Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулердің тақырыбын қарау мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы № 192-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.

      Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлесіп жүргізілетін зерттеулер жүргізу жөнінде ұсыныстар тұжырымдау мақсатында:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулердің тақырыбын қарау мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2021 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 192-ө өкіміне
қосымша

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулердің тақырыбын қарау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 20.04.2022 № 84-ө өкімімен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры, хатшы

      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары (келісу бойынша).

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2021 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 192-ө өкімімен
бекiтiлген

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулердің тақырыбын қарау мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулердің тақырыбын қарау мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің жанындағы консультативтiк-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлесіп жүргізілетін зерттеулердің тақырыптары жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      5. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

2-тарау. Комиссияның міндеттері

      6. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулер жүргізу жөніндегі тақырыптарды:

      бастама жасалған зерттеулер тақырыптарының орындылығы мен негізділігі;

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының стратегиялық мақсаттарына сәйкес келуі, зерттеулердің Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының (Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, жалпыұлттық басымдықтар, Қазақстан Республикасының ұлттық даму жоспарлары, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, аумақтық даму жоспарлары, саланы/аяны дамыту тұжырымдамасы, ұлттық жобалар, мемлекеттік органдардың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарлары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарлары) нысаналы индикаторларына және/немесе нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағдарлану дәрежесін бағалау;

      елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының неғұрлым маңызды ағымдағы міндеттерін шешу кезінде бастама жасалған зерттеу тақырыптарының уақтылығы мен өзектілігі;

      зерттеулер тақырыптарының, мақсаттары мен міндеттерінің мемлекеттік органдардың функцияларымен қайталануын болдырмау тұрғысында қарау және ұсыныстар әзірлеу;

      2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулер мен шетелдік ұйымдармен бірлескен зерттеулер тақырыптарының тиісті жоспарлы кезеңге арналған жиынтық тізбесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 20.04.2022 № 84-ө өкімімен.

3-тарау. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру және оның тәртібі

      7. Комиссияның қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.