Қазақстан Республикасына типтік емес өкпе қабынуын әкелуге және оның таралуына жол бермеу жөніндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 30 сәуірдегі N 81-ө өкімі

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасына типтiк емес өкпе қабынуын әкелудiң және оның таралуының алдын алу мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi Типтiк емес өкпе қабынуын әкелудiң және оның одан әрi таралуының алдын алу жөнiндегi бағдарламаны әзiрлесiн және бекiтсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау, Қаржы министрлiктерi Денсаулық сақтау және Сыртқы iстер министрліктерiнің қатысуымен үш күн мерзiмде санитарлық-карантиндiк пункттердің, вирусологиялық зертханалардың жұмыс iстеуiн және Қазақстан Республикасы азаматтарының Қытай Халық Республикасынан (бұдан әрi - ҚХР) келуiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шараларды қаржыландыру көздерi бойынша ұсыныс енгізсін.

      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер, Бiлiм және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiктерi:
      1) азаматтардың отанына ұйымдасқан түрде оралуын қамтамасыз ету үшiн үш күн мерзiмде Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілiгінде консулдық есепте тұратын адамдардың тiзiмiн дайындасын және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiне берсiн;
      2) Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінің қызметкерлерi отбасыларының мүшелерiн және Қазақстан Республикасының басқа да азаматтарын типтік емес өкпе қабынуы бойынша эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскенге дейiн қайтару жөнiнде шұғыл шаралар қабылдасын;
      3) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, Көлiк және коммуникациялар министрлiктерiмен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының ҚХР-дан келетiн азаматтарын қабылдау, орналастыру және тексеру жоспарын әзiрлесiн.

      4. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгі үш күн мерзiмде белгiленген тәртiппен типтік емес өкпе қабынуы бойынша эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскенге дейін ҚХР-дан қайтып келе жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары бар рейстердi қоспағанда, ҚХР-дан келетiн тұрақты әуе, темiр жол және автомобиль қатынастарын тоқтата тұруды қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегi агенттігi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы азаматтарының типтiк емес өкпе қабынуы эпидемиясы бар ҚХР-ға және басқа да елдерге туристiк сапарларын эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскенге дейiн тоқтата тұрсын.

      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсiздiк комитетi (келiсiм бойынша):
      1) үш күн мерзiмде 2003 жылғы 1-20 мамырда ҚХР-мен мемлекеттік шекараны жабу мәселесi жөнінде ұсыныс берсiн;
      2) мемлекеттiк шекарадан өту пункттерiнде ҚХР-дан келетiн азаматтарға қатысты санитарлық-карантиндік iс-шараларды жүргiзу жөнінде денсаулық сақтау органдарына жәрдем көрсетсін.

      7. Осы өкiмнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнің орынбасары Б.Ә.Мұхаметжановқа жүктелсiн.

      Премьер-Министр