2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 107-бабы төртінші бөлігінің және 484-бабы екінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 17 тамыздағы № 25-НҚ нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 107-бабы төртінші бөлігінің және 484-бабы екінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі В.А. Миллердің және оның өкілі – адвокат А.Ж. Секеровтің,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында В.А. Миллердің 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 107-бабы төртінші бөлігінің және 484-бабы екінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусиннің хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ҚПК-нің 107-бабы төртінші бөлігінің және 484-бабы екінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.

      Өтініштен 2020 жылы өтініш субъектісінің арызы негізінде Ақмола облысының Полиция департаменті А.О. Бабаянға және басқаларға қатысты 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының екінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын түсінуге болады.

      Кейіннен сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыс құрамының болмауына байланысты ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес тоқтатылған. Бұл шешімді Ақмола облысы Аршалы ауданының прокуратурасы қолдап, арыз берушінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының шешіміне шағымын прокурор қанағаттандырудан бас тартқан.

      Аршалы аудандық сотының тергеу судьясының 2022 жылғы 7 сәуірдегі қаулысымен өтініш авторының шағымы ішінара қанағаттандырылып, Аршалы ауданы тергеушісінің қылмыстық істі тоқтату туралы және прокурорының шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыларының күші жойылған.

      Прокурордың өтінішхаты бойынша қабылданған Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен аудандық сот шешімінің күші жойылып, шағымды қанағаттандырудан бас тартылған.

      Жоғарғы Сот өтініш субъектісінің облыстық соттың қаулысын қайта қарау туралы ұсыну енгізу жөніндегі өтінішхатын ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігі 3) тармағының талабына сәйкес қараусыз қайтарған.

      Өтініш авторының пікірінше, ҚПК-нің 107-бабының тәртібімен шығарылған сот актісіне шағым жасауға мүмкіндіктің берілмеуі оны әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын іске асырудың заңды кепілдігінен айырады.

      ҚПК-нің дау айтылып отырған нормаларының конституциялылығы туралы мәселені қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Негізгі Заң адамның және азаматтың басқа құқықтарымен қатар 13-бабының 2-тармағында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын бекітеді. Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес ол ешбір жағдайда шектеуге жатпайтын құқықтарға жатады.

      Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығының конституциялық кепілдігі 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелерімен үйлеседі, оларға сәйкес мемлекет сот арқылы қорғалу құқығының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті, бұл әділ, құзыретті, толық және тиімді болуға тиіс, сондай-ақ құқықтары мен бостандықтары бұзылған кез келген адамға, егер бұл бұзушылықты ресми түрде әрекет еткен тұлғалар жасаған күннің өзінде де, құқықтық қорғаудың тиімді құралын қамтамасыз етуге міндетті (2, 14-баптар).

      Конституциялық Сот бұдан бұрын атап өткендей, "Конституцияда барлық заңнама үшін негіз болып табылатын құқықтық нормалар бекітілген. Конституцияның құқықтық нормалары конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін барлық нормативтік құқықтық актілерді қалыптастыру және дамыту үшін негіз болып табылады. Осыған байланысты Конституция ... сот арқылы қорғалу тәртібін айқындамайды." (2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ нормативтік қаулы).

      Конституциялық Кеңес те осындай ұстанымды ұстанды, ол "Қазақстан Республикасының Конституциясы 13-бабының 2-тармағында әрбір адамның және азаматтың өз құқығы мен бостандығының сот арқылы қорғалу құқығын мойындай отырып, сот шығарған қаулылардың қайта қаралу тәртібін белгілемейді" деп көрсеткен болатын (1997 жылғы 24 ақпандағы № 1/2 нормативтік қаулы).

      Осы мәселелер Республика Парламентінің құзыретіне жатқызылған, ол аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы).

      Конституцияның 75-бабының 2-тармағына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік құқығында сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықты, сондай-ақ Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі болып табылатын жоғарыда аталған халықаралық міндеттемелерді заң шығарушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігін ҚПК-ге енгізу арқылы іске асырды. Прокурорлық қадағалаудан басқа, тергеу судьясы жүзеге асыратын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының шешімдері мен әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығына сот бақылау институты жұмыс істейді.

      ҚПК-нің 54-бабының үшінші бөлігіне сәйкес тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады.

      Аталған институттың қызметі қылмыстық қудалау органдары тарапынан болатын заңсыз шешімдерден, әрекеттерден және жөнсіздіктен әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асырудың маңызды кепілі болып табылады. Тергеу судьясы күдіктінің (айыпталушының) кінәлілігі немесе кінәсіздігі туралы мәселені шешпейді. Ол жүзеге асыратын сот бақылауы сот билігінің дербес функциясы болып табылады, бұл ең алдымен, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол бермеуге немесе оларды тез арада қалпына келтіруге бағытталған.

      Сотқа дейінгі іс жүргізудегі сот бақылауы алдын ала және кейінгі тәртіппен жүзеге асырылады.

      Алдын ала сот бақылауы қылмыстық процесте адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін процестік әрекеттердің жүргізілу заңдылығына бақылауды жүзеге асыруға бағытталған (мысалы, бұлтартпау шаралары мен тергеу әрекеттеріне санкция беру), ал кейінгі сот бақылауы бұзылған конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіруге бағытталған.

      Заң шығарушы ҚПК-нің 106-бабында жазған сот бақылауы кейінгі бақылау болып табылады, мұнда тергеу судьясы қылмыстық процеске қатысушылардың, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарын қарайды. Шағымды қарау нәтижелері бойынша тергеу судьясы тиісті лауазымды адамның әрекеттерін (әрекетсіздігін) немесе шешімдерін заңсыз немесе негізсіз деп таниды, олардың күшін жояды немесе жол берілген бұзушылықты жоюға міндеттейді не шағымды қанағаттандырусыз қалдырады.

      ҚПК-нің 107 және 415-баптарына сәйкес тергеу судьясы шығарған қаулыға облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте шағым жасау құқығына – күдікті, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі, құқықтары мен бостандықтары тергеу судьясының актісінде тікелей қозғалатын адам, ал өтінішхат келтіру құқығына прокурор ие болады.

      Осылайша, сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық ауқымын қамтитын сот бақылауын жүзеге асыру өкілеттігі бар тергеу судьясы институтын қылмыстық процеске енгізу, тергеу судьясының қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым жасау мүмкіндігін процестік бекіту әркімнің сот қорғалу құқығын қамтамасыз ету туралы конституциялық кепілдікке сай келеді.

      2. ҚПК-нің 107-бабының бесінші бөлігінде облыстық немесе оған теңестірілген сот судьясының шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулысы жария етілген кезінен бастап заңды күшіне енеді деп көзделген.

      ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы тергеу судьясының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері қатарынан алып тастайды.

      Кассациялық іс жүргізу институты – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың аса маңызды кепілі, ал оларды төмен тұрған соттар бұзған жағдайда оларды қалпына келтірудің негізгі әдісі болып табылады. Бұл ретте материалдық және процестік құқық нормаларын қолданудың дұрыстығын тексеру және сол арқылы конституциялық қағидаттарға сай келетін бірыңғай сот практикасын белгілеу кассациялық сот сатысының басты міндеті болып табылады.

      Конституциялық Соттың пікірінше, облыстық немесе оған теңестірілген сот тергеу судьясы қаулысының заңдылығы мен негізділігін тексергеннен кейін оның заңды күшіне енуін, сондай-ақ тергеу судьясының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері қатарынан алып тастауды әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын шектеу ретінде қарастыруға болмайды.

      Қылмыстық істі басты сот талқылауына дайындау сотқа дейінгі іс жүргізудің негізгі мақсаты болып табылады. Сондықтан қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын тексеру негізінен істі кейіннен сотта мәні бойынша қарау кезінде жүзеге асырылады.

      Конституциялық Сот заң шығарушы тергеу судьясының қаулысына шағымдарды объективті, бейтарап және жедел қарау мақсатында ҚПК-нің 107-бабында белгілеген қосымша кепілдіктерді де есепке алады. Атап айтқанда, ҚПК-де шағымды қабылдау және жоғары тұрған соттың тергеу судьясы қаулысының, санкциясының заңдылығы мен негізділігін тексеру үшін қысқартылған (үш тәуліктен кешіктірілмейтін) мерзім; шағымды сот отырысында қарау; сот отырысына прокурордың, күдіктінің, оның қорғаушысының және заңды өкілінің, жәбірленушінің, оның заңды өкілінің және құқықтары мен мүдделері шағым жасалып отырған шешімде қозғалатын басқа да адамдардың қатысуы көзделеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның лауазымды адамдарын сот отырысына қатысушылар қатарынан алып тастау арқылы олардың ықпалы барынша азайтылды.

      Тергеу судьясының құзыреті мен өкілеттігін, қылмыстық істі мәні бойынша шешу кезінде сот қарауының нысанасы болуы мүмкін мәселелерді тергеу судьясының алдын ала шешуіне тікелей тыйым салудың, кінәсінің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілуі немесе жол берілмеуі туралы қорытындыларға тыйым салудың және сот тексеруінің нормативтік шегін белгілеудің ҚПК-де болуын ескере отырып, заң шығарушы тергеу судьясының актілеріне жоғары тұрған сотқа шағым жасау мүмкіндігін көздей отырып, аталған сот актілері аралық болып табылатындығын, істерді мәні бойынша шешпейтінін және қылмыстық іс бойынша қабылдануға жататын қорытынды шешімнің мазмұнына әсер етпейтінін негізге алды.

      ҚПК-ні әзірлеу кезінде шағым жасау құқығын теріс пайдалануды болғызбау және шағымды шешуді және сот актісін орындауды жеделдету мақсатында сот актілерін қайта қарау тәртібін оңтайландыру және тергеу судьясының шешіміне шағым жасау шегін белгілеу орын алатын шет елдердің тәжірибесі есепке алынды. Осыған байланысты, өзінің конституциялық өкілеттігі шеңберінде заң шығарушы процестік тиімділік, сот қорғау құралдарын пайдалануда үнемдеу талаптарына сай келетін, сот талқылауын созу немесе негізсіз қайта бастау мүмкіндігіне жол бермейтін, тергеу судьясының сот актілерін қайта қараудың институционалдық және рәсімдік шарттарын белгіледі.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 107-бабының төртінші бөлігі және 484-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты