Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңес туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 2 наурыздағы № 24-ө өкімі

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп Кеңес туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2018 жылғы 2 наурыздағы
№ 24-ө өкіміне
қосымша

Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға;

      Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, төрағаның орынбасары (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, төрағаның орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі, хатшы;

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі;

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры (келісім бойынша).

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2018 жылғы 2 наурыздағы
№ 24-ө өкімімен
бекітілген

Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес қызметінің мақсаты қайырымдылықты дамытуға ықпал ету болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі болып табылады.

      5. Кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.

2. Кеңестің міндеттері

      6. Осы Ереженің 2-тармағында көрсетілген мақсаттарды іске асыру үшін Кеңес мынадай:

      1) елдегі қайырымдылықты жетілдіру және дамыту жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу;

      2) қайырымдылық жасаушылар ұсынатын жобалар бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттерін іске асырады.

3. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      7. Кеңес жұмысының ұйымдастырылуы мен тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.