Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 4-тармағын ресми түсiндiру туралы

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 14 сәуірдегі N 1 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж.Балтабаев, Н.В.Белоруков, С.Ф.Бычкова, А.М.Нұрмағамбетов, Y.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлдерi - Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгiнiң төрағасы Ә.К.Арыстановтың және Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi Д.Р Құсдәулетовтың,
      Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Қ.Н.Келiмбетовтың,
      Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Р.С.Жошыбаевтың,
      Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң өкiлдерi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары А.М.Жамалов пен М.Б.Тiнiкеевтiң,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкiлдерi - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары Ж.Н.Бәйiшев пен А.Н.Жайылғанованың,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкiлi - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың қатысуымен,
      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Д.К.Ахметовтың Қазақстан Республикасы Конституциясының  75-бабының  4-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
      Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашының - Конституциялық Кеңестiң мүшесi С.Ф.Бычкованың хабарламасын, өтiнiш субъектiсi өкiлдерiнiң және отырысқа қатысушылардың, сондай-ақ сарапшылардың - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.К.Сүлейменовтың, заң ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс жөнiндегi проректоры Б.Х.Төлеубекованың сөйлеген сөздерiн тыңдап және заң ғылымдарының докторы, профессор, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң ректоры Е.Қ.Көбеевтiң қорытындысымен танысып шығып,  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi  мынаны

анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне 2006 жылғы 23 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Қазақстан Республикасы Конституциясының  75-бабының  4-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi, онда мынадай сұрақтар қойылған:
      "1. Көрсетiлген конституциялық нормада арнаулы сот деп не ұғынылады?
      2. Конституцияның  75-бабы  4-тармағының контексiндегi "арнаулы сот" пен "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Конституциялық заңда көзделген "мамандандырылған сот" ұғымдары арасындағы айырмашылық қандай?"
      Конституциялық Кеңестiң отырысында өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  21-бабы  2-тармағының 4) тармақшасымен және 3-тармағының 1) тармақшасымен көзделген құқығын пайдалана отырып, Конституциялық Кеңестiң мынадай қосымша сұраққа жауап беруi туралы өтiнiшiн мәлiмдедi: "Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзген "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының контексiнде Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының мамандандырылған сотының негiзгi сипаттамалары Қазақстан Республикасының Конституциясынан келiп туындайтын қандай талаптарға сай келуге тиiс?"
      Бұл өтiнiштi Конституциялық Кеңес iшiнара қанағаттандырды. Өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң келiсiмiмен, бұл сұрақ мынадай редакцияда қарауға қабылданды: "Қазақстан Республикасының мамандандырылған соттары Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарынан келiп туындайтын қандай негiзгi сипаттарға ие болуға тиiс?"
      Отырыста анықталғанындай, көрсетiлген қаржы орталығына қатысушылардың дауларын қарайтын соттың құрылуы мен қызметi мәселелерiн регламенттейтiн "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңдар жобаларының нормаларына қатысты Конституцияның  75-бабы  4-тармағының ережелерiн бiркелкi түсiнудiң болмауы Конституциялық Кеңеске жүгiнуге себеп болған.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының  75-бабының  4-тармағын ресми түсiндiрген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.

