Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 28 сәуірдегі № 89-ө өкімі

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына және "Өнеркәсіптік саясат" 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 18) тармақшасына сәйкес:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 28 сәуірдегі
№ 89-ө өкіміне
қосымша

Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша).

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 28 сәуірдегі
№ 89-ө өкімімен
бекітілген

Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комиссия қызметінің мақсаты өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру болып табылады.

      4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

2-тарау. Комиссияның міндеті

      5. Комиссияның негізгі міндеті:

      1) өнеркәсіптік саясаттың стратегиялық басымдықтары мен негізгі индикаторларын айқындау бөлігінде оны қалыптастыру;

      2) өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру;

      3) өңдеуші өнеркәсіп саласындағы өнеркәсіптік саясатты, оның ішінде кластерлік бастаманы іске асырудың тұжырымдамалық тәсілдері;

      4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын енгізу, күшін жою және қайта қарау;

      5) өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылымның элементтерін енгізу;

      6) елдегі индустриялық ахуалды жақсарту;

      7) өнеркәсіптегі инновациялық және технологиялық дамуға жәрдемдесу бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау болып табылады.

3-тарау. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі

      6. Комиссия:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орталық мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан және өзге де ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады және алады;

      2) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың Комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдарын өз отырыстарына шақырады, сондай-ақ тыңдайды;

      3) Комиссияның жанынан жұмыс және сараптама топтарын құрады, оларға әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;

      4) Комиссияның, жұмыс және сараптама топтарының жұмыс жоспарларын бекітеді;

      5) өнеркәсіптік саясат мәселелерін қозғайтын реттеушілік саясаттың консультациялық құжаттарын, заң жобалары тұжырымдамаларының жобаларын, заң жобаларын, өзге нормативтік құқықтық актілердің және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобаларын қарайды;

      6) өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктер жөнінде шешімдер қабылдайды;

      7) өнеркәсіптік саясатты іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу аясындағы, стандарттау саласындағы және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасын іске асыру туралы ақпаратты тыңдайды;

      8) өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұстанымын, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықаралық ұйымдардағы келіссөз ұстанымын дайындауды жүзеге асырады;

      9) жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдайды;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      7. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына екі реттен сиретпей өткізіледі.

      8. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.