Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің уақытша тәртібін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 1999 жылғы 22 шілде N 1036. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001.12.24 N 1695 қаулысымен. ~P011695

Күшін жойған

      "1999 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  және қолданылып жүрген әлеуметтік жәрдемақыларды төлеудің тәртібін реттейтін заңдарға сәйкес 
      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 
      1. Қоса беріліп отырған Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің уақытша тәртібі бекітілсін. 
      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне 1999 жылдың 1 сәуірінен балалы отбасыларына бала туғанда және жұмыс істеген азаматтарды жерлеуге жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмектің, аз қамтылған отбасыларына тұрғын үйді ұстау мен коммуналдық қызмет көрсетулердің ақысын төлеуге арналған тұрғын үй көмегінің, жұмыссыздарға және жұмыссыздарды жерлеуге материалдық көмектің мөлшерін айқындау және оларды тағайындау мен төлеуді жүзеге асыру құқығы берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
        Премьер-Министрі

                                 Қазақстан Республикасы
                                    Үкiметiнiң 
                                 1999 жылғы "22 шiлдедегi
                                    N 1036 қаулысымен
                                     бекiтілген

            Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің уақытша тәртібі

      Осы Уақытша тәртiп "1999 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудiң уақытша тәртiбiн белгiлейдi. 
      1. Атаулы әлеуметтiк көмектi аудандық (аудандарға бөлiнбеген қалалық) еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмдерi (басқармалары) қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес: 
      егер отбасының жан басына шаққандағы айлық жиынтық табысы республикалық бюджет туралы Заңда тиiстi жылға зейнетақы, жәрдемақы және басқа да төлемдердi есептеуге арналған есептiк көрсеткiштiң екi есе мөлшерiнен аспаған жағдайда - отбасыларына, балалы отбасыларына - жәрдемақы, бала туғанда - әлеуметтiк көмек және жұмыссыздарға материалдық көмек; 
      заңдарда белгiленген шамаларға сәйкес тұрғын үйдi ұстау мен коммуналдық қызмет көрсетулер ақысы үшiн жәрдемақы түрiндегi тұрғын үй көмегi; 
      жұмыс iстеген азаматтарды жерлеуге - әлеуметтiк көмек, отбасының табысына қарамастан жұмыссыздарды жерлеуге материалдық көмек түрiнде көрсетедi. 
      2. Материалдық көмек белгіленген тәртiппен жұмыссыз мәртебесiн алған азаматтарға көрсетiледi. Жұмыссызды кәсiби оқуға немесе қоғамдық жұмысқа жiберген жағдайда, қаржылық көмек көрсету жұмыссызды есептен шығармастан оқу немесе жұмыс басталған күннен бастап тоқтатылады. Материалдық көмек көрсетудiң жалпы мерзiмi он екi айлық кезеңнiң iшiнде алты айдан аспауы тиiс. 
      3. Бала туғанда және жұмыс iстеген азаматты жерлеуге әлеуметтiк көмек отбасыларына тиiстi жағдаяттар пайда болған жағдайда көрсетiледi. 
      4. Балалы отбасыларына, бала туғанда және жұмыс iстеген азаматтарды жерлеуге арнаулы әлеуметтiк көмектiң, жұмыссыздарға және жұмыссыздарды жерлеуге материалдық көмектiң мөлшерлерi осы мақсаттар үшiн жергiлiктi бюджеттерден бөлiнген қаражаттың шегінде белгiленедi. Бұл ретте жұмыссыздарға және жұмыссыздарды жерлеуге материалдық көмектiң мөлшерi республикалық бюджет туралы Заңда тиiстi жылға арналған зейнетақыларды, жәрдемақыларды және өзге де төлемдердi есептеу үшiн белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштен кем болмауы тиiс.
     5. Тұрғын үй жәрдемақысы түрiндегi тұрғын үй жәрдемiнiң мөлшерi қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес айқындалады.
     6. Атаулы әлеуметтiк көмекті төлеу тиiстi заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.