      1. Негiзгi Заңның  75-бабының  1-тармағы "Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады", - деп белгiлейдi. Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 15 ақпандағы N 1  қаулысына  сай, бұл конституциялық норма мемлекеттiк билiктiң сот тармағын бiлдiретiн органдар ретiнде соттар ғана сот төрелiгiн жүзеге асыратындығын бiлдiредi. Бұл ретте, Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленетiн Республиканың бiрыңғай сот жүйесiне кiретiн, заңмен құрылған Жоғарғы Сот және жергiлiктi соттар Республиканың соттары болып табылады (Конституцияның  75-бабының  3 және 4-тармақтары).
      Негiзгi Заңның  75-бабы  3-тармағының және  82-бабының  ережелерi соттардың үш деңгейлi жүйесiн және оның құрылымына қойылатын жалпы талаптарды айқындайды: Жоғарғы Сот, облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132-II  Конституциялық заңға  (бұдан әрi - Конституциялық заң) сәйкес басқа соттар дегенде түсiнетiн аудандық және оларға теңестiрiлген соттар.
      Негiзгi Заңның "Соттар және сот төрелiгi" деп аталатын  VII бөлiмiнiң  нормаларын дамыта және нақтылай түсетiн Конституциялық заңның  4-бабында , Қазақстанның сот жүйесiнiң бiрлiгi:
      1) барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен;
      2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;
      3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;
      4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;
      5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;
      6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi, деп бекiтiлген.
      Конституцияның  75-бабының  4-тармағында "қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi" деген ереже бар.
      "Төтенше соттар" және "арнаулы соттар" ұғымдарының анықтамасы оларды түсiнуге деген әртүрлi (тарихи, салыстырмалы-құқықтық, логикалық және т.б.) көзқарастарға негiзделедi.
      Мәселен, отандық сот төрелiгiнiң дамуына жасалған талдау, оның түрлi кезеңдерiнде төтенше де, арнаулы да соттардың құрылып, қызмет iстегенiн көрсетедi.
      Төтенше соттар (революциялық трибуналдар, БТК органдары, IIХК-тiң "үштiктерi" мен "екiлiктерi", әскери-революциялық және әскери-дала соттары және т.б.) тоталитарлық режим жағдайында, дағды бойынша, саяси сипаттағы нақты бiр оқиғаларға байланысты құрылатын арнаулы сот немесе квазисот органдарын бiлдiретiн. Әдетте олар сот жүйесiнен тыс қалыптастырылатын. Төтенше соттардың қызметi сот төрелiгiнiң түбегейлi демократиялық принциптерiнен (соттың тәуелсiздiгi, заңдылық, жариялылық, айыпталушының қорғалу құқығы және т.б.) бас тартумен қатар жүретiн және жеңiлдетiлген процедура бойынша iске асырылатын, бұл адамның құқықтары мен бостандықтарына елеулi нұқсан келтiрiлуiне әкеп соқтыратын.
      Соңыра кейбiр төтенше соттар және соттан тыс органдар арнаулы соттар болып өзгертiлдi. "КСРО-ның, одақтық және автономиялық республикалардың сот құрылысы туралы" КСРО-ның 1938 жылғы 16 тамыздағы Заңының 53-бабынан келiп шығатыны, КСРО Конституциясының 102-бабы негiзiнде КСРО-ның мынадай арнаулы соттары қызмет iстеген: әскери трибуналдар; темiржол көлiгiнiң желiлiк соттары, су көлiгiнiң желiлiк соттары.
      Көрсетiлген арнаулы соттар мынадай белгiлерге ие болатын: 1) жалпыодақтық соттар болып табылатын; 2) iстердiң ерекше күрделiлiгiне, судьялардың оларды қарау үшiн арнаулы бiлiмi мен тәжiрибесi қажет болатынына қарай отырып немесе қылмыстық iс-әрекеттердiң жекелеген санаттарының елдiң қорғаныс қабiлетi мен шаруашылық дамуына ерекше қауiптiлiгiн ескере отырып жеке бөлiп алынған арнайы санаттағы iстердi қарау үшiн құрылатын; 3) КСРО-ның сот жүйесi шеңберiнде, КСРО Жоғарғы Сотының арнаулы алқалары басшылық жасайтын соттардың дербес үш буынды кiшi жүйелерiн құрайтын; 4) олардың құрылысы, құзыретi және судьяларға өкiлеттiк берудiң тәртiбi, әркезде де заң деңгейiнде бола бермейтiн, арнаулы (кей кездерi құпиялылық белгiсi бар) нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттелетiн; 5) тиiстi атқарушы билiк органдарынан ұйымдық бағыныстылықта немесе тәуелдiлiкте болатын; 6) олардың кейбiр жағдайларда iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асыруы, iс жүргiзу заңдарымен басқа соттар үшiн белгiленген сот iсiн жүргiзу тәртiбiнен бөлiп ала отырып iске асырылатын, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлуiне жағдай жасайтын.
      Бұдан бұрын болған арнаулы соттарға жасалған талдаудан, сондай-ақ Конституцияның  75-бабы  4-тармағының мағынасынан, олардың мынадай белгiлермен сипатталатындығы туралы ұйғарым келiп шығады:
      - олардың құрылысы, құзыретi және құрылу тәртiбi Конституциямен және конституциялық заңмен емес, арнаулы нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi;
      - олардың сот төрелiгiн жүзеге асыруы, өзге соттар үшiн заңдармен белгiленген сот iсiн жүргiзу тәртiбiнен алынып тастаулар қолданыла отырып жүзеге асырылады, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлуiне жағдай жасайды;
      - олар құрылған және қызмет iстеген кезде Конституцияның  3-бабының  4-тармағымен көзделген мемлекеттiк билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну принципi сақталмайды, бұл арнаулы соттардың билiктiң атқарушы тармағы органдарынан ұйымдық бағыныстылығынан немесе тәуелдiлiгiнен көрiнедi.
      Конституцияның  75-бабының  4-тармағында берiлген "арнаулы сот" ұғымы, қорыта алғанда, осы көрсетiлген белгiлердiң тым болмаса бiреуiне ие болған соттарды белгiлеу үшiн пайдаланылады.

      2. Негiзгi Заңның  13-бабының  2-тармағымен кепiлдiк берiлген әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы, Конституцияға және конституциялық заңға сәйкес құрылып, сот төрелiгiн жүзеге асыратын соттарда ғана жүзеге асырылады. Бұл конституциялық құқықтың жүзеге асырылу механизмi "сот жүйесiнiң ұйымдық-құқылық құрылуының және сот төрелiгi iске асырылуының мәселелерiн реттейтiн Республика заңдарында белгiленедi" (Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы 5 мамырдағы N 8/2  қаулысы ). Соттар құрылған кезде Конституцияның  14-бабы  1-тармағының заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгi туралы талаптары сақталуға тиiс.
      Бұл әскери, экономикалық, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi және басқа соттар түрiнде құрылу мүмкiндiгiн Конституциялық заңның  3-бабының  3-тармағы көздейтiн мамандандырылған соттарға да қатысты.
      Мамандандырылған соттар құрудың қажеттiлiгi, дағды бойынша, сот iсiн жүргiзудi оңтайландыруға байланысты факторлардан келiп туындайды, iстердiң бөлiп алынған санаттарымен айқындалатын судьялардың мамандануы солардың iшiндегi ең бастысы болып табылады.
      Мамандандырылған соттар Республиканың сот жүйесiнiң бiрлiгiн қамтамасыз ететiн конституциялық талаптарға сәйкес болуға тиiс. Сондықтан олардың сот жүйесiндегi орны конституциялық заңмен айқындалуға тиiс. Барлық соттардағы секiлдi, мамандандырылған соттарда сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстың және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады (Конституцияның  75-бабының  2-тармағы).
      Конституцияның  75-бабы  3-тармағының "заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергiлiктi соттары Республиканың соттары болып табылады" деген ережесiнен, мамандандырылған соттар жергiлiктi соттар ретiнде ғана құрылуы мүмкiн екендiгi келiп шығады.
      Мамандандырылған соттардың мәртебесi Конституциялық заңның  3-бабының  2 және 3-тармақтарымен айқындалады. Олардың мазмұнын негiзге ала отырып, мамандандырылған соттар облыстық та, аудандық та соттарға теңестiрiлуi мүмкiн.
      Мамандандырылған соттардың соттылығы iстердiң өзiндiк ерекшелiктерiн, күрделiлiгiн, қоғамдық маңыздылығын, тез және тиiмдi түрде шешiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгiн ескере отырып процессуалдық заңдармен белгiленуге тиiс (Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3  қаулысы ).
      Сот жүйесінің бірлігі принципін негізге ала отырып, Конституциялық заңда қандай да бiр мамандандырылған соттар туралы айтылуы олардың Қазақстан Республикасының барлық аумағы бойынша құрылуы мүмкiн екендiгiн көзде ұстайды. Елдiң сол немесе өзге бiр өңiрiнде нақты мамандандырылған соттардың iс жүзiнде құрылуы экономикалық, әлеуметтiк және өзге де факторларға байланысты.
      Заңдылық және сот қателiгiн болдырмау мүддесiне орай мамандандырылған соттарға қатысты сот шешiмдерiн қайта қарау мүмкiндiгi толық күйiнде қамтамасыз етiлуге тиiс. Шағымдану және қадағалау сатыларының соттары ретiнде тиiстi мамандандырылған соттар да, басқа соттар да, соның iшiнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты да болуы мүмкiн. Бұл ретте Жоғарғы Сот Конституцияның  81-бабына  сай азаматтық, қылмыстық және Республиканың барлық соттарының соттылығына жататын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады.
      Мамандандырылған соттардың ұйымдық-құқықтық құрылуы және оларда сот төрелiгiнiң жүзеге асырылуы, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына (Конституцияның  13-бабының  2-тармағы), сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгiне деген конституциялық құқықтарына (Конституцияның  14-бабының  1-тармағы) нұқсан келтiрiлуi мүмкiндiгiн болдырмайтын заң нормаларына негiзделуi тиiс.

