"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ "Кинематография туралы" 2019 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 6-тармағын іске асыру мақсатында:
1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
Премьер-Министр | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2019 жылғы 14 маусымдағы № 108 өкімімен бекітілген |
Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
4. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
2-тарау. Комиссияның негізгі міндеттері
5. Комиссияның негізгі міндеті:
1) ұлттық фильмдерді қаржылық қолдауды жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру;
2) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру
6. Комиссия қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2019 жылғы 14 маусымдағы № 108 өкіміне қосымша |
Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, төраға
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры, хатшы
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі
Қазақтан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры
"Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісу бойынша)