"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 2 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет министрі Р.Т.Түсіпбековтің,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің хатшысы С.Б.Ақылбайдың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Р.Ж.Мұқашевтың,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы М.Т.Әлімбековтің,
      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.О.Шәкіровтің,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Б.С.Мелдешовтің және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі М.А.Сәрсембаевтың,
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Е.Омаровтың қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы өтінішін қарады.
      Баяндамашы – Конституциялық Кеңестің мүшесі В.А.Малиновскийдің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың, сондай-ақ «Құқықтық зерттеулер және талдау институты» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Қ.Ғұсмановтың, Қазақстанның Адвокаттар одағының президенті Ә.Қ.Түгелдің, «Адам құқықтары үшін хартия» Қоғамдық қорының атқарушы директоры Ж.Ө.Тұрмағамбетованың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар мен мамандардың: заң ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі Е.М.Абайділдиновтің; заң ғылымдарының докторы, профессор, «Мемлекет және құқық» журналының бас редакторы, Ресей Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының бас ғылыми қызметкері А.С.Автономовтың; заң ғылымдарының докторы, профессор, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі С.К.Амандықованың; заң ғылымдарының докторы, «Тұран» университеті заңтану және халықаралық құқық кафедрасының профессоры Э.Б.Мұхамеджановтың; Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор С.Н.Сәбікеновтің; жаңа технологиялар мен процестер бойынша тәуелсіз сарапшы, профессор Ш.С.Төлбайдың; заң ғылымдарының докторы, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессоры С.Ф.Ударцевтің; Бремен университетінің профессоры Р.Книпердің және Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының Қазақстандағы құқықтық бағдарламасының басшысы Й.Пудельканың (Германия) қорытындыларын зерделеп; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық институтының және осы университеттің конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының; Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің; Қазақ гуманитарлық-заң университетінің; «Заңгерлер – әділетті сайлау үшін» Республикалық қоғамдық бірлестігінің қорытындыларымен; сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Парламенті 2011 жылғы 14 қаңтарда қабылдап, сол күні Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынды.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті бұл Заңды Республиканың Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру үшін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жолдады.
      «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) конституциялығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      1. Тәуелсіз жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізін қалаған, мемлекеттің бірлігін, Конституцияның, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуын қамтамасыз еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлі мен миссиясы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының ерекше мәртебесін конституциялық-құқықтық тұрғыдан бекіту қажет екенін және оның мақсатқа сай келетінін көрсетті.
      Парламенттің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауы арқылы Негізгі Заңның 42-бабы 5-тармағының екінші бөлігіне «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» деген ұғым қосылды, ал 46-бап «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» делінетін 4-тармақпен толықтырылды.
      Осылайша, Қазақстанда ел Конституциясымен және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі № 83-ІІ Қазақстан Республикасы Конституциялық заңымен Республиканың Тұңғыш Президентінің – Елбасының ерекше мәртебесі регламенттелді.
      Конституцияның 42-бабының 5-тармағына және 46-бабының 4-тармағына «Елбасы» ұғымының енгізілуі Республиканың Тұңғыш Президентінің – Елбасының конституциялық-құқықтық мәртебесінен қисынды түрде келіп шығады және Негізгі Заңның ережелері мен нормаларына сәйкес келеді.
      2. Қазақстан Республикасының Конституциясында республикалық референдум мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін шешудің демократиялық әдісі ретінде (1-баптың 2-тармағы), сондай-ақ, сайлаумен қатар, халықтың өз билігін тікелей жүзеге асыруының нысаны (3-баптың 2-тармағы) деп айқындалған.
      Конституцияның 3-бабының 1-тармағында жарияланған «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген ережеден келіп шығатыны – Қазақстан халқы Қазақстан мемлекетінің, оның егемендігінің, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысының негізі болып табылады (Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 1 желтоқсандағы № 12 қаулысы).
      Түбегейлі конституциялық құндылықтардың бірі бола отырып, халықтың еркі білдірілетін акт республикалық референдумда немесе елімізде мезгіл-мезгілімен өткізіліп отыратын республика Президенті және Парламенті сайлауында дауыс беру арқылы міндетті заң күшіне ие болады.
      Мәселен, өзінің егемендік құқығын негізге ала отырып, Қазақстан халқы еліміздің қолданыстағы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамызда нақ осы республикалық референдумда қабылдады.
      Бұл орайда Конституциялық Кеңес, республикалық референдумда дауыс беру арқылы республика өмірінің аса маңызды кез келген мәселесі, соның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту туралы мәселе де шешілуі мүмкін деп пайымдайды. Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын (91-баптың 2-тармағы) өзгертуге бағытталған бастамалар республикалық референдумның нысаны бола алмайды. Конституциялық заңда республикалық референдумға шығарылатын мәселелерге қатысты өзге де шектеулер белгіленуі мүмкін.
      3. Негізгі Заңның 41-бабы 13 және 5-тармақтарының, 42-бабы 1 - 3-тармақтарының нормаларымен президенттік мандаттың пайда болуы және тоқтатылуы туралы ережелер жүйелі түрде регламенттелген. Мұндайлардың қатарында: Мемлекет басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде республиканың кәмелетке толған азаматтарының жасырын дауыс беру арқылы сайлауы; ел Президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптар; президенттік өкілеттіктің мерзімі, сайлау өткізілу мезгілі және оның қорытындыларын анықтау ережесі; анттың мәтіні және қызметке кірісу тәртібі; республика Президентінің өкілеттігін тоқтатудың негіздері мен тәртібі.
      Бұл ретте Конституцияның 42-бабының 5-тармағы арнайы мақсатты көздейді. Бір адамның қатарынан екі реттен артық республика Президенті болып сайлануына тыйым салынуын жалпы ереже ретінде белгілей отырып (бірінші бөлік), бұл шектеуді ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданбайды (екінші бөлік).
      Қаралып отырған Заңда Конституцияның 42-бабы 5-тармағының екінші бөлігі мынадай жаңа редакцияда жазылған: «Бұл шектеу президенттік өкілеттіктер мерзімі республикалық референдумда ұзартылуы мүмкін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына қолданылмайды».
      Конституциялық Кеңес Заңның бұл нормасына баға бере отырып, Заңның 1-тармағында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының президенттік өкілеттігі қай мерзімге ұзартылатыны анықталмағанын атап көрсетеді. Мұндай ұзартудың бір жолғы немесе қайталанатын сипаттағы екені, не болмаса Мемлекет басшысын сайлаудан толығымен бас тарту көзделетіні айқындалмаған.
      Бұл конституциялық норманың анық жазылмауы Конституцияда көзделген мемлекеттік және қоғамдық институттардың практика жүзінде үйлеспеушілігіне әкеп соқтыруы мүмкін.
      Бұл орайда, Конституциялық Кеңес заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс екенін, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып, сол арқылы заң ережелерін өзінше пайымдау және қолдану мүмкіндігін жоққа шығаруға тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 және 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулылары).
      Осылайша, Қазақстан Республикасының Парламенті 2011 жылғы 14 қаңтарда қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31 - 33 және 37-баптарын, 38-бабының 1-тармағын, 39-бабының 1-тармағын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Парламенті 2011 жылғы 14 қаңтарда қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 1-тармағына сай, Қазақстан Республикасының Парламенті 2011 жылғы 14 қаңтарда қабылдаған, Конституцияға сәйкес емес деп танылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылмайды және ол қолданысқа енгізілмейді.
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
      4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                                   И. Рогов