      3. Мамандандырылған соттардың осы санамалап берiлген сипаттамалары, оларды ерекшелiктерi жоғарыда көрсетiлген арнаулы соттардан ажырататын негiзгi белгiлер болып табылады.
      Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  17-бабы  3-тармағының 1) тармақшасын,  31-33,   37-баптарын  және  41-бабы  1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының  75-бабының  4-тармағын, Республиканың сот жүйесi Конституциямен және оған сәйкес келетiн конституциялық заңмен белгiленедi деп түсiнген жөн.
      Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi деген конституциялық норма, мынадай белгiлермен сипатталатын соттарды құруға тыйым салынатынын бiлдiредi:
      1) олардың құрылысы, құзыретi және құрылу тәртiбi Конституциямен және конституциялық заңмен емес, арнаулы нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi;
      2) олардың сот төрелiгiн жүзеге асыруы, өзге соттар үшiн заңдармен белгiленген сот iсiн жүргiзу тәртiбiнен алынып тастаулар қолданыла отырып жүзеге асырылады, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлуiне жағдай жасайды;
      3) олар құрылған және қызмет iстеген кезде Конституцияның 3-бабының 4-тармағымен көзделген мемлекеттiк билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну принципi сақталмайды, бұл арнаулы соттардың билiктiң атқарушы тармағы органдарынан ұйымдық бағыныстылығынан немесе тәуелдiлiгiнен көрiнедi.
      Конституцияның  75-бабының  4-тармағында берiлген "арнаулы сот" ұғымы, қорыта алғанда, осы көрсетiлген белгiлердiң тым болмаса бiреуiне ие болған соттарды белгiлеу үшiн пайдаланылады.

      2. "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132-ІІ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының  3-бабының  3-тармағымен көзделген мамандандырылған соттар, Конституцияның  75-бабының  4-тармағында көрсетiлген арнаулы соттардан айырмашылығы, Қазақстан Республикасының бiрыңғай сот жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
      Қазақстан Республикасының мамандандырылған соттары Конституцияның талаптарынан келiп туындайтын мынадай сипаттарға ие болуға тиiс:
      1) мамандандырылған соттар Қазақстан Республикасының бiрыңғай сот жүйесiне жергiлiктi соттар ретiнде кiруге тиiс;
      2) олардың сот жүйесiндегi орны (облыстық немесе басқа жергiлiктi соттарға теңестiрiлуi) конституциялық заңмен айқындалуы тиiс;
      3) мамандандырылған соттарда сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылуы тиiс;
      4) мамандандырылған соттардың соттылығы заңмен белгiленуi тиiс;
      5) мамандандырылған соттарға қатысты сот шешiмдерiн қайта қарау мүмкiндiгi толық күйiнде қамтамасыз етiлуi тиiс. Шағымдану және қадағалау сатыларының соттары ретiнде тиiстi мамандандырылған соттар да, басқа соттар да, соның iшiнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты да болуы мүмкiн;
      6) мамандандырылған соттардың ұйымдық-құқықтық құрылуы және оларда сот төрелiгiнiң жүзеге асырылуы, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына, сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгiне деген конституциялық құқықтарына нұқсан келтiрiлуi мүмкiндiгiн болдырмайтын заң нормаларына негiзделуi тиiс.

      3. Мамандандырылған соттардың осы санамалап берiлген сипаттамалары оларды арнаулы соттардан ажырататын негiзгi белгiлер болып табылады.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының  3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының  4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

      5. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесiнiң
      Төрағасы