2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 80-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 20 шiлдедегi № 24-НҚ нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 80-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусина, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі А.М. Ауғанбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Тергеу департаменті басқармасының бастығы И.В. Осиповтың,

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі басшысының орынбасары А.К. Мұратовтың,

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Тергеу департаменті басшысының орынбасары К. Бағбанұлының,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Заң департаментінің директоры Қ.С. Дүйсембековтің,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – төрағаның орынбасары И.О. Вранчевтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында А.М. Ауғанбаевтың 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 80-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ҚПК-нің 80-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тармағына және 83-бабының 2-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен және ұсынылған материалдардан қылмыстық қудалау кезінде айыптаушы тараптың дәлел ретінде арасында прокуратураның жұмыс істеп жүрген қызметкерлері болған мамандардың қорытындысын пайдаланғанын түсінуге болады.

      Бірінші сатыдағы сот мамандардың аталған қорытындысын жол берілмейтін дәлел деп танып, ақтау үкімін шығарған. Кейіннен апелляциялық сатыдағы сот ақтау үкімнің күшін жойып, өтініш субъектісін оған тағылған қылмысты жасауда кінәлі деп таныған.

      Өтініш субъектісі Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкерін зерттеу жүргізу және қорытынды беру үшін маман ретінде тартуға мүмкіндік беретін ҚПК-нің 80-бабының екінші бөлігі Конституциясына сәйкес келмейді деп ойлайды.

      ҚПК-нің қаралып отырған нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. ҚПК-нің 80-бабының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкері зерттеу жүргізу және қорытынды беру үшін маман ретінде тартылуы мүмкін. Аталған қызметкер қылмыстық процес қатысушыларына өзінің арнайы құзыретіне кіретін мәселелерді түсіндіру, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды қолдану жолымен дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшін қажетті арнайы білімі бар, іске мүдделі емес адам болуға тиіс (ҚПК 80-бабының бірінші бөлігі).

      ҚПК-нің 92-бабының бірінші бөлігінде маман, егер ол осы iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын мән-жайлар болса, сондай-ақ осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге анықтаушы, тергеушi, прокурор ретiнде қатысса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды деп көрсетіледі.

      Маманды тарту үшін оның арнайы білімі мен құзыретінің болуы маңызды. ҚПК-нің 117-бабының үшінші бөлігіне сәйкес оның қорытындысында сонымен қатар білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.

      Маман дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшiн арнайы бiлiмiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, тергеу әрекеттерiн жүргiзу мен сот талқылауына қатысуға міндетті (ҚПК-нің 80-бабы бесінші бөлігінің 2-тармағы).

      ҚПК-нің 80-бабы екінші бөлігінің мазмұнынан маман жұмыс істейтін құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган уәкілетті бөлімшесінің функциясына тиісті зерттеулер жүргізу кіруге тиіс деген де шығады.

      Ішкі істер органдарында зерттеулер жүргізу функциясы жедел-криминалистика бөлімшелеріне жүктелген. Осындай бөлімше қызметкерінің зерттеу жүргізуі үшін белгілі бір зерттеу түрін және тиісті әдістемені жүргізу құқығына біліктілік куәлігінің болуы негізгі шарт болып табылады.

      Басқа құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарда да арнаулы зерттеулерді уәкілетті бөлімше қызметкерлері жүргізеді.

      2. Прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

      Республика Прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйені құрайды. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді (Конституцияның 83-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Прокуратура органдарына аталған конституциялық функцияларды жүктеу мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсаттарымен байланысты, бұл Конституцияның 1, 4, 12 және 34-баптарының ережелерімен толық сәйкес келеді.

      Негізгі Заңда белгіленген прокуратура органдарының бүкіл жүйесінің біртұтастығы Бас Прокурордың басшылық етуімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ұйымдастыратын және үйлестіретін олардың өзара байланысты қызметін білдіреді.

      Прокурорлардың бағыныстылығы туралы конституциялық ереженің мәнін заң шығарушы "Прокуратура туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Прокуратура туралы Конституциялық заң) 5-бабының 2-тармағында ашып көрсетеді және бұл төмен тұрған прокуратуралар үшін жоғары тұрған прокурорлардың жұмысты және қызметті ұйымдастыру мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындау міндеттілігін, төмен тұрған прокурорлардың қызметтік міндеттерін орындағаны үшін жоғары тұрған прокурорлар алдында жауапты болуын және төмен тұрған прокурорлардың бағыныстылығының өзге де нысандарын қамтиды.

      Прокуратура туралы Конституциялық заңның 5-бабы 4-тармағының прокуратура органдары қадағалауды жүзеге асыру кезінде өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды деген талабының да принципті маңызы бар.

      Заңдарда прокурордың, оның ішінде қылмыстық процестегі өкілеттігін регламенттей отырып, заң шығарушыға құқық қолдану практикасында мүдделер қақтығысының туындау тәуекелін болғызбау үшін прокуратура органдарының конституциялық мақсатын ескеру қажет. Оның өкілеттігін заңнамалық реттеу кезінде прокуратураның өз өкілеттігін тәуелсіз жүзеге асыратыны және оның Республика Президентіне ғана есеп беретіні жөніндегі конституциялық ережеге нұқсан келтіретін нормалардың қабылдануына жол берілмейді. Прокурорға оның қандай да бір мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға, оның ішінде қылмыстық процесті жүргізетін органдарға есеп беруіне алып келетін функциялар жүктелмейді.

      Конституцияда айқындалған бірыңғай орталықтандырылған жүйенің төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағыныстылығымен өзара байланысы прокуратураның конституциялық функциялары мен өкілеттіктерін іске асыруды қандай да бір арнайы білімі бар прокуратура органдарының өзге қызметкерлеріне емес, дәл осы прокурорларға жүктейді.

      3. Конституциялық Сот ҚПК-де көзделген Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкерлерін маман ретінде тарту мүмкіндігін мұндай бөлімше қызметкерлерінің арнайы білімі мен құзыреті негізінде зерттеулерді жүзеге асыруы бөлімшенің функционалдық мақсаты болып табылады деп түсінуде Конституция ережелеріне қайшылықтарды көрмейді. Мұндай бөлімшенің қызметі Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді және сотта мемлекеттік айыптауға қолдау көрсетуді жүзеге асырумен байланысты болмайды.

      ҚПК-нің 80-бабы екінші бөлігінің жеткілікті түрде анық жазылмауы оның ережелерін екіұшты түсіндіру, норманы қолдану шегін кеңейту тәуекелін туғызады, бұл адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруге алып келуі ықтимал.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 80-бабының екінші бөлігі төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкерін, егер осы қызметкер іске мүдделі емес адам болып табылса, дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшін қажетті арнайы білімі мен құзыреті болса, маман ретінде тартуға жол беріледі. Мұндай бөлімшенің функционалдық мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді және сотта мемлекеттік айыптауға қолдау көрсетуді жүзеге асырмай, қызметкерлерінің арнайы білімі мен құзыреті негізінде зерттеулер жүргізу болуға тиіс.

      2. Соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 80-бабының екінші бөлігін өзгеше түсіндіруге негізделген және адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруге алып келген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық процесте мамандарды тарту рәсімін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты