Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2017 жылғы 27 наурыздағы № 38-ө өкімі.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес:

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мынадай консультативтік-кеңесші органдары құрылсын:

      1) осы өкімге 1-қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Ғарыш жөніндегі кеңес;

      2) осы өкімге 2-қосымшаға сәйкес құрамда Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссия.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Ғарыш жөніндегі кеңес туралы ереже;

      2) Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Қызмет бабында пайдалану үшін.

      Премьер-Министр Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 38-ө өкіміне
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ғарыш жөніндегі кеңестің құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары, хатшы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы

      "Байқоңыр" кешеніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы өкілі (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 38-ө өкіміне
2-қосымша

Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің 06.11.2017 № 150-ө өкімімен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары, хатшы

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі;

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы;

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 38-ө өкімімен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Ғарыш жөніндегі кеңес туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Ғарыш жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының ұлттық және ақпараттық қауіпсіздігін, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуын нығайту үшін маңызды стратегиялық мәні бар ірі ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге жауапты консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, ратификацияланған халықаралық шарттарды, "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының езге де нормативтік құқықтық актілері мен осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңестің отырысы жылына кемінде екі рет өткізіледі.

      4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

2. Кеңестің міндеті

      5. Кеңестің негізгі міндеті мыналар бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту үшін ғылым, білім, өндіріс пен қаржы-кредит саласын интеграциялауды қамтамасыз ету;

      2) экологиялық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу проблемаларын шешуде ғарыш құралдарын пайдалану;

      3) ғарыш қызметін дамыту үшін "Байқоңыр" кешенін, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану және сыртқы инвестицияларды тарту;

      4) Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық прогресі мен ұлттық қауіпсіздігі мүддесі үшін ғарыш саласындағы ғылым жетістіктерін және жаңа технологияларды пайдалану;

      5) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін сақтау, қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      6) ғарыш қызметін дамытудың басым бағыттарын қолдау;

      7) ғарыш қызметі саласында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және зияткерлік меншікті құқықтық қорғау;

      8) ғарыш қызметі саласы үшін кадрларды даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру жүйесін құру және космонавтика жетістіктерін насихаттау;

      9) Қазақстанның қорғаныс кешенін конверсиялау және оның ғылыми және материалдық-техникалық әлеуетін ғарыштық аспап құрастыруда тиімді пайдалану;

      10) ғарыш саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың неғүрлым перспективалық және тиімді бағыттары бойынша;

      11) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ғарыш жүйелерін құру және қолдану бойынша өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      12) ғарыш жүйелеріне қойылатын негізгі талаптарды айқындау;

      13) ғарыш технологияларын енгізу және ғарыш аппараттарын оңтайлы жүктеу.

3. Кеңестің ұйымдастырылуы мен жұмыс тәртібі

      6. Кеңестің ұйымдастырылуы мен жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 38-ө өкімімен
бекітілген

Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі — Комиссия) "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес құрылды.

      2. Комиссия Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және халықаралық ізгілік көмек мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және қолданыстағы заңнамасын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Комиссияның отырыстары шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ізгілік көмек көрсету туралы Қазақстан Республика Премьер-Министріне, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына (Комиссия төрағасы) жүгінгені туралы ақпараттың түскен күнінен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей, сондай-ақ Комиссия төрағасы айқындайтын өзге де жағдайларда және мерзімдерде өткізіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің 06.11.2017 № 150-ө өкімімен.

      5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

2. Комиссияның міндеттері

      6. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының ізгілік көмек көрсетуіне, шетелдік ізгілік көмекті тартуына, алуына және пайдалануына байланысты мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне қажеттілігіне қарай халықаралық ізгілік көмек ісінің жағдайы туралы қорытылған мәліметтерді, сондай-ақ оз өкілеттіктерін орындау үшін қажетті басқа да ақпарат беру болып табылады.

3. Комиссияны ұйымдастыру мен жұмыс тәртібі

      7. Комиссияны ұйымдастыру мен жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.