяқталады. Жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ашылысымен-ақ олар екінші сайланған Парламенттің депутаттары болып табылады және олардың қалған өкілеттік мерзімі Конституцияның 50-бабының 5-тармағы белгілеген Парламент Сенаты депутаттарының жалпы өкілеттік мерзімінің (алты жыл) жартысын, яғни, үш жылды құрайды.
Демек, 1997 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 2002 жылы аяқталады. Республика Конституциясының 51 бабы 2-тармағына сәйкес олардың қайта сайлануы бұл мерзім аяқталуға кемінде екі ай қалғанда өткізілуге тиіс.
Баяндалғандар Республика Конституциясында K951000_ Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінің өзгертілуіне және оның ізінше парламент құрамының қайта сайлануына байланысты, Сенаттың 1997 жылғы қазанда сайланған депутаттары, бірінші сайланған Парламенттің төрт жылдық өкілеттік мерзімінің жартысынан және екінші сайланған Парламент Сенатының алты жылдық өкілеттік мерзімінің жартысынан тұратын бес жылдық өкілеттік мерзімге ие болатынын дәлелдейді.
Республика Конституциясының 95-бабының 1-тармағы тек бірінші сайланған Парламент Сенаты депутаттарына қолданылады.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 32, 33 және 37-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 50-бабы 5-тармағының, 51-бабы 2-тармағының, 95-бабы 1-тармағының нормасын ресми түсіндіруге байланысты
қаулы етеді:
1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімін - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімін - бес жыл деп белгілейтін Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабы 5-тармағының нормасын, бұл мерзімдер Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарына екінші сайланудан бастап қолданылады деп түсіну керек.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының 1997 жылғы қазанда сайланған жартысын қайта сайлау, олардың екінші сайланған Парламент құрамындағы үш жылдық өкілеттік мерзімі аяқталуға кемінде екі ай қалғанда өткізілуге тиіс.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 95-бабының 1-тармағы тек
бірінші сайланған Парламент Сенатының сайланатын депутаттарының өкілеттік мерзімін белгілейді. 4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайларды ескере отырып, түпкілікті болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Оқығандар: Қасымбеков Б.А. Икебаева Ә.Ж.