Мемлекеттiк қызметшiлерге қазақ тiлiн интенсивтi оқыту жүйесiн құру мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мемлекеттiк кәсiпорындар туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2335 заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң "Республикалық мемлекеттiк тiлдi жеделдетiп оқыту орталығы" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi Кәсiпорынды мемлекеттiк басқаруға уәкiлеттiк берiлген орган, сондай-ақ Кәсiпорынға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын жүзеге асырушы орган болып айқындалсын.
3. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi нысанасы мемлекеттiк қызметшiлерге қазақ тiлiн интенсивтi оқытуға барлық қажеттi ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағдайлар жасауды ұйымдастыру, сондай-ақ оны оқу-әдiстемелiк және ғылыми қамтамасыз ету болып белгіленсiн.
4. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгі бiр айлық мерзiм iшiнде Кәсiпорынның жарғысын бекiтсiн және белгiленген тәртiппен мемлекеттік тiркеудi қамтамасыз етсiн.
5. "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат) мынадай өзгерiс пен толықтыру енгiзiлсiн:
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiнде:
"Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі" бөлімінің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі";
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 409-2-жолмен толықтырылсын:
"409-2. "Республикалық мемлекеттік тілді
жеделдетіп оқыту орталығы" республикалық
мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Астана қаласы".
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы