Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак қатысқан

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі А.Қ. Дауылбаевтың баяндамасын тыңдап, конституциялық іс жүргізудің материалдарын, мемлекеттік органдардың қорытындыларын, халықаралық тәжірибені, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, сарапшы – заң ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ж. Балтабаевтың қорытындысын зерделеп, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі төмендегіні

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініш жолдады. Өтініште мынадай сұрақтар қойылған:

      "Республика Конституциясының 15-бабы 2-тармағының конституциялық ережелері оларда көзделген барлық қылмыстық іс-әрекеттер үшін қылмыстық заңда өлім жазасын белгілеуге міндеттей ме?

      Ең ауыр жаза қолданылуы мүмкін қылмыстар шеңберіне қатысты конституциялық талаптар тұрғысынан алғанда Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы онда жол берілген ескертпемен ратификациялау мүмкін бе?".

      Негізгі Заңның қаралып отырған нормасын өтініш нысанасына қатысты түсіндірген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясында және халықаралық актілерде өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы ретінде танылады, оның үстем мәртебесі айқындалады және мемлекеттің қандай да бір айырмашылықтарсыз барлық адамдар үшін осы құқыққа кепілдік беру жөніндегі міндеттемелері белгіленеді (Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Бала құқықтары туралы конвенция және басқалар).

      Республика Конституциясының 1-бабының 1-тармағына сәйкес адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады.

      Негізгі Заңның 15-бабының 2-тармағында көзделгендей, ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

      Конституциялық Кеңес 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 нормативтік қаулысында айтып кеткендей, Конституцияның 15-бабы 2-тармағын түсіндірген кезде Конституцияның құрылымының "Адам және азамат" деген II Бөлімінде орналасқан осы норманың мағынасын және мәнмәтінін негізге алған жөн. Ең ауыр жаза жөніндегі норманы шектемелі деп санаған жөн, өйткені ол ауырлығы басқа дәрежедегі қылмыстарға емес, тек ерекше ауыр қылмыстарға ғана қолданылады. Өлім жазасы тағайындалуы мүмкін ерекше ауыр қылмыстардың нақты құрамдары қылмыстық заңнамамен айқындалады. Бұл ретте, ерекше ауыр қылмыстар үшін заңда өлім жазасынан басқа да жаза белгіленуі мүмкін.

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен Конституцияның 15-бабының 2-тармағы мынадай редакцияда жазылды:

      "2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.".

      Конституциялық реформа тек өлім жазасын қолдану саласына ғана қатысты болды, оның аясы айтарлықтай тарылды – ерекше ауыр қылмыстардың орнына жазаның осы түрін адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ғана белгілеу көзделді. Бұл Кеңестің баяндалған құқықтық ұстанымдары өзінің заңдық күшін сақтайды және ең жоғары жаза белгіленетін қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер шеңберіндегі өзгерістерді ескере отырып қолданылуы тиіс деп пайымдауға негіз береді.

      Конституциялық Кеңес Конституцияның 15-бабы 2-тармағының онда көрсетілген қылмыстық іс-әрекеттер үшін өлім жазасын белгілеу бөлігіндегі ережелерін Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағы 1) тармақшасының нормасымен өзара байланыста қарау қажет деп есептейді. Оған сәйкес, Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың санаттарын, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және елдегі криминогендік жағдайға қарай іс-әрекеттердің қылмыстылығы мен жазалаушылығын айқындауды қарастыратын бұл өкілеттіктер, тізбесі Конституцияда анықталған қылмыстар үшін өлім жазасын белгілеу мәселелерін де қамтиды. Осы факторларды ескере отырып, жоғары өкілді заң шығарушы орган конституциялық талаптар шегінде және тек қылмыстық заңда Негізгі Заңның 15-бабының 2-тармағында көзделген қылмыстар үшін өлім жазасын белгілегенде олардың шеңберін қысқарту қажеттілігін айқындай алады. Бұл жағдай Конституцияда қаралған іс-әрекеттердің барлығы үшін өлім жазасын белгілемеген еліміздің қылмыстық заңнамасының дамуы тәжірибесінен де анық байқалады.

      2. Халықаралық құқықта өлім жазасының күшін жою үрдісі айқын орын алған. Әлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесі ретінде Қазақстан оны алғашқы кезден бастап мемлекеттік құқықты жасауда ескеріп келеді. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда қылмыстық саясат өлім жазасы көзделетін қылмыстардың санын шектеуге бағытталды. Бұны өлім жазасының баламасы ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу, 2003 жылы өлім жазасын орындауға мораторий енгізу, 2007 жылғы конституциялық реформа арқылы қылмыстық саясатты елеулі ізгілендіру және кейіннен қылмыстық заңнаманы соған сәйкес келтіру, осы санаттағы қылмыстық істерді қарау кезінде процестік кепілдіктерді нығайту және басқалар дәлелдейді. Сонымен қатар, Қазақстанда өлім жазасының ұзақ уақыт бойы орындалмауы елде ең ауыр жазаны қолданбаудың қалыптасқан тұрақты құқықтық режимінің бар екенін білдіреді.

      Осы бағытты дәйекті іске асырудағы кезекті кезеңді Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 23 қыркүйекте Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға (бұдан әрі – Екінші Факультативтік хаттама) қол қоюы ашты.

      Аталмыш халықаралық актінің 1-бабында көрсетілгендей, осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттің юрисдикциясындағы бірде-бір адам өлім жазасына ұшырамайды. Әрбір қатысушы мемлекет өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабының 1-тармағы, ратификациялау немесе қосылу кезінде жасалған, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін ескертпені қоспағанда, осы Хаттамаға ешқандай ескертпелер жасауға жол берілмейтіндігін бекітеді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы № 756 қаулысымен "Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Республика Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді. Оған сәйкес осы халықаралық актіні мынадай ескертпемен ратификациялау көзделген:

      "Қазақстан Республикасы екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады.".

      Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 нормативтік қаулысында халықаралық шартты ратификациялау халықаралық шарттың өзі үшін міндетті екендігіне мемлекеттің келісім беруі тәсілдерінің бірі болып табылатыны атап өтілген. Ратификациялаған жағдайда, Қазақстан Республиканың Қылмыстық кодексін және басқа заңдарын Екінші Факультативтік хаттамаға сәйкес келтіру міндеттемесін өзіне алады.

      Конституциялық Кеңес Конституцияның 15-бабы 2-тармағының жасағаны үшін өлім жазасы белгіленуі мүмкін қылмыстық құқық бұзушылықтар шеңбері бөлігіндегі ережелері Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау үшін кедергі болмайды деп есептейді. Заң шығарушы Конституция және онда берілген дискреция шеңберінде, жасалған ескертпені ескере отырып, қылмыстық заңды осы халықаралық актінің 2-бабы 1-тармағының талаптарымен үйлестіру жөнінде заңнамалық шаралар қабылдауға құқылы.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің 4-1 және 13-тармақтарын басшылыққа алып, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабының 2-тармағын Қазақстан Республикасының Парламенті осы тармақтың конституциялық ережелерімен бекітілген шектерде қылмыстық заңда жасағаны үшін өлім жазасы белгіленетін қылмыстардың нақты тізбесін анықтауға және, қажет болған жағдайда, оған енген қылмыстық іс-әрекеттердің қатарын қысқартуға құқылы деп түсінген жөн.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабы 2-тармағының нормалары Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы онда жол берілетін ескертпемен ратификациялауға және қылмыстық заңнаманы осы халықаралық актінің 2-бабы 1-тармағының ережелерімен үйлестіруге кедергі болмайды.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми баспасөз басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі