Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі агенттігінің мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 24 желтоқсан N 1969. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 27 шілдедегі N 781 қаулысымен

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі туралы ереже бекітілсін. 
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі агенттігінің төрағасына екі орынбасары болуға рұқсат етілсін. 
      3. Мыналардың: 
      1) "Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі агенттігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 сәуірдегі N 474 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 14, 150-құжат); 
      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 тамыздағы N 1093  P991093_  қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 40, 343-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 15-тармағының күші жойылды деп танылсын. 
      4. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. 

      Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі
 
                                       Қазақстан Республикасы
                                       Үкіметінің 1999 жылғы
                                          24 желтоқсандағы
                                         N 1969 қаулысымен
                                                бекітілген
 
             Қазақстан Республикасының Инвестициялар 
                  жөніндегі агенттігі туралы 
                           Ереже 
 
                         1. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) Үкіметтің құрамына кірмейтін, Қазақстан Республикасында тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау саласында басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген шектерде - салааралық үйлестіру мен өзге де атқару және рұқсат ету функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады. 
      2. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 
      3. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы, мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңдарға сәйкес банктерде шоттары болады. 
      4. Агенттік өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңдарда белгіленген тәртіппен бұйрықтар шығарады. 
      5. Агенттіктің құрылымын Агенттіктің төрағасы бекітеді. Агенттіктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      6. Агенттіктің заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10
      7. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.
      Агенттіктің толық атауы - "Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі" мемлекеттік мекемесі.
      8. Агенттіктің қызметін қаржыландыру тек мемлекеттік бюджеттен ғана жүзеге асырылады.
      Агенттікке кәсіпкерлік субъектілерімен Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.     

               2. Агенттіктің негізгі міндеттері,
                  функциялары және құқықтары

      9. Агенттіктің негізгі міндеттері:
      Қазақстан Республикасының даму стратегиясы мен инвестициялық саясатын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
      Қазақстан Республикасында инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
      Қазақстан Республикасындағы тікелей инвестицияларды ынталандыру шараларын әзірлеу және іске асыру;
      Қазақстан Республикасындағы инвестициялық мүмкіншіліктер туралы белсенді жарнамалық-ақпараттық жұмыстар жүргізу;
      шетелдік және отандық инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімді жүйесін құру, Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға жәрдемдесу; 
      мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тікелей инвестицияларды тарту және пайдалану бойынша есеп пен есептілікті ұйымдастыру болып табылады. 
      10. Агенттік заңдарда белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады: 
      тікелей шетелдік және отандық инвестициялар ағынының қозғалысына талдау жүргізеді, оларды тарту мен ынталандырудың әлемдік тәжірибесін зерделейді және қорытады; 
      Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған шараларды іске асыру жөнінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарын жетілдіру жөнінде, сондай-ақ халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады; 
      инвестициялық қызметтің мәселелері жөніндегі халықаралық келісімдерді дайындауды және жасауды қамтамсыз етеді; 
      халықаралық ұйымдармен тиісті тәуекелдерді өтеу кепілдіктерінің мәселесі жөніндегі өзара іс-қимылды жүзеге асырады; 
      республикада және шетелде инвестициялық конференциялар, семинарлар, көрмелер және басқа да тұсаукесерлік іс-шараларды қоса алғанда, тікелей инвестицияларды тарту жөніндегі жарнамалық-ақпараттық жұмысты жүзеге асырады; 
      Қазақстан Республикасы экономикасының басымдықты секторларында тікелей инвестицияларға мемлекеттік қолдау көрсетеді; 
      инвесторлармен, шетелдік агенттіктермен инвестицияларды қолдау жөніндегі, халықаралық және өзге де ұйымдармен өз қызметінің мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты жүзеге асырады; 
      тікелей шетелдік және отандық инвесторларды тарту үшін экономиканың басымдықты секторларының тізбесін және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде жеңілдіктер мен преференциялар берудің тәртібін айқындау жөнінде ұсыныс әзірлейді; 
      Қазақстан Республикасына тікелей инвестицияларды тарту және келісімшарттар жасау жөніндегі келіссөздерді ұйымдастырады және оларға қатысады; 
      тікелей шетелдік және отандық инвесторларды тарту үшін неғұрлым маңызды өндірістердің тізімін айқындайды; 
      мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, оның ішінде мұнай операцияларын жүргізуге арналған құқықтарды беру үшін кен орындары мен аумақтардың тізбесін, сондай-ақ келісімшарт жобасының экономикалық моделі мен салық салу жүйесін қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттар жасасу үшін негізгі өлшемдерді айқындайды; 
      экономиканың басым секторларында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторлардың жеңілдіктер мен преференциялар беруге арналған өтініштерін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға өтініштерді қабылдайды; 
      инвестициялық жобаларға қатысты келісімшарттар мен өзге де құжаттарға сараптама жасауды ұйымдастырады және жүргізеді; 
      жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, оның ішінде мұнай операцияларын жүргізуге арналған құқықтарды беру бойынша инвестициялық бағдарламалардың конкурсы мен тікелей келіссөздерді ұйымдастырады және жүргізеді; 
      жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша консультанттарды іріктеу үшін тендерлер ұйымдастырады; 
      келісімшарттарды дайындауды және жасасуды жүзеге асырады; 
      әзірленетін келісімшарттардың өндірістік-техникалық, экономикалық, экологиялық, қаржылық, салықтық және өзге де жағдайларына талдау жасауды ұйымдастырады және жүргізеді; 
      инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті барлық келісу және рұқсат ету құжаттарын алуды қамтамасыз етеді; 
      инвесторларға Қазақстан Республикасында білікті қызметкерлерді, тауарлар мен қызмет көрсетулерді іздеуде жәрдем көрсетеді; 
      берілген лицензиялар мен келісімшарттарды сақтауды және жер қойнауын пайдалану құқығы кепілінің шарттарын тіркеуді жүзеге асырады; 
      тиісті бақылаушы органдармен олардың құзыреттерінің шектерінде берілген лицензиялар мен келісімшарттар талаптарының өзара іс-қимылда сақталуын бақылауды қоса алғанда, инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді; 
      бұқаралық ақпарат құралдарында инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты барлық нормативтік құқықтық құжаттарды, олар бойынша келісімшарттар жасалған жобалардың тізбесін, жобаларға инвестициялар салудың сомаларын және құрылатын жұмыс орындарының санын, инвестициялық бағдарламалардың конкурсын өткізудің шарттарын және оларды өткізудің нәтижелері туралы ақпараттарды жариялауды қамтамасыз етеді; 
      Агенттік қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, оларды даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етеді; 
      Қазақстан Республикасының заңдарымен өзіне жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 
      11. Агенттіктің негізгі міндеттерін іске асыру және өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін заңдарда белгіленген тәртіппен: 
      инвестициялық ынтымақтастық, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау саласында халықаралық келісімдерді (шарттарды) жасасу мәселелері бойынша құзыреті мен берілген өкілеттіктерінің шектерінде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге және келіссөздер жүргізуге; 
      келісімшарттарды дайындау мен іске асыруға байланысты мәселелер бойынша өз құзыретінің шегінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың орындауы үшін міндетті бұйрықтар қабылдауға; 
      берілген өкілеттіктердің шегінде инвесторлармен және жер қойнауын пайдаланушылармен тікелей келіссөздер жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге, экономиканың басымдықты секторларында жеңілдіктер мен преференцияар беру жөніндегі келісімшарттарды жасасудың және оларды бұзудың шарттары мен тәртібін айқындауға, келісімшарттарға қол қоюға және тіркеуге, өз құзыретінің шеңберінде олардың шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға; 
      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Агенттіктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық миссияларының қызметін үйлестіруге; 
      Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті реттеуге байланысты заң және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және әзірлеуге қатысуға; 
      өзінің функцияларын орындау мақсатында мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың қызметкерлерін, оның ішінде шетелдік азаматтарды тартуға; 
      инвесторлардан, мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан және олардың лауазымды тұлғаларынан инвестициялық мәселелер жөніндегі қажетті ақпаратты сұрауға және алуға; 
      инвесторларға экономиканың басымдықты секторларында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жеңілдіктер мен преференциялар беруге; 
      мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ерекше маңызы бар жобаларды іске асыруға байланысты келісімшарттарды дайындау жөніндегі жұмыс топтарын құруға, сондай-ақ ведомствоаралық комиссиялар құруға; 
      инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардан келісімшарттар мен берілген лицензиялар шарттарының орындалуы жөніндегі ұдайы және іріктемелі есептілікті сұратуға, бақылаушы органдардың, аудиторлық және өзге де ұйымдардан өкілдерін тарта отырып олардың инвестициялық қызметін тексеруді жүзеге асыруға; 
      тиісті лицензиялық органға берілген лицензияларды тоқтата тұру немесе кері қайтып алу, не олардың шарттарын өзгерту жөнінде ұсыныс енгізуге; 
      инвестициялық қызмет мәселелері бойынша мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа да тілдерде газеттер, бюллетеньдер мен журналдар шығаруды қоса алғанда, баспагерлік қызметті жүзеге асыруға; 
      жарнамалық-ақпараттық және анықтамалық әдебиеттердің, картографиялық жұмыстардың, жарнамалық бейнефильмдердің, слайдтардың және басқа да ақпараттық-тұсаукесерлік, материалдардың тапсырысшысы болуға;
      инвесторларға Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жарнамалық-ақпараттық, анықтамалық және өзге де материалдарды сатуға;
      қолданылып жүрген заңдарға сәйкес Агенттікке жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.     

                  3. Агенттіктің мүлкі

      12. Агенттіктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке құқығы бар.
      Агенттіктің мүлкі өзіне мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптасады және негізгі қор мен айналымдық қаражаттан, сондай-ақ құны Агенттіктің балансында көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
      13. Агенттікке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      14. Агенттіктің өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше билік етуге құқығы жоқ.
      Агенттікке мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін. Бұл мақсатта заңдармен Агенттік билік ете алатын мүлік құнының шекті мөлшері белгіленеді.     

             4. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру

      15. Агенттікті Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады. 
      Агенттік төрағасының оның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады. 
      Төраға Агенттіктің жұмысын ұйымдастырады және басқарады және Агенттікке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауаптылықта болады
      16. Төраға осы мақсатта:
      өзінің орынбасарлары мен Агенттіктің құрылымдық бөлімшелерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      заңдарға сәйкес Агенттіктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      заңдарда белгіленген тәртіппен Агенттіктің қызметкерлеріне тәртіптік жазалар қолданады;
      Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Агенттіктің атынан өкілдік етеді;
      Агенттіктің бұйрықтарына қол қояды;
      заңдарға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      17. Агенттік Төрағасының жанынан консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Алқа құрылады. Оның сандық және жеке құрамын Агенттіктің төрағасы бекітеді.     

         5. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату

      18. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.